АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖАСАМАЙЫҚ!

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек КӨШЕРБАЕВҚА!

         Ұлттық сана мен тәуелсіздік идеясын қалыптастырып, ұлттық бірлігіміздің негізін қалаған ұлы қайраткерлер аз емес. Осы санаттағы тұлғалардың ішінде Міржақып Дулатұлының орны биік. Ол Алаш қозғалысы және Алаш Орда үкіметін құруға және қазақ журналистикасы мен ағартушылық қызметін қалыптастыруға белсенді араласып, «Оян, қазақ!» идеясымен танылды. «Қазақ» газетін шығаруға атсалысып, оның негізгі авторының бірі болып, қазақ әдебиетінде жаңа бағыт қалыптастырып, тәуелсіздікке ұмтылған халықтың рухани көсемінің біріне айналды.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағының жарыққа шығып, қазақ қоғамының рухын асқақтатып келе жатқанына 115 жылдан асса, биыл – тарихи тұлғаның 140 жылдығы. 2023 жылы кинотеатрларда көрсетілген «Міржақып. Оян, қазақ!» көркем фильмін қазақ жастары жақсы қабылдап, патриоттық рухын асқақтатып жібергенін жақсы білеміз. Бұл батылдық, даналық және көрегендікті үстем етіп, ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен Міржақып Дулатұлының арман-тілегі мен мақсат-мұратын насихаттаудың маңызын көрсетіп берді.

М.Дулатұлының 140 жылдығын жоғары деңгейде атап өту – оның мұрасын жаңғыртуға, жас ұрпаққа жеткізуге және ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағыттауды – басшылыққа алу керек деп санаймыз. Бұл – елдің АМАНАТЫ! Қайраткер тұлғаларымыз күрес жолында қиянатты аз көрген жоқ. Ендігі жердегі аманатына қиянат жасамайық! Сондықтан аса көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, сөз зергері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығын республикалық деңгейде атап өту үшін, Үкімет тарапынан келесі іс-шаралар қабылданған жөн деп санаймыз:

1. Міржақып Дулатовтың шығармашылығы мен саяси қызметіне арналған халықаралық конференциялар ұйымдастыру. Бұл іс-шаралар Міржақыпқа емес, бүгінгі жастарға, ғалымдар мен әдебиетшілерге керек.

2. Міржақып шығармаларының толық жинағын басып шығаруға қолдау көрсету. «Оян, қазақ!» және басқа еңбектерін аудиокітап ретінде шығару. Алаш қозғалысы мен Міржақып Дулатов туралы шетел тілдерінде материалдар жариялау.

3. Бабамыздың рухына тағзым етіп, туған ауылы мен жатқан жеріне келем деушілердің жолын жеңілдету үшін, Қостанай облысы Арқалық қаласының әуежайының іске қосылуын тездету және Жангелдин ауданындағы Міржақыптың туған жері – Қызбел ауылына барар автожолға күрделі жөндеу жүргізу.

4. Отандық телеарналарда, радиолар мен газеттерде, сондай-ақ интернет порталдарда Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын ақпараттық жұмыстарды күшейту маңызды.

Тарих – адамзаттың жады, тарихи тұлғалар – сол жадының мәңгілік ескерткіші десек, жоғарыда айтылған ұсыныстарды ескере отырып, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мәселесін тиісті мемлекеттік органдардың жүйелі жүргізуіне қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары:

Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ

Аманжол ӘЛТАЙ

Жанарбек ӘШІМЖАНОВ

Республиканский еженедельник онлайн