Жеті-сегіз күн бұрын түс ауа жасы 90-нан асқан шағында елімізде сайлауды әділ өткізу мақсатында ерекше бюллетень ойлап тауып, оған зияткерлік меншік ретінде арнайы куәлік алған қоғам зерттеушісі Мақсұт Қалыбаев ақсақал қоңырау шалды.
– Ассалаумағалейкүм, күйлі-қуатты барсыз ба, аға? – дегенім сол еді:
– Уағалейкүм-ассалам, – деді де іркіліп қалды. Ентігіп, әрең демалып отырғаны телефоннан-ақ сезіліп тұр. Ақсақал әбден шаршапты-ау деген ой келді.
– Құтмағамбет, мен газетіңе «Өкініш» деген тақырыппен мақала берейін деп едім, келіп кетші, – деген сөздерді бірнеше рет бөліп, зорға айтты.
– Аға, қасыңызда балаларыңыз болса, сол ойыңызды дауыстық хабарламамен жібере аласыз ба? – деп едім:
– Жоқ, өзің кел! – деді тағы да ентіккен күйі.
– Жарайды, таңертең хабарласамын, – дедім.
Ертеңіне қоңырау шалсам, байланыс үзіліп кетті. Сол кезде жүрегім бір жамандықты сезгендей болды…
Содан үш-төрт күн күйкі тіршіліктің күйбеңімен телефон қарауға мұрша болмады. Тек бейсенбі күні кешке қарай телефонымды қарап отырсам: «Папам өмірден озды. Асқар тауымнан айырылып қалдым. Бүгін сағат 16.00-де Достық-218Б мекенжайындағы «Достық» мейрамханасында қонақасы» деген хабарламаны көріп, бір түрлі болып қалдым. Сол күні бара қоймағаныма өкіндім.
Ал ол кісі «Өкініш» деген мақала берейін дегенде, осы күнге дейін сайлаудың әділ өтпей жатқандығын, сол әділдікке қалай жетуге болатыны жөнінде ақтық демі бітер алдында соңғы ойларын айтып кеткісі келгеніне еш күмәнім қалмады. Сірә, қаза жөніндегі хабарды маған жеткізген Абай университетінде оқытушы болып істейтін қызы шығар деп: «Ағамыздың қазасы қайырлы болсын! Алла алдынан жарылқасын! Амал қанша! Алла апайға, өзіңізге сабыр берсін…» – деп көңіл айту хабарламасын жаздым.
Иә, елімізде сайлаудың әділ өтуі, оған өзіндік үлес қосу – Мақсұт ақсақалдың өмірлік арманы еді. Түсіне білсек, бұл тек жалғыз ол кісінің ғана емес, Қазақстанда әділ қоғам, әділетті мемлекет құруды аңсайтын көпшіліктің арманы. Енді ол сол көпшіліктің бәріне аманат!
Бақұл болыңыз, әділетсүйгіш Мақсұт аға! Алла тек алдыңыздан жарылқасын! Кейінгілерге Сіздің сол аманатыңызды орындап, арманыңызға жету бақыты бұйырсын!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ