«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 46 (270) от 18 декабря 2014 г.)
Осы таяуда ғана Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Қарақат Әбілдина елбасының қаулысымен президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болып тағайындалды.
Бір қызығы – бұл көктен емес, «көсемнің» жарлығымен ордадан келген көп-көрім сыйдың бұйыратынын әнші Әбілдина әу баста күтпегенін, күткені құрсын, білмегенін айтып біраз әбігерге түсті. Сосын ғой анау бір Instagram әлеуметтік желі парақшасында «Бұл күтпеген жаңалық болды» деп, «сасып» қалғаны.
Бір айта кетерлігі – әнші бұл жаңалықты Алласынан кейін «Қыдырының арқасы» деп біліпті. «Қыдыр» демекші, отағасы Қыдырәлі екеуі телеарнадағы «Бенефис шоуға» араласқалы да аз күн болмаған. Әлде «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген һәкім сөзін осылай ұқты ма, жоқ әлде жоба авторлары «осылай болыңдар» деді ме – әйтеуір, жұртты жұтындырып жүрген жарасымды тележүргізуші жұп атанып шыға келді
Нешауа, «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлейтін» заман ғой. Оның бер жағында қазақы болмысымен, ән айтудағы өзіндік ішкі мәнерімен өзгеден қосы ауаша, қала берді ендігі жерде «әйелдер ісіне» араласатын Қарақаттың жұрт алдында суырылып сөйлегенінде не тұр? Сол комиссияның құрамында жүрген басқалардың Қарақаттан несі артық?
Тек осы «әйел мәселесіне» араласа жүріп, алтын алқалы «Ардақты ана» атағын алған апаларына мемлекеттен тегін үй бөлуге мүмкіндік беретін заң шығаруға түрткі бола білсе – болғаны. Өзі де екі толғатса, сол межеге жетеғабыл ілігіп қалар Қарақат еңбегі – еш, тұзы – сор қазақ аналарына қамқоршы болады деп тілейік. Ал сол комиссиядағы «көптің бірі…» болып қала берсе, билікке бір табан жақындаған жолын ел-жұрты жақсылыққа жатқызбас…