ҚОЙ ЖЫЛЫ ҚОЙДАН ЖУАС ПА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 47 (271) от 25 декабря 2014 г.

 

Жаттап ал

Түйе (тышқан) сеніп (сиыр) бойына (барыс),

Қалған (қоян) ұмыт (ұлу) жылдардан (жылан).

Жатпа (жылқы) қарап (қой), мойыма (мешін),

Тайма (тауық), именіп (ит) ділмардан (доңыз).

 

Шығыс күнтізбесіне сәйкес Қой жылы ақпанның 19-ында кіреді.

Қазақтар қой жылын жақсы жыл санайды. Қой жылы халыққа жайлы болған, ел молшылыққа кенелген. Қазақстанда 1966-67 қой жылы миллиард пұттан астам астық алынды. Құнанбай қажы Қой жылы туып, Қой жылы қайтыс болған. Қазақстан 1991 Қой жылы тәуелсіз ел атанды. Ахмет Байтұрсынов та Қой жылы (1873) дүниеге келді.

DАТ-тың тапсырысы бойынша жұлдызнамашылар жасаған болжам-жоралғыға қарағанда, Қазақстанда 2015 жыл бұрнағы жылдармен салыстырғанда тыныш өтеді. Бірақ жорамалшылар мен сәуегейлердің пікіріне қарағанда, қоғамдағы тыныштықты биліктің өзі бүлдіруі мүмкін. Мәселен, 2015 жылы үш ғаламшар – Юпитер, Сатурн және Уран Зодиак белгілерінің кеңістіктегі орындары ауысуы мен Жер бетінің тең жартысы – Еуразиялық құрылықтағы қоғамдық қатынастардың өзгеруі салдарынан әлеуметтік толқын туу қатерін қаперге алу керек. Осыған байланысты қоғамның ниеттері де өзгереді.

Дегенмен, қазақтардың ұғымында әр жылдары қандай қиындық көрсе де, жылдың жаманы жоқ. Сондықтан олар: «Тышқан жылы – тыныштық; Сиыр жылы – сыйлық; Барыс жылы – бірлік; Қоян жылы – қамбалы; Ұлу жылы – үлгілі; Жылан жылы – жайлы; Жылқы жылы – жұтсыз; Қой жылы – құтты; Мешін жылы – мерейлі; Тауық жылы – табысты; Ит жылы – игілік; Доңыз жылы – дүниелі» – деп, қазақы қалыппен баға берген.

Егер жұлдыздар мен кеңістіктердің алмасу кезеңінде Жер бетінің билеушілері адамзатқа қатысты ақылман іс жасаған жағдайда, жаңа істер бастауын алып, жаңа мұраттарға жетелейтін қуат күшеймек. Ал Қой жылының жеке тұлғаларға әсері қалай боларын төменгі жорамалдан оқып алуға болады.

 

Тышқан

  • Назира Дәрімбет, Нұрлан Ерімбетов, Владимир Козлов, Бақтылы Түменова.

Тынбай еңбектенсе, Тышқан жылында туғандарға бармақтай бақ бұйырғалы тұр. Кез келген тығырықтан жол тауып, «сүттен ақ, судан таза» боп шыға келетін дағдысынан жаңылмайды. Қауіптен қашық жүреді. Сондықтан да момақан Қойдың мінезіне тез бейімделмек. Өзгені алдап соғып, оңай пайда табамын деу – далбаса тірлік. Сау басыңызға сақина тілеп қайтесіз?!

Тағдырдың қандай тауқыметін тартса да, туған-туыстарына салмақ түсірмейді, барлық ауыртпалықты өзі көтеріп, қайсарлық танытады. Қой жылы Тышқандар қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен ерекшеленеді. Аса қолайсыз айлар – ақпан және наурыз. Қызмет бабында сізді достарыңыз қолдайды. Соған қарамастан, мансап жолында біраз кикілжіңдер орын алуы мүмкін.

Ой-өрісіңізді, біліміңізді кеңейте түсесіз, жұмысқа керек тәжірибе жинақтаудың жаңа мүмкіндіктері туады. Білгеніңізді басқамен бөлісуде тартынбаңыз, ұжымда бірігіп істеген жұмысыңыз жемісті болады. Әсіресе мамыр айында менмендік қасиетті тізгіндеп ұстауға тура келеді, бұл қасиет жақсылыққа апармайтынын түсініңіз.

 

Сиыр

  • Зәуреш Батталова, Серғазы Мұхтарбек, Дәурен Қуат, Мұхтар Тайжан.

Тышқан жылынан кейін кіретін Зеңгі бабаң – осы. Қандай қиындықты болмасын, белі қайысқанша көтеруге әзір Сиырлар биыл да сол табандылығымен табысқа кенеледі. Сіз үшін инновациялық маңызды жоба бастаудың сәті түсіп тұр. Жұмыс ауыстырған жағдайда одан қол үзбеген дұрыс. Тұрмысы төмен, жетім-жесірлерге көмектесу арқылы сауапқа бөленсе, жақсылықтың түбі Алладан қайтатыны қаперіңізде жүрсін.

Отбасындағы кикілжің әдетте сіздің ашуға ерік беріп, өз-өзіңізді басқара алмауыңыздан туындайды. «Жоқтық ұят емес, байлық мұрат емес» деп, бабаларымыз айтқандай өзіңізді, өмірдегі орныңызды, сүйген жарыңызды, мақсатыңызды іздеуді жалғастырыңыз. Айналаңыздағылардың сенімсіздіктеріне, мағынасыз әңгімелеріне назар аудармаңыз. Сәттілік сіздің жағыңызда. Сонымен қатар оқу орнын, жұмысыңыз немесе тұратын қалаңызды ауыстырғыңыз келіп жүрсе, Қой жылы ең ыңғайлы кезең. Жақсы қызметке ие болу немесе қаржылық жағдайыңызды жақсарту туралы мақсат-мұраттарыңыз толығымен орындалады.

 

Барыс

  • Досым Сәтпаев, Наталья Садыкова, Талғат Мамырайымов, Аян Шәріпбаев.

Барыстар өзінен де, өзгеден де бар жақсылығын аямайды. Маңайындағылардың қуанышы мен ренішін бірге бөлісіп, мейлінше қамқор болуға тырысады. Бұрынғы кедергі болған мәселелерді жеңіп, ойына алған іске тәуекел етеді. Бойында байқалмай жүрген таланты ашылып, елді аузына қаратады. Жаңа жылдағы өзгерістер қаңтар айынан-ақ басталады.

Дегенмен, адамдарға деген қарым-қатынасыңызға көңіл бөліңіз. Бұл жыл маңызды әрі елеулі оқиғаларға толы екенін ұмытпаңыз. Екінші жарты жылдықта міндетті түрде демалыс алатын болыңыз. Өзіңізді сынап көріңіз және кәсіби өсу мен биік жетістіктерге жеткізер қадамдарды қорықпай жасаңыз. Ұнжырғаңызды түсірмеуге тырысыңыз. Жаңа жобалардан жақсы нәтиже күтуге әлі ерте. Жыл ортасында қаражатқа қатысты түсініспеушіліктер орын алып, аз-кем қолайсыздыққа тап боласыз. Ал жыл соңында мол табысқа кенелгелі тұрсыз. Алайда осы жолда сәл сабырлық танытқаныңыз абзал, әйтпегенде тиесілі үлесіңізден айырылып қалуыңыз ғажап емес.

 

Қоян

  • Мұхтар Әбіләзов, Гүлнар Салықбай, Айдос Сарым, Серік Әбдірахманов.

Қоян белгісіндегілерге де басқалар сияқты терлеп-тепшіп жұмыс істеу қажеттілігі туып тұр. Есесіне қол жеткізер табысыңызда есеп болмайды. Өткен жолғы кемшіліктеріңізді қайталамауға тырысыңыз. Кесе-көлденең қиындықты еңсеру – өз қолыңызда. Қысылғанда арқаңыздан қағып, қол ұшын созуға дайын досқа зәрусіз. Адамдармен тез тіл табысып, аралас-құралас боп кететін қасиетіңіз барына қарамастан, сыры ортақ, мұңы бір досқа кенде сияқтысыз.

Қой жылы Қояндар қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен ерекшеленеді. Қызмет бабында да ілгерілеушілік байқалады. Отбасымен бірге шетелде демалуға жол түсіп тұр.

Сырт көзге қорқақ Қоян болғанымен, сөзі мен ісі мығым болып, енді батыл іске көшуге ұмтылады. Біраз уақытқа дейін әріптестеріңізбен арадағы үзіліп қалған қарым-қатынасты жөндеу оңайға түспейді. Жылдың алғашқы ширегі жаңа таныстыққа толы. Бірақ оларға аса үлкен үміт артпағаныңыз жөн, шынайы сезімнің шарықтау кезеңі қыркүйек айына келіп тұр.

 

Ұлу

  • Әкежан Қажыгелдин, Мақпал Жүнісова, Ерлан Карин, Жұмабай Доспанов.

Қой жылы сіз үшін сәтті өтпек. Әлемде, елде болып жатқан жаңалықтардан қапы қалмай, өз пайдаңызға қолданыңыз. Өйткені сіздің шығармашылық белсенділігіңіз күннен-күнге артып келеді. Алға қойған мақсаттарыңыздың көпшілігі орындалады. Сізді бизнес жолында көптеген табыстар күтіп тұр. Сондықтан өмірлік жоспарларыңызды тағы бір айқындап алыңыз.

Үйіңізге және отбасыңызға көбірек уақыт бөліңіз. Жылдың алғашқы жартысында мансабыңыз өспек. Қыс айларында жұмысыңыз алға басады. Ата-аналарымыз үйреткендей сабырлық танытыңыз. Бастықтарға сіздің жұмысқа деген құлшынысыңыз бен өзіңізді көрсете білуіңіз ұнайды. Қой жылы – Ұлу белгісінде дүниеге келгендерден үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Бұл жылы белсенділік танытудың арқасында батыл бастамалардың бел ортасынан табылып, жыл басында-ақ соның жемісін татуыңыз мүмкін. Алайда мойныңызға артық салмақ артудың қажеті жоқ. Өмірдегі қандай да бір өзгерістерге дайын болыңыз.

 

Жылан

  • Сергей Дуванов, Қасым Аманжол, Инга Иманбай, Денис Кривошеев.

Жылан жылы туылғандар сырт көзге ұяң, маңызды істерден қашқақтап жүреді. Себебі басына пәле болып жабысатын нәрсе – тілі. Бойдағы бар күш- жігерді сарқуға тырыспаңыз. Қолда бардың қадірін бағалаған жөн. Өзгенің пікіріне мән беріп, күмәндана бергенді қою керек. Өзім білемге салып, өзгелерді ығыр қылмаңыз.

Арманға жету үшін, жеңіл жолды таңдау оңай болғанымен, одан түк шықпайтынын түсініңіз. Бұл жыл сізден төзім мен ақылды қажет етеді. Жыл бойы сіңірген еңбегіңіздің жемісін қараша айында көретін боласыз. Тәуекелге бел буып үйреніңіз! Күштілер мен тәуекелшілдерді таңғажайып сыйлықтар күтіп тұр.

Екінші жартыңыз сізді үнемі қолдап, құлшынысыңызды арттырып отырады. Қараша айында өміріңізде айтарлықтай оң өзгеріс болады. Айналаңызда қандай адамдар жүргенін қараңыз. Осы жылы өзіңізге деген сенімділік пен белсенділігіңіздің арқасында мансабыңызды өсіре аласыз. Алдын ала жақсы жоспар құрып, оны қаңтар айынан бастаңыз, ең табысты уақытыңыз – қазан мен қараша айлары.

 

Жылқы

  • Сейтқазы Матаев, Әділ Тойғанбаев, Талғат Айтбайұлы, Дастан Қадыржанов.

Жылқы жылы туылғандар – «арбаға жегілген ат» сияқты. Жұмыстан ешқашан да жалықпай, таңертеңнен кешке дейін бір тыным таппайды. Дегенмен, Қой жылы сіз үшін ең сәтті жыл болғалы тұр. Қайсар жан екеніңізді естен шығармаңыз. Кез келген маңызды және қиын жұмысты еш қорықпастан бастап кете аласыз. Сіз үшін әсіресе жылдың екінші жартысы табысты болмақ.

Алғашқы жарты жылдықта көп уақытыңызды отбасыңызға бөліңіз. Мүмкін емес деген нәрселердің өзін еш қорықпастан армандаңыз, биыл сол армандар орындалатын сәтті жыл болмақ.

Өміріңізге кедергі жасайтын, түкке де керегі жоқ дүниелерден арылыңыз. Қазан айы қызықты, аяқасты танысулармен ерекшеленетін болады. Қызмет бабы бір қалыпты, қиындық бола қалған жағдайдың өзінде дос-жарандарыңыз жалғыз қалдырмайды. Сіздің дос-жарандарыңыздың қатары сиреуі мүмкін. Қаржы саласында аяқасты өзгерістер болады деп күтілуде.

 

Қой

  • Амангелді Керімтаев, Евгений Жовтис, Мұрат Әуезов, Бауыржан Жақып.

Жыл иесі атанған төрт түліктің бірі – Қой жылында туғандар өзімшілдігі мен өмірдің қалтарыс-бұлтарысында сабырсыздық танытуынан жиі жапа шегеді. Сәл нәрсеге ашуланады, қисайған бетінен қайтпайды. Сондай сәттерде өзіне де, жанында жүргендерге де қауіпті. Өзін жарға жығатын мінезі – шешімді тым асығыс қабылдайтындығы.

Әйтсе де, осы жылы көптеген мәселенің түйінін оңтайлы шешесіз. Сондықтан Қой жылында жұмыста да, үйде де көптің назарында боласыз. Қазақ халқымызға дарыған қасиет – қонақжайлығыңызды көрсетіңіз. Әріптестеріңізді, туыстарыңызды, жора-жолдастарыңызды ренжітіп алмауға тырысыңыз, арты жақсылыққа апармайды. Бұл жыл сізден еңбекқорлықты, төзімділік пен сабырлылықты күтеді. Дәл қазір сіздің мәртебеңіз жеткілікті дәрежеде биік, сондықтан әріптестеріңіздің арасында көшбасшы болуға мүмкіндігіңіз бар.

Жаңа жыл кірісімен отбасының татулығын сақтап қалу үшін, береке-бірлікке, қазанның тоқтығына аса мән берген абзал. Желдің ығында тұрып, күйсеп қалмай, қарсы жүріңіз.

 

Мешін

  • Ақберен Елгезек, Оксана Макушина, Амангелді Кеңшілікұлы, Иманғали Тасмағамбетов.

Мешіндер – өзіне-өзі ғашық жандар. Өзін өзгелерден артық санайды. Дегенмен, бұл жылы бірінші кезекке отбасы мен үй шаруасын қойған дұрыс болады. Жылдың ортасы мен соңында жан дүниеңізде көптеген өзгерістер болуы мүмкін. Жаңа үй тұрғызуға немесе ескі үйіңізді жөндеуге кіріссеңіз, жөн болар еді. Осылай күшіңіз жұмысқа да, үй шаруасына жетерлігін дәлелдеңіз.

Қой жылында жеке өміріңізде келеңсіз жағдайлар бола қоймайды. Жыл басталысымен-ақ өзіңіздің басқаға керек екендігіңізді сезініп, бақытты күй кешесіз. Бұл жыл қолына қалам ұстаған қауым үшін қолайлы болмақ. Екінші жарты жылдықта дизайнерлер мен шығармашылық адамдарын сәттілік күтіп тұр. Десе де мансап өсіру үшін жанталасудың қажеті шамалы. Қызметпен байланысты кейбір жәйттерді тамыр-таныстың көмегімен реттемесе болмайтын түрі бар. Құмар ойындарға әуестігіңіз бүкіл өміріңізге балта шабуы ғажап емес. Жыл басында көптен берi қолға алған iсiңiздi аяғына дейiн жеткiзiп тынышталасыз. Мазалап жүрген қаржы мәселесін жыл басында реттеп алғаныңыз жөн.

 

Тауық

  • Темірхан Медетбек, Тоқтар Рахметова, Тынымбай Нұрмағамбетов,

Әсел Қарауылова.

Биыл жолындағы әртүрлі қиындықты толық еңсеріп, еңсесін тік ұстап шығатын бірден-бір белгі иелері – Тауықтар болмақ. Отбасында ашық-жарқын, ал қызметте талапшылсыз. Көре алмайтындар сыртыңыздан сөз тасып, атақ-абыройыңызға дақ түсіруге тырысып бағады. «Ит үреді, керуен көшеді»: өзіңіздің таза, адал екеніңізді дәлелдеймін деп, шыж-быж болудың қажеті шамалы. Жақын-жуықтарыңыздың өміріне орынсыз араласып, олар үшін шешім қабылдамағаныңыз дұрыс. Бұл қарым-қатынастарыңызға тек сызат түсіреді. «Тағдырдың басқа салғаны» деп, болашағыңызға бей-жай қарауды қойсаңыз болар еді.

Қой жылы рухани-дүниетанымдық құндылықтарыңызды да құнттап алуға ыңғайлы. Мамандық пен мансап саласында айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Қаражат жағы да бұл жылы аса жарқын жаңалығымен қуантпайды.

Жыл аяғында асығыңыз алшысынан түсіп, бір жақсылыққа кеңелуіңіз мүмкін. Сондықтан бұл жылы барынша салмақты болуға тырысыңыз. Мұның ортақ іске де пайдасы тиеді.

 

Ит

  • Ерлан Сайыров, Асылбек Қожахметов, Арманжан Байтасов, Герольд Бельгер.

Мынау жарық дүниеге Ит жылы келсеңіз, есепсіз әл-қуат пен шығынды талап ететін жұмысқа дайындала беріңіз. Әлеуметтік жеңілдіктер алып, соны пайдаға жаратасыз. Шектен тыс адалдығыңыз, адамдармен жылы қарым-қатынасыңыз кез келген ұжымда өзіңізді еркін сезініп, ешкімнен именбеуге жол ашады.

Қой жыл сіз үшін ең бақытты жыл болғалы тұр. Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық. Тек ретімен шатастырып алмаңыз. Оптимизмнен қашпай, тек позитивті күн кешуге тырысыңыз.

Егер балаларыңыз болса, оларға көп уақытыңызды жұмсаңыз. Сіз шығарып салған жылдан қалған сенім келер жылы біраз істің басын қайырып тастауға жетеді. Шектен тыс өркөкіректік танытудан сақтаныңыз. Егер бұл мінезіңізге бой берсеңіз, біраз жақсы адамдармен байланысыңыз үзіліп қалуы мүмкін.

Жұмыс ауыстыруыңыз ықтимал. Бұл жыл сіз үшін шешім қабылдау мен тәуекелге бел буудың жылы болмақ. Өзіңізді бағалай, құрметтей білу арқылы жаныңыздағылардың пікірін айтарлықтай өзгертесіз.

 

Доңыз

  • Жармахан Тұяқбай, Расул Жұмалы, Ғаббас Қабышұлы, Берік Әбдіғалиев.

Жүрген ортаңызда мерейіңіз үстем болып, дәрежеңіз арта түседі. Ең бастысы – басқаны тыңдаудан бас тартпаңыз. Дәрежеңіздің көтерілуі соған байланысты. Қандай қиындық болмасын, сіз жеңе аласыз, соны ұмытпаңыз! Жылдың алғашқы жартысы тынымсыз болғанымен, екінші жарты жылдықта байсалды өмір кешесіз. Жаныңыз қалаған іспен шұғылданыңыз.

Махаббат мәселесінде айтарлықтай қиындық болмайды. Күз айы жұмысыңыздың өрге басар мезгілі дей беруге де болады. Қой жылы сізден көп мөлшерде сабырлық пен төзімділік күтеді. Бастаған істі аяқсыз қалдырсаңыз, еңбегіңіздің жемісін күтпеңіз. Ал қараша айында сізге жаңа жұмыс тапсырылады. Жауапкершіліктен қашпаңыз.

Сіз аузын ашса, арғы жағы көрінетін ақкөңіл адамдардың қатарынансыз. Осы қасиетіңіз орға жығуы мүмкін. Біреу жақсы сөз айтса, соған еріп, далада қалуыңыз ғажап емес. Абай болған дұрыс. Жаз мезгілінде тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімін ескерген артықтық етпейді.

 

Республиканский еженедельник онлайн