«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 47 (271) от 25 декабря 2014 г.
Желідегі жедел сөз
ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елге беделді деген телеарналарға берген сұхбаты тележәшікке телмірген жұрттың көңілінен шықпады. Бұл – біздің редакциялық тұжырым емес. Бұл интернеттің әлеуметтік желісінде желдей ескен пікірлердің ортақ пайымы. Сондықтан біз президенттің пошымсыз сұхбатын сөз етпей, сол пікірлердің бір порасын желіден көшіріп баса салдық.
Айдос САРЫМ:
– Тұңғышымыз теледидарға шығып, екі сағат бойы үндемей, құлағын, мұрнын шұқылап, ай қарап отырса да: «Елбасының мына сұқбаты керемет болды, бұрынғыдан мүлдем ерекше сұқбат! Аса маңызды мәселелер айтылды», – дейтін талай журналист бауырлар мен қарындастар бар екен арамызда.
Ертеңгі газеттер мен телехабарлардың анонстарын елестетіп, ойланып отырмын. Жаңа жылға дейін кем дегенде 2-3 полосадан 3-4 нөмірді толтыру керек газетшілерге. Не деген азап жұмыс десейші!
Баяғыда түрікпен газеттерін оқитынмын. Ірі жиындардағы Түрікменбашы сөздерінің арасында: «Дәл осы кезде ұлы Сардар сөзін бөліп, жоғары жаққа қарады да, кішкене уақыт ойланғандай болды», «ду қол шапалақтау», «осы кезде ұлы басшымыз залды мұқият сүзіп шықты, оның көз алдынан тарихымыз өте шыққандай болды» деген редакциялық қоспаларды оқып, күлетін едім. Қазір күлмейтін болдым.
Айдос ЖҰҚАНҰЛЫ:
– Өзі-өзіне сенімді адам баспасөз мәслихатын тікелей эфирде өткізеді. Оған саяси көзқарасына қарамастан, кез келген журналист қатысады һәм сұрақ қоя алады. Менің Путин көкем сөйткен болатын. Алдын ала түсіріп, күзеп-түзеп, монтаждалған деректі фильмге алданып отырған аңғал халқым аман болсын!
Ақберен ЕЛГЕЗЕК:
– Егер президенттің осы сұхбаттағы тәуелсіздік туралы, мемлекеттілік, тіл, діл туралы айтқандарын үкімет мүшелері, әкім-қаралар, телеарна мен баспасөз басшылары ұран қып ұстап, барлық жерге іліп, теледидардан көрсетіп, газет-сайттарға басып, ұлардай шуламаса, онда бұл жай ғана және кезекті рет халықты бала сияқты алдай салу деп білемін.
Тілеумет СИЛАМ:
– Сұхбат өткізген болып, ел басымыздың өткізген қайран уақыты, оған барған тілші-сымақтардың… қойған сұрақтарының түрін-ай! Ұят қой. Жалпы не деген арсыз заман десеңші! Осындай көзбояушылықпен өмірін өткізіп келе жатқан елге әбден қайран қаласың! Жүйкені құртқан құр әңгіме, қайран отырыс, зая кеткен уақыт!.. Елбасының жауап қайтарып отырған әнгімелерін онсыз да ел-халық жатқа біледі емес пе, ешбір сұхбат жүргізбей-ақ қойса болушы еді мұндай болғанда! Мазақ, көз бояушылықтың тағы бір дәлелі деп осыны айт!
Қасым АМАНЖОЛҰЛЫ:
– Үлкен қызы – парламентте вице-спикер, комитет төрағасы, ортаншы қызы – миллиардер, ортаншы күйеу баласы – кәсіпкерлер палатасының төрағасы, ең үлкен банктің қожасы, т.б. Кіші қызы – алпауыт құрылыс компаниясының иесі, бауыры – барша ірі базарлардың «құдайы», үлкен немере бауыры – «мешіттер салушы», кіші немере бауыры – ҰҚК төрағасының орынбасары, келіні – ең ірі баспаның иесі… Айтпақшы, «жаңа» үлкен күйеу баласы – аса ірі газ тарту компаниясының жетекшісі, қаптаған қалған туыстары мен тоқалдары – жәй әншейін миллионерлер, соттар, прокурорлар… Енді жиен немересі – бас қала әкімінің орынбасары. (Ең қиыны, бұл жиен – қос банкирді өлтірген кезде әкесінің қасында азаптау актісіне қатысқан деседі).
Бір отбасының жеке меншік мемлекетінің тұрғыны болуларыңызбен, бауырлар!
(«Фейсбук» желісіндегі жазбалардан)
Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ:
– Қазақстан президенті журналистермен кездесіп жатыр. Бар-жоғы 8 журналист, оның 5-і қазақ, алтыншысы қазақша жақсы біледі. Бірақ Нұрекең орысша сөйлеп отыр.
Туғандардың санын айтқанда, өлгендердің санын да айтса ғой. «Жылына бір қаланың тұрғыны өмірге келіп жатыр» , –деді президент. Ал көз жұмып жатқандар ше? Тек жол апатынан жыл сайын 3 мыңның айналасында адам өледі: ана мен бала өлімі, рак, СПИД… толып жатыр.
Иә, президентке қоятын сұрақтың ең маңыздысы махаббат туралы болуы керек. Басқасын қойшы сол, саясат, экономика, әлеуметтік сала деген не, тәйірі, махаббаттың қасында. Ел көкейіндегі негізгі сұрақтардың бәрі жауапсыз қалды. Өкінішті, әрине. Президентпен кездескен Қазақстанның майталман журналистерінің ең алдыңғы сұрағы махаббат туралы болды, шарықтау шегі ән айту…
Ақжігіт ӘЛІБЕКҰЛЫ:
– Жақында Путиннің пресс-конференциясын көрдік. Кеше Назарбаевтың сұхбатын тамашаладық. Айырмашылық жер мен көктей. Ресейдегі президент сұхбатында жалғыз ресейлік журналистер ғана емес, шетелдік журналистер де сұрақ қойып отырды. Мәселен, Путиннің көзіне құрт болып көрінген Украинадан келген «УКРОП» журналистің сұрағын бүкіл әлем тыңдады. Ал бізде ше, ҚР президентімен болған сұхбатты қазақстандықтардың өзі қарамаған шығар. Артық-ауыз сұрақ қоюға болмайды, артық қимылдауға болмайды, артық адам кіруге болмайды. Ашық пікірталас, емен-жарқын сұхбат болмаған соң, шынын айтқанда, тартымсыз болды. Алдын ала сүзгіден өткен сұрақтар екені көрініп тұрды.
Дина ТӨЛЕКОВА:
– Қазақтың Ларри Кингтері қайда? Познері қайда? Президенттен сұқбат алып отырған кімдер? 25 пен 30 жастағы жас журналистер мен дикторлар. Сөзіне ел сенетін, елді сендіретін тәжірибелі, салихалы ой айтатын, президентпен әңгімесі жараса кететін, жасы ең құрығанда елуден асқан мықты интеллектуал тілшілер, терең аналитиктер жоқ па? Бәрі бас шұлғи қатып қалған… Жасанды күлкі… Жаттанды сұрақтар… Жасқанған жастар… Дискуссия жоқ… Араларында байланыс байқалмайды. Себебі – президент пен жас тілшілер арасындағы алшақтық – 50 жас!!! Обшым – жасандылық көзге ұрып тұр.
«D»