ӘКЕЖАНДЫ КҮТІП ЖҮРМІН

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 01 (272) от 08 января 2015 г.

 

Ананың хаты

 

Өзім оқып жүрген «ДАТ» газетінің жылжабар санында қуанышты хабарды оқып, әкем тіріліп келгендей қуандым. Жаңа жылға жасалған 10 болжамның ішіндегі Әкежан Қажыгелдиннің елге оралатыны жөніндегі хабардың маңызы қазақстандықтар үшін ерекше болғанына күмәнім жоқ.

Елдің атынан сөз айтып, өкілдік танытқанымның себебін түсіндіре кетейін. Партия, комсомол, білім беру саласында 42 жыл қызмет атқардым. Оңтүстік Қазақстан облысы Ильич ауданында партия комитетінің хатшысы болдым. Ұлы Отан соғысының 25 жылдығында Қазақстаннан «Партийная доблесть» орденін алған екі адамның бірі – менмін, екіншісін – М.Дүйсенов деген алматылық полковник жігіт алған болатын. Отбасымнан төрт адам жол апатынан қайтыс болып, үйден шыға алмай қалдым. Бұрындары Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы облыстарындағы туыс-жекжаттарымды аралап, жиын-тойларға жиі барып қайтатын едім. Осы оңтүстік өлкеде қызмет атқарған кезімде ел тынысын, мұң-мұқтажын жақсы білетінмін. Елдің ішінен шыққан азаматтарды бағалап, атқарған қызметтеріне риза болып жүрдім.

Осындай азаматтардың бірі – Әкежан Қажыгелдинді танимын. Менің қызым Әсия семейлік азамат Мерхат Мұрсалимбаевқа тұрмысқа шығып, құдалыққа Әкежанның еліне барып, туған-туыстарының үйінде қонақта болдық. Сол кезде Әкежанның үкімет басында отырған кезі болатын, ел арасындағы беделін естіп, сүйсіндім. (Қызым 1999 жылы Астанада қайтыс болды).

Әкежанның қазақ еліндегі абыройына қанық екендігіме күмән болмасын. Сондықтан Әкежан сияқты елінен еріксіз кеткен ғалымдар мен шығармашылық саланың өкілдері елге қайтып оралса, нұр үстіне нұр. Президент Назарбаев ақылға келіп, осы азаматтарды елге әкелсе, халықтың алғысын алар еді. Себебі мен де сол халықтың талап-тілегін естіп жүрген қарт анамын.

Менің арманым – қалың бұқараның ойындағы тілегі деп қабылдаңыздар. Елден жырақ кеткен азаматтар ортамызға оралса, ел игілігі үшін қызмет етер еді.

Құрметті редакцияІ 92 жастағы партия және еңбек ардагері, екінші топтағы мүгедек ананың қиналып отырып жазған хатын газетке жариялайды деп сенемін.

Дәмен ҮСЕНБЕКОВА,

Алматы қаласы

 

Республиканский еженедельник онлайн