ҮКІМЕТТІҢ «ҮНЕМІ» қарттарды қырқыстыратын болды…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №04 (275) от 29 января 2015 г.

 

…атылған оқ

Елді экономика қысқан кезде, «үнем» және «үнемдеу» жайлы үлкен-үлкен сөз туды. «Тарта жесең – тай қалады; қоя жесең – қой қалады, қоймай жесең – нең қалады?» дегендей, дана қазақтың даналығы мол сөзін елбасы елдің есіне тағы бір мәрте салғандай болды. Сосын ғой оның «мемлекет – сауын сиыр емес» дегені.

 

Уақыт уыты

 

О заман да – бұ заман, даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан ауып, елбасының «сауын сиырына» тіреліп тұрса – қайтпексің?! Осы сөзден соң, көптің көз алдына кедейдің жаз жоғалтып, күзде ғана әрең тапқан кәрі сиыры мөңіреп келген. Қайтқан малдың игілігін кім көргенін исі қазақ «искемей-ақ» біліп отыр!

Бақсақ, даудың басы ел президенті атаған Зеңгі баба түлігі болғанымен, сол сөздің аяғы әлеуметке әжептәуір әңгіме болатын түрі бар. Әңгіме болған жерде қаңқу болады: Ақордадан асығыс шыққан сөз алыстағы Ақтауға жеткенше, элегиялық эпосқа айналып кетеді: «Медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан мүгедектердің зейнетақысы және жәрдемақысы қысқартылуы мүмкін» деген сөз содан шықса керек. Сол «мүмкіннің» төркінін көпке ұқсаған көлденең көк атты біреу емес, дап-дардай денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың дәл өзі айтқан болатын.

Аталған виценің сөзіне сенсек: мемлекет тарапынан қамтамасыз етілетін мекемелерде тұратын жандарға базалық зейнетақы беру мүлдем тоқтатылатын көрінеді. Ал «жасына қарай төленетін зейнетақының 30 пайызы ғана сақталады». Мұнымен қатар бұл өзгеріс «Мүгедектер құқығын қорғау жөніндегі» заң жобасында қарастырылғанға ұқсайды.

Ең сорақысы сол – шенеуніктер мұны әлеуметтік теңдік орнату деп, жалпақ жұртқа «жүйрік» есептің жосығын көрсеткен. Бұған ат-атағы сала құлаш министрдің орынбасары Светлана ханымның қосар уәжі де жоқ емес: «Өз үйінде немесе өз пәтерінде тұрып жатқан зейнеткер коммуналдық қызметтерге ақы төлейді, дәрі-дәрмек пен азық-түлік сатып алады, мұны түсінуге болады. Ал енді қарттар үйі сияқты медико-әлеуметтік мекемелерде өмір сүріп жатқан зейнеткерлерімізге келетін болсақ, оларға мұндай мәселелермен айналысудың қажеттілігі жоқ. Олар үшін бәрі тегін: азық-түлік те, қысқы және жазғы киім-кешектер де – қысқасы, бәрі де. Сөйте отырып, олар зейнетақы да алады. Бұлай болмайды, бұлардың зейнетақыларын осылайша қысқарту керек…» – дейді.

Иә, сала құлаш аты мен атағын «үнемдеп» айтқандағы Света ханымның бұл сөзінде жан бар дерсің: екі жерде томардай томпайып отырған екі шалдың әл-аухаты екі түрлі болғаны жарамайды – біреуінікін қысқарту керек. Бірақ үйінде үйелмен болған шалдың ақысын көбейту арқылы оның жағдайын «бағымдағы» шалмен теңестірейік демейді. Екеуін тең ету үшін, жағдайы дұрыстауын ахуалы ауырлаумен теңестіре салу керек. Үкімет «ойлап тапқан» үнемнің түрі – осы.

Онымен қоймай, Жақыпова жалғастырған сол сөзінде: «Бүгінде мұндай орындарда (арнайы мекеме дегені ғой) 4 мың 140 зейнеткер тұрып жатыр. Оларға жылына 1 миллиард теңге зейнетақы төленеді. Ал қалған 16 мың мүгедекке төленетін әлеуметтік жәрдемақы 8 миллиард теңгені құрайды. Осының арқасында шамамен 4 млрд теңге үнемделеді. Ол қаражат бюджетте құр босқа сақталып тұрмайды. Арнайы мекемелерде сол мүгедектерді бағып-қағуға жұмсалады. Қысқасы, әлеуметтік-медициналық қызметті ұйымдастыруға кетеді», – деген еді.

Әгәрәки Светлана ханым біз жиі еститін қытайдың бәз бір саясаткеріне ұқсап: бір тамшы су таң атқанша тоқтаусыз тамса, қанша текшені толтырарын шотқа қағып, «шок» қылып айтса, жұртқа жаққан қисап болар ма еді, кім білсін?! Ол олай демейді: екі шалдың бірінің аузына су тамызбай қоялық дейді.

Үнемді шал-кемпірдің несібесін жеу арқылы емес, үкіметте үйір-үйірімен отырған шенеуніктерді шетінен қысқарту арқылы жасайық дегенге «су тамбағыр» аузы бармайды-ау! Бармайтыны – үнемдеу жөніндегі бұл «ғаламат есепті» сол үйірді иіріп отырған үкімет ойлап тапқан ғой: Светажан оған қалай қарсы қисап айтсын?! Мұндайда ежелгі қазекең: «Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық болады» деп, дәп-дәл айтқан ғой, жарықтық-ай!

Бәлкім, сол Света аш құрсақ бір қарияның аузына енді барған жарты қасық жылы сорпасын жырып алғаны үкіметке «үнем» болмайтынын біле отырып осылай дейді. Айтпақшы, үкіметтің сондағы үнемдейтіні – 4 миллиард теңге екен. Ал жеке-жеке жемқордың жеп кеткенін шотқа қағып, соңғы сотта жүрген төрт-бесеуінің ғана «үлесін» есептеп шығарсаң, есің ауысып қалады: 10 миллиард теңгеден асады екен. Міне, үнемнің көкесі қайда жатыр!

Бірақ үкімет бұл үнемді айтпайды: себебі ол ақша ұсталып қалғандардың обалындағы қаржы. Ал ұсталмай жүрген алпауыттар жей берсін: олардың арасында үкіметтің өз ішіндегі үйір-үйір жегіштер жүр.

Бәрін айт та, бірін айт: адамды тапқа бөлетін заманнан өттік деп жүргенде, топқа бөлетіндей бұларға сонша не көрінді екен, тәйірі? Енді ол топты «үйде отырғандар» мен «бағымдағыларға» бөліп, көрер күнін санап жүрген азын-аулақ шал-кемпірдің арасына әлеуметтік жік салып қойғаны несі?! Вице-министрдің біліп-білмей айтқан осы «үнем» есебінен кейін үңірейген үйдегі шал жылы жерде алаңсыз жатқан замандасына жыны келмейді деп көр!

Ол шалдың зейнетақысын бала-шағасына жеткізе алмай жатқан ұл мен келіннің «бағымдағы» шалға деген моншақтың түйіріндей мейірімі қала ма? Бұл жағдайды «Айпад» алуға зар болған немересі естісе, әлеуметтік интернат атаулы қарттар мекемесі қоғамға қотыр болып көрінерін зерделеу – зая тірлік. Аш халықтың арасына араздық шоғын салу арқылы алауыздық тудыру – қалыптасқан қиыншылықтан құтылудың жалғыз жолы болмаса керек.

Міне, әлеуметтік теңсіздік деген кесапат осындай оғаш ойлардан туады. Оны үкіметте отырғандар тудырып отырғанын ойыңа алсаң, біздің билік кімге қызмет қылып жүр деген сауал еріксіз есіңе оралады.

 

  • P.S.: Сірә, Мөңке би айтыпты дейтін: «…Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, ай сайын бас қосқан жиын болады…» деген сөздің бұл ғасырда рәсуә болмағаны-ау? Әйтпесе жетімін жылатып, жесірін қаңғытпаған елдің қазыналы қариясын «Қарттар үйіне» тыққанымен қоймай, жетім көңіліне жебеу болған көмекпұлға жармасатындай қазақ мемлекетінің басына не күн туыпты? Әлде бұл «үнемдеу» науқанында өзгеден ат оздырғысы келген Светлана Жақыповалардың кезекті бір келемежге лайық «кереметі» ме?

Әйтеуір бұл «үнемнің» әлеуметтік зілі қаншаға түсерін біле алмадық. Тек өзгертулер мен толықтыруларға толы осынау жобаның әзірге қабылдана қоймағаны – жалғыз-ақ медет…

 

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн