ММ
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №04 (275) от 29 января 2015 г.
Темірқазық
Қазақстан Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев кеше бірқатар журналистермен болған кездесуінде өзінің саяси арыны (амбиция) жоқ екенін мәлімдеп, шыр-пыр болған екен. «Ағымнан жарылайын: менде ешқандай саяси арын жоқ, ешқандай партияның мүшесі емеспін, менің саясатым – бизнесті қолдау ғана. Елдің өркендеуі мен оның жақсы жағдайы – менің өмірімнің басты мақсаты» депті Тимур-күйеу.
Расында, оның ағынан жарылып, шыр-пыр болатын жөні бар: бұған дейін саяси элита арасында «Тимурға бизнесін Динараға өткізіп беруге бұйрық түсіпті…»; «ол елдегі активтерін сатып жатыр екен…»; «оның президент болғысы келген аңсары Ақорданың қожайынына жетіпті…»; «Халық банк»тегі капиталын басқа біреудің атына жазыпты…», тағы сол сияқты қауесет қаулап кеткен еді. Сарапшы қауым Тимурдың болашақ тағдыры осыдан екі күн бұрын өткен ҰКП ІІ құрылтайынан кейін белгілі болады: егер ол палатаның төрағалығында қалса, оның жағдайы жаман болмағаны; ал егер кетсе – келмеске кеткені деген пікірде болған.
Сол құрылтай өтті – Құлыбаевтың құдіретті құзыры құламады. Яғни, қалай болғанда да, Тимурға төніп тұрған қатер болса, оның беті қайтқаны: міне, енді амбициядан аманмын деп, журналистер арқылы «қауіп иесіне» хабар салды. «Мен гүлденген Қазақстанда өмір сүргім келеді, менің балаларым да осында тұрғанын қалаймын…» – депті Темкең түгесілген түрмен.
Иә, егер оған қандай да қапылыс қатер болмаса, «осында өмір сүргім келеді…» деп, кімге өздігіп өтініш қылғандай? Өз басын бүркеп қалу үшін, бала-шағасын қалқан қылғаны несі? Оны бұл елден қуатын қандай құдірет болуы мүмкін?
Міне, Тимурдың ойда жоқ мәлімдемесі осындай оғаш ойларға еріксіз түрткі болады. Дағдарыс жағдайындағы ел экономикасына қатысты ештеңе демеген, қоғам үшін түйір дүние шешпеген қатардағы құрылтайдың себеп-салдары да астары айқын ойларға жоралғы болғандай. Бір гәп жұтылмай қалды.
Десек те, жекелеген ақпарат көздерінің айтуына қарағанда, Құлыбаев қатерден құлан-таза құтылған жоқ сияқты. Ол бұл құрылтайды «қудалау қаупінен құтылудың» қамымен ғана өткізіп, өзінің қожайын алдында адал екенін жария еткісі келсе де, бір күйеуден «аузы күйіп» қалған атасы арғы ойынан айнымаған сыңайлы. Себебі – Тимурдың таққа таластан «таза» екеніне көз жетерлік жағдаят жетіспейді: мұнай-газ саласындағы ортақ бизнесті бақылап отырған күйеу биліктің біраз жеріне өз адамдарын тықпалап тастағаны секемшіл көңілге қорқыныш ұялатады.
Енді Тимурдың «амбициядан аманмын» деген мәлкілдек мәлімдемесіне Ақорда жақтан жауап күтеміз. Әрине, ол жауап жария түрде болмайды: оны тағы да саяси элитаға еріп жүретін өсек жеткізеді. Әліптің артын бағайық.
Ермұрат БАПИ