МЕН НЕГЕ ел президентінен ТҮҢІЛДІМ?

Құрметті редакция! Мен «ДАТ» пен «СолДАТ»-тың алғашқы шыққан күнінен бастап, қол үзбей оқып келе жатқан оқырманымын. Сол себепті өзімнің ойымды хат арқылы газет редакциясына жолдағанды жөн көрдім.

Жиырма бес жыл бойы құрылыста прораб болып жұмыс істеп, соңғы 4-5 жылда қыс мезгілінде құрылыс тоқтап, жаз айында ғана мектеп, балабақшаны жөндеу жұмысымен айналыстық. Сөйтіп, 1998 жылға дейін 24 жылдық еңбек өтілінің арқасында (стаж) бүгін (соңғы 9% үстемені қосқанда) 33 000 теңге зейнетақы аламын. Егемендік жылдарынан қайран жоқ, осы еңбек еткен жылдарым бойынша зейнетақы жинақтау қорынан маған тиесілі болғаны – 180 000 теңге ғана.

Осындай жағдайда мен президентке «рахмет!» деуім керек пе? Президент Назарбаев бір сөзінде: «Өркениетті елдерде баласы, немересі бар адамдарға зейнетақы төленбейді. Егер ол азамат ұл-қыз өсірсе, қартайғанда ұрпағы асырасын. Біз тек қана ешкімі жоқтарға қарайласуға міндеттіміз», – деді ғой беті бүлк етпей.

Айлығын жалдап ала алмай жүрген Жаңатас халқы 1998 жылы облыс орталығына қарай жаяу шеруге шығып, оларды айдалада полиция қоршап, ары қарай жібермей тұрды. Сол уақытта президент Назарбаев Мәскеуде кездесуде іссапарда жүрген жерінде бір тілші тоқтатып: «Жаңатас қаласының тұрғындары жылдар бойы алмаған еңбекақылары төленгенше айдалада жер қазып, күтіп отыр, егер төленбесе, сол жерде өлеміз дейді. Сіз осы жағдайға не дейсіз?» – деп сұрақ қойды. Президент аспай-саспай: «Не, немене? «Казфосфат па?» Ол – жеке меншік өндіріс орны. Мемлекет жеке меншік иесі үшін жауапты емес екенін білесіз ғой…» – деп, кілт бұрылғанын теледидардан көрсетті. Сол күні мен де президенттен түңілдім.

Түңіліп жүрген кезімде «ДАТ»-тың жаңа жылдық алғашқы санында Дінмұхамед Қонаев атамыз туралы өте орынды бастама көтерілген екен. Өзімнің отбасымның, дос-жаран зейнеткерлердің атынан осы бастаманы жүз пайыз қолдаймыз. Құлыбаевтар сияқты алпауыттардың заңсыз жолмен тапқан ақшасының көк тиыны керек жоқ. Ескерткішке қажетті бес тонна қола үшін өзіміз-ақ қаржы жинай аламыз. Елінің құрметіне бөленген басшыны ұлықтау біздің парызымыз ғой, егер осы бастама қолға алынатын болса, біз де қол ұшын беруге дайынбыз!

Еркін БАЙЖАНОВ,

Тараз қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн