Оғаш ой
Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл ғана болды деген сөз, меніңше, таза сандырақ! Сонда қалай, одан бұрын қазақ қой сияқты далада жайылып жүріп пе екен? Тіпті басқасын айтпағанда, Шыңғыс хан өз нөкерлеріне топырақпен көмдіріп, жермен жексен еткен Отырар қаласы хандық болмаса, билік, басқарушы болмаса, өзінен-өзі салынып, көшелерінде хауыздар атқылап, ғылыми кітапхана өздігінен пайда болды ма? Сол Отырардан қаншама музыкалық аспаптар табылып, Сарыбаев деген музыкант-ғалым бәріне үн беріп, қазір Қарақат Әбілдина ойнап жүрген жетіген саз аспабы жерден өніп шықты ма?
Бұл, меніңше, әйтеуір қазақта бұрын хандық болған екен, енді біз де билікті сол хандыққа ауыстырып, кім хан болса, соның ұрпағына мәңгілік билік беріп қояйық деген жандайшаптар мен табан жалағыштардың ойлап шығарған әрекеттері деп білемін! Егер Қазақ хандығының құрылғанына небәрі 550 жыл ғана болса, оған дейін хан болған тұлғаларды қайтеміз – олардың атақ-лауазымын өзгертіп жазамыз ба?
Оған дейін ханы болмаса, басшысы болмаса, біздің жерімізді орта ғасырға жеткізбей-ақ басқалар басып алар еді ғой. Ондайда бүгінгі қазақ деген халық болушы ма еді? Қазақ хандарының елді біріктірген еңбегі мен ерлігі арқасында ата-бабамыз елдігін, жерлігін сақтап қалды.
Тарихты бұрмалап айтудың да жөні бар: жас ұрпақтарымыз қайдан біледі – шыны солай екен дейді ғой. Осындай білгішсымақтар қазақтың тарихын жазатын болса, жетіскен екенбіз!
Қайреден ЖҰМАШЕВ