2014 жылы мемлекеттік органдар 4 мыңнан астам жетім баланы тұрғын үй кезегіне тұрғызбаған, деп хабарлады Қазақстанның Бас прокуратурасы. «Балалардың балалар үйлерінде тәрбиеленуі аяқталған соң, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі неғұрлым өзекті болып қалып отыр. Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, республика бойынша осы санаттағы 14 мыңнан астам бала тұрғын үйге зәру. Тексерістер барысында әртүрлі себептермен 4 мыңнан астам бала тұрғын үй алуға кезекке қойылмаған», – делінген Бас прокуратураның дүйсенбі таратылған ақпараттық парақшасында.
Қадағалау ведомствосының ақпарынша, Ақтөбе облысында 360 мұқтаж баланың 156-сы тұрғын үй алуға кезекке қойылмаған. Осындай фактілер Астанада, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Алматы облыстарында да орын алған.
Хабарда көрсетілгендей, тексеріс қорытындысы бойынша, барлығы 2600-ден астам жетім балалар мен ата-анасының қамқорынсыз қалған балалардың құқықтары қорғалды, 364 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды, 10 адам сотталды. Прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша 16 млн. теңгеден астам сомаға жетімдерге келтірілген шығынның орны толтырылды және ақшалай қаражат төленді.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, елімізде 30 мыңнан астам жетім балалар және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар бар, олардың үштен бірі балалар үйлерінде тәрбиеленуде.
ҚазТАГ