Экономиканың қанын КІМ «ІШІП» ЖАТЫР?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №06 (277) от 12 февраля 2015 г.

 

Қайнайды қаның…

 

Ақша – қаржының, экономиканың қаны болып саналатыны, қаржысыз экономиканың, яғни табыс көзінің өсіп, алға баспайтыны о бастан белгілі жағдай. Өкімет пен Ұлттық банктің ақшаны айналымда қолдан азайтып, шектеуі инфляцияны тежейміз дегені «болымсыз дәмеден» туындайтын әлсіздік боп саналады. Мұндай тәжірибелер бұрындары басқа елдерде сан рет қолданылса да, нәтижесі жоқтың қасында болған.

 

Ал бүгінгі күндері қазақстандық банктердің несиені ұлттық валюта – теңгемен бермейміз деуі, әрі оны долларға теліп, жапсырмалауы, өсімдік пайызды үсті-үстіне көтеріп, ашкөздік «өсімқорлықпен» айналысуы банкнот фабрикасы бар Ұлттық банк менеджерлерінің біліксіздігі мен білімсіздігі дер едік. Өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту үшін қаржы керек. Ал қаржысыз бұл салалардың ешқашан да алға баспайтынын, өркендемейтінін жоғарыда айттық.

Құны түскен Ресей рублінің әсерінен олардың өндірген тауарлары арзандап, бәсекелестігі күшейіп жатса, ал біздің елде кезінде пайда қуған қазақстандық өндірушілер мен алыпсатарлар Ұлттық банкпен бірге ымыраласып, республикада өндірілген тауарлардың бағасын сапасына қарамай, ешбір негізсіз шарықтатып өсіріп жіберген болатын.

Еліміздің экономикасында бағаның еркінсуіне тоқтам салуға тиісті антимонополиялық мемлекеттік мекемелердің біліксіз, келісімпаздығынан көптеген тауарлар мен коммуналдық қызмет түрлерінің, мұнай өнімдерінің бағасын өсіруге негіз болған өзіндік құн калькуляциясы жете түрде зерттеліп, тексерілмей, экономикада анархиялық жағдайлар белең алып, баға тым аспандап кетіп еді…

Қазақстанның еш нәрсеге де жауап та бермейтін, әрі жедел шешімдер қабылдауға құқықтары да, икемділіктері де жоқ, жиі-жиі ауысатын, сабақтастық дегендері атымен жоқ кезекші өкіметтерінің принцип-сіздіктері мен барды ұқсата білмейтін біліксіздіктерінің арқасында теңге құны соңғы 22 жылда (айналымға шыққан 15 қараша 1993 жылдан бастап) 1100 есеге құнсызданды. Енді экономикалық (ЕврАзЭС) одаққа кірген, шекарасындағы кедені жойылған, аңғал-саңғал Қазақстанның экономикалық нарығына ағылған Ресейдің сапалы, арзан тауарларына қарсы Қазақстан тауарлары бәсекелестікке төзе алмай, қауқарсыз болып, өндірістердің табыс көздері төмендеп, тауар өнімдерінің қоймаға жұмыс істеуі басталды. Ал нарықтық қатынасқа толығымен көшіп, керемет алға кеттік деп, айды аспанға шығарып жүрген Қазақстан өкіметіндегілер тауар бағасын арзандату жолдарын іздеп, яғни тауарларының өзіндік құнын төмендетіп, бәсекелестік пен белсенділігін арттырып, тығырықтан шығудың орнына ашкөздік танытып, бұрынғы түрлі әрекеттерімен жеңіп алған қымбат бағалардан, яғни биік позицияларынан айырылғылары келмей, Ұлттық банктен теңгені тағы да кезекті құнсыздандыруға шақыруда. Бұдан артық кещелік бар ма? Бұл байғұстар Қазақстанға енді ғана нарықтық қатынастардың келіп жеткендерімен істері жоқ. «Нарықтық қатынас» дегеніңнің өзі – шығарған, немесе басқа жақтан әкелген тауарларыңды өткізудегі бәсекелестік екенін бұл мырзалар қашан түсінеді?!

Егерде Ұлттық банк теңгені тағы да осылай қолдан құнсыздандырып, бағаның өсуін ауыздықтамай, еркіндік бере берсе, елде жаппай жабайы қымбатшылық белең алып, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайлары одан ары нашарлап, инфляция әсерінен пайда болған тұрмыс тауқыметтері есеңгіретіп, бұл өз кезегінде бүкіл ел бойынша стихиялық «алаң демократиясын» туындатады. Ал, керісінше, олигархтар мен шетелдік қожайындарға теңгенің мүлдем құлдырап, арзандап кеткені өте пайдалы. Олар байыған үстіне байи түседі. Себебі Қазақстан экономикасының жаңа егелері шетелдіктер мен олигархтар дайын, өзіндік құны арзан шикізатты экспортқа шығарып, валютаға сатады да, қымбаттаған аз мөлшердегі валютаға құнсызданып, жеңілдеп кеткен арзан теңгені молынан сатып алып, мемлекеттік салық пен жалақыны да теңгемен төлеп құтыла салады. Міне, осындай кереғарлықтардың алдын алу нағыз өзекті де, көкейтесті іс-шаралар болып табылады, мырзалар!

Ілесбек БАЙЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн