«Общественная позиция»
(проект «DAT» №10 (281) от 12 марта 2015 г.
Ойдан-қырдан
Жауабы кімнен?
Жуырда танымал әнші Жанар Дұғалова ел президентімен «Көктем шуағы» атты кездесу аясында өзін халықаралық сайыстарда елбасының тілегі шабыттандыратынын айтты.
Сонымен бірге Жанар: «Сізбен кездесу көпшілік үшін арман, ал мен өмірімде екінші рет жүздесіп отырғаныма мақтанамын. Осыдан 16 жыл бұрын Эстониядан халықаралық сайыста бас жүлде алып келгенде, сізбен кездесу бақыты бұйырған. Ол кезде 12 жастағы жеткіншекпін. Мені жеңісіммен құттықтап, әрі қарай да елімізге қызмет етуді тіледіңіз. Сол бір ауыз сөзіңізді әрі ақыл, әрі тілек, әрі бата ретінде қабылдадым. Сондықтан болар, халықаралық сайыстарда бақ сынаған сайын, мені сол тілегіңіз шабыттандырады», – деген еді.
Шамасы, осыны Жанардың өзі айтайын деп, айтпаған болар: «де» дегендер дегізген шығар. Әйтпесе өнер атаулы бір адамға емес, қалың халыққа қызмет қылатын құдірет екенін ескерсек, танымы тәуір талантты қыздың жағына сөйлеуге құмар болуы мүмкін емес.
Кім білсін, әлде осы біздің өнер адамдары түгел жағымпаздықтың жартыкеш күлшесіне дәндеп кетті ме екен?.. Өзіне қол соғатын мың-мың халқына арнаған өнері бір адамның ғана шапағатынан шабыт алуы мүмкін бе? Қисынға келмейтін қызық жәйт: ондай шабыт шабан болады…