АЛТЫНБЕК – Алашы арда тұтқан АЗАМАТ ЕДІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №6 (370) от 16 февраля 2017 г.

 

Ақпандағы азалы күн

 


 

 

 

Саяси тапсырыспен қанды қол қарақшылардың қолынан мерт болған Алтынбек Сәрсенбайұлы өмiрден өткен 11 ақпан – Алашқа азалы күн. Бұл күн болашақта қазақтың күнтізбесіне осылай енеді.

 

Биыл да жылдағы дәстүрмен ақпанның 11-інде қастандықтан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алған жұрт Кеңсай қорымына барып, құран бағыштап, арда азаматты еске алды. Алтынбекті еске алу жиыны Алматыдағы «Астана» қонақүйінде өтті.

Оған қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер мен құқық қорғаушылар және қарапайым халық өкілдері жиналды. Авторитарлық басқару жүйесiне қасқайып қарсы тұрған, барлық оңды күштердi қоғамды демократияландыру күресiне жұмылдыра алған Алтыкеңнiң сөзi мен iсiне деген зәрулiк күн сайын сезiлетіні де анық. Сондықтан болар, дөңгелек үстел басына жиналған қауым қоғамды алаңдатқан басты мәселелерге де тоқталды.

Жиынды жүргізіп отырған Төлеген Жүкеев: «Қазақ тіліндегі баяндаманың бірін Жанболат Мамай жасауы керек болған, бірақ ол нақақ қамалып, баяндама жасай алмайтын болды» деп, абақтыға қамалған тәуелсіз журналист Жанболат Мамайдың мәлімдемесін оқып беріп, сөзін былай деп жалғастырды:

«11 ақпан – қазақ тарихындағы қаралы күн. Осыдан 11 жыл бұрын Алтынбек арамыздан кеттi. Бiрақ есiмiзден кетпейдi, ұмытылмайды. Ол биiк интеллектуал, мықты саясаткер едi. Оның елiмiздегi саяси жағдайларға байланысты айтқаны, жазғаны күнi бүгiн де маңызды. Ақылды, батыл адамдар бiзге дейiн де өмiр сүрген: халқының бостандығы мен құқықтары, елiнiң саяси, экономикалық тәуелсiздiгi үшiн күресте мыңдаған адамдар құрбан болған. Менiңше, қазiр бiзге ынтымақты, бiрлiктi болу өте маңызды. Сонымен қатар қалың көпшiлiктiң саяси сауаттылығын көтеру және жұртқа тек шындықты жеткiзу де – азаматтық борышымыз», – деді Төлеген Жүкеев.

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов он бір жыл бойы ашылмаған саяси қылмысқа өзінің бағасын берді:

«Алтынбекті оқу керек, одан үйрену керек. Алтынбек жәй ұстаз емес, ол – халықтың, зиялы қауымның ұстазы. Мен жақында ғана Алтыкеңнің «Үштаған» мақаласын қайтадан оқып шықтым. Алтынбек осы мақаласын 15 жыл бұрын жазса да, біздің билікке дәл болжам жасаған. Сол «Үштағанда» айтылған озбыр биліктің тамыры әлі сол қалпында қиылмай тұр, бетінен қайтатын райы жоқ. Алтынбек билікке қарсы шыққан жоқ, оның көздеген мақсаты – президентті райынан қайтару еді, онысын ашық айтты. 2001 жылы құрылған «Демократиялық таңдау» қозғалысының жетекшілері Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әбілязов, тағы басқалары әділетсіздікке шыдамай, бас көтерді. Сол «Демтаңдауды» қолдаған жігіттер өз ұсыныстарын президентке жазбаша да, ауызша да жеткізді. Соның біріншісі – президентті отбасының шырмауынан бөліп алу, екіншісі – президентті айналасындағы олигархтардан бөліп алып кету мақсаттары болған еді. Содан кейін әділ сайлау өткізу, әкімдер мен соттарды сайлау жөнінде ұсыныстар жасады.

Азаматтардың көңілдері ақ еді, өйткені жоғарғы қызмет істеген, кеше ғана министр болған, президентті жаман атқа қимады. Керісінше, президентті құтқарамыз деп ойлайды. Президент «мақұл-мақұл, бәрін реттейміз» деп уәдесін беріп, оларды шығарып салды. Әсіресе сол кездегі президент отбасының мүшесі Рахат Алиев бәрін бүлдіріп жатқаны да ашық айтылды. Президент бәрін жасаймыз деп алып, ешқандай шара қолданбады. Есесіне бір жұма өткен соң, алдына барған жігіттерді қызметтерінен жаппай сыпырып алып тастады. Екі жұма өтпей жатып, оларға қарсы қылмыстық іс қозғады. Жақиянов пен Әбілязовті бас бостандығынан айырып, абақтыға қамады.

Алтынбек Мәскеудегі елшіліктегі қызметінен қайтып, Алматыға келгеннен кейін, арада 10 күн өткен соң, жазушылар мен журналистері бар – 20 шақты адамның басын қосып, кездесу өткізді. Шәй ішіп отырып әңгімелестік. Сондағы Алтынбектің айтқаны: «Менің мына қазіргі бетбұрыс жағдайында қызметті, билікті тастап, халық жағына өтуімді біреу түсінсе, біреу түсінбей жүр. Көбінің көңілінде күдік бар, соны сіздер арқылы жеткізсем деп едім», – деп сөзін бастаған еді. Алтынбектің мықтылығы, сөзінің шынайылығы сондай, сол жерде отырған бәрімізді иландырды.

Біздің билік ақылға да, кеңеске тоқтамайтын болды ғой. Менің 1992 жылғы жазған мақалам бар. Сонда президенттің төңірегіне топталу керек деген мақсат бар еді менде. Ол кезең – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, тәуелсіздіктің буы басылмаған. Егер біздің президент Қазақстан атты кемені жартасқа соқпай, тәуелсіздіктің жағалауына аман-есен алып шықса, Нұрсұлтан салған «Нұрлы жол» деп айтуға болады деген сөздің авторы да мен. Сол сөзімді «Қасым салған – қасқа жол, Есім салған – ескі жолмен» теңестіріп айтып едім. Содан бері ширек ғасыр өтті, бірақ сол жағалауға әлі жеткен жоқпыз, «Қазақстан» атты кеме әлі жолда кетіп бара жатыр. Қазір ойлап қарасам, сол кеменің штурвалында басқа адамдар отырған секілді. Көпті көрген менің өзім алданып қалдым, ал жастар – Жақияновтар, Әбілязовтар, Алтынбектер осындай қайшылыққа бармай, бір ортақ мәмілеге келеміз деп еді, бірақ оған мүмкін болмады. Ал қазіргі жағдайымыз, бүгін айтылып отырғандай, сөз бостандығы, адам құқықтары, аяққа басылумен әлі келе жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары бірінен соң бірі жабылып жатыр. Бұрын қуғын мен қысым тек журналистика саласында ғана еді, енді, міне, бұл жағдай біздің жазушыларға да келді. Бізге әртүрлі экономикалық тәсілдермен қысым көрсетіп, степендиядан қиып тастап жатыр. Менің өзім, міне, 7 жыл болды, стипендия алмаймын.

Осыдан екі жыл бұрын сұмдық жағдай болды: «Әріп пен Сара» деген 400 беттік үлкен томдық кітабым шықты. Сол кітапты елге апарып тарататын болдық. Үржар ауданы әкімшілігі мен мәслихатының өкілдері 150 кітапты көліктеріне тиеп алып кеткен. Кітабымды апарған, мектептерге, ауыл-ауылдарға таратқан. Содан кейін не болды дейсіз ғой? Сол ауданның «КНБ»-сы таратқан кітапты тізім бойынша қайта жинап алып, елдің ішінде үрей тудырып, кітаптарды өртеген! Егемен елімізде кітабы өртенген алғашқы жазушы – мен болдым! Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреатының кітаптары солай өртенді. Ол марапаттың бәрін Назарбаевтың өз қолынан алғанмын, ешқайсысын сатып алғам жоқ!

Біреулер «жоғары жақтың нұсқауы» дейді. «Кім ол? Сол «жоғарғы жақты» тауып беріңдер, маған!» – дедім.

Қазір әсіресе шекара аудандарында Кәрім Мәсімовтің мекемесі (Ұлттық қауіпсіздік комитеті – Ред.) күшейіп кетіпті. Бүгін осы жерде адам құқығын қорғау, сөз бостандығы деген мәселелер көтеріліп жатқан соң, осы мәселенің бәрін әдейі айтып отырмын. Журналистерге ғана емес, біздің жазушыларға да тықыр таяңды. Енді біреулер айтады: оларды сотқа беру керек деп. Қайдағы сот? Қай сот? Сол ауданның соты ма? Соттан ештеңе шықпайтыны бәрімізге мәлім. Біздегі жағдай осындай болып тұр!

Бүгін қара халық наразы, жігіттер күресіп жатыр. Оларды шетінен террорист-экстремист деп қамап жатыр. Менің ойымша, қазақ ұлтынан шыққан террорист те, экстремист те жоқ. Бүгінгі террорист пен экстремистердің қазақша атауын айтайын, ол – ашынған адамдар! Бүгінгі биліктің жасап отырған әрекеттеріне қарсы, наразы адамдар. Біз соларға «террорист» деп ат қоямыз, халықаралық терминмен сөйлейтін болыппыз.

Жерді сатуға қарсы наразылық білдірген Макс пен Талғатты 5 жылға соттады ғой. Оларды да экстремистердің тізіміне кіргізіп қойыпты. Олар болса, жерді сатуға болмайды деген бәріміз айтып жүрген мәселені көтерді. Осындай жағдайда күн кешіп отырмыз», – деді халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов.

Сөз соңында Қабең жиналғандарға ортақ сауал тастады: «Өстіп айтып-айтып қоямыз ба? Жоқ әлде билікті тоқтатудың басқа амалы бар ма? Қалай күресеміз? Күрестің тәсілі қандай болады?

Биліктің жанын сақтап тұрған – қазақ даласының кеңдігі. Бір қала мен екінші қаланың арасы – мың, екі мың шақырым, бір-бірімізде не болып жатқанын білмейміз. Ана жақта қырып жатыр ма, мына жақта қамап жатыр ма, кейін естиміз. Бір-бірімізбен байланыс жоқ. Жалпы өкімет, мемлекет халықтікі болуы керек! Біреудің жеке меншік мемлекеті жоқ бұл жерде! Сондықтан қарап отыра бермей, осы күрес тәсілін ақылға салу керек!».

Жазушы Зейнеп Ахметова да еске алу жиынында ашына сөйледі. «Алтынбектей арыстың мерт болғанын естiгенде, егiлiп отырып жоқтау мақаламды жазған едiм. Жыл сайын осы күнде сол жоқтауымды жанарыма жас кептелiп отырып оқимын.

Бiр күнi маған «Дiн iстерi министрлiгiнен едiк» деп бiр жiгiт телефон соқты. «Зейнеп апа, сiздi халық таниды, сондықтан сiздiң атыңыздан газетке бiр-екi мақала жарияласақ», – дедi. «Айналайын, мен ақ пен қараны ажырата алатын көзi ашық адаммын. Мақаланы өзiм де жазамын, сендердiң көмектерiңсiз-ақ», – десем қоймайды. Содан соң электронды поштаға менiң атымнан жариялануы тиiс мақаласын жiбердi. Сөйтсем, дiннiң бiр тармағын ұстанатындарды қаралаған мақала екен. Сол қаралаған мақаланың авторы «Зейнеп Ахметова» болса, халық жапа-тармағай оқиды екен. «Егер де осы мақала менiң атымнан жарияланса, сотқа беремiн. Атамыз бiзге «Өлiп кетсең де ақиқатты, шындықты көзiме тура қарап айт деген өсиет қалдырған!» – деп әлгiнi қайтарып тастадым.

Алтынбектiң елiне, халқына азаматтық iстерiмен сеуiп кеткен жарығы, сәулесi ешқашан көмескiленбейдi. Алтынбектiң артында iздеушiсi, сұраушысы, елi-жұрты бар.

Тәуелсiздiк алғанымызға 25 жыл болды дейдi. Кiм – кiмнен тәуелсiз? Халық – билiктен бе, билiк – халықтан ба? Қазақта «Соқырдың қолына түспе, кереңнiң астына түспе, мылқаудан ақыл сұрама» дейдi. Бiз қазiр дәл сондай қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Айтатын ауыз бар, еститiн құлақ жоқ. Жуас атты шабынан түрткiлей берсең, ақырында тебедi. Мен де халықтың дәл қазiргi жағдайына қарап, бiр күнi дүрк көтерiлiп тебе ме деп ойлаймын», – деді елге қадірлі Зейнеп апа.

 

Еске алу жиынының соңы марқұмға ас берумен жалғасты. Алтынбек Сәрсенбайұлының көзі тірісіндегі видео-мәлімдемелерін көрген қауым саясаткердің еңбегін еске алып, естеліктерін айтып тарасты.

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн