ҚАРАҒАНДЫНЫ СУ ШАЙҒАНДА, Назарбаев Алматыда не іздеп жүрді?

Бәсе десеңші!

 

Сәуір айын орталай бастаған Алматы аяқ асты екі-үш күн әбігерге түсті: қаланың қақ ортасын жарып, қарақшы келе жатқандай, әскер атаулы көшеге шықты; әкімшілік етек-жеңін біржола жиып алды; безбүйрек бетондардың өзі судай жаңарып, сүліктей тықыршып жатты.

Әйтеуір қонағын құдайдай сыйлайтын қазақтың қашанғы бір қалпынан артып, Алматы әкімдігі әлдекімді күтті делік. Соңына таман, қала әкімі Ахметжанның аузымен талай рет ежіктелген алып шаһар метросының келесі екі бекеті қосылыпты дегенде барып: «Е-е, елдің басы келіпті ғой!» – деп түйдік.

Оның үстіне мына жұрт Малайзиядан жол алған құдалардың тап осы күндерде келетінін айтып жүрген. Бұл өзі тіпті анау-мынау, бәкін-шүкін, бейдақпырттау өтетін той емес-ті. Ашып айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің өгей баласы Данияр Кесікбаев пен Малайзия премьер-министрінің қызы Нуриана Наджваның Алматыда шаңырақ көтеру салтанаты-тұғын.

Демек, бұл жолғы келіс бұрынғы келістен көп өзгеше! Астанадан арқаланып, Даниярдың «алып атасы» келсе, Малайзиядан маң-маң басып премьер-министр келген. Келгенде де кейбіреуше сөзінің соңын күлбілтелеп, келіссөздің ретімен емес, құданың құдіретімен – қыз берген құдалықтың жөн-жосығымен келіп отырмай ма?! Ал енді Ахметжан тарапы – қала әкімшілігінің табаны күймей көрсін!

Бірақ кейін тараған дақпыртқа ден қойсақ, ол тойға Нұр-ағаң ноқта басын бұрмай кетіпті. Біреулер: «Мұршасы бар ма, сайлау деп сансырап жүр ғой?!» – деді. Енді біреулер: «Өгейдің аты – өгей ғой…» – деді. Тағы біреулер: «Інісі бармаған тойдан ол не іздейді?» – деп, бейкүнә Даниярдың анасы «тастанды» екенін еске салды…

Бұл арада мен өзім бастан кешкен тағы бір жайды айтып көрейін: дәп-дәл 18 сәуір. Қаланың ең көрікті, әрі ең қымбат көшесі Әл-Фараби даңғылымен жаяу тартып келе жатқанмын. Бір сәтте сарнап жатқан сан-санақсыз көлік дауысы сап тыйылды. Жалт қарадым. Бір сақшы айғай салды. Айғай емес-ау, «баж» ете қалды. Тап бір мен соның аяғын басып кеткендей. Бетіне қарадым: «Тез анда кір. Тез!» – деп шыр-шыр етеді. Нұсқаған жағына қарасам, ҚазҰУ-дің артқы қақпасы екен. Біраз адамдар ұйлығып тұр.

«Ым» дедім де, ішіне қойып кеттім. Күбір-сыбыр: «Өз елінен, өз жұртынан неге осынша қорқады екен?», «Тып-тыныш келіп кетсе, болмай ма екен?!»…

Сәлден соң жұлдыздай ағып, сүліктей қара «крутой» көліктер жүйткіді-ай келіп. Дәл сонда «тап ана көліктің бірінде бізден қорыққан бір адам кетіп бара жатыр-ау» деп ойлаппын. Қорыққанға қос көрінетінін қайдам, «бұл кісіге не жетті екен?» деп қоямын ішімнен…

«Қарағандыдағы су апаты…» деген екеудің әңгімесінен селк етіп, есімді жидым. Дел-сал көше автобусында тұр екенмін. Сосын тағы: «Кімнен қайыр күтесің, Қарағанды?» деп, күрсініп алдым…

Әлкей ӘБДІҒАПАРОВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн