Ардақ ӘШІМОВА: БИЛІК БЕТІНЕН ҚАЙТПАСА, ертеңгі елімізде тыныштық боларына ЕШҚАНДАЙ КЕПІЛДІК ЖОҚ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №6 (370) от 16 февраля 2017 г.

Блогер

 


 

Әлеуметтік желілердің қазақстандық контентінде ҚР Конституциясына ұсынылған өзгерістерге қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе желі қолданушылардың 26-бап төңірегіндегі белсенділігі ерекше. Мұндағы тоқетер тұжырым – жеке меншікке иелік етуге құқы бар «Қазақстан азаматын» «әркімге» алмастыруды көздеген бапқа ұсынылған өзгеріс Конституцияға енгізілмеу керек; егер өзгеріс ене қалған жағдайда елде саяси-әлеуметтік теңселіс тууы мүмкін.

Әлеуметтік желіге бақылау (мониторинг) жасайтын мемлекеттік ішкі саясат институттары мен арнайы қызмет органдары халықтың қарсылық талабын тиісті билік орындарына қаз-қалпында жеткізеді деген ойдамыз. Ал біз бүгін қоғам мен әлеуметтік желінің белсендісі, шымкенттік блогер-жазбагер Ардақ Әшімованың сұхбатын оқырмандар назарына ұсынамыз.

 

– Конституцияға өзгеріс енгізудің жобасы жария болғаннан кейін-ақ, сіз меншік құқына қатысты ұлт мүддесін қорғау жөнінде республикалық жиын өткізу туралы бастама көтерген едіңіз. Сіздің желідегі сол ұсыныңызды қолдаушылар өте көп болған-ды. Қазір сол бастаманың жүзеге асу беталысы қалай болып жатыр?

– Иә, менің 26-бапқа байланысты бастамамды желідегі ҚР азаматтары жаппай қолдағаны рас, тіпті қазірдің өзінде қолдаушы пікірлерге толас жоқ. Қолдаушыларды электронды және жазба түрде тізімдеу жүріп жатыр. Біз бұл тізімнің ұзын-ырғасын тиісті талаппен бірге Ақорданың Жұмыс комиссиясына тапсыратын боламыз.

Бір өкініштісі – Конституциямызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын талқылауға бір ай ғана уақыт берілді. Мұндай өте маңызды құжатты талқылауға берілген мерзім – өте аз. Керек десеңіз, осы өзгерістер енгізу туралы жобадан халықтың басым бөлігі хабарсыз. Мемлекеттің тағдырын шешетін осындай өте маңызды жобаға еуропалық елдердегі сияқты кемінде екі жыл уақыт берілуі керек еді. Ал бізде барлығы керісінше, билік ұрлық жасаған қылмыскердің сиқымен, лажы болса, ешкім біліп қоймасын дегендей, барлығын тез-тез бітіре салуға асығуда. Сонда біздің билік 17 миллион халықтың болашақ тағдырын бір-ақ айда шеше салмақшы ма? Бұл өте дұрыс емес асығыстық.

– Таяуда Шымкентте бір мейрамханада өткен қоғамшылдар жиыны сол бастаманы қолдаудың бір көрінісі болған сияқты. Сол жиынның егжей-тегжейі қалай болды? Жұртшылық 26-бап төңірегінде не деп жатыр?

– Шымкенттік халық белсенділері Конституциямызға енгізілмекші болған өзгертулер мен толықтыруларды кеңінен талқылау үшін бірнеше рет жиын өткізді. Әсіресе 26-бапқа ерекше тоқталып, осы баптың өзгеруіне түбегейлі қарсы екендіктерін білдірді. Сондай-ақ осы басқасуда алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жұмыс жоспары талқыланып және жергілікті әкімшілік пен билікке хат жолдау керек екендігі айтылды. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Сіз қалай ойлайсыз: егер осы 26-бап билік ұсынған үлгіде қабылданып кетер болса, елде өткен жылғы көктем мен жазғы митингілік толқулар қайтадан орын алуы мүмкін бе?

– Әлбетте! Егер бұл бап билік ұсынған үлгіде қабылданып кетер болса, онда былтырғы толқулар әншейін баланың ойыны сияқты болып қалады. Ол кезде толқудың орнына төңкеріс орын алуы мүмкін. Биліктегілер дәл қазіргі уақытта әбден ашынған халықтың ашу-ызасына тиіп, қоғамды арандатпағаны дұрыс.

– Айтпақшы, Ардақ, өткен жылы сіз әлеуметтік желідегі азаматтық белсенділігіңіз үшін қудалауға тап болып, жұмыссыз қалғаныңызды жазған едіңіз. Сол қыспақтың соңы не болды?

– Жалғасып жатыр… Маған полиция қызметкерлері өткен жылдың 15–16 желтоқсан күндері үйден шықпауымды талап етіп, еркін жүріп-тұру жөніндегі азаматтық құқығымды бұзды. Сондай-ақ биліктің айдауымен әлдекімдер желіде билік туралы жазуымды тоқтатуымды ескертуде…

– Жалпы, сізді қоғамда белсенді болуға итермелейтін қандай күш?

– Менде ешқашан қоғамда белсенділік таныту туралы ой болмаған. Бірақ мына өмір сүріп отырған қоғамымыздың құлдырауы мен түрлі әділетсіздіктердің, жемқорлықтың орын алуы мені қатты ашындырып, ішкі наразылықтарымды тудырды. Сондай-ақ жыл сайын болатын теңгенің құнсыздануы, тоқтаусыз өршіген инфляциялар, әр тоқсан сайын өсе беретін тарифтер құны мен азық-түліктің, күнделікті халық тұтынатын тауарлардың удай бағалары әбден шаршатты. Міне, осының барлығы жиылып келіп, мені еріксіз қоғам белсендісіне айналдырды.

– Сіз сонымен бірге желіде көбінесе дінге қатысты, оның ішінде салафизм де бар – тұщымды ойлар жазасыз. Сонда сіз қазақ қоғамына қандай қатер төніп тұр деп ойлайсыз?

– Оған себеп – өзімнің айналамдағы талай дос-жарандарым мен таныстарымның салафизм әлеміне еніп кетіп, әсіре діншіл болып, араб әлеміне жұтылып кету қаупі алаңдатады. Тіпті кейбіреулерінің жоғары білімдері мен тәп-тәуір тұрмыстары, отбасылары бар болса да, қараңғылық жетегінде кетіп барады. Олар қалай дінге бет бұрды – отбасынан оқшауланып, тіпті кейбіреулері өзінің туған ата-анасын, туыстарын кәпірлер санатына жатқызған радикалды қатігезге айналып барады. Олардың талайын көріп жүрмін.

Мүмкін, олардың Құдайға бет бұрғандары да жақсы шығар?! Бірақ олар Құдайға емес, арабтардың теріс ағымындағы дінге бет бұрып, өзін қазақ емес сезінуі – еліміз бен ұлтымыз үшін үлкен апат. Мен өз жазбаларымда Аллаға бет бұрған мұсылман жамағаты барлық жан-тәнімен араб әлеміне жұтылып кетпесе екен деген қатерден құтқаруды мақсат тұттым. Ең бірінші орында адамның өз ұлты тұруы керек. Керісінше емес.

– Айтпақшы, сіз діни әдебиетті, ислам философиясын арнайы оқыған адамға ұқсайсыз…

– Айтарлықтай арнайы дайындығым жоқ. Бірақ бала кезімнен үйдегі Құран- кітапқа, шариғат төңірегіндегі әдебиеттерге көп үңілетін едім. Сонда мен шариғатқа жасалатын кейбір қисынға келмейтін түсініктемелер мен қарама-қайшылықтарды көп аңғардым. Сосын қанағаттанбаған соң, көбіне әкеме сұрақтар жаудыратын едім. Менің қойған сұрақтарымның көбіне әкем қорқып қарайтын. Себебі әкем «Құранның аты – Құран және ол Құдайдың сөзі, ол ешқандай талқылауға жатпайды» деп айтатын. Бірақ менің ішкі түйсігім әкемнің айтқаны мен сол кітаптың ішіндегі кейбір уәжбен еш келісе алмайтын. Содан кейін менде ізденушілік пайда болды, көптеген діни кітаптарды ақтаруыма және басқа діндермен танысуыма тура келді. Ең соңында мені ішкі түйсік бағдарымның алдамағанына толық көзім жетті.

Қысқаша айтқанда, пердені алдандыратын құпияның бір шетін көріп қойған сияқтымын. Діннен іздеген ізгілікті өзімнің ішкі жан дүниемнен табатын болдым. Кей кездерде ішкі дүнием арқылы ғарыш кеңістігіне кіріп кететін құбылыстарға тап болдым. Соның арқасында адам мен ғарыш арасындағы тепе-теңдік заңдылықтары туралы бірнеше жазбаларым дүниеге келді. Енді оны ғылыми еңбек деп атасам да болады. Бірақ ол еңбекті мына заманның түрлі қиындықтарына байланысты ресми түрде қорғауға зауқым жоқ.

– Бүгінде әлеуметтік желілердің қазақстандық контенті билікке қарсы қозғалыс тудыратындай дәрменге жетті деп ойлайсыз ба?

– Сөз жоқ, мынау 26-бапқа өзгеріс енгізу жобасы ондай дәрменге өзінен-өзі түрткі болуда. Сондай-ақ осыған қосымша – халықтың қазіргі әлеуметтік жағдайының өте ауырлығы «Фейсбуктың» ғана емес, бүкіл қоғамның зығырданын өршіте түсуде.

Қазақстан азаматтары 26-бапты биліктің мүддесіне сай өзгертуге жол бермеуіміз керек. Егер билік алған бетінен қайтпайтын болса, онда ертеңгі елімізде тыныштық боларына ешқандай кепілдік жоқ. Инвестициялық әлеует үшін қазаққа қасиетті түсініктерді елге келген «әркіммен» алмастыруға әсте болмайды. Көшпенділік менталитеті қанында қалған қазақ «жеке меншік» дегенде, бірінші кезекте жерді атайды. Қазақ үшін жер – оның Ата мекені, жайлауы, күзеуі, қыстауы, ауылы. Сондықтан 26-бапты өзгертудің ащы зардабы қазақ қоғамын өте қайғылы әлеуметтік теңселістерге тап қылуы мүмкін. Демек, осындай қатерді биліктегілер өз қолдарымен жасамақшы ма?

Сондай-ақ, егер президентіміз Ата заңның 26-бабындағы «Қазақстан Республикасы азаматы» дегенге қарсы қол қойса, онда ол ҚР азаматтарын басқарудан өз еркімен бас тартты деп қабылдау қажет!

Тағы бір айта кететін жағдай бар. Кейбір адамдар қазіргі ескі билік кеткеннен соң, жаңадан сайланған президент сатылып кеткен мүлік пен жерді мемлекетке кері қайтарып алады деген адаспа пікірлер айтып жүр. Жоқ, осындай жаңсақ пікірдің өзі үлкен қауіп. Конституцияға еніп кеткен 26-бапты кері қайтару тіпті мүмкін болмайды. Мемлекеттің міндеттерін қабылдайтын немесе мойындайтын халықаралық конвенциялар мен пактілер ондай «кері қайтаруға» мүмкіндік бермейді. Өйткені осы баптың көмегімен қазақтың меншігіне ие болған шетелдік азаматтар немесе «әркімдер» халықаралық заңдарға жүгінеді. Сондықтан ондай алдамшы ойдан аулақ болған дұрыс.

– Азаматтық ой-пікіріңізге рахмет! Ел мүддесіне араша түскен шымкенттік ағайындарға біздің газеттің атынан дұғай сәлем дерсіз!

 

Сырым ДАТОВ

 

 

Меккеге қажылыққа барып келген бір апайымыз сол Меккедегі қара тасты қорғаштауда. «Қара тас – пұтқа табынушылық емес пе?» немесе «Миллиондаған адам сүйген тас микробтардың ошағы емес пе?» деп сұраған адамдардан ол кісі ислам дінінің жауларын жасауда.

Былайша қарағанда, ол кісі өте білімді де, сауатты адам. Керек десеңіз, оның бойындағы тамаша қасиеттері ол кісіні еріксіз сыйлауға өзінен-өзі сұранып тұрады.

Айтпағым – осындай кісілер сол Меккедегі қара тасты қатты қорғыштағандай, қазіргі елімізге қауіп-қатер төндіріп тұрған 26-бап туралы айтып, жерімізді неге қорғамайды екен деген ойға келесің. Меккедегі қара тасты қорғайтын өз мемлекеті мен араб деген ұлты бар. Қорғаса – солар қорғасын өз жеріндегі қара тастарын. Оның үстіне Аллаh деген құдайлары мен ислам діні және бар…

Қажылар, сіздер Меккедегі қара тас пен дінді қорғағандай, өзіміздің қасиетті жерімізді 26-баптағы кез келген «әркімдерден» неге қызғыштай қорғамайсыздар?! Біздің жеріміз бен мемлекетіміздің тұтастығы Меккедегі жансыз қара тасты қорғағандай болмағаны ма?!

 

• Ардақ Әшімованың ФБ-парақшасынан

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн