АСТАНА КӨШЕЛЕРІ ала-құла атаудан ҚАШАН АРЫЛАДЫ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №07 (278) от 19 февраля 2015 г.

 

Құлаққағыс

 

Сарыарқаның төріне жайғасқалы 17 жыл болған бас қаламыз – Астанаға қатысты айтар болсақ, «елу жылда – ел жаңа» деген мәтелдің мәнісі болмай қалады. Себебі ол қала 10-15 жылдың ішінде өзгеріп сала берді. Әрине, оның гүлденуі халық қазынасынан есепсіз төгіліп жатқан қыруар қаржының арқасы.

 

Дегенмен, қалай болғанда да, біздің айтпағымыз – осы Астана қазақ халқының бас қаласына ұқсай ма деген мәселе. Астанадағы темір-терсектен құрастырылған мұнараға арнап, «Бәйтерек» балладасын жазған Несіпбек Айтұлының бір өлеңінде:

«Астана – ескерткіштің ең ұлысы,

Ұлт үшін құрбандардың барлығына…» –

деген жолдар бар еді. «Бәйтеректің» арқасында Мемлекеттік сыйлық алса да, Несіпбек ақынның осы жолдарында Астананың «қожайынына» ой салатын астар бар. Иә, ұлты үшін жанын да, барын да аямаған, Астана орналасқан Арқаның жерін Алтай-Атырау арасымен қорғап қалған, оның мәртебесін асқақтатқан сол «құрбандардың барлығын» қаланың «иесі мен киесі» елеп жатыр ма? Қайғы мен қасіреттен көз ашпаған қазағы үшін қолдан келгенін жасап кеткен ұлт тұлғаларын Астана ұмытпаса екен дейсің…

Бұл ой қайдан шықты? Бас қаланың кейбір көшелеріне қарасаң, еріксіз осындай ойға қаласың. Мәселен, Сығанақ, Сауран, Керей мен Жәнібек көшелерімен келе жатып, бір сәтке болса да өткен тарихты танисың. Кенесары, Қабанбай батыр даңғылында ерліктің, батырлықтың рухын сезінсең, Рахымжан Қошқарбаев, Қайрат Рысқұлбеков атындағы көше бойында еленген ерлік жайлы ойлай бастайсың…

Ал кенет алдыңнан Вишневский, Игишев, Карбышев немесе Романтиктер көшесі шыға қалса, «бұлар кім еді, елге не беріп еді?» деп ойланып қалуың әбден мүмкін. Ия, өкінішке орай, қазаққа алты аласы, бес бересі жоқ осындай «тұлғалардың» да есімдері Астана көшелеріне ие болыпты.

Күн санап көркейіп, құлашын кеңге жайып келе жатқан астанамызда бүгінде мыңға жуық көше, ондаған кең даңғыл бар. Соларды түгендеп қарайтын болсақ, олардың 18-і Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, 9-ы қазақ халқының тәуелсіздігін сақтауға үлес қосқан жаужүрек батырларға, 14-і азаттық үшін күрескен тұлғаларға, 9-ы Айша бибі, Домалақ ана сынды аналарымызға, 400-ге жуығы тарихи маңызы бар жер-су атауларына, 200-і «Адырна», «Айгөлек» сынды дәстүрлі атауларға берілген. Сондай-ақ тарихи кезеңге байланысты 60-қа жуық, әдеби кейіпкерлердің атауымен – 20, әлемдік тұлғаларға, Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар өзге ұлт өкілдеріне арналған 40-қа жуық көше бар.

Қаладағы құрылыс қарқынына қарап, бұл көше атауларының әлі де арта түсетінін аңғаруға болады. Алайда осы атауға келгенде, өзіміздікін қойып, өзгенікін ұлықтауға көшкен сияқтымыз. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізіп, ұлан-байтақ жерге иелік еткізген ұлт тұлғалары, батырлар мен ұлы даланың аңызын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ақындарымыз таусылған ба? Әлде өткен күннің зердесі санамыздан өше бастаған ба?

Алаш еліне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын есімдер елорда көшелерінен әлі күнге өз еншісін алып тұрғаны қынжылтады. Мәселен, Целинный ауданындағы, қаланың шет аймағы болып саналатын Көктал өңіріндегі Герцен, Бартольд, Юрий Малахов, Павел Шубин, Кравцов сынды өзге ұлт зиялыларына арналған көше атаулары жетіп артылады. Суворов, Свердлов, Титов сынды еліміздің әр аймағында кеңінен таралған көше атауын Астанадан да қиналмай табасыз. Елорданың көшесін кезіп жүріп, сурет өнерінің атасы болған Әбілхан Қастеевтің емес, Репин, Суриков сынды орыс суретшілерінің көшелеріне жолығасың. Сонымен қатар, француз микробиологы Луи Пастер, армян композиторы Хачатурян, орыстың әйгілі теңізші-гидрографы Челюскин, тіпті орыстың әншісі Владимир Высоцкийге де көше бұйырған. Балочный сынды атауы түсініксіздері де бар.

Көңілі дархан халықпыз ғой. Орыстың әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосқан «тұлғаларға» көше атауларын аямай-ақ бергенбіз. Таяуда Шыңғыс Айтматовтың есімімен Астананың бір көшесін атау мәселесі үкіметте бекітілді. Қазақстанды мекендейтін 27 мыңға жуық қырғыз халқына деген бұл құрмет жақын арада жүзеге асады.

Әрине, Айтматов – адамзатқа ортақ тұлға. Оның тамаша туындыларымен талай қазақ сусындап өсті. Айтматовқа ат берудің әбестігі болмас.

Дегенмен, өзгені ұлықтап жүріп, тасада қалған асылдарымызды ескерусіз қалдырған сияқтымыз. Мәселен, қазақтың мұңын жырға қосқан алып тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің құрметіне берілген бір көше таппайсыз. Халқының бағына туған бұндай тұлғаларымыздың қатарынан Қайым Мұхамедхановты да атап өтуге болады. Халық қаһарманы Қасым Қайсенов, қайталанбас әнші Жәнібек Кәрменов сынды азаматтардың есімі Астананың төрі тұрмақ, шет ауданынан да орын таппады.

Есесіне Иордания королінің құрметіне берілген Хусейн бен Талал даңғылы, Сауд Арабиясы бесінші королінің есімімен аталатын Фахд бен Абдулл Азиз көшесі, Франция республикасының негізін құрған Шарль де Голль көшесі Астананың «сәнін» келтіріп тұр.

Сол сияқты Ашхабат, Мәскеу, Амман, т.б. көше атауларын өзге елге деген құрметпен қойылды дейік, мейлі. Алайда Астананың бас көшесі болып саналатын Орынборға атау бергенде, оны «Қазақтың бірінші астанасы Орынбор» көшесі деп неге атамадық? Бүгінгі шындық – Орынбор басқа мемлекеттің облыс орталықтарының бірі ғана. Ендеше Министрліктер үйі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, ең бастысы мәңгілік тәуелсіздіктің нышаны болған «Мәңгілік ел» триумф-қақпасы қалайша Ресей қаласының құрметіне берілген көшеде тұрады?!

Шамамен 2 жылдан кейін бас қаламызда өткізілетін ЭКСПО-2017 көрмесіне 5 млн-ға жуық адам келеді деген болжам бар. Яғни, бар әлемнің назары Астанада болмақ. Қазақты көп біле бермесе де, рухани, мәдени ерекшеліктерін тануға келген қонақты әуежайдан күтіп алып, Орынбордың бойымен жүргізіп, Бен Талал көшесіндегі ЭКСПО-2017 көрмесінің ғимаратына әкелеміз…

Бұл мысал – басымызға тиер таяқтың бір ұшы ғана. Ал көрмеге келген қонақтар мен туристер Астананың белді көшелерінен қазақтың тарихына қатысы бар тұлғалардың атауын таппай кетсе, бұл – ел беделіне тиетін таяқтың екінші ұшы болмақ. Ауыл халқының аузынан жырылған несібесі есебінен салынған Астана «өзгенікін алаламаймын» деп, өз тарихымызды өшіріп тастамасын, бұл – басқа тиер шоқпардың нағыз көкесі болмақ.

Жазира СЕРІКҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн