АТЫРАУ су астында ҚАЛДЫ

 

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті нөсерлетіп жауған жауыннан 50-ге жуық үйді су басқанын хабарлады.

 

Бірнеше күннен бері Атырау облысында күшті жауын жауып, желдің екпіні 15-20 м/с жеткен көрінеді. Төтенше жағдайлар департаментінің соңғы мәліметі бойынша, 49 үйден 532 адам эвакуацияланған. Әзірге топансудан зақымданған үйлердің нақты саны белгісіз. Өңірде Атырау қаласының әкімімен бірге ТЖД және «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары» МБ басшылығынан штаб құрылған.

ҚазТАГ агенттігінің хабарлауына сәйкес, кеше екі үй құлаған. 252 аула су астында қалды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Атыраудағы ескі көпқабатты үйлердің зақымдану қаупі күшейген. Ал «Қазгидрометтің» хабарлауы бойынша, Каспийден үйірілген циклонның әсері әлі де екі күн сақталуы мүмкін.

Ал бұл екі арада еліміздің оңтүстігінде күндізгі ауа температурасы 38 градусқа дейін көтеріледі, – деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі «Қазгидромет» кәсіпорнына сілтеме жасап.

Синоптиктердің 14-16 мамырға арналған ауа райы болжамына сәйкес, Каспий теңізінде қалыптасқан циклон осы күндері Қазақстан аумағы бойынша солтүстік-шығыс бағытында жылжитын болады. Осы циклонмен және онымен байланысты атмосфералық фронттармен республиканың көптеген облысында найзағайлы өткінші жаңбыр жауады.

Еске сала кетейік, бұған дейін синоптиктер Қазақстанның солтүстігінде 3 градусқа дейін суық болатынын хабарлады. Қазақстан аумағына батыстан келген циклон республиканың көптеген облысына жаңбыр әкелді. 9 мамырда оның әсері өзгеріссіз қалды, ал онымен бірге найзағайлы және екпінді желі бар өткінші жаңбыр сақталды.

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн