ҚАЗАҚ ДЕГЕН…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №15 (379) от 20 апреля 2017 г.

 

Уақыт уыты

 


Ұлықбек ағаның (Есдәулет – Ред.) осы өлеңін ең алдымен осыдан бірнеше жыл бұрын ұстазым Тұңғышбай Әл-Тарази өзі домбырамен ән шығарып, айтып берген еді. Кейін еш жерде естімедім. Бірақ екі ағамыздың қазаққа деген махаббаты, ұлттық намысы үндестік тауып тұрды. Ұлағаң мен Тұқаң бір адам болып кеткендей әсер етіп еді. Сөзі былай:

 

Қазақ деген бір ел бар атқа мінген,

Жұлдыздар мен жел тілін жатқа білген,

Құтылмаған күнәһар күпірліктен,

Айыра алмай алланы көк тәңірден.

 

Қазақ деген бір ел бар «құдай атқан»,

Күн оятпай жүрегін, түн оятқан,

Саптаяқтың сабына зар болғанда,

Қарауылдап қарайтын шынаяқтан.

 

Қазақ деген бір ел бар жатып ішер,

Біреу атқа мінді деп тақымы ісер,

Басқа халық бар ма екен дүниеде

Батыры қан жұтатын, ақыны – шер?

 

Қазақ деген бір ел бар теріс туған,

Өнер қуып болған соң керіс қуған,

Қызғаныштан жем болып қызыл итке

Дайын тұрар болуға тегіс кұрбан.

 

Қазақ деген бір ел бар маң далада,

Жемтік болған қаймана қандалаға,

Қонағының қотырын қаситұғын

Өзіндегі қарамай сан жараға.

 

Қазақ деген бір ел бар, қызу халық,

Қисық жолмен қайтатын түзу барып,

Сойыл беріп қолына «аттан!» десең,

Жұмаққа да кіретін бұзып-жарып.

 

«Қазақ деген қай ел?» деп сұрамалық,

Қылжақтайтын әдеті жылап алып,

Сол қазақтың ішінде мен де бармын,

Ал, түсе бер соңыма шырақ алып!..

***

Ал мынау, Ұлықбек ағам ренжімесін, осыны теріс тіліме аударған менің «былшылым»:

Қазақ деген біреу бар – министрлеу,

Сіп-свежи бет-аузы, к…ті кірлеу,

Өз ұлтына паң болып, өзгелердің,

Табанында жататын болып сүрлеу.

 

Қазақ деген біреу бар – әкімірек,

Сыбайлас пен жемқордан жақыны көп,

Көпшілікке көсемсіп, аттан салып,

Жым болатын «әй!» – десе, қатыны кеп.

 

Қазақ деген біреу бар – ақынырақ,

«Ақынмын» деп халқына жақынырақ,

«Елдің жайын жырлашы қане» – десең,

Көк сарайды мақтайтын отырып ап.

 

Қазақ деген біреу бар – депутаттау,

Көбісінің міндеті заңды баптау,

«Қазағым» деп біреуі шаршап жүрсе,

Біреуінің міндеті көкіп, оттау.

 

Қазақ деген біреу бар – намыстырақ,

Қанқу сөзге тігетін қамыс құлақ.

Дау-дамайдың ошағын үрлеп беріп,

Жеме-жемге келгенде қалыс тұрад.

 

Қазақ деген біреу бар – оқығандай,

Әр нәрсені бір тартып, шоқығандай,

Бас сұққаны әр жерге ұқсап кетед,

Жүрген жанға «дәретке» отыра алмай.

 

Қазақ деген біреу бар – мұсылмандау,

Түрін көрсең, ойлайсың «ұшынғанба-ау»!

Тозағыңа тірідей әкетеді,

Келгендей-ақ дәл өкпе тұсыңнан жау.

 

Қазақ деген біреу бар – көсемірек,

Мінбелерге шығатын, шешенірек.

Ана тілін өзінің білмесе де,

Ебін тауып әйтеуір өсе білед.

 

Қазақ деген осындай ел бар екен,

Байқамаппын – ішінде мен бар екем.

Артық кетсем, ағайын, кешіріңдер,

Бір жеріме қарамай нем бар екен!

P.S.: Қазағымның, Ұстазымның мәртебесі АСҚАҚТАЙ берсін!

 

Асқар НАЙМАНТАЕВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн