Қазақ еліндегі ислам діні ҚАЙДА КЕТІП БАРАДЫ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №31 (395) от 31 августа 2017 г.

 

ДАТ!


 

Әлеуметтік желіде Қазақстандағы «дәстүрлі ислам» мен уахабиттік-салафиттік ағымдар арасындағы дау қозып тұр. Пікір жазушылар арасында қазақтың ежелгі ұлттық салт-санасына қарсы «ширк» ұранын көтергендер аз емес. Соған қарағанда, салафизмнің сойылын соққан, содыр сөздің дабылын қаққандар қанаты біразға жайылған сыңайлы.

Біз бүгін «ДАТ!» айдары аясында журналист Арман Әубәкірдің «Мұхамеджан Тазабековпен кездесуден естелік» деп аталатын жазбасы төңірегінде туған пікірлердің біразын жария ете отырып, Қазақстандағы исламаралық дүрдараздық жалпы тенденцияға айналып бара жатқанын ескерткіміз келеді. Осы арқылы тиісті мемлекеттік мекемелер қоғамға сынадай сіңіп бара жатқан жат діни ағымдарды ауыздықтау қажеттігін ескертеміз.

Ақпарат алмасудың коммуникативтік мүмкіндігі күшейген заманда қоғамда жаңа қауіптер пайда болуда. Жалған ақпарат таратып, әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз азаматтарды жалақымен қызықтырып, өз қатарларын толтыруды мақсат тұтқан түрлі «жасырын жарнамалар» ағыны әлеуметтік желіні жайлап барады. Әсіресе мектеп жасындағы балалар мен студент-жастардың еліктегіш екенін ескерсек, Арман Әубәкір сияқты ұлтшылдықты ұран еткен жігіттердің жазбасына құлақ түрген артықтық етпес деп ойлаймыз.

 

 

Мұхамеджан Тазабекпен КЕЗДЕСУДЕН ЕСТЕЛІК

 

Оқуды бітіріп, бір үйдің балаларындай болған курстастар жан-жаққа бытырай бастаған кез болатын… Бізді үнемі дінге тартып, уағыз айтатын қайсыбір курстастарым бірде мені Мұхамеджан Тазабекпен кездесуге алып барды. «Біздің сөзімізге нанбасаң, бізден де мықтылардың уағызын тыңдап көр» дейді. Келістім.

Алматыдағы «Байқоңыр» кинотеатрының қасындағы халал кафенің вип-бөлмесіне бардық. Аста-төк дастархан жайылған. Ол кезде телевизияға бейім курстастарымның Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек туралы ауыздарынан суы құрып, жер-көкке сыйғызбай мақтау-мадақтауын талай естіп жүрген кезіміз. Өзіміз де әлгі «көсемдердің» дін туралы уағыздарын талай естіп, телефонға көшіріп алып, қайта-қайта тыңдайтынбыз. Тіпті туған-туыс, көршілерге де қосып беріп, Мұхамеджан Тазабектің «Дін-діңгегімін» талай естіткенім есімде.

Әлгі курстастастарымызбен, бір нанды бөлісіп жеген достармен бара-бара қарым-қатынасымыз бұрынғыдай болмай бара жатты. Олардың уағыздары бір сарынды. Қуалап келгенде сол достарымыз салт-дәстүрді надандық деп танитындықтарын аңғартады. Содан қызылкеңірдек болып айтысып жатқанымыз…

Сонда атағынан ат үркетін, үнемі жастарды имандылыққа тартып жүретін Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабекті жамандыққа қимайтынмын. Шәкірттері олардың тағылымдарын дұрыс түсінбегендіктен, қазақтың дәстүрін, төл мәдениетін жоққа шығаратын болар деп, үнемі оларды ақтап алуға балаң көңіліміз дайын тұратын.

Әлгі кафенің вип-залында бір топ жастар жиналдық. Бір кезде Мұхамеджан ағамыз кірді. Амандық-саулықтан кейін ол кісі уағыз айтуды бастамастан бұрын «мұнда бәрі өзіміз бе?» деп сұрады. Бір-біріне қараған жастар «өзіміз-өзіміз…» деп бас шұлғысты. Ешкім «мұнда артық адам бар еді» деп айтпасы түсінікті ғой. Әрмен қарай белгілі уағыз айту жұмысы басталып кетті. Ұзаққа созылған уағыздан жалғыз ұққаным «ақиданы оқуымыз керек» екен. Содан біз «адасып» жүр екенбіз.

Мен түк білмейтін кейіпте: «Келіннің иіліп сәлем салуы дұрыс па?» деп сұрадым. Мұхамджан ағамыз: «Адам Құдайға ғана иілуі керек, қалғанының бәрі ширк, серік қосу, ең үлкен күнәнің бірі – Құдайға серік қосу» деп төтесінен соқты.

Одан кейін қазақтың ұлттық аспаптары туралы сұрадым. Бір кезде бақсылардың құралы болған музыкалық аспаптарымыз да «надандықтың», «білімсіздіктің» белгісі екен. Баяғы ақиданы оқымағанның «салдары».

Қысқасы, сол кездесуде көзіміз ашылды. Уағызшыл курстастарыма «вирустың» қайдан келіп жатқанын сонда анық көз жеткізіп қайттым…

Арман ӘУБӘКІР

 

 

 

ҚАСҚЫРҒА қой бақтырғалы ОТЫРМЫЗ…


Кеше ғана аты шулы террористің постын бөлісіп отырған Мұхамеджан ағамды ұлттық арнада жаңа ашылып жатқан діни бағдарламаға жүргізуші қылмақшы екен… Бұл рас ақпарат па? Ұлттық арна басшысы Ерлан Карин аға, сізге сұрақ!

ҰҚК, дін министрлігі, не қарап отырсыздар? Әлде Тазабековтың кім екенін білмейсіздер ме? Ол қазір өзінің ханафит екенін айтып, халықты алдап отыр. «Асыл арнада» салафи уағызшысы Дарын Мұбаровтың Мұхаммеджанмен бірге отырған видеосы «Ютубта» тұр. Мұхамеджанның қайнағасы Бекболаттың «дарынды ұстазым» деп айтқаны, уахабизм бізді құтқаратын дін деп айтқаны – бөлек әңгіме. Ол да «Ютубта» тұр. Имам Қанат Жұмағұловтың 2 жыл бұрын «Фейсбук» парақшасында жариялаған мына сұрақтарына әлі күнге дейін ләм-мим деп жауап берген жоқ. Үнсіз құтылуға тырысты.

«Бізді «сәләф» деп жүргендер отпен ойнайды», – деген кісінің сөзіне келесі шарттармен ғана сенуге болады:

1. Абай Құнанбайұлы мен Мәшһүр Жүсіптің Алланы мекенсіз деп сипаттаулары – дұрыс сенім деп мойындаса, әрі Алланы өз болмысымен (затымен) аспанда деп сенудің адасушылық екенін қабылдаса;

2. Имам Тахауи Алла тағаланың болмысы шектелуден және ағзалардан пәк деп айтқан сенімін дұрыс әрі ақиқат деп мойындаса;

3. Мұхаммед ибн Абдул Уаһһабты адасқан деп қабылдаса;

4. ҚМДБ-ның тұғырнамасында көрсетілгендей, Имам Әбу Ханифаның мәзһабына негізделген «матуриди» сенім мектебін әһлу сунна жолы деп мойындап, оны өз діни бағытына айналдырса;

5. Әрі осы айтылғандарды өз сөзімен БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жарияласа.

Егер бұл талаптар орындалмаса, онда ол кісі өзінің салафит екенін мойындасын!» Қанаттың бұл сұрақтарын мен деген сайттар да жариялады.

Егер Мұхамеджан ағам таза болғанда, бұған осы уақытқа дейін қызыл тілге салып айналшақтамай, нақты жауап қатар еді ғой. Осындай салафиттігі бетіне шығып тұрған аты шулы адамды билік қалайша ұлттық арнаға діни бағдарлама жүргізуге шығарғалы отыр. Ерлан ағатайым-ау, кім сізге ықпал етіп отыр? Неге бұндай қадамға бардыңыз? Мұхамеджанды билікте кімдер қолдап отыр?

Ол ендігі жерде бағдарлама арқылы өзіне ұпай жинауға тырысады. Ұлт дәстүрі анау-мынау деп дәстүрлі дініміздің жанашыры болып көрінеді. Ал жастар оған сенеді. Сосын Мұхамеджандікі дұрыс екен деп, артынан ере береді. Бұлай салафилікпен күресіп жарытпаспыз. Общым, қасқырға қой бақтырғалы отырмыз.

Айгүл ОРЫНБЕК

 

 

 

 

Мұхамеджан НЕ ДЕЙДІ?


 

– Мұхамеджан мырза, сізді «сәләфит» деп айыптағандардың алдында ақталып, шаршаған шығарсыз… Осыдан 2 жыл бұрын имам Қанат Жұмағұлдың 5 сауалына ешқандай жауап жазбадыңыз. Сізді айыптаушылардың көбісі осы жайтты тілге тиек етіп отырғаны белгілі. Мүмкін, осы 5 талапты орындағаныңызда, ел осылай даурықпас па еді, қалай ойлайсыз?

– Қанат Жұмағұл бауырымыз – мінбер ұстап жүрген, мойнына үлкен жауапкершілік арқалап жүрген имамның бірі ғой. Сондықтан мен имам ретінде ол бауырымды құрметтеймін. Ал енді оның бес сұрағына не себепті жауап бермегенімнің мәнін айтайын.

Біріншіден, кез келген екі мекеме басшылық деңгейде бір мәселені келісіп, бір-бірімен әбден түсініп, қол қойысқаннан кейін, оның төмендегі қызметкерлері ол мәселеге бүйірден араласып, қоғамдық деңгейде сауал жолдауы – қызметтік этикаға жатпайды. Біз Дін істері комитетімен, Діни басқармамен, діндарлардың республикалық деңгейдегі эксперттік тобымен және ҚМДБ-ның көптеген ғұлама-ғалымдарымен тыңғылықты жұмыс істеп, ақылдаса, талқылай келе, меморандумға қол қойғанбыз. Бірнеше жылдан бері осы келісімнің негізінде нәтижелі жұмыс істеп келеміз. Әрі ҚМДБ тарапынан «Асыл арнаға» арнайы бөлінген маман бар. Ол арна басшыларымен және қызметкерлерімен қоян-қолтық араласа жүріп, бақылау жасайды, әрі бағыт-бағдар береді. Біздің сенім және ғибадат мәселелеріміз жайлы мүфтиятқа әрдайым ақпарат жеткізіп, ортадағы алтын арқау байланысты жалғап отырады. Әрі ол маманның рұқсатынсыз ешқандай діни бағдарлама эфирге шықпайды.

Елімізде 3000-ға тарта мешіт бар. Әр мешіттің имамы әр тараптан келіп, «сенің сенімің қалай, көзқарасыңды білгім келеді?» деген сауалыма жұрттың алдында жауап бер деп тепсінсе, әлгі мүфтияттан бөлінген маман не үшін керек? Меморандумға не үшін қол қойдық? Басшылығының шешімімен келіспесе, имам бауырымыздың ортақ ісінде қандай береке болмақ?

Мен лауазымды қызметкер, ал Қанат Жұмағұл бауырымыз депутат емес, маған ресми түрде сауал жолдап, ресми түрде БАҚ бетінен жауап күтетін…

Екіншіден, оның айтып отырған сұрақтарының алғашқы екеуі Алланың сипат-болмыстарына байланысты мен жалпы жұрттың назарында болғандықтан, бұқара халықтың алдында мұндай тақырыптардың көтерілгеніне қарсымын. Ол – жекелеген бір ғылыми кітаптарда жазылып, мешіт-медреселерде немесе иман келтіріп, толық құлшылық ғибадат жасап жүрген жамағаттың ортасында қозғалатын мәселе. Алланың есім-сипаттарындағы нәзік мәселелер мұсылман, бірақ діни құлшылыққа берілмеген адамдардың аудиториясында талқылайтын мәселе емес. Онсыз да діндарлардың талас-тартысынан шаршаған жұрттың одан бетер басын қатыру кімге керек?! Қазіргі қоғамдағы адамдарға Алланың мекенін емес, ризалығын іздеу анағұрлым маңызды. Алланың қайда екенінен гөрі, оның разылығы мен берекесі қайда екенін насиxаттау көбірек пайда әкеледі. Ал маған Алланың есім-сипаттары жайлы айтып, ұғындырғысы немесе танымымды танығысы келсе, оның реті мен жөнін әлгінде айттым.

Ал асылында мен – Қазақстан ғұламалары арасында, эксперттік топтың жиналыстарында немесе Дін істері комитеті мен Діни басқармадағы білгір мамандардың отырыстарында өзімнің ақидама-сеніміме қатысты Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Яссауи бабаларыма байланысты ұстаным-пікірлерімді айтып және ол көзқарасыма қолдау тауып, сол негізде жұмыс істеп жүрген адаммын. Ал одан Қанат Жұмағұл бауырым xабарсыз болса, мен не үшін айыпты болуым керек. Қатты қызығушылық танытса, білетіндерден сұрап алсын. Сұрағысы келмесе, өзіме жолықсын.

Үшіншіден, Мұхаммед ибн Абдул Уаһһаб менің бір зерттеу объектім емес. Оның үстіне мен терең теологиялық тартыстарға маманданған жан емеспін, ақындық, руxани қабілетіме сай қоғамдық негізде ағартушылықпен айналысып жүрген адаммын. Мүмкін, ол кісі мұсылман әлемінде танымал адам шығар, ал мен оның араб дүниесі үшін жазылған кітаптарын Қазақстанға әкеліп насихаттаудың қате екенін айтудан ешқашан жалыққан емеспін. Қарапайым қазақ арабтан шыққан абыз түгілі, Абайды толық түсініп алса, талай бақыттың кілтін қолына ұстар еді.

Төртіншіден, «ҚМДБ ұстанған сенім мектебін әһли сүннет емес» деп ешқашан айтқан емеспін. Сол себепті «Асыл арнаға» толық жауапты адам ретінде мен «Матруди мектебі» деген бағдарламаны ашып, ол жерге Ризабек Баттаұлы, Ерсін Әміре сияқты ұстаздардың ақидалық сабақтарын бергізіп отырмын. «Матруди адасқан» деп есептесем, айғайлатып атын қойып, арнайы бағдарлама ашпас едік. Тариxтағы бабаларымыздың тырнағына татымай жүріп, тыртаңдау кімге керек?! Сондықтан көрініп тұрған амалға қарамай, әртүрлі күмәнға берілу – ол менің проблемам емес, қисынсыз жерден сауал жолдап, алашапқын боп жүрген адамның проблемасы.

Ең соңында «осы айтқандарымды БАҚ-қа жарияласа», – депті. Мен Қазақстандағы ойын ашық айтатын тұлғалардың қатарындамын. Ешқашан БАҚ-тан ешнәрсені жасырған емеспін. Небір қисынсыз сұрақтарға қысылмай жауап беріп келемін. Соңғы он жылдағы сұхбаттарымды оқыған жан мен жайлы толыққанды мәлімет таба алады.

– Арман Әубәкір есімді журналист өзінің «Фейсбук» парақшасында сіздің «Қазақ келіндерінің иіліп сәлем беруі – ширк» деп айтқаныңызды жазған болатын. Осыны сіздің өз аузыңыздан естігеніміз дұрыс болар. Журналист Арман Әубәкірдің сөзі қаншалықты рас?

– Әрине, өтірік. 14 жасымнан қолыма домбыра алып, елдің ортасында келе жатқандықтан, мен көп адамдармен кездесемін. Арманмен де сондай бір отырыс болған шығар. Анық есімде жоқ. Қай ортада болса да, ұлттық мәдениет, дәстүрлі өнер жайлы сөз қозғап жүретініміз рас. Асылымыз бен жасығымызды әңгіме қыламыз. Мен айтыс сахнасынан кеткелі 15 жылдай уақыт болса, осы сұраққа жылына 1-2 рет міндетті түрде жауап беремін. Себебі журналистер сұрайды. Анығы, еш жерде, еш уақытта сәлем салуды – ширк, домбыра – харам дегенді айтқан емеспін. Себебі ондай үкім беретін ғұлама, ғалым емеспін. Халал, xарам деген үкімді Алланың атынан тек қана муфтият немесе мүфти береді…

Ал Айгүл (Орынбек) қарындасымыздың сөздері ұлтқа жанашыр сипатта болғанмен, шындыққа жанаспайтын тұсы көп. Сондықтан посттарындағы мәтінге қатты мән беріп жүрген жоқпын. Даусы жуан шығып жатқанымен, жолы жіңішке қарындасым ғой. Мені басқа нәрсе алаңдатады, басқа нәрсе ойландырады.

Осындай қаракөздеріміздің толық зерттемеген, өзіне айдай айқын болмаған тақырыптармен жүйкесі шаршап, жұртқа жан айқайын жеткізе алмай, жабығып жүргеніне біз, еркектер кінәліміз-ау. О заманда бұ заман, қазақ қыз баласын қашан қоғамның талқысына тастап қойып еді?! Байғыздай ұлытып, бақадай шулатып даурыққан даулы іске қыз баласын жұмсап па еді? Борбайлатып шапқызып, боз інгендей ыңырантып, боқтасаң да қайтпа деп жаға жыртысқан жанжалдың басына апарушы ма еді? «Қылыш қынын жоғалтса, қол кеседі, қыз қылығын жоғалтса, жол кеседі!»

Мәселе Айгүлде емес, мәселе шешетін еркектің азайғанында, мәміле жасайтын ердің майдаланғандығында…

Qamshy.kz

 

 

 

Тазабековтің ӨТІРІГІ

 

 

Айгүл Орынбек бастап (шымкенттік адвокат, блогер, қоғам белсендісі – Ред.), кешегі Арманның жазбасы қоштаған мәселеге Мұхаммеджан ағам жауап беріпті. Оқып отырып, қаным басыма шапшыды.

Ағатай-ау, мен мынау құлағыммен сол сөздеріңізді анық естіген едім ғой. «Музыка – харам, сәлем салу – ширк» деп соққаныңызда, не дерімізді білмей, біраз пікірталасқа да барып қалған едік. Бізді арнайы сізбен кездесуге апарған Murat Yeszhan, Руслан Желдібайлардың көзі тірі… «Аға, дәл осы сөзді айтқан жоқ деп Алланың алдында солар куәлік етсін». Сосын Arman екеуміз-ақ бұ өмірде өтірікші болайық. Бізді сіздердің орталарыңыздан алшақтатқан осы бір оқиға екенін жоғарыда аты аталған жігіттер анық біледі…

Қайталап айтамыз, ол «естелікті» жазудағы мақсат – жастарды діни ағымдардан сақтандыру ғана. Ал оны бір-екі сайттан басқасы рұқсатсыз-ақ парақшамнан көшіріп басып жатты. Оған несіне қарсы болайын? Ел білсін, тани берсін діни тұлғаларының ұстанымдарын. Білген, сезген қауіпті айтпай қалу – Құдай алдында да, адам алдында да күнә, сатқындық деп есептеймін.

Ал енді мені «тәңіршіл» дегендерге айтарымыз, бүкіл қазақ дәстүрі – бағзы түріктік дүниетанымның сарқыншақтары. Ал ежелгі дүниетанымның алтын қазығы қазақ дәстүрлерінде болса, мен ғана емес, дәстүрін ұмытпаған бүкіл қазақ әлі күнге тәңіршіл болғаны емес пе? «Тәңіршілдіктің» қазақ дәстүрінен өзге жоралғысы бар ма екен, айтып беріңіздерші?! Ислам келгенде, локальды араб дәстүрімен кейбір элементтер ортақтасып, синтезге түсті. Бірақ төл мәдениетіміздің қайнарлары сақталды. Өйткені өзгеріссіз қалпындағы араб дәстүрі біздің ұлттық ерекшелігімізді жойып қана қоймайды, шаруашылық мәдениетімізге мүлде қабыспайтындығы ата-бабаларымызға жақсы мәлім болатын…

Қазақ дәстүрлерінің терең мәні ертедегі түркілік дүниетанымдармен астасып жатыр. Байырғы түркілік ұғымдары, туыс халықтар этнологиясын зерделемесек, қазақ дәстүрінің көптеген сырлары беймәлім күйінде қала бермек. Марқұмның жетісін, қырқын беру, жылдық асын өткізу, тағы басқа шаралардың бәрі түрік халықтарында, қала берді күллі туыстас көшпелілерде кездеседі. Қазақ дәстүрі мен түрік халықтарындағы этнографиялық ортақтықтар бізде қалыптасқан көптеген діни догматикалық ұғымдардың күлін көкке ұшырады.

Иә, исламнан алған жақсы құндылықтарымыз да бар, ұлттық түп-тамырымыздан жоғалтқанымыз да жетерлік. Сондықтан біз тәңіршілдік пен исламның үйлесіміндегі елміз, түсінікті жалпақ тілмен айтқанда, ұлттық дәстүрді сақтаған ислам дініндегі зайырлы жұртпыз! Осының өзін жоғалтып алмайық енді…

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР

 

 

 

Comments

 

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,

әнші-сазгер: ҚОРҚАҚ АДАМ – ҚҰДАЙШЫЛ


Ешкімнің алдында ақталма, Арманжан! Аққа құдай жақ! Уаһабтық ми-батпаққа былғанып, әсіредіншілдік түнегіне батқандар сенің қазақ дүниетанымын қорғап, ашынған жанайқайыңды бәрібір естімейді. Өйткені олардың көкірек көзі уаһабизм түнегімен тұмшаланған. Түбінде әсіредіншілдік түнегін серпіп тастар бір заман келеді, сонда сені даттап жатқан соқыр сенім иелерінің аузына құм құйылатын болады. Олардың құдай атын жамылып айтқан нәжіс сөздерін көңіліңе алма. Өнерсіз иттің қолынан келері құдайдың атын жамылып, ит тіршілік кешу. Көкіректерінде сәуле болмаған соң, құдай олардың санасын қайтіп нұрландырсын? «Қорқақ адам – құдайшыл», – деген Мәшһүр Жүсіп атаң. Бұлар – солар.

Уаһабтарды отбасылары зардап шеккендер ғана таниды, Арман. Сосын бірлі-жарым көкірегі ояулар ғана олармен күреседі. Ал жалпы қазақ қоғамы қалың ұйқыда. Қазір араб – арбап, қытай қаптаса да, селт етейін деп отырған қазақ жоқ. Әнеугүні уаһабтарды қорғап, осында қылқынып өліп қала жаздаған ақын аға, ғалым апаларыңды көрдің ғой. Алпысқа келгенше айтар сөзін білмеген олардың ақындығынан, ғалымдығынан не қайыр?! Міне, ғалым, ақын дегендеріміздің түрі осы – сөлкебай берсе, сөйлей беретін.

 

Болат АТАБАЕВ,

театр режиссері:

Әфсана. Үш діндәр: мұсылман, христиан және иудаист Шыңғысханды өз сенімдеріне кіргізу мақсатында жолға шығады. Шыңғысхан үш күн бойы үшеуін құрметпен тыңдап, төртінші күні шақырып алып:

– Мұсылман, сен алла жалғыз дейсің бе? – деп сұрайды.

– Иә, хан ием, алла жалғыз!

– Христиан, сен господи боже мой жалғыз дейсің бе?

Христиан:

– Иә, мой повелитель.

– Иудаист, сенің де құдайың жалғыз ба?

Иудаист:

– Иә, Шыңғысхан батырым!

– Егер құдай жалғыз болса, онда үшеуің үш жақта бір-біріңді жамандап, не іздеп жүрсіңдер?! Демек, мәселе құдайда емес, өздеріңде! Мен Тәңіріммен қалам! Аулақ жүріңдер! – деп, үшеуін шығарып жіберіпті.

 

Абзал Құспан,

заңгер:

Көп адам қазір уахабизм темасына араласпай, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» принципін ұстанып отырған жәйі бар. Кейбірі маған «осы тақырыпқа сенің араласатын жөнің жоқ» деген пікір білдіруде.

Керісінше, бұл – заңгерлердің темасы нағыз. Қала берді жалпы елдің болашағына алаңдаулы әр азаматтың араласуы шарт. Егер біз әңгіме қылып отырған дін адамдары өздерімен-өздері діни рәсімдерін атқарып жүрсе – бір сәрі, олар жастармен жұмыс жасап, солардың санасын улауда. Қазір ата салтымызды тәрк еткен, аруаққа құран бағыштау, жеті нан тарату десе, сені жын көргендей болатын жастар шоғыры пайда болды. Алды Сирияда ашық соғыста жүр.

Бұл мемлекетімізге қауіп пе? Қауіп. Ендеше бұл неге дін адамдарының арасындағы тартыс деңгейінде қалуы керек? Қайталап айтамын, Қазақстанның болашақта зайырлы ел болып қалуы немесе Ауғанстан, Иран сияқты діни догмаға ұрынған елдер қатарына қосылуы – күні ертең.

 

Айқарманы дайындаған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ

• Пікірлер ықшамдалып алынды

 

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн