Қазақстан қай елге ҚАНША ҚАРЫЗ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №30 (394) от 24 августа 2017 г.

Алмақтың да салмағы бар

 


 

«Алмақтың да салмағы бар» дейтін қазақ үшін қарызды қайтару әр уақытта парыз саналады. Ал Қазақстанның әлемнің 114 мемлекетіне сыртқы қарызы 163,8 миллиард долларға жеткенін ескерсек, бұл қарызды өтеу ел бюджетіне ауыр салмақ түсіріп тұрғанын түсіну қиын емес.

 

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ:

ол қандай қарыз?

 

Біріншіден, әлемнің бәрі бір-бірінен (мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, банктерден, т.б.) қарыз алады. Бұл қалыпты жағдай.

Екіншіден, мәселе қарыздың көлемінде емес, оны қарыз алушы мемлекеттің төлем қабілетінде. Мәселен, сыртқы қарызы көп елдердің тізімінде дамыған мемлекеттер көш бастап тұр. Яғни, сыртқы қарыз елдің кедей, не бай екендігін көрсетпейді. Көрші қырғыз, өзбектің бізбен салыстырғанда сыртқы қарызы аз, бірақ бұл олардың экономикасы мықты екендігін білдірмейді, сәйкесінше, біздің де жапондардан сыртқы қарызымыз аз, десе де экономикамыз олардан қуатты емес.

Үшіншіден, кез келген қарызды қайтару керек. Мәселе сол қарызға алған ақшаны қалай жұмсағандығына байланысты. Мысалы, Грекия 2004 жылы Олимпиада өткізуге 10 млрд доллар қарыз алды да қайтара алмай, әбден қиналды. Дефолт (уақытында қарызды қайтармау – Ред.) жағдайына аз қалды. Қысқасы, той жасаймын деп алған несие сынды. Оның қайтарымы жоқ. Ал жапондар қарыз алса, оны экономикаға салады да, кейін еселеп қайтарып алады.

Төртіншіден, Қазақстан сыртқы қарызына қатысты әңгіменің көптігі ел экономикасының мұнай-газ саласына тәуелдігіне тікелей байланысты. Өйткені ертең төлей алмау қаупі жоғары. Сондықтан сыртқы қарызды неге алдық деген әңгімеден гөрі ол ақшаны қайда жұмсағанымыз маңызды.

 

ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ

9 МЫҢ ДОЛЛАР ҚАРЫЗ

 

Қазақстан ұлттық банкінің дерегінше, елдің сыртқы қарызының жалпы көлемі 163,8 миллиард долларға жеткен. Бұл жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 26,1 пайызына тең. Сонда әрбір қазақстандық сыртқа 9 мың доллардан артық қарыз болып шығады. Бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемнің 201 елінің ішінде 35-орында тұр. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызындағы квазимемлекеттік сектордың үлесін есепке алмау экономика үшін қауіпті. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан 114 мемлекетке қарыз. Бізді қарызға батырған елдердің көшін Нидерланды (Голландия), Ұлыбритания, Қытай және Франция бастап тұр.

Голландияға Қазақстан берешегінің жалпы сомасы – 47,3 миллиард доллар, бұл жалпы қарыздың 30 пайызы (шамамен). Ұлыбританияға берешегіміз – 24,6 миллиард доллар немесе жалпы қарыздың 16 пайызы (шамамен). Қытайға берер қарызымыз 12,6 миллиард доллар немесе жалпы қарыздың 8 пайыздан астамы. Ал Францияға 11,7 миллиард доллар қарыз екенбіз.

Белгілі экономист Мағбат Спанов сыртқы қарыз мөлшері қазірдің өзінде өте үлкен екенін айтады. Оның пікірінше, жиынтық қарыздың арасында квазимемлекеттік компаниялардың берешегі өте күрделі проблемаға айналып отыр.

«Бізде классикалық нарықтық экономика жүйесі емес, монополияланған экономика қалыптасқандықтан, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қарызын мемлекет өтеп жатады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрған квазимемлекеттік компаниялар қарызының салмағы мемлекетке түседі. Қаржы қарыз қайтаруға жұмсалып, әлеуметтік төлемдер азаяды. Тіпті қарызды өтеген күннің өзінде өндірістің жұмысы тоқырап, банкротқа ұшырамасына кепілдік жоқ», – деп түсіндірді Мағбат Спанов.

Сарапшының айтуынша, экономикада сыртқы қарыз шамасы ЖІӨ-нің 60 пайызы деңгейінен аспауы тиіс.

Ал бізде мемлекеттік кепілдендірілген қарыз, квазимемлекеттік сектор мен фирмааралық қарыздардың жиынтық сомасы қазір ЖІӨ көлеміне жетіп қалды. Тұтастай алғанда, бұл – жақсы нышан емес.

 

БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕР

САЛМАҚ ҚАНДАЙ?

 

Экономист Рахман Алшановтың пікірінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызының өсуі – заңды процесс. Оның сөзінше, қарыздың көлеміне емес, құрамына қарау керек. «Бұл негізінен компаниялардың өзара қарызы, ал үкіметтің қарызы одан төмен. Қарыз бірден өтелмейді ғой, мысалы, оған зауыт салып жатыр делік, ол біткен соң ғана пайда әкеледі. Дайын өнім шығарғанша, ол қарыз болып тұрады. Сондықтан егер қарыз кәсіпорынға салынып, кейін өнім беретін болса, одан күмән тумауы керек», – деп атап өтті Рахман Алшанов.

Экономист Оразалы Сәбден болса, Қазақстан өткен ширек ғасыр ішінде дайын өнім шығаратын кәсіпорындар құруға емес, негізінен шикізат өндіру көлемін ұлғайтуға назар аударып келгенін айтады. «Келген инвестицияның қайтарымы болатындай тиімді жүйе қажет. Қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы тәрізді салаларға басымдық беріп, инвестицияны соған салып, қарызды асырмай бақылап ұстайтын механизм керек. Мысалы, көршілес Ресей мен Өзбекстанның қарыз деңгейі біздегідей жоғары емес», – деді белгілі экономист. Сонымен бірге Оразалы Сәбден: «Биыл кім, қайдан, қанша қарыз алды? Бұған дейін алған қарыздың қайтарымы бар ма? Әлде құмға сіңіп кетті ме? Осының бәріне жауап жоқ», – деп, мемлекеттік қарыз туралы дерек ашық болуы қажет екенін айтты.

P.S. Бюджет «тесіктерін» бітеу әрі экономиканы көтеру үшін, Қазақстан өзге елдерден қарыз алуға мәжбүр. Есесіне сыртқы қарыздың көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Ал қарыздың қайтарымы болатынын ескерсек, келешекте сол қайтарым ел экономикасына үлкен соққы болмауы үшін, оны қайтарудың жолын қазірден бастап қарастыру қажет. Бұл ең алдымен ұрпақтың жарқын болашағы үшін керек.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ,

«QAZAQ» газеті

 

 

 

Жанайқай

 

Жұмыссыздыққа

КІМ КІНӘЛІ?

 

Адамзат тарихына тереңірек үніліп қарасаңыз, қай заманда болсын, халықтың кішкентай ғана бөлігі бай, қалғаны кедей болған. Сонда байлар қалың тобырды қалай бағындырып, айтқанына көндіріп отырды дейсіз ғой? Ол күштердің біреуі дін, екіншісі – жұмыссыздық. Бұл жерде дін мен сенімді шатастырмайық. Дінді билеуші топтың қараңғы халықты Құдаймен қорқытып, айтқанына көндірудегі құралы деп біліңіз.

 

Ал жұмыссыздық туралы сөз тіптен басқа. Осы уақытқа дейін мен кім болып істемедім? Күзетші, от жағушы, есік-терезе жасаушы, сантехник, монтажшы, көпір салушы, жол жөндеуші, желдеткіш шебері, механик, база директоры, жұмыс материлдарымен қамтасыз етуші (снабженец). Істемеген жұмысым жоқ. Бармаған жерім, шықпаған тауым жоқ.

Қазір Алматыда бір құрылыста істеп жүрмін. Күніне төрт мың теңге төлейді. Кейбір жігіттер үш жарым мың теңгеге Каскелең, Ұзынағаш, Ащыбұлақтан келіп істейді. Шеттерінен еңбекқор. Саусақтарынан өнер тамған, небір талант иелерімен серіктес болдым. Жұмыс беруші адам – басқа елдің азаматы. Өзі бұрын «барахолкада» жейделер сатып, саудагер болған дейді білетіндер. Жұмысшыларды аузына келген сөзбен балағаттайды. Жігіттер үндемейді, өйткені басқа жерде жұмыс жоқ. Бар болса да, ақысын төлемейді. Мынау әйтеуір бөліп-бөліп төлесе де, аз-маз ақша аламыз. Құрылыста бізбен қатар жүрген өзбектер айына 110 мың алады да, оны долларға айналдырып, үйлеріне салып жібереді. Ресейде, Қазақстанда, тағы басқа жақта жұмыс істеп жүрген өзбектер өз еліне жыл сайын, бір деректер бойынша, жиырма миллиард долларға жуық инвестиция әкеледі екен. Өзбекстанның экономикасына таза, саф алтын құйылып жатыр.

Бірақ Қазақстанда қаншама өзбек жүрсе, соншама қазақ жұмыссыз жүр деп санай беріңіз. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» демекші, қай құрылысқа барсаң да өзбектерді көресің. Өзбектер жұмыс істеп, нәпақасын тауып жатыр, ал қазақтар жұмыс таппай босып жүр. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген ғой Абай атамыз. Бірақ кейде бізге сондай жұмыс та болмай қалады ғой. Әсіресе жылдың басы мен аяғында, яғни желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз айының ортасына дейін «өлі айлар». Өйткені барлық жерде құрылыс жұмыстары тоқтайды. Ел қатты қиналып қалады. Ал жұмысшы қазақтарды қорғап жатқан ешкім жоқ. Жұмысшының жоғын жоқтайтын тәуелсіз кәсіподақ жоқтың қасы. Еңбек қорғау заңының түрі анау: бас көтеруге болмайды, сотталып кетесің!

Жұмыс берушілер аспаннан салбырап түскендей, қанша төлегісі келсе, сонша төлейді. Жұмыстың құны болу керек. Әр жұмыстың сапасымен бірге бағасы да болуы керек. Бір шеге қақсаң да, құны болуы шарт. Сонда ғана жұмыстың мәні болады, ол – табыс, ал табыс – күнкөріс.

Әйтпесе қазіргі уақытта Қазақстанда жұмысшылар құл санатында! Жігіттердің кеуделері ашуға толы. Булығып, іштен тынады. Бәріне көне береді. Өйткені олай-бұлай «бір жағдайға» ұшырасаң, отбасың аштан өледі. Сондықтан жұмысшы халық өлместің күнін көріп, тыныш жүр. Әзірше… Жағдай осылай бола берсе, бұның соңы неге соқтырарын ойласаң, төбе шашың тік тұрады. «Қоянды қуа-қуа, батыр болыпты» дейді қазақ. Соның кебін киеміз бе деп қорқамын.

Не істеу керек? Қайтсек жағдайымыз жақсарады? Біз істеп жатқан құрылыстағы бір бөлмелі пәтердің құны 60 мың АҚШ доллары. Маған бұл пәтерді сатып алу үшін тұрақты жұмысым болды деген күннің өзінде он алты жыл өмірім қажет екен. Он алты жыл бойы мен не отбасыма, не жолыма, не тамағыма көк тиын жұмсамауым керек екен! Бұл мүмкін нәрсе ме?!

Менің бір айда тапқан 100 мың теңгем пәтер ақым мен тамағыма ғана жетеді. Кейде ақша жетпей қалады, ондай жағдайда әйелімнің қырық жылғы алтындарын ломбардқа тапсырамыз.

Бұл уақытша болса да, жұмысы бар адамдардың жағдайы. Ал жұмыссыз жүргендер қалай күнкөруде? Сонда жоғарғы билік өз халқын ойламай, шошқа тағалап отыр ма? Не тындырып жатыр? Үкіметке керек болмаған соң, біз кімге керекпіз? Елге өзбек «гастарбайтерлерін» кіргізіп, қазақтарды қаңғыртып қойған Қазақстан үкіметінің саясаты – не қылған саясат?! Түсінсем, бұйырмасын?! Бұл үкімет не үшін өз халқын соншама жек көреді?!

Санат ӘЛИ,

уақытша жұмысшы,

Қапшағай қаласы

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн