Баян-сұлу БЕКЕР бүлінеді

Айтуға оңай

 

Танымал тележүргізуші және продюсер Баян Есентаева өзін қазақ тілін білмегені үшін сынағандарға әлеуметтік желі арқылы жауап берді. Оның айтуынша, туған тілін білмегені үшін жиі сын еститін көрінеді.

Сол себептті де жуырда әнші бұл сынға жауап ретінде инстаграм парақшасында: «Иә, дәл солай, мен орыс тілінде ойлаймын, орыс балабақшасына бардым, орыс мектебін бітірдім: ол кезде қалада тек бір ғана қазақ мектебі бар болатын. Бірақ ол ақталғаным емес, ақталғым да келмейді! Өзіме сын айтатындардан: «Менен қай жеріңіз артық, өз халқыңыз бен еліңіз үшін не істедіңіздер? деп сұрағым келеді», – дейді.

Сонымен бірге Баян-сұлу: «Тек қана қазақша сөйлегеніңіз үшін өздеріңізді нағыз қазақ ретінде санауға кім құқық берді? Мен – қазақпын! Жүрегім – қазақ! Жаным – қазақ! Істеген істерімнің барлығы, біріншіден, қазақ тілін, мәдениетін және шығармашылығын дамыту үшін жасалады. Қазір мен орысша сөйлесем де, «Қазақ аруы» байқауын дайындап жүрмін. Бұл жоба, ең біріншіден, қазақ халқының тілін, әдебиетін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға бағытталған. Мен ештеңеден ұялмаймын…» – деп жазған.

Иә, осыдан кейін, Баянның қазақ екеніне ешкімнің дауы болмаса керек. Өзінің қазағын дүниеге орыс тілімен танытып жүрген аруға айып таға беру – әділеттің әлпеті болмайды. Бастысы – жаны мен жүрегі қазақ қызды қайрай беруді қойған жөн шығар…

Бетті дайындаған –

Төлеу ТҰРМАН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн