Көмірлі Қарағанды КӨМІРГЕ ТАПШЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (401) от 12 октября 2017 г.

 

Қазақстан интернет иірімінде


 

Қарағанды облысының халқы үйлеріне көмір жағып, жылыта алар емес. Шахталардың аузындағы кезек бірнеше шақырымдарға созылып кеткен.

 

Жүк тиеу бекетінен күн сайын тек 50 машина ғана аттандырылады. Жүргізушілер тәулікке жуық уақыт кезек күтіп тұр. Келісім-шарт жасасқан кәсіпорын еш кезексіз талонмен алады. Олар көбінесе жаңа ғана әкелінген көмірді тасып әкетеді. Ал жеке адамдарға жазда дайындалып қойған көмір беріледі. «Бұл жерде күн сайын төбелес. Үйде көмір жоқ, жылу жоқ. Қарағандыда тұрамыз, бірақ көмір жетпейді, бұл деген ұят әрі күлкілі», – дейді тұрғын.

Ал қоймада қалған-құтқан көмірді ешкім сатып та алмайды, себебі ол дұрыс жанбайды екен. Көмір тапшылығынан әсіресе алыс аудандар зардап шегіп отыр. Қатты отынның бағасы да бензин бағасымен бірге шарықтап барады.

«Бензинді кей жерлерден 153–160-қа құйып аламыз. Ал кей бекеттерде жанармай тіпті жоқ. Ал көмірді алыс аудандарға тасыған кезде біз оны тоннасын 17–18 мыңнан сатамыз. Біздің қырып пайда тауып жатқанымыз шамалы», – дейді Қуандық Мұқашев. Кезекте тұрғандардың алпыс пайызы көрші облыстан келгендер. Ал шенеуніктер болса, вагондарға қатысты еш проблема жоқ дейді. Билік біресе ауа райын, біресе шыдамсыздық танытты деп халықты кінәлайды.

«Екі ауысым бекітіліп, олар тәулігіне 50 машинаға тиеп жатыр. Қазір ол жердегі жұмыс күніне 150–170 машинаға дейін жоғарылады. Яғни, жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр. Сонымен қатар Шұбаркөлден 25 вагон Қарағанды мен Қарағанды облысына тәулік сайын қатынап жатыр», – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

Билік мәселені бір апта ішінде шешеміз дейді. Бүгіннен бастап, жұмыс тәуліктік режимге көшіп, көмір күнде де, түнде де сатылатын болды.

Stan.kz

 

 

 

 

«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» ҚҰНЫ кәдімгі алтынмен пара-пар

 

Жоғары сапалы деп саналып, халық арасында танымалдылыққа ие болған «Шұбаркөл» көмірін Қарағандыдан табу оңай емес. Біз хабарласқан фирманың бірі көмірді тек вагонмен жіберетіндігін айтса, тағы бір фирма «Шұбаркөл» көмірінің тоннасын 9000 теңгеден сататындығын, бірақ дәл бүгін қалада көмірдің жоқтығын айтты.

 

«Қазір қалада арзан көмір жоқ. Ол 7-8 күннен кейін болады. Егер «Шұбаркөл» көмірінің тоннасын 11-13 мың теңгеден емес, 9 мың теңгеден алғыңыз келсе, алдын ала 15 пайызын төлейсіз. Себебі көмірге тапсырыс берушілер өте көп, арзан көмір қалаға келгеннің өзінде барлық тұтынушыларға жетпейді», – деді Ерғазы есімді жігіт.

Көмір сатумен айналысатын тағы бірнеше орынға хабарласқан едік. Бұл фирмалар «Шұбаркөл» көмірін 11000–13000 теңгеден, ал «Кузнецк» көмірін 6500–8000 теңгеден сататындығын айтты. Бұл облыс орталығындағы жағдай. Ал аудандар мен ауылдардағы көмір бағасы бұдан әлдеқайда жоғары болуда.

Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста жеке меншік тұтынушыларға арналған көмір бағасына қатысты мәселе талқыланған болатын. «Шұбаркөл көмір» АҚ өкілі Нина Горнякова келісім-шарт жасасқан мекемелерге көмір 4502 теңгеден сатылатындығын айтқан. Ал Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаевтың айтуынша, халыққа арналған көмір тапшы, қарапайым тұрғындар үшін мұндай арзан көмір қолжетімсіз болып отыр.

«Жалын» халыққа қажетті көмірді шығармайды. Ал «Шұбаркөл» бағаны тоннасына 8500 теңгеге көтеріп жіберген. «Камаз» жүргізушілер көмір алу үшін екі-үш тәулік бойы кезекте тұрады. Қарапайым тұрғындар үшін тоннасы 4502 теңгенің көмірі қолжетімсіз болып тұр. Ондай келісім-шарттар тек ірі кәсіпорындармен жасалған», – дейді Тілектес Досаев.

Жібек МҰҚАШЕВА,

Вaq.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн