Маңғыстауда жұмысшылар ҚЫСҚАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Бұл екі арада

 

Маңғыстау облысындағы «Бозащы Оперейтинг», «Қарақұдық мұнай» және «Аңсаған Петролеум» компанияларына сервистік қызмет көрсететін ресейлік «Юговосточная сервисная группа» (ЮВСГ) компаниясының жүзден астам жұмысшысы Ақтауда жұмыстан қысқартуға наразылық танытып, облыстық кәсіподақ кеңесі үйіне жиналды.

 

Жиналғандардың айтуынша, олардың 33-і таяуда ЮВСГ компаниясынан қысқарту туралы ескерту алған, қалған 80-нен астамы бұдан бірнеше ай бұрын жалақысының елу пайызы ғана төленетін еңбек демалысына шыққан. Жиынға облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілі де қатысты.

Жұмысшылар компанияда жұмыстан қысқарту мәселесі өткен жылдың қараша айынан бастап көтерілгенін айтады. Жұмысшылар жиынға шақыртылған компания мен прокуратура өкілдерінен өздерінің мәселелеріне қатысты жауаптарын күтеді.

ЮВСГ компаниясының директорының орынбасары Александр Дажин бұған дейін «Азаттыққа» 33 жұмысшыға берілген қысқартуды қайтарып алатындарын, жұмысшылар мүлдем қысқартылмайтынын айтқан. Дажин есесіне жұмысшыларға бір-екі ай мерзімге елу пайыздық жалақы төленетін еңбек демалысына шығу ұсынылатынын айтқан. Бірақ жұмысшылар бұл ұсынысқа келіспейді.

Azattyq.org

  • Редакциядан:

Осы жағдайға байланысты Маңғыстау облыстық әкімшілігі мүдделі компаниялардан жұмысшылар қойған мәселені жедел шешуді талап етуде. Облыс әкімі Алик Айдарбаев дағдарыс жағдайында жұмыс орындарын қысқартуға жол берген кәсіпорындардың мәселесін заң орындары арқылы шешуге бел байлап отыр.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн