Нұр-ағаға деген сенім НҰРАМЕН АҒЫП КЕТТІ

Апат айтып… келді

 

Қызыл Ағаш, Көкпекті – көктемгі көп тасқынның біріне көмілген екі ауыл. Өзгесінен гөрі, осы екеуінің «жыры» көп айтылды демесеңіз, жыл сайын ақпан аттап, наурыз басталысымен, Алтай мен Атыраудың һәм екі түстіктің арасы тасқыннан көз ашпаған. Алып кеткен, шағып кеткен, жарып кеткен адам қолы қиянатынан гөрі (бетін ары қылсын), біржола сыпырып кететін табиғат апаты – тасқынның залалы – орны толмас өкініш-ақ!

 

Енді, міне, кішігірім ауыл-аудан емес, бір облыстың бойы, анығырақ айтқанда, Қарағанды облысы су тасқынынан зардап шегіп отыр. Көл-көсір даудың ортасына топ еткізіп тастап кеп жіберсең, төтелеп тартатын төтеншелік министр Владимир Божко бұл жолы да дағдылы әдетіне бағып көрді. Тұрғындарды жалқау деді: үйлерінің маңын қардан аршымаған деп соқты. Оны аршып тастағанда, ол қар аспанға ұшып немесе басқа планетаға ауып кетер ме еді?!

Қойшы әйтеуір, осылайша қырдағы қырық қисынның аузына да құм құйғандай өз сөзіне өзі мәз болып жүрді. Бұл, әрине, алғашқы апаттық жағдайларда айтылған сөздің сиық-сықпыты болатын. Ал қазір ше? Божконың бір басы түгілі, тұтас биліктің шырқы кетуге шақ!

Сосын ғой Назарбаевтың сайлау алдында елді дүрліктірмеу үшін: «Біз жағдайды бақылап отырмыз» деп, басу-басу сөз айтқаны. Бақылағанынан не пайда – 15 мыңнан астам адам топан су астында қалған үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Ал сіз топан судың астында қалған елу елді мекенде, я болмаса енді басу қаупі төніп тұрған 30 ауылды жерде туысқаныңыз болса, сұрап көріңізші: «Тілсіз жаудың жағдайы қалыпты, әрі бақылауда ма?» – деп. Ол кісі тасқынға айтқан көп нәлетін сізге де төгіп-төгіп алсын!

Мұндай «қалыпты жағдайдағы» һәм «бақылаудағы» апатты сол ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары В. Божконың аузымен берсек: «Жалпы, суға кеткен үйлер саны Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының 17 ауданында 1149 үйді құрады. Қазіргі таңда 511 үй суға кетіп отыр», – деген болатын. Бұған 89 учаскедегі 173 шақырым көлік жолын қосып қойыңыз!

Сонда деймін, бұл халық кімге өкпелеуі тиіс? Табиғаты тасқынға жаратылған Нұра сияқты өзенге ме, әлде су астында қалған жұрттан бұрын сайлаудың қамын күйттеген Нұр-ағасына ма?

Егер де сол Нұр-ағасы мен қара нөпір «Нұр Отаны» қала кезіп, қайдағы бір құр жиылыс, даңғаза шоудан дауыс термей, Қарағандыға тартып отырғанда, қарашобыр қарашаның қасынан табылғанда – Қазақстандағы қалың дауыс Назарбаевқа аунап түспес пе еді, тәйірі?!

Шын мәнінде олай болмаса, әлгі жарамсақтар айтқан 99 пайыздық дауыстың тап осы Қарағандыда желге ұшқаны дей беріңіз?! Әлбетте, ол Нұр-ағасы қажетті дауысын «санап» алары даусыз. Бірақ топан сумен ағып кеткен сенімді қайтеді?!

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн