НАНҒА ЗӘРУ болып қалмайық!

Турабилер тұғыры

 

Айгүл Болатханқызы:

Бүгін – көп қазақтың Алматыға шоғырланып, жер алуына себепкер жан, ұлтжанды азамат, қоғам қайраткері, намысшыл қазақ Заманбек Қалабайұлының опат болған күні еді… Апаммен бірге Кеңсайға барып, Құран бағыштадық… Кеудеме өксік тығылып жүрді кешке дейін…

Мен ол кісі жайлы көп оқыдым… Есімнен кетпейтіні – Ла-Скалада ән салған қазақ Амангелді Сембиннің баспаналы болуына себепкер болғаны, ал атақты әншінің арнайы келіп, Зәкеңе алғыс айтқаны мені қатты толғандырған болатын. Ірілік пен парасаттылықтың көрінісі еді бұл.

 

Арман Сқабылұлы:

Аяқ астынан нанның қадір-қасиетін түсіндіріп, қызық болды-ау! Радионы ашып қалсаң, теледидарды басып қалсаң, менің әжемнің миыма құйып кеткенін есіме түсіріп әлек. Бұрын қайда қалған? Нан бағасының қымбаттауын осымен жуып-шайғылары келеді. Нанның бағасының қымбат болғаны дұрыс! Оған жұмсалып келген субсидияның басқа мақсатқа жұмсалғаны да көңілге қонады. Тек осыған дейін «шалқып» өмір сүргенде, қасиетті нан табанның астында тапталып жатқанда неге айтпадыңыздар мұны? Неге сол кезде күндіз-түні сайрамадыңыздар? Неге сол кезде бағасын көтермедіңіздер? Нанның қадірін білетін жұрт ол кезде қыңқ демес еді ғой!

Енді қайта-қайта нанның қадірін айтып, онсыз да көңілі пәс жұрттың миын жемей, шындықты айтайық. «Жағдай қиын! Мемлекет жыртығын жамау үшін, осындай қадамдарға барып отыр!» Біз түсінеміз. Әйтпесе ертең күріштің қадірін, бүрсігүні – қанттың қадірін, сосын – судың қадірін айтып кете беретін сияқтымыз ғой…

 

Айгүл Орынбек:

Мамытбеков сияқты көршіден құдай сақтасын!

«Қар астында қалған бидай – жеке кәсіпкерлердің бидайы» дегені – қай сасқаны? Көршің аш жатса, бүтін нанды бөліп жейсің. Сонда бұл министр «Мемлекет – бір бөлек, жеке кәсіпкер, яғни халық – бір бөлек өмір сүріп жатыр» деп отыр ма? Сол кәсіпкердің нанды ертерек жинап алуына не үшін көмектеспеді? Ауыл шаруашылық министрі болып не үшін отыр ол орында, осындай мәселелерді шешпесе? «Халықтың жағдайын жасап жатырмыз ғой» деген сөзден аса алмай жүр кейбір шабармандар. Сөзбен шаппай, іспен шапса, дұрыс болар еді. Кризис түгілі бәлесі де жоқ. Нанды қатарынан қанша жыл ысырап қылып келеміз. Құдайдан қорқамын, осы нанға да зәру болып қаламыз ба деп.

 

Қуаныш Еділхантегі:

Осында бір орыстілді қазақ (түріне, аты-жөніне қарағанда, мүмкін, тіпті ұйғыр шығар, кім біліпті):

«Жеке куәлікті ауыстыратын кез келді, бұдан былай өзімді қазақ емес, қазақстандық деп жаздыртамын», – депті. Осы былшылға 340-тай адам «лайк» басқан, көбі – қазақтар.

Боқтайын десем, бізде дұрыс боқтық сөз жоқ екен ғой, әрі кеткенде шешең, анаң… Ол да кейбір ағаларыңның «айналайын» деп еркелеткеніндей әсер ететін жағы тағы бар, сондықтан орысша сықпыртып алуға тура келді. «Лайк» басқандардың ішінде кейбір «достарым» да жүр екен, оларды ашумен достықтан шығарып тастадым.

Енді ойланып отырмын: мұнымен мәселе шешіле ме? Енді не істейміз, қазақтар?

Кейбіреулер биологиялық қазақ бола тұра, ұлтының қазақ болғанына қорланады, өздеріне ар көреді, өздерін жоғары, ал өз ұлтын өзінен төмен санайды. Мұны өздері іштерінен біліп қоя қойса да ештеңе емес, сонысын ашық алаңға шығарып, емін-еркін талқылайды – мұндай да сұмдық болады екен!

Енді осы айтылғандарды сол иттің асыраған балалары түсінсін деп, орысша жазсаң, тағы да солардың диірменіне су құйғандай боласың. Біздегі көп қазақтардың басты қателігі де осында – орыстілділер түсінсін деп, орысша жазады да, еріксіз солардың ығына жығылған болып шығады. Егер өз ана тілінде жазса, әлгілер «біз туралы қазақтар не деп жатыр екен?» деп, амалсыз қазақша оқуына тура келер еді, сөйтіп өздері туралы көп жаңалық естіген болар еді.

Сонымен, не істейміз?

 

Назира Дәрімбет:

Шын айтсам, Украинадан кейін, өз еліңде екі қазақ орысша сөйлегені тіпті ұят екен… Украиндықтар орыс тілінде жазу мен сөйлеуді қазақтар өз ана тілдерінен артық меңгергенін немесе өз тілін білмейтінін, шынында да, түсінбейді.

 

Темірғали Көпбаев:

Кеше Алматының маңайында тұратын бір танысымның үйіне барып едім. Үй егесі: «Наконец-то біздің елдің жігіті Алматыға әкім болды», – деп көтеріле мақтанып отырды. Өзі әрең жан бағып жүрген ауылдағы қарапайым адамға айдаладағы біреудің калаға әкім болғанынан келіп-кетер нәрсе бар ма? Әкім мұны танымайды да ғой. Несіне мақтанады? Біздің қазақ та қызық-ау!

 

Әсия Бағдәулетқызы:

«Үй алу ойыңда бар ма, шетелдегідей көшіп жүре бересің бе?» деген сұрақты жиі еститін болдық. Шетелдегідей көшіп-ақ жүрер едің-ау, егер нарықта әділ бәсекелестік болса.

Жақында маған өте талантты, оқымысты кісі хабарласты. «Тиын-тебен төлейтін болса да, жұмыс тауып берші» дейді. Ол кісінің жұмыс сұрап тұрғанына мен ұялдым. («Неге бастық емеспін?» деп сондай кезде қолыңнан түк келмегенге қынжыласың). Өйткені оның білімімен, оның қабілетімен кез келген қоғамда жақсы өмір сүруге болады. Құндылықтар жүйесі дұрыс қоғамда.

Ал біздің елде ертеңгі күніңе сенім жоқ. Бардың бәрі баянсыз.

Сондықтан да құрқылтайдың ұясындай болса да, пәтерім болса дейсіз. Пәтер біз үшін қорған сияқты. Жоқ, біз қазір батыр емеспіз. Бізге көзбен көріп, қолмен ұстайтын, лажы болса, өзіміз ішіне түгел сыйып кететін, қаупі көп қоғамнан қорған керек.

 

Айдос Жұқанұлы:

90-жылдары және бертінге дейін заң және экономика факультетіне түсу мода болатын. Нәтижесін көріп отырмыз. Экономика құлдырап барады, әлі шикізатқа тәуелдіміз, әрі оның өзін өткізу қиындап барады. Парламент заң қабылдаудан алдына жан салар емес. Өтініш жазса, Гиннесстің рекордтар кітабына кіргелі тұр. Кез келген салаға қатысты заң орындала бермейді, һәм заңды айналып өтетін коррупцияға белшемізден баттық.

Соңғы кездері журфакқа түсу трендте. Эфирден көріну мақтан. Сарапшы журналистер көлеңкеде қалып, «аузы қисық» дикторлар көбейді. Кадр сыртынан «сақаулар» сарнауда.

(Пікірлер «Фейсбук» желісінен іріктеліп алынды)

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн