ҚОС БАТЫР

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №15 (379) от 20 апреля 2017 г.

 

Дабылды дата

 

Алдаспан

 


Жеріміз үшін шырылдаған Макс пен Талғатқа арналады

 

Қаралы күн… Қос құлының сотталды,

Көзімізден жас түгілі – от тамды.

Керісінше темір торға тықпай ма,

Бойларында ар-намысы жоқтарды!

 

Көзбен көрдік жерге талас – көкпарды,

Ерлер басын көтерген соң тоқталды.

Талғат, Макс атанса да қылмыскер –

Алаш үшін нағыз батыр боп қалды.

 

Артық емес ақыр заман десем бұл,

Жалған жала қазақ үшін кесел құр.

Бұл жерімді қорғағандар қор болып,

«Бір жерлерін» қорғағандар есен жүр.

 

Біздің билік кешіретін тегінде,

Кешірмеді… тықты келіп темірге.

«Жерім» деген ерлеріңді соттаса,

«Елім» дейтін ерлер қалмас елімде.

 

Тақ басында ойлайтындар өз басын –

Қаның қайнап қайтіп арқаң қозбасын?!

Қарнын сипап отырғандар – Талғаттың,

Анасының көрмеген бе көз жасын?!

 

Түк өзгермес – айта-айта жақ талар,

Күн жеткенде қос батырың ақталар.

Сонда билік төмен қарап қалғанда,

Сонда халық қос батырмен мақтанар!

Торғайлық ақын –

Саят ӘБЕНОВ

 


 

Атырау митингісіне – БІР ЖЫЛ БОЛДЫ

 

Алдымыздағы 24 сәуірде Атыраудағы Махамбет пен Исатай алаңында жерді сатуға қарсылық митингісінің өткеніне бір жыл толады. Бүкіл Қазақстандағы наразылық акцияларына түрткі болған осы Атырау митингісі – жаңа тарихтың жарқын беттерінің бірі болса керек. Төменде біз осы датаға байланысты редакцияға келіп түскен хаттардың бір порасын жариялап отырмыз.

 

 

Иә, ел халқының ерік-жігерін оятқан осы митингілерден қалған көңілсіз естелік – Макс Боқаев пен Талғат Аянның жазықсыз сотталуы болды. Біздің бүгінгі батырларымыз «аукцион арқылы сатылатын болса, шетелдіктер сатып алып, жерсіз қаламыз» деген түсінікті ту етті. Ақыры, бірінші болып атойлап шыққандары үшін жазықты болды.

Бірақ қос батырымыздың бастамасын қолдаған қалың халықтың қаһарынан қаймыққан билік Жер кодексінің дау-дамай тудырған баптарына мораторий жариялауға мәжбүр болды. Қазақ халқы үшін жер деген ұғым киелі екені Ақорданың санасына осылайша жеткен еді. Ендеше қазақстандық билік өз жерлерін қорғап қалған қос қырандарымызды босатуы керек! Макс пен Талғаттың тағдыры – бұл қазақ халқының тағдыры. Қос батырымыз болмағанда, жеріміз сатылып кетер ме еді?

Олар қоғам алдында жазығы бар қылмыскерлер емес! Ал Макс пен Талғатты нақақ соттаған судьяларға – Сандуғаш Сүлейменоваға, Тәтті Уалиеваға және Жұлдыз Мадьяроваға тарих өзінің қара таңбасын салары хақ.

Гүлнәр БЕСҚЫЗЫ,

Атырау облысы


Осыдан бір жыл бұрын Атырауда өткен митингте халық өз даусын билікке бейбіт және мәдениетті түрде жеткізді, ешқандай бұзақылық жасалмады, еш нәрсе сынып, бүлінбестен өткені өз алдына, «елім, жерім» деп елжіреген атыраулықтар Қазақстанның әнұранын қайта-қайта шырқап, миллиондаған жүректерді сүйсінтті, жер-жаһанға демократиялық үрдістің үлгісін көрсетті десем артық емес.

Бірақ қынжылтатыны, зығырданды қайнататыны – халық бұл қойылымды көріп, түсініп, біліп тұрып, көбінің әділін айта алмағандары… Жазықсыз сотталған Макс пен Талғатқа бір ауыз қолдау лебізін білдіруге жарамай, талайлар теріс айналды… Қолдайтындарын сырттай айтқандарымен, талай соқталдай жігіттер бірде-бір сот отырыстарында төбесін көрсетпеді. Таныстарым мен жақын деген адамдарымның өзі міңгірлеп, тіпті сыбырлап қалды, «құдайшылығын», әділдігін, дұрыстығын, турасын айта алмады… Әркім өз қара басының, одан қалды бала-шағасы мен туған-туыстарының қамы үшін «үнсіз» қалды.

Ақыры «істі қайта қарауға негіз жоқ» деп, ҚР Жоғарғы соты Макс Бокаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша кассациялық шағымды қайта қараудан бас тартты. Сот процесі басталған кезден бастап, судья Г.Даулешова өз қауіпсіздігін заңмен қамтамасыз етіп алды. Оған не себеп болды деген еріксіз ой келеді. Мойнында бірнеше адамның қаны жүктелген қанішерді немесе терроршыларды соттап отырған жоқ, бар айыптары – қазақтың жерін қорғауға бас боп шыққан жазықсыз жігіттерін жазықсыз жалалы етті.

Тергеуде том-том материал жазылып, ондағы айыптау куәгерлері болып саналатын 247 адамның төрттен бірі сот барысында куәгерлер ретінде шақырылған жоқ. Неге? Әлде судья «оларды шақырсақ, екі азаматтың жазықсыз сотталып жатқандары туралы айтады» деп қорықты ма?

2016 жылғы 21 қазандағы сотта прокурорлар К.Сыдықов пен М.Хабибуллин «Сотталушылардың кінәсі толығымен дәлелденді, себебі 24 сәуірдегі митингі бейбіт өтпегенде, алаңда кетіп бара жатқандар мен демалып жүргендер, сондай-ақ кіші бизнес нысандары зардап шегуі мүмкін, Бокаев пен Аяновтың келісіп іс-әрекет жасағандары дәлелденді» деді. Бұл барып тұрған нақақ жала еді.

Сотта қаралған 59 бейнероликтердің ешбірінде ҚР ҚК 400-бабына жататын, қылмыстық жауапкершілікке тартылатындай әрекет көрінбеді. ҚР ҚК 174-бабының 2-тармағына келетін болсақ, мемлекеттік биліктің өкілдері мен халықтың арасында «әлеуметтік алауыздық» тууы мүмкін емес. Себебі билік өкілдері әлеуметтік топқа жатпайды.

Бес айға созылған тергеу кезіндегі 73 томдық материалдың 30-дан астамы аударма, 5-і куәгерлерді тергеу кезіндегі хаттамасы (осы куәлардың өзі сотқа шақырылмады), ал 17 томында тек скриншоттар (іске қатысы жоқ) тігілген. Нәтижесінде небәрі 20 томдай материалдың барлығы дерлік дәлелденбеді.

Адвокат Т.Аяновтың айтуынша, 21 шілдеде тергеу тобының жетекшісі, ҰҚК-нің Атырау облыстық департаменті 9-басқармасының бастығы полковник Абуғалиев құрамында қылмыс болмағандықтан, осы қылмыстық істі қысқарту туралы қаулы шығарған. Бірақ бұл қаулы сот кезінде қаралмады.

Жердi сатуға қарсы митингке шыққандар төңкерiс жасауды мақсат тұтқан жоқ. Төлешовтiң сандырағын бұл іске қыстырып, оқиғаны ушықтырғаннан кім, не ұтты? Осы іске «басшылық жасағандардың» көздегенi не?

М.Боқаев пен Т.Аяновтың жазықсыз сотталғаны туралы елбасының атына да жазылып, құзіреттi органдардың жiберген қателiктерiн түзеттiрудi, екi азаматты бостандыққа шығарту туралы көмек сұралды, бірнеше мәрте петиция жазылды – осылардың ешбірінен нәтиже жоқ. Тек қана қос батырдың арқасында «мораторий»» жарияланды. Ол да 5 жылға ғана…

Шаттық ТӘЖКЕНОВА,

Атырау қаласы

 

• Макс пен Талғат батырларымызды қорғай алмасақ та, қолымыздан келгенше қолдайық! Телеграмма жіберіңіздер, xат жазыңыздар! Олар отырған түрменің мекен-жайы: Заречная көшесі, 100. ЕС 164/3 мекемесі. Петропавл қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы. Пошта индексі – 150000.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн