Рухани жаңғыру үшін, УХАНИ ОЯНУ КЕРЕК

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №41 (405) от 09 ноября 2017 г.

 

Жаңғырудың екі беті


 

Үйді жаңғырту үшін, басыңда үйің болу керек. Машинаңды жаңғырту үшін, астыңда машина болу керек. Ал РУХты жаңғырту үшін, адамда РУХ болу керек. Егер ОЛ болмаса, неңді жаңғыртасың?

 

Сол РУХ бүгін қазақта бар ма? Рух деген не, оның сипатын, қасиет-қадірін түсінеміз бе?

Меніңше, жоқ, түсінбейміз. Қырғызияда екінші революциядан кейін қазақ журналисіне берген сұхбатында белгілі қырғыз саясаткерінің айтқан сөзі бар: «Қырғыздар кедейліктен, аштықтан революция жасады десеңіздер – қателесесіздер, біздің рухымыз биік, елімізді, жерімізді өз құлқынын ғана ойлайтын алаяқтарға билетпей, халық болып, өзіміз билеуіміз керек, сол үшін күресеміз».

Осы сөзге не айтуға болады? Қарсы сөз айта алмайсың. Соның дәлелі ретінде жақында ішкі және сыртқы кедергілерге қарамай, әділ сайлау өткізіп, жаңа президентін сайлады.

Қазақтың Рухы өлген деп айтуға болмайды. Ол терең ұйқыда (в летаргическом сне) сияқты. Осыдан бір ғасыр бұрын Міржақып Дулатов ОЯН, ҚАЗАҚ! деп үндеу тастады. Бірақ сол қазақ күні бүгінге дейін оянған жоқ сияқты.

Оған не себеп? Ресей империясының үш ғасыр бойы қазақ даласын билеп-төстеп, зорлық пен зомбылық көрсетіп келе жатқан саясатының салдары деп айтуға болады. Үрей, қорқыныш қазақтың етінен өтіп, сүйегіне жеткен.

Осыған дәлел ретінде бір мысал келтірейін. Менің әкемнің әкесі, яғни атам Ділдәбек 300-дей жылқы айдаған ортан қолды бай болған екен. Бұл оқиға 1928 жылғы конфискациядан екі-үш жыл бұрын болған. Ауылы Қарқаралы уезінен 250 шақырымдай жерде, қазіргі Жаңаарқа ауданында орналасқан. Бүкіл қазақ даласы орыстарға салық төлеп отырған. Сол салықтан тыққан малы бар деген сылтаумен жеті орыс солдаты келіп, ауылдарды аралап, беделі бар, сөзі өтетін, халқы арқа сүйеп отырған жеті азаматты ұстап, солдаттар – атпен, олар – жаяу, Қарқаралыға айдап әкетеді. Ауылдан ұзағаннан кейін жолда төбесі жабық, шошақ молаға бәрін қамайды. Сол мезгілде далада бойы адамнан биік боп өсетін қалың шидің арасымен ауылға қарай келе жатқан, жанында он жас шамасындағы баласы бар ауыл азаматы шидің арасында тығылып, бәрін көріп тұрады. Күрсілдеп атылып жатқан мылтықтардың даусынан жанындағы баласы шошып, бақырып тұра жүгіреді. Қайран әке, балаға тие қоймас деген үмітпен баласының артынан жүгіруге қорқып, отырып қалады. Өзін де аналармен бірге атып тастайтынына көзі жетіп тұр. Бір солдат шырылдап жүгіріп бара жатқан баланы көріп, атқа міне сап қуып жетіп, желкесінен іліп алып келіп, оны да атып тастайды. Жауыздар қылмыстарын жасап болып кеткеннен кейін жүгіріп келсе, моланың іші қып-қызыл қан, бір адам ғана тірі, су сұрап жатыр екен. Басындағы топысымен жаңбырдың суынан іліп алып келсе, өліп қалыпты. Сол кісі ауылға бауырымдап хабар береді. Су сұрап, тілге келген кісіні жуындырып, арулап қояды, қалғандарын шейіт кетті деп, шешіндірмей сол киімдерімен жерлейді. Сонда атам 44 жаста ғана екен. 10 жастағы баланы да аяған жоқ.

Міне, бұл қазақтың даласындағы бір-ақ эпизод. Одан бұрынғы-соңды қазақты даланың сары шұнақ тышқанындай қырған қанды оқиға қаншама? Тарихтан белгілі: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да осының жалғасы. Кешегі Жаңаөзенде болған оқиға да соның салқыны. Оның бір ерекшелігі – ақырында қазақты қазақ қырды. Не үшін?..

Қорқамыз. Жалтақтаймыз. Рухымыз сөнген. Орыс саясатының негізгі мақсаты да сол. Сондықтан СССР тарағанда, 15 республиканың ішінен ең соңғы тәуелсіздік алған да – біз, оның өзінде славяндар бізді қатарына тартпай, итеріп тастаған соң, Тәуелсіздік декларациясын жариялаудан басқа амал қалмады. Бүгін біз қазақ ұлты болып, өзімізді жоғалпауымыз үшін, алдымызға мақсат қоя білуіміз керек. Ең бірінші және өзекті мақсат – қазақ өз РУХын ояту, оны жанымен сезіне білу. Рухын жан дүниесімен сезінген адамның бойында қорқыныш-үрейге орын қалмайды. Рухы биік адам алдына ізгі мақсат қоя да және оған жете де біледі.

Ал енді сұрақ туады: ол үшін не істеуіміз керек? Менің ойымша, бүкіл қоғам болып, жаппай ана тіліне көшуге еңбек етуіміз керек. Ол үшін ана тілін білсін-білмесін әр қазақтың жүрегі «мен қазақпын» деп соғуы керек. Бір-біріңмен орыс тілінде сөйлесу атаның қаны, ананың сүтінің алдындағы кешірілмес күнә деп ұғыну керек те, өзіңе-өзің қатал талап қоя білу керек. Үкімет, парламент отырыстары, жоғары оқу орындары ана тіліне көшкенде, қазақтың Рухы орнына келетініне ешқандай күмән жоқ.

Егер билік осы мақсатты алдына қойып, қазақ тіліне бүгін көшсе, онда бүкіл Қазақстан бір жылдың ішінде түгел қазақша сөйлеп кетер еді. Өкінішке орай, ол болмайтын шаруа. Оған көзіміз жететін уақыт болды ғой. Биліктің мақсаты басқа, қарапайым қазақтыкі – басқа.

Әуелі Рухымызды оятайық, етімізден өтіп, сүйегімізге сіңген қорқыныш-үрейден, санамызға сіңген құлдық санадан арылайық. Сонан кейін Рухымызды қалай жаңғыртамыз, қандай әліпбиге көшеміз – өмір өзі көрсетеді.

Фахридин ЖҰМАШҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн