ҰРЫМЕН ҚИМАЙ ҚОШТАСТЫҚ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №40 (404) от 02 ноября 2017 г.

 

Ойдан-қырдан

Құй күл, құй жыла


 

Алдыңғы күні түнде көршімнің мәшинесін тонағалы жатқан ұрыны ұстап алдық – көршім екеуміз. Сосын сақшыларға телефон шалсақ, алмайды ғой. «Қой, мен үй телефонынан хабарласайын!» деп кеткен көршім жарты сағаттан кейін келді. «Ешкім алмайды» дейді. Ол келгенше, қашпақ болған ұрымен біраз алысып алдым…

Ұрымызды жетектеп күре жолдың бойына келдік. Ойымыз – жол сақшысы өтсе, соларға тапсыру.

Жәй отырмай, «102»-ге хабарласып отырмыз. Бір кезде менің қоңырауымды көтерді. «Құтқару қызметі» дейді. Мен «Сақшы керек!» деймін. Сөйтсем, әлгі қарағым: «Оларға соққан қоңырауыңыз түспесе, онда сіздің телепоныңызда арнаулы бағдарлама болмағаны ғой» деді де, қоя салды. Не бағдарлама екенін – итім білсін…

Таңғы 4.50 болды. Басымыз салбырап, үшеуміз отырмыз. Бір кезде ұрымыз айтады: «Ақыры, мына бәлелер келмеді ғой, маған таксиге ақша беріңдер, үйіме қайтайын. Ұйқым келді» дейді. Біз де қарап отырып, шаршап отырмыз. Қалтамыздың түбін қақсақ, көршімде 70 теңге, менде 60 теңге бар екен. «Енді біздің көшеге ұрлыққа келмеймін» деген жігіттік уәдесін алып, ұрымызды таксиге отырғызып жібердік. Көршім әуелі ұрыны ұстап алғанда, ет қызумен оны ұрып құлатқан еді. Сол есіне түсіп кетті-ау деймін, ұрыны құшақтап, ұзақ қоштасты. Кешірім сұрап жүр. Анау да ақкөңіл ұры екен, құдалыққа келгендей, қайта-қайта қолымызды қысып, «екеуіңді де кешірдім» деп қояды. Таксиге әрең мінді. Қимай жүр…

Өстіп-өстіп, әрбір ұры-қарымен туыс боп кететінімізді алдын ала білген біздің сақшылық қызметте ғұлама, гуманист, көріпкел һәм тақуа адамдар отыр-ау деймін…

Ұры ұстап алып жатсаңыздар, өлтіре сабамаңыздар! Бірер сағаттан кейін шығарып салғанда, өздеріңіз ұялып қалады екенсіздер…

Қанат Ескендіров


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн