Серік Ахметовке НЕ БОЛДЫ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №02 (273) от 15 января 2015 г.

Бәсе! 

 

…2012 жылдың күзінде Қазақстан үкіметінің басшысы ауысты. Бес жыл міз бақпаған түкті үкіметтің тайғанына күпті көңіл көпшілік бір сергіп қалған-ды. Атқарушы билікті басқаруға 54 жастағы Cерік Ахметов келді. Тәуелсіздік қазақ жұртының С.Терещенко, Ә.Қажыгелдин, Н.Балғымбаев, Қ.Тоқаев, И.Тасмағамбетов, Д.Ахметов, К.Мәсімовтен кейінгі сегізінші премьер-министрі Серік Ахметовтың мамандығы инженер-металлург, арнайы жоғары оқу орнын емес, Қарағанды металлургия комбинатының жанындағы техникалық оқу орнын сырттай оқып бітірген өмір жолы тағайындаушысының тағдырына өте ұқсас еді.

 

Секең еңбек жолын Теміртаудағы атақты Қарағанды металлургия комбинатында токарьлықтан бастап, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық комсомол, партия комитеттерінде хатшылық қызметтер атқарды. Кейінірек Теміртау қаласы мен Қарағанды облысының әкімі лауазымдарында болған Серік Нығметұлын көпшілік қызметтік мансаптың тиісті сатыларынан сүрінбей өткен тәжірибелі де салқынқанды шенеунік деп танитын.

Серік Ахметовтың жеке басының қасиеттері мен оның жетекшілік еткен кабинетінің кәсіптік біліктілігі және іскерлігі қандай дәрежеде болды?..

2012 жылы қараша айында Серік Нығметұлы: «Бұдан былай үкіметтің барлық жиналыстары мемлекеттік тілде өтетін болады» деп, аталған жиынды таза қазақ тілінде жүргізді. Шалатілді саналатын Қаржы министрі Болат Жәмішев қазақша әуезді сөйледі. Табиғаты салмақты Секеңнің бұл батыл әрекеті жұртты дүр сілкіндірді: қазақтілді басылымдар қуанышын жасырмаса, орыстілділер – бөрінің артындай шулап шыға келді. Сөйтіп, Секең туған ұлтының намысын бір көтеріп тастады…

Cерік Ахметов өзіне дейінгі әріптестері секілді кеңсесіндегі орынтағына жабысып қалмай, көбірек ел аралады, жұрттың жағдайын өз көзімен көріп, көңілге түйді.

2013 жылғы құрғақшылыққа байланысты тығырыққа тірелген ауыл шаруашылығына сүбелі көмек көрсетіп, қомақты қаржы бөлді.

Тәжірибеге енгізіп, өміршең етуге кез келген кісінің дәті бармайтын «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бірақ онысы шала туған бала секілді мешел күй кешіп жатқанына бір ол ғана кінәлі емес. Ел экономикасы есеңгіреп тұрған шақта қор биржасы дамымаған Қазақстан қандай «халықтық» бастаманы қарық қылсын?!

Атқару билігінде айтарлықтай құрылымдық өзгертулер жасап, лауазымдық міндеттерді мұқият бөліп берді. Аймақтық даму министрлігін құрды. Осының нәтижесінде «Аймақтардың дамуы», «Қол жетімді баспана-2020», «Бизнестің жол картасы-2030», «Жұмыспен қамту-2030», «Ақ бұлақ» бағдарламалары мен Тұрғын үй шаруашылықтарын қайта жарақтандыру, моноқалаларды дамыту мәселелерін жүзеге асыру міндеттері жаңа министрлікке жүктелді.

Ең бірінші кезекте министрлер кабинеті азық-түліктің, коммуналдық қызметтің қымбаттауына жол бермеді. Үкімет басшысы инфляцияны ауыздықтап, ЖІӨ-нің өсімін көтеруге бар күш-жігерін салды. 2012 жылы Ұлттық банктің мәліметі бойынша, еліміздің жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өсіп, құнсыздану 6 пайызды ғана құрады.

Еліміздің болашақта бірқалыпты дамуына бағытталған «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасының әрбір кезеңдері мен жылдарын нақты жүзеге асыру – республика үкіметінің басты мақсаты болды. Серік Ахметовтың үкіметі кәсіптік біліктілікпен жұмыс істеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін елеулі реформалар жасауға қадам басып келе жатты…

…2011 жылдың желтоқсанындағы қанды оқиғадан бұрын үкімет басшысының лауазымында Серік Ахметовтың Жаңаөзенге екі рет әдейі ат басын тіреп, мұнайшылардың мұң-зарын өз құлағымен тыңдап, ауыр ахуалын өз көзімен көріп қайтуы – нағыз кісілік қасиет, жанашырлық қадам еді! Кім біледі, сол кезде Серік Ахметовтың сөзін тыңдар құлақ болғанда, «Жаңаөзен оқиғасы» болмас па еді?!.

…2012 жылы Серік Ахметов Шымкентке барған сапарында ұлтымыздың адуынды ақыны, қоғам белсендісі Мұхтар Шахановпен құшақтаса амандасқанда, әрбір намысты қазақ Секеңнің қарапайымдылығы мен қайырымдылығына, бауырмалдығы мен ұстамдылығына ерекше сүйсінді.

Зайыбы орыс Секең кейбір рушыл, жүзшіл басшылар сияқты ағайын-туыс, жекжат-жұрағат, қазақбайшылық былық-шылықтан ада болған деседі. Асығыс әрекет, шалт шешімдер жасамайтын, аса байсалды, мейлінше салауатты Серік Нығметұлы бюджет қаржысын жымқырғыш жемқорлықпен қатаң күресуге тырысты…

Енді, міне, шырмауықтай жайылып, Қазақстанды құрсап алған жемқорлықтың «құрбаны болып» шыға келді. Бірақ оның жазықты-жазықсызын жазбай танитын сот жоқ бізде. Сондықтан қазақтың қорғаныс қамын (қорғаныс министрі) күйттеп жүрген жігіт – бір сәт өз қорғанысында қапа қалып, сотталып кете баратын сыңайлы…

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн