СВОИКТІҢ «ТОПАНСУЫ» теңгенің болашақ тағдырына сай келеді…

Болжамдар

 

АҚШ-тың 1 долларына шаққандағы теңгенің бағамы 270 теңге болады, деп санайды қоғам қайраткері және экономист Петр Своик.

 

Ол өзінің ҚазТАГ-қа берген түсініктемесінде: «Мен осыдан жарты жыл бұрын ғана таза арифметикалық тұрғыда теңгенің долларға бағамы 270 болуы тиіс деп есептедім», – деген екен. Ол мұндай болжамды қайдан алып отыр? Ол қаптатқан «топансудың» негізінде қандай есептеулер жатыр?

«Егер сыртқа тәуелді монетарлық саясатты жалғастыра беретін болсақ, онда теңгені девальвациялаудан басқа амал жоқ. Ол саясат таусылып, ендігі одан кез келген жағдайда кету керек дей отырып…» – депті Петр Своик агенттік тілшісіне.

«Сондықтан, менің пікірімше, ешқандай девальвацияны жүргізуге әсте болмайды, өйткені ол Ұлттық банк пен үкіметтің қауқарсыздығы мен нақты саясатының ақтық қолхаты болады», – дейді экономист.

Балама ретінде П. Своик Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметі жүріп отырған валютаның бағамына қарап теңгенің бағамын тіркеуді ұсынды. «Бұл дегеніміз – бәрінен бұрын ішкі экономиканы қамтамасыз ететін валюта бағамын тіркеу, яғни Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметі жүріп отырған валютаның бағамына қарап теңгенің бағамын, яғни долларға. Теңгенің долларға деген әлдебір жаңа девальвациялық тепе-тең мәнін іздеп қақаңдамай, бағамды, айталық, 180-ге 1, немесе есепке жеңіл болсын деп – 200-ге 1 етіп тіркеу керек және сол тіркелген бағаммен Қазақстанның одан әрі қарайғы экономикалық саясатын құру керек», – деп ұсынады экономист.

Петр Своиктің болжамында «жан» бар. Мәселен, кеше беделі әлемге әйгілі Bank of America (BofA) Merrill Lynch баяндамасында «Қазақстан егер теңгенің кезекті девальвациясын 30%-ға жүргізбесе, 2015 жылы елдің экономикасы рецессияға жақын», деп хабарлаған еді. Жарияланған баяндамада атап көрсетілгендей, теңгенің шынайы айырбас бағамы асыра бағаланған және Қазақстанға ұлттық валютаның номиналды бағамын 30%-ға төмендетуге тура келеді. Банктің бағалауы бойынша, ағымдағы жылдың соңына қарай ұлттық валютаның АҚШ доллары бағамы қазіргі Т186,65/$1-ден Т250/$1-ге түсіп кетеді.

Мұнымен бірге талдаушылар саяси тұрақсыздықтан қашып құтылмақ үшін монетарлық билік девальвацияға 26 сәуір күніне белгіленген президенттік сайлаудан кейін ғана барады деп есептейді.

«Үкіметтегі көп сарапшылар банкілік секторда теңгенің девальвациясына қарсы шығып сөз сөйлеуде. Теңге былтыр ғана девальвациядан өткен болатын, сондай-ақ осы жылдың басында Ресейден келетін импорттың дереу құлдырауы девальвацияны қажетсіз етіп, қазақстандық есеп айырысу теңгерімін түзетті. Солай болғандықтан, әлеуметтік проблемалардан қашып құтылу үшін девальвация біртіндеп орын алуы мүмкін», – делінген баяндамада.

Сол сияқты кеше әйгілі Fitich агенттігі де президенттік сайлаудан кейін қазақстандық теңгенің құнсыздануы 45 пайыз болуы мүмкін деген болжам айтты. Егер өткен қараша айынан бері және президенттік сайлауды «тыныш» өткізуге орай Қазақстан Ұлттық банкі доллардың бағамын зорлықпен 185 теңгенің маңында ұстап тұрғанын ескерсек, Своиктің «топансуы», расында да, төніп келе жатқан сыңайлы.

Сырым ДАТОВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн