ТӘҢІР қазақтың құдайы ма, әлде ескілік тарихы ма?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №33 (397) от 14 сентября 2017 г.

 

Түп-тұқиян

 


 

Ашық энциклопедиядағы деректерде Тәңіршілдік – дәстүрлі түркілік дүниетанымның бастауындағы діни сенім.

 

Тәңіршілдік сенімнің Ұлы Тәңірісі – берік қандастық жүйеге негізделген түркі қоғамының Жаратушысы әрі Иесі. Ұлы Тәңірдің елі де, қағаны да, жері де киелі әрі қуатты деп танылған. Тәңіршілдік ұлттық психологияны, яғни ұлттың ділдік сипатын анықтайтын танымдық өлшем.

Ибн Фадлан (Аббас халифатының елшісі) Х ғасырдың басында оғыз еліне жасаған саяхатында «түріктердің қиын-қыстау кезеңде «Бір Тәңірі» деп, басын көкке қаратып мінәжат ететіндіктерін» айтқан.

Әртүрлі дін адамдарын пікірталасқа шақырған Мөңке ханның: «…Біз тек қана Бір Тәңірге құлшылық етеміз» деген ұстанымын еуропалық миссионер-саяхатшылар Марко Поло, Джованни Плано Карпини, Вильгельм Рубрук мәлімдеген.

«Тәңір» ұғымы Шумер сына жазуларында, ғұндарда «зингир» (қазақта «зеңгір» сөзі бар) түрінде кездеседі. Ұлы Тәңірді «Көк, Ұлы, Нұр», т. б. сипаттаудың бәрі аспанды білдіреді.

VII ғасырда ислам дінінің келуімен қазақтың Тәңір туралы ұғым-нанымы түгел мұсылмандық түсінікке алмасты. Атап айтқанда, «Бір Тәңіршілдік» танымы «Жалғыз Алла Тағаланың» ұғымына дәлме-дәл келді. Қазақтар әлі күнге дейін «Алла жарылқасын» мен «Тәңір жарылқасын» ұғымдарын қатар қолданады. Тәңір – ұлы Алланы білдіретін ұғымға айналды.

Десек те, оның элементтері мен танымдары қазақтың бойына ислам құндылықтарымен кірігіп, бүгінге дейін жетіп отыр. Ырым, тарихи салт-дәстүрге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ал ислам мен христан, будда діндері жетпеген саха, хакас, бурят сынды түркі халықтары үшін кәдімгі дін дәрежесіне дейін көтерілген.

 

Әр халықта әр қалай отпен аластайды. Ол дәуірде түнде пайдаланатын оттан басқа қуатты жарық көзі, шырағдан болмаған. Кішкентай сәбиін бесікке бөлейтін ана әлдебір жылан-шаяндар кіріп кетпесін деп, сәбиін қорғау үшін от жағып, бесіктегі жаялықтарды соның жарығымен тексеріп, жаман нәрселерді алып тастап отырады. Аластай отырып, сәбиі үшін тілек тілейді. Міне, тарихи, ғылыми, діни тұрғыдан алғанда бұл ешқандай отқа табыну емес.

Дегенмен, отқа жылынып, тамақ пісіріп, жарығын пайдаланған жұрт оны киелі санайды. Сондықтан ислам діні жетпеген кей халықтар әлі күнге от арқылы діни жоралғыларын жасап жүр.

Саха Республикасы және оның маңындағы бір қауым ел Тәңіршілдікті дін ретінде таңдады. Сол арқылы өз ұлыстарын бір сенім, бір дінге жинап отыр. Тіптен республикалық деңгейде насихаттап, діни ғибадатханалар сала бастады. Бұл үрдіс енді мұсылман халықтары саналатын татар, башқұрт, қазақ, қырғыздарда да тарала бастапты.

Қазақ арасында әлі де сақталып келе жатқан дәстүрдің бірі – «отқа май құю». Бұл да сол көне тарихтан Тәңірге мінәжат қылған кезден қалған ырым. Қазір әдет-ғұрып, салт ретінде қабылданады. Келін алғаш рет үйдің есігін аттағанда, от жағып, оның үстіне май құйып, лаулатады. Сол кезде де «Құдай (Алла) отымызды өшірмесін, лаулатсын! От анамыз қолдасын!» деген сөздер де айтылады.

«Отпен аластау» демекші, Саха Республикасынан келген теміршілердің көне заман тәсілімен темір қорытқандарын көзімізбен көрген едік.

Ағашқа ақтық (ақ шүберек) байлау – ағашқа табынуды білдірмейді. Бұл да сол ескіден жеткен сарқыншақ. Ақтық кез келген жерге бекерден-бекер байланбайды. Қандай болмасын бір киесі бар деп есептелген немесе әулие адамдардың мүрдесі жатқан жерлердегі ағашқа, адамға сая болған жапандағы жалғыз ағашқа байланады. Бұл киеге деген құрмет.

Шынымен де, киенің және иенің болатынын әркім түсінеді. Өйткені бәрі де тылсым хикметтің барын түйсінеді. Тіптен кей жағдайда ғылым жауап бере алмайтын нәрселерді кие ұғымы арқылы оп-оңай ұғып ала қоямыз. Қабір басындағы ағаштарға ақтық байлауды да аруақтарға құрмет ретінде түсінуге болады.

Аруақ – рухтар. Адам – жан (рухы) мен тәннің бірге өмір сүруі. Жан денеден бөлек өмір сүреді деген көне ұғымнан туған діни наным бойынша өлген кісінің тіршіліктегі адамдарды желеп-жебеп жүретін жаны (аруағы). Халықта аруаққа, әсіресе тірісінде ел ағасы, батырлар мен билер болған қадірлі адамдарды, әулие-әнбиелерді қасиет тұтып, киелі санап, соның аруағына сиыну салты кең тараған. Ертеде ел қорғауға аттанған сарбаздар майданға кіргенде, жекпе-жекке шыққанда немесе намысқа шапқанда, руға, алашқа ұран болған аталар аруақтарына сиынған. Қазақтар зират маңынан өтіп бара жатып, дұға жасайды, құран оқып, бата қайырады. Басына күн туып, ел-жұртынан ауып бара жатқандар зираттан бір уыс топырақты ала кетеді. Малға індет тигенде зиратқа түнетеді. Бала көтермеген әйелдер, созылмалы сырқаттар аруақтардан қайыр-шапағат тілеп, басына түнейді.

Құранда: «Ең соңында рухтан сұралады» – деген аят бар. Ал «Аруақ» «рух» сөзінің көпшесі. Ұлтымыздың «қайтыс болды», «қайтты» деп атауында да үлкен мән бар екенін осыдан түсінеміз. Оның үстіне құранда әулиелердің келетіні ескертілген.

Яғни, рухтар «харасат күніне» дейін өмір сүреді, өлмейді. Сол себепті аруақ та «Тәңірден (Алладан) тілек тілейді» деген халықтық таным қалыптасқан. «Аруақ қолдасын!», «Алла атса оңалар, аруақ атқан оңбайды!» деген мақалдар – халқымыздың аруақ туралы ұғымының өте жоғары деңгейде екенін көрсетсе керек. Пайғамбар Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с) қабір басына барып, аруақтарға арнап құран бағыштағаны туралы хадистер де бар. Бұл тұрғыдан алғанда «Аруақ» ұғымы да исламға жат емес. Аллаға серік қосу деп те қаралмайды.

 

Адыраспанды тұтатып, аластап жүргендерді базардан әлі күнге көруге болады. Адыраспан – у қайтаратын, түрлі бактерияларды, микробтарды өлтіретін улы өсімдік. Оны тұтату арқылы үйді түтінмен аластап, түрлі микробтардан арылуға болады. Сонымен бірге көшпелі халықтар оны сабынға салып, былғайды. Қолдан жасалатын ол сабындар да адам денесіндегі түрлі тері аурулары мен бөріткендерді емдейді. Тіптен дала аңшылары адыраспаннан у жасап, қасқыр, түлкі де аулайтын болған.

Арша да – микробтарды, бактерияларды өлтіретін мәңгі жасыл өсімдік. Аңыздарға сүйенсек, аршаға Тәңірдің мейірімімен «өлместің суы» тамған екен. Сол себепті мәңгі жасыл болып тұрады. Жұрт оны құмандағы суға салып қойып, әр күні жуынуға пайдаланды.

Тұтатып үй ішін де аластайды. Жын-шайтанды, жаман дуалар мен қара энергияларды қуады. «Арша тұрған жерге шайтан бармайды» деген наным бар. Бұны «Тәңірдің мейірі түсіп, өлместің суы тамған» қасиетті өсімдіктің киесінен шайтанның да қорқатындығымен түсіндіреді.

 

Тасаттық беру – көнеден келе жатқан салтымыз. Бұл да барлық түркі халықтары арасында таралған. Алайда мұсылман халықтарында дінге де кіріккен. Ескі наным бойынша түркілер сиқырмен жын шақырып, жаңбыр жауғызатын және дауыл соқтыратын болған. Бұл тәсілдерді пайдаланып жүрген түркілер әлі бар. Мысалы, саха, хакастардың көптеген діни жоралғылары соған келеді.

Ал тасаттық – қазақта жауын тілеу мақсатымен Құдай разылығы үшін көпшілік атынан құрбан шалу мағынасында қолданылады. Шамаларына қарай ірі қара, ұсақ малды құрбандыққа шалып, көпшілікке етін асып, дастарқан жайып береді, құран оқып, дұға жасап, Жаратушы иемізден елдің тыныштығын, түрлі қауіп-қатерден сақтауын, егін өнімді болуын сұрайды, жаңбыр тілейді. Бір сөзбен айтқанда, тасаттық – діни рәсімге айналған.

Тасаттыққа сойылған малдың қан-жыны ағын суға не көлге төгіледі. Дұғасы жасалып, тілек тіленеді. Яғни, амал мен ниет қабысқан.

Тасаттық берілген кезден бастап тілектері орындалып, жауын жауады. Осындай хикметке өзіміз талай рет куә болдық. Көзбен көріп тұрып сенбеуге де болмайды.

 

Қыдыр ата – мифтік бейне. Түркі халықтары мифологиясында Қыдыр бейнесінің астарынан ислам дініне дейінгі және онан кейінгі кезеңде пайда болған екі діни-фольклорлық дәстүр түсінігі қатар аңғарылады.

Қыдыр ата – қазақ түсінігіне қыдырып жүретін, кездескен адамы ұнаса бата беретін ақсақал. Бата алған адам «Қыдыр дарыған» аталып, сәттілік пен бақытқа кенеледі екен.

Қыдыр – әртүрлі кейіпте (көбіне кедей адам секілді) қыдырып жүреді. Одан сый не бата алу үшін кез келген адамға, оның әлеуметтік мансап-мәртебесі мен байлығына, киіміне, түр-әлпетіне қарамай, ықылас көрсету керек (өйткені ол Қыдыр болып шығуы мүмкін). «Қырықтың бірі Қыдыр» деген сөз содан қалған.

Ал Құранда Қызыр туралы ашық айтылмайды. Алайда «Кәһф» сүресінің 60-82 аяттарындағы: «Өз тарапымыздан оған рақым берген және ілім үйреткен құлдарымыздың бірі» (18/65) деп тілге тиек етілетін кісінің Қызыр (а.с.) екені білінуде. Өйткені тіке пайғамбарымыздан жеткен сахих хадистерде бұл кісінің Қызыр екені анық айтылған (Бұһари, Илм, 16, 44).

Жалпы, ислам ғалымдары мұндай көне таным-түсініктерді зерттеу арқылы дінімізге саятын ортақтықты көптеп таба алады.

Алматылық азамат (аты-жөнін айтпауды өтінген): «Біз қоғамдық ұйым ретінде тіркелсек те, дін ретінде тіркеле алмай отырмыз», – деп отыр. Бұл жігіттің айтуынша, егер тәңіршілдік заң жүзінде «дін» ретінде танылса, үкімет жер беріп, ғибадатхана салуына рұқсат етуге міндетті екен.

Өйткені заң бойынша барлық діндерге бірдей жағдай жасау қарастырылған. Алматылық тәңіршілдер бұл тетікті пайдалану үшін бір жағынан мүдделі адамдар тобын құрып, енді бір жағынан діни жоралғы жолдарын қарастырып жатыр.

 

Бейсен АХМЕТҰЛЫ

 

• Түпнұсқа: informburo.kz/kaz/tr-azaty-dayy-ma-lde-esk-dur-tarihy-ma-.html


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн