ТАЛҒАТ ДЕГЕН ТҰЛҒА БАР

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (401) от 12 октября 2017 г.

 

Елдегі 100 есімнің бірі


 

Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласынан кейін үлкен қозғалыс басталды. Әрине, іштей түлеген, рухани жаңғырған жақсы-ақ. Сондықтан да бұл тұрғыдағы әңгіме жалғаса береді. 100 жаңа есімді анықтау бағытындағы жобаның да өз берері бар. Олай дейтініміз, ел ішінде еңбегі қанша қомақты болса да, қалтарыста қалып, ешқандай марапатсыз, мақтаусыз, шаруасын өзінше жасап жүргендер аз емес. Солардың бірі – менің курстасым, белгілі публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы.

Тәкеңнің осы елеусіз жүрген жүз кісінің арасына енгеніне шүкіршілік неге дейсіз бе? Ендеше осы ойымды таратайын…

Біз еңбек етеміз, қызмет жасаймыз. Еңбегіміз бен қызметімізге қарай жалақы аламыз. Дәл осындай, тіпті біз жасап жүрген жұмыстардан да маңызды, ұрпақ тәрбиесіне, халқымыздың талайлы тағдырына, тарихына байланысты ғажап шаруаны өз ниеті, жүрек қалауымен және ешбір ескерусіз, елеусіз, ақы-пұлсыз жүзеге асырып, сол қасиетті ісіне өмірін арнап жүрген адамдардың бірі ғана емес, бірегейі – Талғат Айтбайұлы Айтбай дер едім.

Енді осы азаматтың былайғы жұрттың дені біле бермейтін үлкен істерін ауызға алайын. Соның әуелгісі – әйгілі Желтоқсан көтерілісіне байланысты еңбектері. Әлі күнге дейін саяси-құқықтық тұрғысынан өз бағасын ала алмай келе жатқан, әйткенмен әлемдік мәні зор көтеріліс шежіресін жасап, оның қаһармандарының ерлік күресі жөнінде «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарын шығарумен 1989 жылдан бері табандылықпен шұғылдануда. Өткен жылы өз қаржысына әрқайсысы 100 даналық таралыммен он томын елге ұсынды. Солардың алғашқы екі томы көтерілістің 30 жылдығына орай, мемлекеттік тапсырыс бойынша, «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен «Дәуір» баспасынан жарық көрді. Бұл еңбекті білетін тарихшы ғалымдар мен саясаткерлер, Желтоқсанды зерттеуші азаматтар «бұл тұтас бір институт атқаратын шаруа деңгейіндегі жұмыс» деп жоғары баға берді. Бүгінде Талғат Айтбайұлы айғақ-кітаптардың кезекті он бірінші томын жинақтап, дайындау үстінде. Оған да құпиялы қатпары мол көтеріліс зерттеушілер мен жазушы, журналистердің мақалалары, Желтоқсан батырларының аузынан өзі жазып алған естелік материалдары молынан енбекші.

– Алаңға жалындап шыққан қыз-жігіттеріміз 50-ді еңсерді. Қарулы қақтығыста алған жарақат зардаптарынан олардың біразы өмірден озды. Мен мүмкіндігімше солардың айтқандарын диктофонға жазып алып, кітаптарыма енгізумен келемін. Бәрі бір-бірлерін қайталамайтын тағдырлы оқиғалар. Түбі осы айғақ-кітаптардың негізінде «Желтоқсан» киноэпопеясы жасалатынына сенемін, – дейді Т.Айтбайұлы.

Талғат Айтбайұлының осындай ерлікке бара-бар саналатын екінші еңбегі – 1961 жылдан бастап 1991 жылға дейін 30 жыл бойы бастауыш сынып оқушыларына арналып шығарылып, аға-апаларымыздың және бізден кейінгі ұрпақтардың да рухани азығына айналған «Жыл – он екі ай» әдеби-танымдық күнпарақ кітап. Нарық заманындағы ауыртпалық кезінде он жыл шығуын тоқтатқан осы кітапты Т.Айтбайұлы екі ай сайын жарық көретін әдеби-танымдық журналға айналдырды. 2001 жылдан бері сексеннен астам санын елге ұсынды. Республика көлемінде жазылыммен таралады. Бүгінде өз оқырмандары қалыптасқан белгілі басылым. Әр журнал 96 беттен тұрады. Бұрынғы, бүгінгі қазақ балалар ақын-жазушылары ғана емес, оқушылардың өздерінің қолынан шыққан әңгіме, ертегі, жаңылтпаш, жұмбақ, санамақ, өлеңдері мен танымдық, тағылымдық мәні зор материалдарынан тұратын «Жыл – он екі айды» өзі құрастырады, Бас редакторы да өзі.

Сондай-ақ бұл басылымда балғын бүлдіршіндерге арнап қалам тербейтін әлем елдері ақын-жазушыларының шығармаларына да көптеп орын беріледі. Әр журналды бір-бір кітап деуге әбден болады. «Бұл – ескірмейтін есті кітап, балалар әдебиетінің антологиясы», – депті бүгінгі әдебиетіміздің ең қарт өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаев ағамыз.

Талғат Айтбайұлының қаламгер әріптестері ерекше бағалайтын тағы бір жұмысы – баспа ісімен айналысуы. 1997 жылы өзі құрған «Тоғанай Т» баспасы қазіргі кезде еліміздегі танымал баспалардың қатарында. Мемлекеттік тапсырысқа телмірмей-ақ, өз кітаптарын шығарғысы келген қаламгерлердің кітаптарын барынша арзан бағамен шығарады. Ол кітаптар шетінен сауатты шығатын сапалы дүниелер. Осы күнге дейін мыңнан астам автордың кітабы оқырмандар қолына тиіпті.

Т.Айтбайұлының айта кетерлік ендігі жетістігі – қаламгерлігі. Ол «Мың бір күн, мың бір түн» деректі романы мен «Нан мен тер», «Ән әлемінің Әбиірбегі» сыр-сұхбат кітаптарының авторы. «Қазағым деген біз бармыз» роман-эссесі де оқырмандардан жақсы бағасын алған. Әйгілі академик Шаһмардан Есенов ағамыздың жары Кәмила Есенованың «Тұлғамен табысқан тағдырым» өмірбаяндық кітабы да Талғаттың әдеби жазбашылығымен дүниеге келген туынды.

Айтпақшы, Тәкеңнің қазақ халқының жартысына жуығын жалмаған азалы аштық туралы орыс жазушысы Валерий Михайловтың «Хроника великого джута» публицистикалық романын қазақ тіліне «Ұлы жұттың жазбалары» деген атпен ұсынғанын да тілге тиек ете кетейін. Ол алғаш рет 1992 жылы жұттың 70 жылдығына орай 30 000 таралыммен, өзінің қаржыландыруымен жарық көрген. Осы жылы аштық қасіретінің 85 жылдығы кезінде Алматы қалалық әкімшілігінің қаржыландыруымен қайта жарық көрді.

Қараңызшы, қаншама жұмыстар! Талғат Айтбайұлы өзіне азаматтық парыз санаған, халыққа қажет деген жұмыстардың бәрін ешкімнен ақша сұрамай, үкіметтен марапат пен атақ, дәреже дәметпей, жүрек әмірімен жүзеге асырды, әлі де сол жұмыстарын әрмен қарай жалғастырумен келеді. Мерзімдік басылымдардағы еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігіне, халқымыздың талайлы тағдырына байланысты журналистік жазбалары да өзінше бөлек әңгіме. Сондықтан ел ішінде елеусіз жүрген Т.А.Айтбайды кім-кімге де үлгі-өнеге етуге, жұртшылық білуге тиісті жүз адамның қатарына қосуға әбден болады деп ойлаймын.

Әндіржан МҰҚАНҒАЛИЕВ,

журналист,

Атырау қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн