ТІРЕУМЕН ТҰРҒАН МЕКТЕП жаңа бағдарламаны бастайды…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №31 (395) от 31 августа 2017 г.

 

1 қыркүйек

 


 

Сонымен, ертең елімізде жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы қағылады. Оқу жылымен бірге жергілікті әкімдердің әкіреңдеуі мен директорлардың диктаты басталады.

Қазақ баспасөзіне шолу жасай отырып, жаңа оқу жылына дайындық қандай деген сұраққа жауап беріп көрелік.

Әрине, жан жадыратар қуанышты хабарлар көп. Мәселен, бір ғана Алматы облысында биыл 24 жаңа мектеп ашылады. Егер облыс әкімі Амандық Баталов айтқан 24 мектепті республика бойынша орта көрсеткіш ретінде алатын болсақ, Қазақстанда 284 жаңа мектеп іске қосылуы тиіс еді. Бірақ 1 қыркүйекке дейін ел көлемінде қанша мектеп салынды, оның қаншасы оқушылар қабылдай алады? – Ол жөніндегі статистика әзірге ауыз ашпайды.

Сонымен бірге, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің үкімет алдында берген есебі бойынша, биыл республика көлемінде 500 мектепте жекелеген пәндерді сынақ ретінде ағылшын тілінде оқыту басталады. Бір ғана Алматы қаласында 33 мектеп үштілділік сойқанын бастағалы отыр.

Ал осы он екіде бір нұсқасыз науқанда ағылшын тілінен сабақ беретін пән мұғалімдері дайын ба? Мәселен, физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшынша оқытуға қанша мұғалім дайын? Осы төрт пәнді 500 мектепте ағылшын тілінде оқыту үшін кемінде 2000 мың мұғалім керек екен: ал үш ай каникулда төрт жылғы бакалаврлық «білімді» қанша мұғалім «алып шықты»? Бұл сұрақтарға қатысты ақпаратты «Гуглді» гуілдетіп іздесең – таппайсың.

Ал енді мына қызыққа қараңыз: 2019-20 жылдардан бастап аталған жаратылыстану пәндері республика мектептерінің барлығында ағылшын тілінде жүретін болады. Яғни, республикадағы 7,5 мың (орта есеппен) мектептердің түгеліне төрт пәнге кем дегенде 4 мұғалім қажет болғанда, 30 000 маман-пәнгер керек екен. Ал 700-ден 1500 дейін оқушысы бар мектептерге төрт емес, 8–10 пәнгер қажет болады. Ендеше үш жылдан кейін ел мектептері кемінде 80 мың пәнгерді қажет етеді. Бұл сұранысқа дайындық қандай?

Дайындық – нөл! Оған БжҒМ таратқан мынау ақпарат дәлел болса керек: «Биыл (2017 жылы) алғаш рет физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын болашақ мұғалімдерге 642 білім грантын бөлу ұйғарылды» – деп жазылған сол пресс-парақшада. Бұл 642 гранттың иесі 4 жылдан кейін ғана бакалавр дәрежесіндегі пән мұғалімі болып шыға алады. Ал осы 642-ні төрт жылға көбейтер болсақ, 2568 пәнгер ғана дайын болады.

Сонда 80 мың түгілі, 30 мыңның оннан бірі ғана төрт жаратылыстану пәнін ағылшын тілінде жүргізе алуға жараса, «үштілді» оқу жүйесі сойқан болмағанда, не болмақ? Мұндай дайындықпен «үштілділік эпопеясын» жүзеге асыру мүмкін бе?

Бұл жағдайды БжҒМ мен үкіметтегілер білмей отырған жоқ. Әбден біледі! Бірақ «үштілділікті» күшпен кіргізуді талап еткен мемлекеттік саяси шешімнің пәрмені күшті болып тұр. Ал бұл елде ондай саяси шешімді кім шығаратыны – бесіктегі балаға белгілі болған жәйт.


Ал алыс төрт жылды қоя тұрып, ертең есік ашатын оқу жылына дайындық турасында не айта аламыз? Әрине, елдегі мектеп атаулының жаңасы бар, ескісі бар – сыланып, сырланып, жуылып-шайылып, оқу жылын бастап кетуге дайын тұрғаны кәміл. Оған жергілікті әкімдер, мектеп директорлары мен мұғалімдер қауымы ғана емес, мәселен, Қазақстан… футбол федерациясы да дайын екен.

Футболдың мектептегі оқу жүйесіне қандай қатысы бар дейсіз ғой? Кезекті пресс-парақшаға зер салыңыз: «Қазақстан мектептерінде футбол сабағы жүргізілетін болады. ҚФФ мен ҚР БжҒМ балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту аясында дене шынықтыру пәнінің әр үшінші сағатында сабақ жүргізу үшін «Орта білім беру мекемелеріндегі 1–4 сынып оқушыларына арналған футбол бойынша әдістемелік оқу құралын» құрастырып, бекітті», – дейді осы орайда өткен бейсенбіде жарияланған хабарда (ҚазТАГ).

Жөн-ақ, оқушылардың денесін шынықтыру аса қажет мемлекеттік міндеттердің бірі. Бірақ ол шынықтыру неге футболдың ғана көмегімен жүзеге асуы керек? Бұл – әзірге жауабы беймағлұм сұрақ. Беймағлұм болатын екі себебі бар: біріншіден, әлем көшіне ілдебайлап ілігуге қауһары жоқ қазақстандық футбол кімге пір болмақ? Қазақстан – Бразилия боп кетті ме? Футболды мектеп бағдарламасына тықпалаудың қажеті қанша?

Екіншіден, бүгінгі мектеп оқушыларының жартысынан артығы қыз балалар екенін ескерсек, олардың далаңдап доп қуғаны қандай үрдістің үлгісі болады? Қыздар үшін гимнастика немесе би өнері өнеге болса қайтер еді?

Қош, бұл мәселеге де сұрақ қойып тыналық. Ал мектептерде не жаңалық? Бұл ретте қазақстандық баспасөз не дейді?

Жақсы жаңалық-хабар баршылық екен. Мәселен, «қызылордалық мұғалімдер облыс әкімін «әдемі» күтіп алу үшін, мектептің барлық қара жұмысын өз мойындарына алған. Асарлатқан ұстаздарды сырттан бақылаған адамға ағайындылардың той болатын үйдегі дайындығына ұқсайды», – дейді Stan.kz.

«№223 мектептің мұғалімдері құдды бір асарға жиналған ағайындар секілді (суретті қараңыз). Бірі мектепке тиесілі кілемдерді көпіртіп жуып жатса, енді бірі су тасып әуре болып жүр. Күннің салқындығы да педагогтарға мүлде кедергі емес сияқты. Ал мектептің ішіне кірсеңіз, бастарына орамал, үстеріне жаман киімдерін киген ұстаздар тазалық шараларын жасап жатыр», дейді портал тілшісі.

Несі бар? Әкім келе ме, оқушы келе ме – мектептің тап-таза болғаны неге жаман болсын?..

Ал 1 қыркүйек күніне Атырау облысындағы мектептерге 360 мұғалім жетіспейді екен. «Оқу мекемелерінде 61 бастапқы сынып мұғалімдері, 51 – математика пәні, 65 – орыс тілі және әдебиетінің мұғалімдері жетіспейді. Сондай-ақ облыста 17 – физика пәнінің мұғалімі, 3 – информатика пәнінің, 4 – биология, 10 – тарих, 37 – дене шынықтыру мұғалімдері жетіспейді», – депті облыстық білім басқармасының жетекшісі Нұрсауыл Сайлауова тамыз конференциясы барысында (ҚазТАГ).

Мұғалімдердің мұндай жетіспеушілігі басқаны қойып, Астана қаласының өзінде орын алған екен. «Астанада мектеп те, сабақ беретін мұғалімдер де жетіспейді. Салдарынан бір сыныпта 50–60 баладан оқып, ұстаздардың сапалы білім беруге уақыты жоқ. Елордада өткен тамыз кеңесінде мұғалімдер Астана әкімінен мектеп проблемасын шешіп беруін сұрады деп хабарлайды «31 арна». «Қазіргі таңда бір мұғалімнің екі сыныппен жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналған. Екінші мәселе – оқушы орнының жетіспеушілігі. Бір сыныпта 40 оқушы отырғанда, жаңа білімді табысты енгіземіз деп айту қиынға соғады», – дейді Астана қаласындағы мектеп директоры Құралай Байтәжікова.

«Мемлекеттік тілді меңгеріп үлгермеген Әсет Исекешев мектептің жетіспеуіне оқушылардың жыл сайын 15 мыңға көбеюі себеп деді. Соңғы жылдары мектеп жасындағы балалардың саны 5–6 есеге көбейіп, биыл 145 мың оқушы сабаққа барады екен. Астанаға жұрт ағылады, бала туу көрсеткіші жоғары, сондықтан білім ордасын салып үлгермей жатырмыз. Оның үстіне елордадан құрылыс жүргізетін жер іздеп уақыт жоғалтамыз деп ақталды әкім. Исекешевтің есебінше, қазір 47 мектеп құрылысын бастауға сақадай сай екен (Stan.kz).

 

Ал «Батыс Қазақстан облысының Қособа ауылының тұрғындары мектепті өз күштерімен салып жатыр, – деп хабарлайды «Азаттық» радиосы (Azattyq.org). – Мемлекеттің жергілікті ауыл шаруашылық кооперативіне бөлген субсидиясын ауыл халқы 30 балаға арналған білім ғимаратын салуға жұмсаймыз деп ұйғарған».

«Қазтал ауданының Қособа ауылы Батыс Қазақстан облысының (БҚО) әкімшілік орталығы Орал қаласынан 260 километр қашықтықта орналасқан. Қособада 227 адам тұрады, яғни 27 аула бар. Бір айдай уақыт бұрын ауыл тұтас өртеніп кете жаздады, өйткені далада өрт шыққан. Бұл осы өлкеде соңғы жылдары болған ең үлкен өрт.

Ауылдағы жалғыз әкімшілік ғимарат – ескі бастауыш мектеп. 1977 жылы салынған ғимарат қыста суық, құлайын деп тұр. Оның қасында Каспий жағалауындағы Ақтауда өндірілетін арзан ақ кірпіш – «ракушняктан» соғылып жатқан жаңа мектеп бар.

Мектепті ауыл халқы асарлатып салып жатыр, оған ауыл шаруашылық кооперативі ғана емес, жергілікті мал өсіруші шаруашылықтар мен қалаға кеткен Қособа тумалары да көмектесіп отыр. Біреу кірпіш әпереді, біреу құм мен цемент әпереді, енді бірі жұмыс күшін табады» – деп жазыпты Azattyq.org.

Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға ызғытып бара жатқан Қазақстанда жаңа оқу жылын осындай жағдайда бастайтын мектептер бар. Тіреумен тұрған (суретті қараңыз) мектептермен қайда асығып барамыз? Бұл – Астанадағы Ақорда ғана жауап бере алатын сұрақ болса керек.

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн