«ТОТАЛЬДЫҚ ФУТБОЛ» мен саясаттың чемпионаты

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №18 (430) от 10 мая 2018 г.

 

Байғазы

 


Кезінде «ДАТ» газетінде қызмет істеген белгілі журналист Сәкен Сыбанбайдың «Ала доптың аламаны» атты кітабы жарық көрді. Бұл – әлемдік футбол чемпионаттарының энциклопедиясы деуге татитын еңбек. Мұнда 1930 жылғы алғашқы доп додасынан бастап, 2014 жылы өткен әзірге ең кейінгі турнирге дейін толық қамтылған.

Алдағы жазда Ресейде футболдан кезекті әлем чемпионатымен бірге саясаттың да тартысы болады деген болжам бар. Ал футболға саясаттың қандай қатысы бар? Оны С.Сыбанбайдың кітабынан ықшамдалып алынған 1974 жылғы доп додасы туралы тарауынан біле аласыздар.

 

1974 жылғы чемпионат соғыстан кейінгі кезеңдегі тым саяси реңк берілген алғашқы турнир болды. Содан екі жыл бұрын Мюнхенде өткен жазғы Олимпиадада Израильдің бірнеше спортшысы лаңкестердің қолынан қаза тауып, тәп-тәуір ұйымдастырылған жарыстың шырқы бұзылған еді. Сондай жағдайдың қайталануына жол бермес үшін, Батыс Германия өкіметі қауіпсіздік шараларын одан бетер күшейтті. Бұған дейін де, бұдан кейін де бірде-бір халықаралық спорт жарысы әскер мен полицияның дәл мұндай ауқымдағы көмегіне сүйенбеген болар, сірә. Чемпионатқа қатысушы командалар орналасқан мейманханаларды автомат асынған жауынгерлер күзетіп тұрды. Футболшылар мінген автобустарды бронмен қапталған әскери машиналар қорғап жүрді. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен төрешілерді стадионға… тікұшақтармен әкеліп жатты. Ойын кезінде сол тікұшақтар алаңның үстінде ұшып, тыныштықты қадағалап жүрді. Тәртіп сақшылары стадионға кіре берісте жанкүйерлерді де аса ыждағаттылықпен тексеріп, күдік келтірер түйір заттың өзін өткізбеуге тырысты.

Саясаттың салқыны іріктеу сынында-ақ байқалды. Еуропаның 9-тобының жеңімпазы (КСРО құрамасы) Оңтүстік Американың 3-тобының жеңімпазымен (Чили) финалдық турнирге берілер соңғы жолдаманы сарапқа салуға тиіс еді. Мәскеуде өткен алғашқы матчта есеп ашылмаған болатын. Ал қарымта кездесу… ойналмай қалды. Содан бір апта бұрын Чилиде болған мемлекеттік төңкерісті себеп етіп, Кеңес Одағы басшылары футболшыларды ол елге жібермеуді ұйғарды. «Талай жазықсыз адамның қаны төгілген Сантьягодағы стадионның алаңына біздің ойыншылар ешқашан аяқ баспайды» деп кесіп айтты. Алайда ФИФА президенті Стэнли Роуз бен бас хатшы Ян Кайзер олардың уәжін орынсыз деп тапты да, КСРО құрамасына техникалық жеңіліс жариялады.

Саяси «шерулер» финалдық кезеңде де жалғасты. Чили – Австралия ойыны бастала бере, алаңға он шақты чилилік жанкүйер жүгіріп шығып, алып плакатқа жазылған CHІLE деген сөзді көрермендерге жайып салды. Алайда оларды полиция қызметкерлері дереу алаңнан алып кеткендіктен, жұрт әлгілердің мұнымен не айтқысы келгенін (диктатор Пиночеттің режимін қолдау ма, әлде оған қарсылық па?) ұқпай қалды.

Осы ойындағы тағы бір күлкілі жағдайды да айта кеткен жөн болар. 10-минутта ирандық төреші Намдар австралиялық Рей Ричардсқа қарсыласын шалып жыққаны үшін сары қағаз көрсеткен болатын. Екінші таймның орта шенінде Ричардс одан да дөрекі қылық танытты. Төреші, әрине, оны тағы да сары карточкамен жазалады. Футболшының бір ойында алған екінші ескертуі автоматты түрде қызыл карточкаға айналып, оның алаңнан қуылатыны бәрімізге белгілі ғой. Бірақ Намдар оған… қызыл карточка көрсетуді ұмытып кетті! Сөйтіп, австралиялық жартылай қорғаушы алаңда қалды. Тек арада он минуттай уақыт өткен кезде қапталдағы қазы Намдарды шақырып алып, бірдеңені ұзақ түсіндірді. Екеуара «әңгімеден» кейін барып, ирандық төреші Ричардсқа салтанатты түрде қызыл карточка көрсетті. Қызу ойын барысында әріптестерінің бірінші таймда алған алғашқы ескертуін ұмытып үлгерген австралиялық футболшылар түкке түсінбей, ашуға мінді. Расында да, олар үшін Ричардс жазықсыздан жапа шегіп тұрғандай еді. «Бұзақыны» алаңнан шығарып жіберу үшін тағы да он минут әбігерге түсуге тура келді. Ақыры 64-минутта қызыл карточка алуға тиіс ойыншы… 83-минутта ғана алаңнан кетті! Рас, Намдар ойыншыларға жасаған ескертулерінің көптігінен шатасып кеткен шығар деп те топшылауға болар еді. Бірақ ол бұл ойында Ричардстан басқа бірде-бір адамға сары карточка көрсетпеген-ді!

Осы «А» тобындағы тағы бір ойында саяси акция болды. Қос Германияның кездесуі басталар алдында әлдекімдер алаңға ГДР-дің (социалистік Шығыс Германия – Ред.) жалауын алып шығып, көпшіліктің көзінше өртемек болды. Алайда ол, неге екенін кім білсін, жанбай қойды: ауа да дымқыл болатын, әрі қатты жел соғып тұрған еді. Ойлары іске аспай қалған бұзақылар енді жалауды жыртпақ болды. Бірақ матасы мықты ма, әлде басқа да қасиеті бар ма, әйтеуір ту жыртылмай қойды. Әбден әлекке түскен бейбақтарды полиция алып кетті, ал олар әу баста Шығыс Германияны масқаралап, қорламақ болған болса, жұрт басқаша әсерде қалып, қол шапалақтап жіберді: ГДР-дің туы жанбайтын да, жыртылмайтын да болып шықты!

Осы ойынның алдында ГФР (капиталистік Батыс Германия – Ред.) құрамасы – 4, ал ГДР командасы 3 ұпайға ие еді. Бірақ 1-орын алған команда келесі кезеңде Бразилия, Голландия сияқты мықтылармен белдесіп, 2-орында қалғаны Швеция, Югославия тәрізді орташалау қарсыластарға тап болатынын алдын ала сезе білген сұңғыла бапкер Хельмут Шен шығыс немістерінен… ұтылған тиімді деп шешіпті. 77-минутта Юрген Шпарвассер соққан жалғыз доп ГДР футболшыларына тарихи жеңіс сыйлады. «Капиталист» бауырларын тізе бүктіргенін мақтаныш еткен олар 1-орынға ие болып, нәтижеде азуы алты қарыс арыстандардың аузына түсіп кетті де, әдейі ұтылған ГФР құрамасы өзі алып жыға алатын қарсыластарды таңдап алғандай болды. Бұған жеңіліспен біткен ойыннан соң, команда капитаны Франц Беккенбауэрдің алаңнан екі езуі екі құлағында, көңілді кетіп бара жатуы дәлел бола алады.

«В» тобындағы командалардың тағдырын… Заир футболшылары шешті. Жоқ, олар қарсыластарының бәрін жайратып салған жоқ, керісінше, үш ойында бірде-бір доп соға алмай, тас-талқан боп жеңілді. Ал өзара кездесулерін жаппай тең аяқтаған қалған құрамалар қорытынды кестеде африкалықтардың қақпасына қанша доп соғуына байланысты орналасты: 9:0 есебімен ұтқан Югославия 1-орын алса, 3 доп соққан Бразилия 2-орынға табан тіреді, ал 2-ақ гол енгізе алған Шотландия жарыстан шығып қалды.

«С» тобының жеңімпазы Голландия болды. Бас бапкер Ринус Михелс кілең «Аякс» пен «Фейеноорд» ойыншыларынан құралған голланд командасын мүлде жаңа тактикалық тәсілдермен қаруландырыпты. Допты ұйымдаса тартып алу, қорғаныста да, шабуылда да ойын барысына қарай әр футболшының бір-бірінің орнын басып ойнай беруі – басқалар үшін әлі таңсық еді. Мұндай «ұйымдастырылған берекесіздікке» қарсы ештеңе жасай алмай, пұшайман болғандар шетінен жеңіле берді. Сөйтіп, алаңдағы 11 ойыншының да қатысуын қажет ететін «тұтасқан (тотальдық) футбол» дүниеге келді. Мамандар мұны «футболдағы төңкеріс» деп атады. Кейін бұл тәсілді әйгілі украин маманы Валерий Лобановский басшылыққа алып, әрі қарай дамытты. 70–80-жылдары ол басқарған киевтік «Динамоның» Одақта да, халықаралық деңгейде де ірі табысқа қол жеткізуі соған байланысты.

Голландықтар сол кездің өзінде-ақ кейбір бүгінгі командалардың да тактикалық бағыт-бағдары саналатын 3-5-2 үлгісімен ойнады. Жеті кездесуде 15 доп соққан Голландия құрамасы біріншіліктегі ең көп гол енгізген ұжымдардың бірі атанды. Турнир алдында бір амстердамдық банк Голландия футболшыларының әрбір голы үшін 5 мың гульден (1 мың доллар – ол заманда әжептәуір мол ақша) төлейтінін айтқан-ды. Ал Болгариямен ойында қорғаушы Крол байқамай… өз қақпасына доп соғып алды. Команда мүшелері банк басшылығынан Кролдың голына да ақша төлеуді талап етті. «Айтқан сөз – атылған оқ» екені рас, амал жоқ, банк талапты орындапты, бірақ бұдан былай голланд футболшыларының тек қарсы қақпаға енгізген доптары үшін ғана ақша төлейтінін нақты атап көрсетуге мәжбүр болыпты.

«D» тобынан Польша мен Аргентина суырылып шықты. Поляктар да, голландықтар тәрізді, осы чемпионаттың ақжолтайларының бірі болды. 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанған Казимеж Гурскидің командасы іріктеу сынында азуы алты қарыс ағылшындардың өзін жолда қалдырып кетті. Орташа жасы 24-тен сәл-ақ асатын жалындап тұрған ұжым батысгермандық жасыл алаңдарда да жастарға тән жігерлі футбол көрсетті. Польша құрамасының ең күшті шебі – шабуыл болатын. Мұны Гжегож Лятоның – 7, Анджей Шармахтың 5 доп соғуына қарап-ақ байқауға болады. Тіпті бірде-бір гол соқпаған Роберт Гадоханың өзі тамаша ойынымен көзге түсті. Поляктар соққан 16 доптың кем дегенде 10-ы осы шабуылшының сол қапталдан тастаған тамаша пастарынан соң қақпаға енген-ді. Яғни, Гадоханың гол соқпай-ақ чемпионаттың символикалық құрамасына енуіне таң қалудың жөні жоқ.

Екінші кезеңде Голландия, ГДР, Бразилия, Аргентина (1-топ), ГФР, Югославия, Швеция, Польша (2-топ) командалары ойнады. Әуелгі төрттікте голландықтарға тең келер қарсылас болған жоқ. Әсіресе оңтүстікамерикалық қос мықты оңбай таяқ жеді. Кройф пен оның командасы Аргентинаны 4:0 есебімен талқандап тастады! «Олар бізді таптап өтті. Алдымызға келген допқа аяғымыз тие бере-ақ, үшеу-төртеуі бірдей жетіп келеді де, қоршап алады. Біз басымызды көтеріп те үлгермейміз, олар допты тартып әкетеді. Қадам басқан сайын алдымызды екеу-үшеуі кес-кестей берген соң, маған голландықтар алаңда 11 емес, 20 адам сияқты көрінді» деп еске алды кейін аргентиналық қорғаушы Кике Вольф.

Ал Голландия – Бразилия кездесуінде әлем чемпиондары өз алтын тәжінен айырылды. «Чемпионды еліне ертерек қайтарғандар – болашақ жеңімпаздар!» деп, алдын ала асығыстық жасағандар да кездесті. Расында да, бұл айқаста Р.Михелс шәкірттері керемет ойнады. 50-минутта Неескенс барын сала ұмтылып, әріптесінің жерлете тастаған добын аяғының ұшымен тік көтеріп жіберді – ол қақпадан едәуір алға шығып кеткен Леаоның үстінен зулап өтіп, тура тоғыздықтан торға түсті. Ал арада он бес минуттай уақыт өткенде Кройф қапталдан әуелете берілген допты жерге түсірместен қатты соқты – 2:0! Бәйгеге шабар құр аттай қунақ голландықтардың қарқынына ілесе алмаған бразилиялықтар өз дәрменсіздігіне ызаланып, дөрекілікке ұрынды. Нәтижеде Луис Перейра алаңнан қуылды, онымен қоймай, трибунадағы наразы жанкүйерлермен егесіп, тұрып алды.

Ал екінші топта поляктар алаң иелерімен соңғы минутқа дейін алысты. Тек Майндағы Франкфуртта сол күні шелектеп құйған нөсердің салдарынан ойын өтетін арена алаңнан гөрі суарылған егіс алқабына көбірек ұқсап кеткендіктен, шабуылдауға тиіс Казимеж Гурскидің жігіттері қайта-қайта кібіртіктеумен болды. Ойын соңында Герд Мюллер соққан жалғыз доп тартысты кездесудің тағдырын шешті. «Польшаны нөсер мен Мюллер ғана жеңе алды» деп жазды газеттер. Поляк футболшылары сонда да еңсе түсірмей, 3-орын үшін таласта Бразилияны жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізді, ал шабуылшы Лято 7 доппен чемпионаттың ең мерген ойыншысы атанды.

Қызық болғанда, финал алдында Мюнхендегі Олимпиялық стадионның қызметкерлері жасыл алаңның төрт бұрышына жалаушалар қоюды… ұмытып кетіпті (әйгілі неміс ұқыптылығы қайда?). Және оны төрешілер тура матч басталарда бір-ақ байқаған. Амал жоқ, ойынды сәл кешігіңкіреп бастауға тура келді. Финалдың бейнетаспасын қайталап көріп отырып, қандай тамаша матч болғанына көз жеткізе аласыз және «Әлем чемпионатының аңыздары» жинағына қосуға лайық екенін мойындайсыз. Голландықтар бірінші таймда алаң иелерінен әлдеқайда басым ойнады. Олар тіпті немістердің аяғы допқа тимей жатып-ақ есеп ашты. Ойынды ортадан бастаған қызғылт-сары жейделі футболшылар бір-біріне 14 дәл пас тастады, сосын 14-нөмірлі ойыншы Кройф айып алаңына тұра ұмтылды. Бүкіл ойын бойына оның көлеңкесіне айналған қорғаушы Берти Фогтс қарсыласын шалып жығуға мәжбүр болды. Пенальтиді мүлтіксіз соғатын Неескенс бұл жолы да мүлт кеткен жоқ.

Бұдан кейін де голландықтар есепті еселей түсуге бірнеше мүмкіндік алды. Қорғаныстың мақтаулы Беккенбауэр бастаған ортаңғы шебі жасыл алаңда ойнақ салған Кройф пен оның әріптестерін өз қақпасына қарай жиі-жиі өткізіп алумен болды. Бірақ қақпашы Зепп Майер бұл кездесуде тамаша ойнады. Оның Вольфганг Оверат және Пауль Брайтнер секілді серіктері еңсесі басылып қалған команданың жігерін қайта жануға барын салды. Қолдан сусып кете барған ойын тізгінін қайта ұстауға осы ойыншылар, сондай-ақ Райнер Бонхоф көп үлес қосты. Ван Ханегем өзінен озып бара жатқан Г.Мюллерді итеріп құлатып, ескерту алды. Ойын қыза түсті. Көп ұзамай Ян Йонгблад қақпасының маңында да қауіпті жағдайлар көбейді. Сондай сәттің бірінде неміс плеймейкері Оверат айып алаңына ұмтылған Бернд Хельценбайнға керемет пас берді. Оны Янсен шалып құлатты: Брайтнер 11 метрлікті дәл соғып, таразы басын теңестірді.

 

– Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де еріктеріңіз, бірақ мен сол пенальтиді қалай тепкенімді білмеймін, – деп еске алды кейін Брайтнер. – Төрешінің 11 метрлік белгілеген сәтінен… голландықтардың ойынды ортадан бастағанына дейінгі аралық тіптен есімде жоқ. Яғни, сол 2 минут менің өмірімде мүлде болмаған сияқты! Негізінде, пенальтиді мен теппеуім керек еді. Әр ойынның алдында бапкеріміз Х.Шен: «Егер пенальти белгіленген жағдайда қайсың тебесіңдер?» – деп сұрайтын. Ешкім үндемейтін. «Герд?» дейтін бапкер Мюллерге қарап. «Жоқ, атамаңыз!». Өйткені бундеслигада ол қатарынан үш рет 11 метрлік соға алмаған еді. «Франц?» деп сосын Беккенбауэрге қарайтын. Ол да бірнеше рет мүлт кеткен жағдайдан соң, ат-тонын ала қашатын. Ақыры алаңда кім өзіне-өзі сенімді болса, сол тебетін боп келіскен едік.

Финал. Міне, 11 метрлік белгіленді. Санама еркімнен тыс: «Сен соға аласың, сен – мықтысың. Демек, допты ал да, теп. Дөп соқсаң, әлем чемпионы боласың», – деген ой құйыла берді… Ойыннан соң Оверат айтады: «Сен допты алып, нүктеге қойған кезде: «Ей, Пауль, шынында да, дәл соға алатыныңа сенімдімісің?» деп сұрап едім, сен «Неге соға алмаймын? Соғамын. Ойымды бөлмей, ары тұр!» дедің», – дейді. Ал мен мұның бірін де білмеймін…

 

Есеп теңескен соң, енді алаң иелері басымдық байқата бастады. Тіпті бағып жүрген Кройфын бір сәтке ұмытқан Фогтстың өзі шабуылға араласып, 8-нөмірлі голланд қақпашысымен жекпе-жекке шықты. Бірақ Йонгблад қырағылық танытты. Сосын Беккенбауэр айып соққысын аса айлакерлікпен орындап, допты аяғының ұшымен тосқауылдан асыра дәл бұрышқа бағыттап еді, сәл ғана қиыс кетті. 38-минутта қарсы шабуылда Реп гол соғатын тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады. 40-минутта Юрген Грабовски де қақпашыдан айла асыра алған жоқ. Таймның бітуіне екі минут қалғанда Бонхофтың пасынан соң Г.Мюллер өзінің құрама сапындағы соңғы, 68-голын соқты – 2:1. Үзіліске кетіп бара жатқанда-ақ Голландия футболшыларының жүйкесі сыр бере бастады. Ван Ханегем «тайм бітті» деп ысқырық шалып, допты сұраған төрешіге оны бар күшімен қатты лақтырды. Кройф та кетіп бара жатып, жол-жөнекей Тэйлормен тәжікелесіп, ақыры ескерту алды. Финал қарсаңында Батыс Германияның белгілі таблоиды «Бильд»: «Кройф бассейнде бөтен әйелдермен шампан ішіп, шалқыды», – деп жазып жіберген болатын. Футболшы «бұл – ойдан шығарылған жалған ақпарат!» деп, мойындамады және әйелінің алдында да ақталуға мәжбүр болды. Қалай десек те, осы оқиғалардың оның жүйкесіне әсер еткені анық.

Кездесудің екінші бөлігі де алма-кезек шабуылдармен өтті. Ал ойынның соңы қақпашы Майердің бенефисіне айналды. Ол Неескенс пен Рептің өте қауіпті соққыларын қайтара алды. Немістер де қарап қалған жоқ. Бірақ төреші Г.Мюллердің таза голын «офсайд» деп, есептемей қойды, шын мәнінде ешқандай да ойыннан тыс қалу болған жоқ еді. Соңғы минуттарда голланд қорғаушылары өз айып алаңында Хельценбайнды тағы да шалып жықты, бірақ төрешінің ысқырығы үнсіз қалды. Ақыры Голландия құрамасының керемет ойынына қарамастан, темірдей тәртіпке бағынған ұйымшыл неміс командасы жеңіске жетті.

Голландияны құртқан – турнир соңына қарай негізгі ойыншылардың шаршай бастауы еді. Өйткені олардың өте жылдам, тұтасқан футболы ойыншылардың көп қимылдауын қажет ететін. Ал алаң жиегіндегілер негізгі құрамдағы мықтыларды алмастыратындай дәрежеде емес-ті. Турасын айту керек, Р.Михелстің қарамағында аса жоғары деңгейлі ойыншылар 12–13 қана еді. Керісінше, Германия құрамасында бірінен-бірі өткен 20 майталман бар болатын. Х.Шен негізгі футболшылардың орнына қосалқы құрамның кез келген өкілін қоса алатын еді. Басқаны қойып, Гюнтер Нетцер сынды сайыпқыран шебердің өзі бүкіл турнир бойына алаң жиегін күзетіп отырған соң, не дейсіз?

Рас, Германияның ойыны дәл 1972 жылғы Еуропа чемпионатындағыдай көздің жауын ала қойған жоқ. Дегенмен, олар алтын кубокты алуға әбден лайық еді.

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

• Редакциядан:

«Ала доптың аламаны» кітабын сатып алғысы келетіндер автордың өзіне мына телефон арқылы хабарласуына болады: 8 707 724 4799

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн