Who is mister Аслан?

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, соңғы уақытта «Ютуб» кеңістігінде Аслан деген мәңгүрт пайда болды. Өзінің «Nord Kazakh» (солтүстік қазағы) атты ютуб-каналына күніге көлемді-көлемді видеоматериалдар салып, еліміздің теріскейіндегі орыс ұлты және қазақ мәңгүрттері арасында интернет жұлдызына айналып бара жатыр. Сонда ол салып жатқан видеолар не туралы дейсіздер ғой. Олардың тақырыбы әртүрлі. Бір күні өзінің видеолекциясында Шучинск қаласының атын Абылайханға ауыстыруға өзінің қарсылығын білдірсе, келесі видеода қалай Қазақстанда орыс тіліне қиянат жасалып жатқанын, неге мемлекеттік тілді білмейтіндерді мемлекеттік қызметке жұмысқа алмайтынын, қалай Ресей немесе Кеңестер Одағы қазақты адам қылғанын, несін айтасын, оны тыңдай отырып, «ойпырмай Жириновский тіріліп, Қазақстанға қайта оралған ба» деп ойлайсың. Өзінің видеоүндеулерінде тек қана орыс тілін Қазақстандағы русофобтардан қорғаушы ретінде көрсетіп қоймай, сонымен қатар еліміздегі мемлекеттік тілдің жанашырларына (Диас Құзайыр, Әділжан Әбдіғалиев, Ерғали Көпеев), ұлтымыздың ежелгі тарихын зерттеп, тарихи тұлғаларымызды паш етіп жүрген тарихшыларға, журналистерге (Мая Бекбаева) шабуыл жасауда.

Жарайды, ол секілді мәңгүрттер бұрыннан да бірлі-жарым бар ғой. Мәселе басқада, оның айтқанының бәрі құнарлы топыраққа түсіп, одан бір тамырын тереңге жіберетін күшті шеңгел өсіп шығатын сыңайы бар. Оның әр видеоматериалына оны қолдайтын үш-төрт мың комментарий жазылады. Олардың бәрі бір үлгіден шыққан, мәтіні әртүрлі болғанымен, мағынасы бірегей, бір инкубатордан шыққандай. Ол жазылғандардың бәрі бір елдің арнайы қызметінің лабораториясынан шыққанына күмән жоқ. Оларды оқысаң, Асланды келесі президент сайлауына шығарса, оқ бойы озып келетініне сеніп қаласың. Ал шын мәнісінде осы жағдайды байыптап, мұқият талдасаң, еліміз, халқымыз үшін өте қауіпті жағдайдың орын алып отырғанын байқауға болады. Және бір үлкен күмән тудыратын нәрсе – осы Асланмен қатар «Ютуб» аренасына қазақ тілінің дамуына, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған іс-шараларға шабуылды тағы да бірқатар «интернационалдар» (қазақ Арман, Нур-Исмаил, т.б.) шығып отыр.

Естеріңізде болса, Украинаның оңтүстік-шығысында (Донбасс пен Луганск) жағдай ушығардан бұрын осындай шаралар орын алған болатын. Мен өзім мұндай жағдайды кәдімгі гибридтік соғыстың бір айқын белгісі деп білемін. Соңғы күндері ғаламтор кеңістігінде Ақмола облысының құқық қорғау органдарының Аслан Төлегеновті өздеріне шақырып, оған қарсы іс қозғалғаны туралы ақпарат тарағанын көріп отырмыз. Әрине, бұл қуантарлық жай. Бірақ бұл жеңіл-желпі әңгімемен, ескерту берумен, ең бастысы – тек қана Аслан Төлегеновпен шектелмеуі тиіс. Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары тарапынан тиісті ауқымды, терең шаралар қолданады деп үміттенемін.

Мен осы мақалама халықаралық журналистикада жиі қолданылатын «Who is mister Аслан?» деген тақырыпты жайдан-жай таңдаған жоқпын. Өйткені «Ютуб» кеңістігінде Асланға қатысты басқа да қызықты ақпараттар тарап жатыр. Сондай ақпараттың бірі – ол Асланның ешқандай да Аслан емес, оның аты Владислав екені және оның ұлты хакас екені туралы. Не болғанда да, бұл аяқ астынан шыға келген «интернационал» емес, мұқият дайындалған, еліміздің тәуелсіздігіне үлкен қауіп төндіретін, халқымыздың арасына іріткі салатын, мемлекетімізді ішінен жаруға бағытталған шара екені сөзсіз.

Сонымен, сіз кімсіз, Аслан мырза, кімнің сойылын соғып жүрсіз?

Сәмет БАЙҚОҢЫРОВ,

 Ақтау қаласы

Республиканский еженедельник онлайн