Зәуреш Батталова: Мерзімсіз сайлау болса…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №39 (310) от 12 ноября 2015 г.

 

ДАТ!

 

 

Қоңыр күз – саясат алаңында әртүрлі қауесеттер кезетін кезең: былтырғы көктемнен бері мезгілінен тыс парламент сайлауы өтеді-міс деген әңгіме де осы күзде шындыққа айналатын сыңайлы. Оның үстіне келер жылдың бюджетін қабылдау барысында бұрындары бұйығы отыратын депутаттар да даурыға бастады. Олар енді бет-бейнесіз қаржы секторына, теңгенің тұрақсыздығына наразы бола бастады.

Осы орайда парламенттегі қарбаластың қыр-сырын жақсы білетін экс-сенатор Зәуреш БАТТАЛОВА ханымнан «ДАТ!» айдарының аясында осы мәселенің мән- жайын сұраған едік. Сөйтсек, депутаттардың белсенділігі елге «көз қылу» сияқты шаруа екен, ақ-қарасын өзіңіз ажыратарсыз, оқырман қауым!

 

– Зәуреш ханым, теңгенің бүгінгі жағдайына байланысты парламентте келер жылдың бюджетін қабылдау проблемасы ушығып бара жатқанын байқаған боларсыз…

– Парламентте бюджетті талқылап, соның төңірегіндегі пікірталастар сырт көзге ушығып бара жатқандай көрінетіні рас. Шын мәнісінде мәселе тіптен олай емес. Өйткені Қазақстан парламентінің бюджет жасақтауға өкілеттілігі аз. Республикалық бюджетті үкімет дайындайды. Бюджеттік комиссияның құрамына сенат пен мәжілістен депутаттар енгізілгенімен, олар барлық депуттардың талаптарын қоя алмайды. Орталықта дайындалған бюджетті аймаққа, облысқа жібереді. Депутаттардың да, аймақтардағылардың да бюджетке өзгеріс, ұсыныс енгізуге өкілеттілігі шамалы.

Ал бюджет парламент талқысына түскен кезде, оны талдауға депутаттардың уақыты да, мүмкіндігі де жеткілікті емес. Сөйтіп бюджетті өзгертуге өкілеттіктері болмаған соң, тек оған толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс қана жасай алады. Жекелеген комитеттер өзінің қорытындысын ұсынады.

Оның үстіне үкімет жасаған құжаттағы сан түрлі цифрларды, сомаларды, таблицаларды есептеп, оның ақ-қарасын анықтап шығу депутаттар үшін мүмкін емес шаруа, тек үкіметтің дайындаған құжатына қолдау білдірумен тынады. Ең бастысы, бюджеттің бекітілуіне депутаттардан бұрын үкімет алаңдауы тиіс, өйткені бюджеттің әр тармағы «тілім-тілім» жыртылып жатыр. Осы жағдайдың алдын алған сыңаймен президент те, үкімет те дағдарыстың дендегенін жарыса мәлімдеуде. Әлеуметтік бағдарламалар қысқарып, елді қымбатшылық қысып, теңге теңселгенде, парламент қанша жерден алаңдаушылық білдерсе де, оның пәрмені дәл осы мәселеге жүре қоймайды. Себебі – депутаттарды «қойдан жуас» етіп қою үшін біздің елдегі заң осылай жасалған.

– Қалай дегенмен де, осы жағдай парламентті кезекті тарқатуға сылтау болады деп ойламайсыз ба?

– Иә, бюджеттің бекітілмеуі парламентті тарқатуға желеу болуы әбден мүмкін. Егер жағдай осылай өріс алса, бұл – биліктің кезекті көзбояушылық әрекетінің бірі болады. Ал қарапайым жұрт үшін осы сылтаудың өзі «түйедей» көрінуі мүмкін. Сондықтан депутаттардың белсенділігі әдеттегі белгілі бір қойылымның «ойыны» ғана. Тәуелсіздік алғаннан бері сайлау науқандарының ешқайсысы да өз уақытында өткен емес, бұл жолы да сол саясаттың кебін киерімізге күмәнім жоқ.

– Ал сіз қалай ойлайсыз: бүгінгі ауыр экономикалық жағдайда парламентті тарату қажет пе? Егер келесі сайланатын парламент бұрынғы «қалталы» қалпынан өзгермейтін болса, ел бюджетіне қажетсіз салмақ салудың не керегі бар?

– Мен сізге қарсы сұрақ қояйын: бүгінгі таңда толық құзіреті жоқ, үкіметтің қабылдаған шешіміне ықпал ете алмайтын, өкілеттілігі де шектеулі парламенттің қажеттілігі қанша? Дегенмен, солай бола тұрса да, жаңадан сайланған депутаттар корпусы парламенттен орын алса, елдің жағдайы түзеліп кетеді дегенге де кім сенеді? Өйткені экономикалық дағдарыспен бірге саяси дағдарыс еліміздің еңсесін басып-жаншып тастаған. Атқарушы органдардың өкілетті органға есеп бермеуі, өз кезегінде өкілетті органдар ел тұрғындарының, сайлаушылардың алдындағы жауапкершілікті өз мойындарына алмауы елді басқару құрылымының әлсіреуіне әкеліп соқты. Конституцияға сәйкес биліктің қайнар көзі болып табылатын халық өзінің өкілдері – депутаттар арқылы мемлекет ісін басқара алатын құқы бар. Бірақ іс жүзінде сол депутаттар өз халқының мүддесін қорғай алмай отыр, себебі – елімізде ешуақытта әділ сайлау өткен жоқ, халықтың шынайы қалаған азаматтары парламентте отырған жоқ.

Ең сорақысы – елдегі кез келген кемшілікті, қателікті парламентке жаба салу әдет болып кеткен. Парламент – «атқа жеңіл телпекбайға» айналды. Жоғарғы билік әрдайым кемшіліктің себебін заңнамалық нормалардың жетілдірілмеуінен «тауып», үнемі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, проблеманы жол-жөнекей шешуге тырысады. Кейбір заңдар жылына бірнеше рет өзгертуге ұшырайды. Қолданыстағы бюджетті үш жылға арнап қабылдаған болатын, ал оның қауқары бір жылға да жетпей, қайтадан талқыға түсуде.

Түптеп келгенде, мезгілінен бұрын сайлау бола қалса, оны өткізу шығыны да осы бюджеттен көрініс табады. Ал біз – салық төлеушілер жыртық-тесік бюджет қазанын әртүрлі алым-салықтармен, түрлі төлемдермен толтыруға мәжбүр боламыз. Сондықтан пайдасыз сайлауды өткізейік немесе өткізбейік деп, халықпен санасып отырған билік жоқ. Қажет десе, қаржылық қиыншылыққа қарамай-ақ өткізе салады.

– Дегенмен, жекелеген саясаттанушылар мерзімінен бұрын өтетін парламент сайлауынан кейін елде саяси трансформация басталады деген пікір айтады. Сіз ондай мүмкіндікті қалай бағалайсыз: бүгінгі ел президенті саяси өзгеріс жасауға бара ма?

– Бұл –жаңа буындағы саясаттанушылар өкілдері айтып жүрген пікір. Ал демократиялық оппозиция алаңында жиырма жылға жуық мерзім жүрген біздер мезгілінен тыс таратылған парламенттен кейін, елде саяси өзгерістің болмайтынына көзіміз әбден жеткен. Кезінде 2007 жылы парламентті Конституция талаптарын іске асыруға кедергі келтірді деген желеумен таратқан болатын. Одан кейінгі парламенттің жағдайы белгілі: Конституцияға «косметикалық» өзгерістер енгізіп, әрлегендей болды, бірақ одан елдің саяси өмірі өзгеріп кеткен жоқ. Ал президенттің жеке-дара билік құрылымы сол бетінде өзгеріссіз қалды.

Сондықтан парламент сайлауынан кейін елімізде жаңа леп, жаңа қадамдар басталады деп сенуге болмайды. Ең алдымен Конституциялық реформа жасалуы тиіс, атқарушы биліктің заң шығарушы орган – парламентке есеп беру өкілеттілігін кеңейту, ал парламенттің өзі сайлаушыларының алдында жауап беруі Ата заңда анық көрсетіліп, бекітілуі тиіс. Сондай-ақ 1995 жылғы Ата заңда бекітілген президент өкілеттігіне берілген құзіретті парламентке қайтарып беру талап етілуі тиіс. Биліктің – сот, атқарушы, заң шығарушы тармақтарының өкілеттілігі өзара тең дәрежеде бөлініп, заңмен шегеленуі керек. Өкілетті орган – парламенттің мәртебесі айқындалып, оған атқарушы биліктің есеп беруі заңмен бекітілуі қажет. Ал бүгінгі билік «өз қолын өзі кесіп», дәл осындай реформа жасауға құлықты деп ойлайсыз ба?

– Сонда кезектен тыс сайлау тағы не үшін керек бола қалды?

– Парламент сайлауын өткізудің астары басқа мәселеге келіп саяды. Қазақстанның саяси билігі үшін президенттік таққа мұрагерлік мәселесі шешімін таппай отыр. Өкінішке қарай, президенттік билікті демократиялық жолмен тапсырудың әдісі еліміздің заңнамалық нормасында дұрыс қарастырылмаған. Суперпрезиденттік билікті одан ары нығайтып, президентке жақын жүрген үміткер үшін тақ мұрагерлігіне қажетті алғышарттар жасаудың қамы үшін де парламент сайлауын өткізу қажеттілігі туып отырған сыңайлы.

– Ал билікті осылай қолдан-қолға өткізіп беруге қоғам көне ме?

– Биліктің дегеніне көнбеген күніміз болып па еді?

– Рас, Зәуреш ханым, ондай күн халыққа бұйырмағаны шындық. Ал енді саясаттан экономика мәселесіне қарай ойыссақ, теңге мен экономиканың ауыр ахуалына бірінші кезекте кім немесе не кінәлі деп ойлайсыз?

– Егер «кім» десеңіз, саясатта, экономика мен әлеуметтік салада оңды шешім қабылдамаған жоғарғы билік кінәлі дер едім. Ал «не» десеңіз – оның мән-жайы бірнешеу. Біріншіден, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бюджеті тек қана мұнайдың түсіміне тәуелді болып қалды. Отандық ішкі бизнесті көтеруге биліктің мойыны бұрылмады. Екіншіден, мұнайдын түскен қыруар қаржы отандық өнеркәсіпті өркендетуге жұмсалмады, керісінше, мемлекеттің, халықтың меншігі шетелдіктерге сатылып кетті. Шағын және орта бизнесті дамытуға маңыз берілмеді. Соның салдарынан азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарларды сырттан тасып әлек болудамыз. Осындай келеңсіздіктер Қазақстан экономикасын бүгінгі тұралаған күйге тап қылды.

– Көптеген сарапшылар мұнайдың әлемдік бағасына байланысты туған дағдарыс мұнай өндіруші және Жалпы ішкі өнімі көмірсутегі шикізаты түсіміне байланған елдерге ғана қатысты деген пікір айтуда. Яғни, әлемде жаппай экономикалық дағдарыс жоқ деген сөз. Ендеше біздің ел басшылығы жасаған байбаламның жасырын астарында үкіметтің біліксіздігі (компетентность), кәсібисіздігі (непрофессионализм) жатқан жоқ па?

– Бұның астарында «алдымен – экономика, содан кейін ғана – саясат» деген қате ұстаным жатыр. Экономикалық реформа «жасап жатырмыз» деген дабыра құр даңғаза болды. Елді жемқорлық жайлады. Ешбір бақылаушы органның алдында есеп бермеген соң, атқарушы билік ойына келгенін істеді. Ел экономикасын басқаруда бей-берекетсіздік орын алды. Саяси реформалар жүргізілмеуі салдарынан экономиканы «қолмен басқару» деген белесебет ойланып табылды. Елімізде бірінен кейін бірі нешетүрлі экономикалық бағдарламалар қабылданғанымен, олардың іске асырылуына жауапкершілік арқалаған ешкім болмады. Мұнайдан түскен қаржыға мәні мен мағынасы жоқ той-томалақ өткізіп, халыққа пайдасы жоқ алып ғимараттар салудың орнына «индустриалды-инновациялық» деп, жалаң сөзбен ұрандатпай-ақ, жаңа кәсіпорындар салынса, жаңа жұмыс орындары ашылса, бұқараның әлеуметтік жағдайын көтерсе, елдің тұрмысы оңалар еді. Енді, міне, осындай орашолақтық салдарынан елді Ресейдің, Қытайдың, Беларусьтің тауары басып алды. Алысқа бармай-ақ, осы аталған елдерге шығып жақтан қазақстандық тауарымыз қайсы?

Тіпті көрші қырғыздар да отандық өнімдерін бізге әкеліп саудалауда. Ал дағдарысқа қарсы жоспары жоқ үкіметті қалайша «кәсіби», «білікті» деп бағалауға болады?! Ел басына қиындық туатын сәт кез келген үкіметтің қаперінде жүруі тиіс еді: енді, міне, жеткен жеріміз – осы болды!

– Иә, биресми деректер бойынша, жыл басынан бері халықтың азық-түлік тұтыну қабілеті 40 пайызға жуық кеміген екен. Ал шетелдерден келетін тауарлар, мәселен, дәрі-дәрмектің құны 60 пайызға өскен. Осындай жағдайда Қазақстан үкіметі экономиканы салықтың көмегімен құтқару саясатын ұстанып отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, халықтың қалтасын қағу басталды. Бұл саясаттың соңы елде әлеуметтік толқулар тудыруы мүмкін бе?

– Осындай дағдарысты жағдайда халықтың қалтасына түсіп, салық жинау масқара емес пе? Әрең күнін көріп отырған халыққа салық түрлерін көбейтіп, оның мөлшерін өсіріп, зейнеткерлерді тонау, бағаны шарықтату, онымен қоймай, әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту – тек жаныашымас билікке ғана тән әрекет. Ел тұрғындарының наразылығын ушықтыруға биліктің өзі мүдделі ме деген күмәнді ой осындайда туады. Елдің бүгінгі экономикалық жағдайын күн сайын өсіп жатқан базар бағасымен өлшеуіміз керек. Ал үкімет, керісінше, салық қамытын қысу арқылы халықтың есебінен экономикалық саясат жүргізіп отыр.

Сондықтан күнкөріс мөлшеріне сәйкес тұрмысы нашар отбасылардың жағдайын анықтап, көмек көрсету шаралары жасалуы тиіс. Әйтпесе кедейлік қамытын киген азаматтардың ашу-ызасы жаппай наразылыққа ұласып кету қаупін жоққа шығаруға болмайды. Билік ондай әрекеттерден де қорқатын түрі жоқ екеніне Жаңаөзендегі қанды қырғын дәлел болды. Ел аумағы кең, билік наразылық танытқандарды жергілікті жерде басып-жаншып тастау әдісін әбден меңгеріп алған.

Тіпті «Фейсбук» желісіндегі пікірі үшін жалалы болған Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев жауапқа тартылуы да биліктің «қорыққан бұрын жұдырақтайдының» кері емес пе? Осыдан бірер күн бұрын ғана Астанадағы «Антигептил» қозғалысының белсенділері Болатбек Білялов пен Мақсат Нұрыпбайұлы да қамауға алынды. «Әлеуметтік алауыздықты қоздырды» деген жаланы кез келген азаматқа жауып, қылмыстық іс қозғау – жалпы халыққа жасалып отырған сес екені белгілі.

– Елде ұйымдасқан оппозиция жоқ кезде биліктің теріс саясатына қарсы қозғалысты кімдер бастауы мүмкін?

– Жиырма жылдан астам уақыт ішінде биліктің қудалау әрекеттері асқынып, мемлекет репрессиялық машинаға айналғанын көзіміз көріп, бассыздыққа куә болып отырмыз. Шексіз авторитарлық билік қолында қаржысы, күші жоқ демократиялық алаңдағы күштерге үстемдігін ұлғайтты.

Екінші жағынан елдің алдында жүрген саяси тұлғаларды түрмеге тықты, қуғынға салды, тіпті қастандықпен атып өлтірді. Тәуелсіз БАҚ жалған жаламен жабылуда, тәуелсіз журналистер қуғынға түсіп, сотты болуда. Сондықтан оппозиция саяси күрестің әдіс-айласын өзгерту қажеттігіне тап болған жағдайда тұр. Билікпен күш сай болмағандықтан, бұрынғы текетірес нәтиже бермейтініне көзіміз жетті.

Әлдекімдер «оппозиция жоқ» деп, демократиялық алаңды біреудің меншігіне берілген монополия тұрғысынан қабылдайды. Азаматтық құқы биліктің табанына жаншылған қазақ халқын, осы елдің тұрғындарын оппозиция емес деп кім айтты? Көр де тұрыңыз: ертеңгі қозғалыстың көшбастаушылары осы жаншылған халықтың арасынан шығады.

Билік өзінің қудалау әрекеттері арқылы өзіне қарсы тұратын азаматтарды тәрбиелеп жатқан сияқты. Шыдамның да шегі бар: азаматтардың конституциялық құқымен «ойнауға» болмайды. Азаматтық қоғам енді ғана қалыптасып келеді, биліктің саяси шешімдеріне ықпал етуге тырысып жатыр, сол жағдай ғана көңілімізде аздап үміт отын ұялатады.

– «Халық» демекші, банк борышкерлерінің мәселесі де сізге жақсы таныс. Қазіргі дағдарыс жағдайында олардың күні не боп жатқанынан хабарыңыз бар ма?

– Сөз жоқ, теңге бағамын еркін айналысқа жіберу банктен несие алғандар үшін қиындық туғызуда. Әсіресе доллармен несие алғандардың мәселесі тіпті қиындап кетті. 2009 жылы банктердің заемдарын қолдау үшін, бюджеттен қаржы бөлініп, ол ақша несиесін уақытында төлеп отырғандарға бөлінді деген еді. Ал қарызын қайтара алмағандарға ешқандай қолдау көрсетілмеді. Күні бүгінге дейін сол проблема шешілмей, борышкерлер шарқ ұрып, бастарын тауға да, тасқа да соғуда. Баспанасынан қуылу қаупі туған жалғыз ғана пәтері бар азаматтар үшін доллармен алған несиесін дағдарыс жағдайына байланысты қайтадан есеп жүргізуге ынталы банк құрылымы жоқтың қасы.

Биыл да банктер бюджеттен қаржылай көмек алды. Ол ақша кімде жалғыз ғана пәтер бар – соларды қолдау үшін бөлінді деген. Ал шын мәнісінде тұрғындарға сол қаржының иісі де жетпегені анық. Сонда ол қаржы кімнің қалтасына түсіп жатыр? Он бір мыңнан астам борышкер көмек сұрауда деген мәлімет бар.

Бюджет қаржысынан банктерге қолдау көрсету үшін берілген қыруар қаржы бола тұра, банктердің ипотекалық заемы өте жоғары пайыздық мөлшерде және сонымен қоса ол доллармен берілген. Өткен жылдан бері долларлық несиені теңгеге айналдыру жөніндегі тұрғындардың өтінішін банктер қанағаттандырмады. Нәтижесінде үнемі қайталанған дағдарыстың кесірінен тұрғындар бірнеше есе ұтылды. Бүгін доллар бағамы өскен сайын, доллармен несие алғандардың тауқыметі одан әрмен асқынып барады. Әсіресе жалғыз ғана баспанасынан басқа үйі жоқ азаматтарды осы мәселе бойынша қолдау мемлекеттің басты міндеті дер едім.

– Ал мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткен жағдайда мемлекеттік ресми тіркеуі бар жалғыз оппозициялық партия – ЖСДП-ға парламентік мандат берілуі мүмкін бе?

– Биліктің бүгінгі жағдайына қарап, парламентке оппозициялық алаңның өкілдерін жібере қоятынына сену қиын. Саяси партияларды тіркеуге рұқсат етпей, бейбіт жиындарды өткізу құқын шектеп отырған билік парламентке «алабөтен» ойдың иесін жібермейтіні – басы ашық мәселе. Егер билік елдің пікірімен санасқысы келсе, парламентте саяси күштердің жаңа өкілдері орын алса, қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелердің түйінін шешуге жол ашылар еді. Сонда ғана ел ішіндегі наразылық «көшеге шығып» кетпес еді. Осы тұрғыдан келгенде, тым құрыса ЖСДП-ның өкілдері парламентке кіруі құптарлық жағдай болары хақ.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн