Жаңаөзен мұнайшылары ТАҒЫ ДА НАРАЗЫ

Ереуілдеген ел бар

 

Жаңаөзен қаласындағы «Қазақ газ» өңдеу зауытының жұмысшылары еңбек жағдайы мен құқықтары қорғалмайтынын да айтып шағымданды. Зауыт басшылығы олардың сөзін теріске шығарады.

Қаңтардың 12-сі күні «ҚазМұнайГаз» барлау-өндіру акционерлік қоғамынан Жаңаөзендегі еншілес мекемесіне – «Қазақ газ» өңдеу зауытына арнайы комиссия келгені хабарланды. Комиссия шақыртуға зауыт жұмысшыларының «былтыр сәуірден бастап берілуі тиіс бірыңғай жалақы төлеу жүйесі де әлі енгізілмеді» деген наразылықтары себеп болған.

– Қазір үлкен жиналыс болып жатыр. Әр жұмысшыға жалақы мәселесі жеке түсіндірілетін болады, – деп хабарлады зауыт директоры Кәрім Нағманов «Азаттық» тілшісіне.

«Қазақ газ» өңдеу зауытының механигі Қожабай Өтетілеуовтің (суретте) сөзінше, жалақыны жаңаша төлеу жүйесінің 2014 жылы сәуірден бастап енгізілгенін «ҚазМұнайГаз» бас директоры Абат Нұрсейітов мекеме газеті арқылы ресми түрде жария еткен.

– Тіпті осы мақсатта компанияның жалақы қорының 21 миллиард теңгеге ұлғайғаны туралы да айтты. Ал зауыт әкімшілігі бізге «жаңа жүйе 2017 жылдан бастап енеді деген еді, бірақ біз 2015 жылдың қаңтарынан енгізуге басшылықты көндіріп отырмыз» деп түсіндірді, – дейді Қожабай Өтетілеуов.

Жұмысшылардың айтуынша, «жалақының өсуі туралы ақпарат тарағалы жылға жуық уақыт өтсе де, айлықта өзгеріс жоқ. «Қазақ газ» өңдеу зауытының жұмысшылары еңбек жағдайы жасалмағанын, құқықтары қорғалмайтынын айтып та наразы болды.

«Қазақ газ» өңдеу зауытының айлығын көбейтуді талап етіп, құқығымызды қорғаспады деп кәсіподақ ұйымының жұмысына наразы болған жұмысшыларының бірі – слесарь Эдмунд Бисенов.

– 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы басталғанда біз жұмысты тоқтатпадық. Себебі стратегиялық маңызды объектіде жұмыс істейтінімізді түсіндік. Осындай еңбек даулары кезінде біздің құқығымызды қолдайтын әділ, шынайы кәсіподағымыз да жоқ. Бізге жаны ашитын кәсіподақты өзіміз сайлап алғымыз келеді, – деді Эдмунд Бисенов «Азаттық» тілшісіне.

Зауыттағы еңбек жағдайы мен қауіпсіздігіне наразы жұмысшылар былтыр желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке және бас прокуратураға хат жазғандарын, «әділетсіздіктер мен заңсыздықтарды тексеруді өтінгендерін» айтады.

– Дәл осындай арызды былтыр маусымда «ҚазМұнайГаз» бас директоры Абат Нұрсейітовке де жібергенбіз. Бірақ олар тиісті орындарға жіберіп, тексеру жүрді дегенімен, ештеңені ашпады, – дейді арызданушы жұмысшылардың бірі Қожабай Өтетілеуов.

«Қазақ газ» өңдеу зауытының директоры Кәрім Нағмановтың айтуынша, кәсіпорында бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесін енгізудің өз реті бар.

Ал зауыттың әлеуметтік департаменті бастығы әрі кәсіподақ ұйымының төрағасы Сартай Қаракүшіков жұмысшылардың «кәсіподақ құқығымызды қорғамайды» деген шағымын жоққа шығарды. Оның айтуынша, мекемедегі кәсіподақ ұйымы «жұмысшылар үшін барынша тырысып жұмыс істеп жатыр».

– Жолдама ала алмай жүргендер болса, келсін. Мен ешуақытта ешкімді жолдамасыз қалдырған жоқпын. Кәсіподақта 11 адамнан құрылған президиум бар, мәселе ортақ талқымен шешіледі, – дейді ол.

«Азаттық» тілшісі «Қазақ газ» өңдеу зауытындағы жұмысшылардың еңбек жағдайы мен қауіпсіздігіне қатысты талаптарын білмекке «ҚазМұнайГаз» барлау-өндіру компаниясына хабарласты. Компанияның баспасөз хатшысы Бағдәулет Төлегеновтің айтуынша, былтыр жазда жұмысшылардан ондай арыз келгені рас.

– Оған байланысты зауытқа тексеруге барған комиссия ешнәрсені нақтылаған жоқ. Ол туралы жұмысшыларға жауап берілген, – деді Бағдәулет Төлегенов.

Жаңөзендегі 1973 жылы іске қосылған «Қазақ газ» өңдеу зауытында 1200-ге жуық жұмысшы бар. Мекеме сайтындағы дерекке қарағанда, зауыт елдің біраз бөлігін сұйылтылған тұрмыстық газбен, құрғақ бензинмен, өңделген газбен қамтамасыз етеді.

Сәния ТОЙКЕН,

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн