ЖАҢАӨЗЕНДІКТЕР солтүстікке көшуге ПЕЙІЛ БІЛДІРМЕДІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (385) от 1 июня 2017 г.

 

Апта аптығы

Бұл екі арада


 

Жұмыссыз жаңаөзендіктер жұмыс бар облыстарға қоныс аударуға шақырған бағдарламаға қолдау білдірмеді. Олар «бізді Жаңаөзеннен кетіру үшін беретін уәдесі» деп, биліктің бұл жоспарынан қауіптенеді.

 

Мамырдың 26-сы мен 27-сі күндері Маңғыстау облысында тұрғындарды шығыс және солтүстік өңірлерге (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына) қоныс аударуға шақырған еңбек жәрмеңкесі өтті. Жаңаөзен қаласында өткен кездесуде жиналған жұртшылықтың біразы залға кіре алмады. Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Балзираш Маркашова «іште орын жоқ, сіз шақырылмағансыз» деген уәжбен «Азаттық» тілшісін де кіргізуден бас тартты.

Жиынның ресми бөлігі аяқталған кезде сыртқа шыққан Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбіловті жұрт қоршап алып, сұрақтың астынан алды. Тұрғындар жан-жақтан әкімге: «Жаңаөзенде жұмыссыз адамдар көп. Неге өзімізге жұмыс жетпей жатқанда басқа жақтан адам алынады?», «Неге 30–40 мың теңге төленетін тазалау жұмыстары ғана беріледі?» деген сауалдар қойды. Қала әкімі «Жазылып, мыналардан сұраңыз» деп, өзге өңірден келген өкілдерге сілтеді.

Жұмыс орындарын басқа облыстардан ұсынып жатқанын естіген қала тұрғындары ғимарат сыртына шығып, наразы пікірлерін білдірді. Солардың бірі – қаладағы күзет қызметінің бірінде қарауыл болып істейтін Мұхтар Оразбаев.

«Шақырған облыстарда картоп егуді ұсынып отыр. «Үй, бәрін береміз» дейді. Сенбейміз. Себебі басында бізді Жаңаөзеннен кетіру үшін көп уәде беріледі. Ал кейін аштан өліп жатырсың ба – онда жұмысы болмайды. Бұл жерде жұмыс тауып бере алмай отырғанда, ол жерде тауып бере ме? Картоп өсіргенмен, оны Қазақстанда дұрыс сата алмайды, елде шығатын дақылдар бола тұра, үкімет басқа жақтан алады, салған егінді сата алмай, тағы қол жаямыз… Коммуналдық қызмет құны да өсіп барады. Еттің бағасы 2 мың теңгеге жақындады. Мен еш уақытта қандай да бір жерде жалақы өскенін естіген емеспін. Терроризмнің де, атыстың да туындауының себебі – осы жұмыссыздық», – дейді Мұхтар Оразбаев.

Оның сөзін қостаған өзге тұрғындар «аймақтағы жалақысы тәуір жұмысқа тамыр-танысы барлар ғана кіретінін», өздері «аса үлкен табыс сұрап отырмағандарын, 100–150 мың теңгенің айлығын місе тұтатындарын» айтты. Олардың бірі жұмыс күшіне тапшы солтүстік және шығыс аймаққа көшуге шақырған бұл жиынға қатысты сауалға: «Көшпеймін. Әке-шешемнің жүрген жері ғой, Маңғыстаудан еш жаққа бармаймын?!» – деп жауап берді.

Сәния ТОЙКЕН,

Azattyq.org

 

 

КҮРЕ ЖОЛ БОЙЫНАН НЕСІБЕ КҮТКЕНДЕР

Мынау Атырау–Астрахань трассасының бойында жолдан алыс ауылдардан келіп, малдарының сүт, қаймақ, шұбаттарын мұнайдың үстінде отырып сатып, қайыршылық күн көріп отырған қазақ әйелдері. Трассаның өзі соғыста бомбалап кеткендей, адам көргісіз. Бишара әйелдер беттерін тұмшалап алып, аптап ыстықта, қақаған қыста осылай өлместің күнін кешуде. Бұндай қайыршылық Кеңес үкіметі кезінде де болған жоқ. Ширек ғасыр бойы сорып келе жатқан мұнайдың жергілікті халық еш пайдасын көрмеуде. Мұнайлы өлке халқының жағдай осы.

Мақсұт Төленбаевтың ФБ-парақшасынан

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн