«ЖАҢҒЫРУДЫҢ» ЖАҢҒЫРЫҒЫБІЗДІ ҚАЙДА БАСТАП БАРАДЫ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №15 (379) от 20 апреля 2017 г.

 

ДАТ-САУАЛНАМА

 


 

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына пікіріңізді білгіміз келеді» деп, бір топ қоғам өкілдерін сауалнамаға тартқан едік. Сондағы білмек болғанымыз – президент бұл мақаласында «жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу» деген екен:

• Сіз осы басты шартқа келісесіз бе?

• Ең алдымен «ұлттық кодты сақтау» үшін елде саяси өзгеріс болуы қажет деген тұжырымға қалай қарайсыз?

• Санасында саяси ерік-жігері (сөз бостандығы, әділетті сайлау, т.б.) жоқ азамат толық мәндегі рухани және мәдени жаңғыртуға дайын болады деп ойлайсыз ба?

• Президент ұлттық жаңғыруға байланысты таяу жылдарға белгілеген міндеттердің ішінде де саяси жаңғыру (өзгерістер) мәселесі сөз болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл мақала президенттің халықты кезекті алдарқатуы деп бағалауға бола ма? – деген сұрақтардың жауабы еді.

 

 

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ-публицист: Билік халқының «кодын» ӘЛІ ТАБА АЛМАҒАН БА?..

 

Ұлттық код дейсіз бе? Ұлттық код, ұлттық код….

Жексенбі күні «Қазақстан» телеарнасынан Айдос, Әміржан, Дархан, Абылай президенттің мақаласын талқылады. Хабардың соңында «ұлттық код» туралы сұрақ қойылып, оған Дархан Қалетаев «бұл өте терең сұрақ» деді. Негізі, айтқаны дұрыс. Себебі, қай заманда болмасын, қандай билік болмасын, егер ол өзі басқарып отырған халықтың «ұлттық кодын», нақтысында, құпиясын жасырған алтын сандықтың «кілтін» тапса, онда биліктің бағы жанғаны! Осы тұрғыдан, жоғары жақтың ол «кодты» енді ғана «іздестіріп» жатқанына қарағанда – билік халқының «кодын» әлі таба алмаған ба деген ой туындайды…

Алайда бұл сөзімді сарказм деп қабылдамаңыздар. Шындық осы. Неге десеңіздер, айтайын, 1999 жылы, жаңа мыңжылдық басталуы қарсаңында президент Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабы шығып, қазақ жұртшылығы оны жылы қабылдап еді. Сол кітапта президенттің бүгінгі мақаласында айтылған ойлардың көбі егжей-тегжейлі баяндалған. Сол кітапта көтерілген мәселелерге байланысты 2004 жылы «Мәдени мұра» жобасы, одан кейін қазақ тарихының деректерін жинау жоспары өмірге келді. Әрине, мұның бәрі өз тарихыңды тану үшін жасалған қадамдар.

Бірақ халық тек тарихпен өмір сүрмейді, олар тарихи жадын, яғни мың жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру тәжірибесін жаңғырта отырып – жаңа тарихты жасайды! Ал, егер халық өз тарихын жасаудан тысқары қалып отырса, онда – ондай халыққа тарихтың қажеті қанша?

Міне, жұрттың «Тарих толқынында» кітабын жылы қабылдай отырып, үміт еткендегі басты шарт: «Қазақстан – Қазақ ұлтының мемлекеті» деген қағиданың іске асуы еді. Ол дегеніңіз: «Қазақстан Республикасында бастапқы рухани құндылықтар – қазақ халқының дәстүр-салты, тілі, мәдениеті, мүддесі» деген ережені мойындау болатын.

Содан бері 20 жылдай уақыт өтті. Біз әлі күнге ол тарихи әділеттілікке қол жеткізбедік, яғни шарт орындалмады. Ал жауапкершілікті мойнына алған билігіміз кодты (алтын сандықтың кілтін) қажет етпеді. Есесіне ол «тарихты жасау» барысында «ұлттық кодтан» мүлдем бөлек «құндылықтарды» өмірге әкелді. Ол – бүгінде атағы дүркіреп тұрған жемқорлық! Ол жағынан әлемде алдыңғы қатардамыз. Жемқорлыққа жабысып, небір сұмдықтар да қаптап кіре бастады… Біздің «ұлттық кодымыз» осы ма еді?!

Қазақ кодының бірі – руласып, қауымдасып тіршілік ету. Ежелден қазақ бір-бірін руы арқылы таныған, «сұрастыра келе қарынбөле болған». Руын білмеген тексіздікке баланған, ондай тексіздерден сақтанған. Себебі сатқындық алдымен «русыздар» тарапынан жасалған. Мемлекеттік құрылым тұрғысынан қарасақ, қазақ рулары (жүздері) өздері отырған шекаралық аймақтың қорғалуына, шаруашылығына және т.б. жауапкершілікті болған. Әрбір жүзге елдің сыртқы шекарасын қорғау арқылы, өзге руластарының (жүздердің) артын (тылын) қорғау міндеттелген. Соған сай, әр жүздің маңдайы мүмкін боларлық жауына қарап тұрған. Осыны ескерген данагөй Төле би қос қанаттан қыспақ көріп, жаугершілікпен аттан түспеген Кішіні – Батырым деген, алып көршілермен аралас-құраласы мол, көпті көргені көбірек Ортаны – Ақылым деген, түгі тартса майы шығар, шаруашылыққа ыңғайлы өңірді мекендеген Ұлыны – Байлығым деген. Бұл сол замандарда қазақ елін біріктірген керемет идеология болды! Яғни, мұндағы үштаған – АҚЫЛ, БАЙЛЫҚ, БАТЫРЛЫҚ!

Осы идеологияны ғасырлар бойы ту еткен Қазақ елі небір апатты жағдайлардан қансырап жатса да, аман шығып отырды. Бұл идеология Қазақ жұртынан өзге елде болмаған! Ондай идеологияны кез келген мемлекет қуана қабылдауға даяр. Бірақ, өкінішке қарай, оны қазіргі қазақ атқамінерлері қабылдамай отыр.

Мен мұны не себептен айтып отырмын? Себебі, қазіргі қазақ коды оның мағынасын басқаша түрлендіріп жіберді. Біріншіден, «ақылды» алайық. Код бойынша Ақыл – барлық жігер елдің жағдайын жақсартуға, Отанды – Отан етуге, халықтың өзін бақытты сезінуіне бағытталған «Ел басқарудың» озық үлгісі еді. Екіншіден, «байлықты» алайық. Код бойынша Байлық дегеніміз – береке-бірлік еді! «Ынтымақ – ырыс шақырады» деген қазақ жетімін жылатпай, жесірін жатқа бермей, қазынаға қазына қосуды мұрат етті. Яғни, Байлық та халыққа қызмет етудің түрі еді.

Үшіншіден, Батырлық туралы. Оны «Отанды сезінудің» шыңы десе болады. Ары мен намысын өмірінен жоғары қойған қазақ елі мен жері үшін «жанпидаға» даяр болуы керектігін ұғу арқылы – Елі мен Жерінің киесін бойына сіңірген! Батырлық – қазақтың алынбас қамалы еді!

Енді не болды?

Енді «ақыл» – сыбырлаған сөз болды… Оның мағынасына «жағымпаздық», «күңшілдік» деген кеселдер кіріп алып, бүгінде тіптен бір-бірін аяқтан шалғанды «қазақ» деп мақтанатын болдық. Ақылдың орын арсыздық басып бара жатқандай…

Байлық… Ол ұғым да рыцарьлық өр-биіктен құлдырап төмен түсті. Бұл «байлық» – ұят, қанағат деген асыл қырынан ажыраған, қарымы жоқ, елді тұтастыруды емес, өзара дауластыруды-жауластыруды жалғастыруда… Әрі ол қазаққа емес, шетке қарап, бөтенді аңсап тұр.

Батырлық… Ол туралы сөз айту да қиын. Бүгінгінің «батырлары» Сирияға барып соғысудан кет әрі емес… Ал «елім-жерім» деп шыққан асылдың сынықтарын (код сақшыларын) түрмеге салып, кодтың аяқ-қолына кісен салып қойдық… Кезінде Хиуаның зынданында талай қазақ батыры қор болды. Бүгінде ол үшін Хиуаның керегі болмай қалды… Өткен жер дауында елбасы: «Жерімізді қорғайтын батырлар бар екен» деді толқып.. (Бәлкім, ол кодтың ояну көрінісі шығар). Бірақ ол код бүкіл қазақ бойында қашан оянады – мәселе сонда!

Сөз соңында президентті осы тақырыпта мақала жазуға итермелеген себеп-салдарларды да анықтай кету дұрыс па деймін. Меніңше, басты себеп – жаһанданудан туындайтын себептер. Жаһандану дәуiрiнде әлем бiртұтас жүйеге айналуға ұмтылады. Сондықтан ұлттық мәдениеттер озық технология, жаңа мағыналармен толығады. Бірақ оған әрбір мемлекет тек «өзіндік бірлік» ретінде ғана енеді. «Өзіндік бірлік» дегеніміз – жеке адамға қатысты алсақ, «бүтін болмыс». Осыны қоғам мен мемлекетке қатысты айтсақ – «өзіндік бірлік» болып шығады. Яғни, «өзіндік бірлік» – мемлекеттің келбеті мен дәстүрін, экономикалық тігісін, мәдени оқшаулығын, рухани кемелдігін, тілі мен діни бағытын, мемлекеттік басқару тәсілі мен заңдар жиынтығын және т.т. ерекшеліктерін білдіреді.

Барлық дамыған елдер сыртқы әлеммен «өзіндік бірлік» ретінде қарым-қатынас жасап отыр. Бұл – кез келген мәселені халықаралық нормаларға сай өз мүдделері тұрғысынан шешуге мүмкіндік беретін тетік. Мысалы, көрші Қытай еліне бара қалсаңыз да, Ресейге барсаңыз да – оны айқын сезінесіз. Еуроодаққа біріккен елдер де өз ерекшелігіне мән береді. Бұл үрдістен Қазақстан да тысқары қалмауы тиіс. Президенттің бұл мақаласы осы ойға меңзеп тұр. Мұнда «даму субъектісі» ретінде ұлттық құндылықтар (код) алынған. Басқаша айтқанда – астарлы түрде «Қазақ мемлекетін мойындау» мәселесі «код» деп берілді. Ал қазақтың «ұлттық коды» нағыз демократияшыл (әділетті) екенін біз жақсы білеміз. Ендеше неге қолдамасқа!

 

Қасым АМАНЖОЛ, журналист: Үш мәселені ТҮСІНБЕДІМ

 

Оқып шықтым. Үш мәселеге түсіне алмадым: 1. Либерализмді коммунизм мен фашизмнің қатарына қойып, «өткен ғасырдағы күйреген идеялар» қатарында атап жібергені таң қалдырды. Адам құқы мен заң билігі, бәсекелі нарық, әділ сайлау, еркін сөз, т,б. дамыған әлем жеткен терең құндылықтар сол либерализм жемісі емес пе еді?

2. «Білімге бөлінетін бюджет қаражаты жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдің біріміз» делінген мақалада. Мұғалімінің жалақысы отбасының азығына жетпейтін ол нендей «алдыңғы қатар»?

3. «Революцияның барлығы түптеп келгенде қантөгіс пен экономикалық күйреуге әкеледі» деген ескі насихатты тағы оқуға тура келді. Революциядан соң гүлденген елдердің де бар екенін ескертетін жан табылмады ма? Егер осындай біршама қарапайым қайшылықтарға тірелмесек, мақала аса жаман емес. Жазбаның ғаламаттығын айтатын науқан басталып кеткендіктен, о бәйгеге қосылмай-ақ қояйын.

Айтпақшы, «100 есім» дегендей цифрға жабысқан арзандау жобалары да аса тартпады. Елде «бренд есімдер» емес, қарапайым еңбеккер, өз ісінің қатардағы үздік мамандары бағаланса ғой. Баяғы Қайрат Нұртас, Димаш сияқты әншілерге жаппай таласа берудің қажеті қанша? Мемлекет жылтыраған шоумен айналыса бермей, кішкентай адамның тұрмысына бет бұрсашы…

 

Ардақ ӘШІМОВА, блогер: Жемқорлық жайлаған қоғамда РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ҚАЙДАН БОЛСЫН?

 

Негізі, ҚР президентінің «Болашаққа бағдар және рухани жаңғыру» міндеттері, сөз жоқ, тамаша бағдарлама. Өкінішке орай, осы бағдарлама мен міндеттемелер нақты іске асса жақсы. Ал егер осы бағдарлама баяғы «2017 жылы біз Орта Азиядағы ең қуатты да мықты Азия Барысына айналамыз» деген сөз сияқты құр жылтырақ уәдеге айналып кете ме деп қорқамын. Қане сол қуатты экономика және мықты Азия Барысы? Ешқайсысы да жоқ.

Сондай-ақ президентіміз ұлттық код туралы сөз қозғамай-ақ қойса да болар еді. Себебі, өзінің ұлттық кодын оқи алатын адам «қазақта ешқашан да шекара және мемлекет болмаған» деген әңгімені басқа елдер еститіндей етіп айқайлап айтпайды.

Сондай-ақ ұлттық кодты сақтайтын адам ешуақытта «орысша сөйлеген адамға қазақша жауап берген адамды жұмыстан қуыңдар» деген сөздерді де айтпайды. Сондықтан мені кешіріңіздер, президенттің «ұлттық кодты сақтай білу» деген сөзі – бос сөз.

Егер де президентіміз ұлттық кодты сақтау арқылы елде саяси өзгеріс жасағысы келсе, онда түрмеде отырған Макс Боқаев пен Талғат Аянды, Жанболат Мамайды және де басқа да өзінің ұлттық кодын оқыған патриоттарды босатуға тура келеді. Өйткені сол түрмеде отырған батырлар өздерінің ұлттық кодын шынайы оқығаннан кейін жері мен елін қорғап, алаңға шықты емес пе? Міне, нағыз ұлттық кодтың сақтаушылары мен қорғаушылары – осылар.

Егер президентіміз шын адал ниетімен ұлттық кодты сақтағысы келсе, онда Конституциядағы 26-бапты өзгертпесін және 7-баптағы, 2-тармақты алып тастасын. Қытайдың 51 улы заводын елге кіргізбесін. Қысқаша айтқанда, жерді шетелдіктерге сатуға және арендаға берем деген деген ойды есінен шығарсын. Міне, сол кезде ғана еліміздің шынайы ұлттық коды сақталады.

Тағы да ескерте кететін нәрсе – 1986 жылғы «желтоқсаншыларды» да өзінің ұлттық коды алаңға алып шықты.

Негізі, кез келген халықтың ұлттық кодының негізі – сол халықтың ана тілі мен туған жеріне тығыз байланыстырылған. Егер халықты осы ең басты екі тұғырдан айырар болса, онда ұлттық код та жойылады. Осы екі басты нәрсе – тіл мен жер сақталар болса, сонда ғана рухани өрлеу мен жаңару туралы сөз айтуға болады. Қалғаны бос сөз.

Егер еліміздегі телеарналар мен баспасөз беттері орыс әлемі мен араб әлемін насихаттауды тоқтатқан жағдайда ғана қазақ халқы өзінің ұлттық жадын қайта жаңғырта алады. Сол кезде ғана адамдарда саяси ерік-жігері мен толық рухани мәдениетін қайта жаңғыртуға болады. Ол үшін сөз бостандығы мен әділетті сайлаулар және тағы басқа осы сияқты демократия негіздерін мықтап қолға алу керек. Сондай-ақ прагматизмге қол жеткізу үшін, универсиада, олимпиада және ЭКСПО сияқты қажетсіз нәрселерді өткізуден бас тартып, даңғойлыққа жол берілмеуі керек.

Латын әліппиіне келер болсақ, дәл қазір қиын-қыстау кезде осы нәрсе бізге маңызды емес. Негізі, өз басым латын әліппесіне өтуге қарсы емеспін. Бірақ осы маңызды істі мына жемқорлық жайлаған қоғамда іске асыру – өте қауіпті. Неге десеңіз – күнделікті көріп жүргеніміздей, білім мен ғылым саласындағы орын алып отырған масқара бассыздықтар соған куә.

Қорыта айтар болсам, президентіміздің «ұлттық жаңғыруға байланысты міндеттері» меніңше, 25 жылда еліміз не экономикалық, не саяси жаңғыру жолына түсе алмағаннан кейін, өзін-өзі ақтағысы келген адамның тірлігіне қатты ұқсайды. Экономикасы мен саясаты кері кеткен елде және жемқорлық пен азғындық жайлаған қоғамда рухани жаңғыру қайдан болсын?! Оның үстіне осы нәрселерді жүзеге асыруға жас кезінде күші келмеген іске енді қартайғанда күші қайдан болсын? Бұл да президенттің халықты кезекті алдарқатып, уақытты созып отыра тұру саясаты деп ойлаймын.

 

Болат ЖЕТЕКБАЙ, ақын: Ұлт рухын саралайтын ОРТАЛЫҚ ҚАЖЕТ

 

«Бидің айтқанын құл да айтады, тек аузының дуасы жоқ» деген сөз бар ғой. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған жәйттер бұрын айтылмады ма, осы күнге дейін ескексіз қайықтай толқын тегеурінімен, жел екпінімен шалқар айдынның бетінде бағыт-бағдарсыз қаңғалақтап, лағып жүріппіз бе? Өмірдің рух қуатына – ізгі ниет, игілікті амалдарға сүйенетінін бұрын білмеуші ме едік?..

Бұл – айқайға сүрен қосып, ұрандап шыққандарға, «жерден жеті қоян тапқандай» жедел мәжіліс-кеңестер шақырып, «талқылаулар» өткізіп жатқандарға қарап отырып, көңілге келген алғашқы сауалдар.

Мақаланың маңыздылығы руханият дүниесіне мемлекет тарапынан шындап көңіл бөлінеді деген емеурінде шығар. Әлде бұл бір адамның қоғам болашағы туралы ой-толғамдары ғана ма? Өз басым оның ара жігін анық ажырата алмадым.

Елдің ертеңгі рухани өміріне тікелей қатысты мәселеге келсек, ең маңыздысы – латын қарпіне көшу қам-қарекеті. Сөз айтылды. Қам-қарекет енді басталмақ. Тағы көңілді күдік-күмән бұлты торлайды. Осы істі үздіксіз зерттеп, саралап, нәтижелі қорытындыларға жеткізіп келген мекеме болды ма? Менің ойымша, болған жоқ. Жұртшылықтың пікірінше, аты бар да, заты жоқ Ғылым академиясы мен Тіл білімі институты қазіргі әлеуетімен, қазіргі штатымен, кадрларымен нар көтермес жүкті көтере ала ма? Ол жағы бізге белгісіз.

Латын қарпіне көшу, одан туындайтын, әр кезде туындаған мәселелердің алдын алып, уақтылы, оңтайлы шешіп отыру үшін, үлкен Орталық (мемлекеттік-жеке меншіктік негізде ме?) ашылу керек деп ойлаймын. Онда сан-салалы жұмыстарды жүргізетін бөлімдер ашылып, Ұлттық бюро да соған қамтылып, қажет кадрлар тартылуы керек. Бірінші кезекте кадрлардың материалдық, әлеуметтік сұраныстары өтелуі де маңызды екені айтпаса да белгілі.

Мұны айтып отырғаным – үкіметке тапсырылған осындай кең көлемді жұмыстар алғашқы жобасынан бастап, ашық, жариялы негізде жүргізілсе, жалпы бұқараның болмаса да, қоғамдық негіздегі комиссиялардың ой-пікірлерін ескерсе дегенім. Қазір көбі қызметтен тыс қалған білікті кадрларды тартып, тағы да сол кадрларға сүйенбесе, сүйегімен бірге ой-санасы қатып кеткен шенеуніктермен іс бітіремін деу – тағы нөлге тең нәтиже бермек!

Цифрлы Қазақстан, үш тілде білім беру дегендер де дәл қазір ұраннан басқа сурет-сұлбасы жоқ мәселелер ғой. Онымен кім айналысады? Біз айтқан Орталық, Білім, Ғылым академиялары осы шаруаға неге бірыңғай жегілмейді?!

«Ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» депті. Қалай? Ол бойынша нақты қандай шаралар жүзеге асырылмақ? Айқындалуы керек. Кітап басу ісін дамыту, кітап саудасын жолға қою, классикалық өнерді жан-жақты дәріптеу, кей жағдайда жұмыссыздықтан қайыршылық күйге түскен дарындардың еңбегін бағалау, жалпы рухани қызмет бағасын бағалау, мәртебесін көтеру…

Шетелдегі ең қажетті 100 оқулықты аудару, аударма Бюросын құру – нақты тапсырма екен. Құптаймын. Бірақ маңызын жоғалтпайтын, актуальдылығы төмендемейтін оқулық бар ма?

Бұл бюро «100 мектеп, 100 аурухана» секілді науқандық шаруа болмай, осы 100-ден кейін де тоқтап қалмай, білім-ғылымның әр жаңалығын жедел аударып беріп отыратын мекемеге айналса ғой!

«Мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру» не үшін қажет, мақтан үшін бе? Оған тоқталмайын…

Тұтас алып қарағанда, мақаланың әсіресе мемлекет қызметінде жүрген адамдарға жол сілтейтін, ойлануға, ізденуге итермелейтін мән-мазмұны жоғары деп топшылаймын. Әр шенеунік ең құрығанда осы «әліппені» білсе, жаман болмайды.

Сондықтан өзі түсінбегенді ала-шапқын «түсіндіруге» асықпай, үстірт қабылдамай, астарына үңіліп, абайлап оқып, пайым жасаса. Санаға сіңбесе, қайта оралып оқыса да артық емес.

 

Рысбек CӘРСЕНБАЙҰЛЫ, қоғам қайраткері: Алдымен басшының өзі ЖАҢҒЫРУЫ КЕРЕК

 

Президенттің мақаласын оқыған шығарсыз. Соған байланысты айтарыңыз бар ма?» – «Даттықтардың» сауалы көңілдегі кейбір ойларды қозғап жіберді. Көсемдерден, әсіресе соңғыларынан әбден жиренген көптің бірімін. Сөзі басқа, ісі бөлек басшылар өздерін-өздері мазақ еткендей, ақпарат құралдары арқылы жұртқа ақыл айтып жатады. Онысы аздай, әлгіні қайтара түсіндірудің әлегі басталады. Қанша мыжғылағанымен, әспеттеп, жабыла дәріптегенмен, жұртшылық соған тұщынбайды. Тыжырынады. Газеттің қалған азғантай жерінен оқырлық басқа бірдеңе іздейді. Теледидарының ауыстырғыш түймелерін түртпектей бастайды. Құдайға шүкір, Брежнев заманындағыдай бес-алтау емес, арналар толып жатыр. Қалағаныңды қарай бересің. Сонда дейміз-ау, жалпы көсемдердің гәпіргені кімге немесе неге керек?

Бұл жолы президенттің қазақы қулыққа салғаны байқалып қалды. Өзімсініп, оңашаланып, қазақтың құлағына жағады-ау деген дәмемен өз ойларын ортаға тастаған болыпты. Көрермені көп көк жәшікте орысшасына басымдық беріп, саясатты қымыздай сапыратын кісі жүрісінен жаңылмаса керек. «Егеменде» басталған оның сөзі БАҚ атаулыда қоздап, жүз отыз ұлысқа тарайтыны бесенеден белгілі. Аңғал қазақты алдаусыратудың, өзгелерді өзекке теппесе де, бұл қалай дегізіп ойлантудың оңтайлы тәсілі шығар. «Қазақстандық ұлт» құруды көксеген «үлкен кісі» ондай доктринаға жол бермеген халықтың қарсылығынан сабақ алған ба? Ұлтты, онда да қазақ ұлтын бетке ұстап, алға салып сөйлеуі, саясатты соның мүддесіне ыңғайластыруы қалай? Мақалаға көз жүгіртуге түрткінің бірі – осы сауалдар.

Мақаланы жариялатудағы автордың ниеті түзу, пиғылы да оңды көрінеді. «Мықты ел, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» дейді.

Дегенмен, мәселенің дәл осылай қойылысы қаншалықты қисынды. Безбенге салайық. Мұнда алдымен мықты ел, біртұтас ұлт болмағанымызды мойындаушылық бар. Бұқаралық сананы да өзгерту керек екен.

Н.Назарбаев Қазақстанның басқару билігін қолына алғалы бергі ширек ғасырдан астам уақытта не бітірген? «Ондаған жылдарда жүз жылдық жетістіктерге жеттік, елу елдің қатарындамыз!» деп күпінгендері бекершілік-ау сонда. Бұқаралық сананың кенжелеп қалғаны – тіпті өкінішті әрі ұятты жағдай. Мұндай санасы өзгермегендерді «ей, санасыз» деп, көзге шұқыса обалы қане? Бұқараның санасы артта қалмаса, мақала иесі былай дер ме еді:

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады».

Көрдіңіз бе, ісіміз санамыздан озып кеткен. Ал санамыз жаңғырмастан, ісімізден кейін қалыпты. «Тиіс» деп міндеттеуі сондықтан. Мұндай кері кеткен жағдайда саяси және экономикалық жаңғырулар болмайды. Өйткені, автордың пікірінше, алдымен сана жаңғырмаса, ана екеуі толықпайды және өзегі де болмайды. Демек, онсыз ешқандай да жаңғыру жоқ. Басқаша қабылдай алмаймыз. Атты арбаның артына шегіп қойған өздерінен көрсін.

Мақала иесі «тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын» атапты. Олары мыналар: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы.

Мұның бәрі саналардағы саяси өзгерістердің жанында ұсақ-түйек, болмашы нәрселер. Жалпы, кейінгі жылдарда Н.Назарбаев саяси реформа туралы мәселені ауызға алудан қалды. Өзін шошындыратын нәрсенің маңына жуымайды. Күрескерлік рух, әділеттіліктің үстемдік құруы, таза сайлау, адалдық, сөз бостандығы, ой еркіндігі, демократия деген ұғым, атауларға үрейлене қарайды. Бұқараның санасына сіңіретін және қайта-қайта жаңғыртатын дүние танымы, міне, осылар! Тіпті ара-тұра «жемқорлықпен күресеміз!» деп аттандаушы еді. Онысы да ұмытыла бастады. Әлде өзі өсірген «жеті басты жалмауызға» әлі жетпесін біліп тоқтады, әлде жалған күрестен жалықты. Бұлар туралы мақалада бір сөз жоқ.

Қоғамдағы азғындықтың өршігені сондай, тәуелсіздіктен бұрын, тіпті жайсыз жатып ұйықтасаң да, түске кірмейтін пәлелер қаптап кетті. Сәбиін дәретханаға тастау, асылып өлу, өзін-өзі өртеу, экстремизм, қарақшылық, миллионды қойып, миллиардтап мемлекетті тонау…

Түрмеге тоғытылған бұрынғы жоғары шенді шенеуніктерден ғана толық құрамдағы қазақстандық үкіметті жасақтауға болады. Бұл мемлекетшілдік сананың жойылғандығына дәлел. Өзі тағайындаған министрлері мен әкімдерінің ой-санасы ұрлау, пара алу, алдау дертіне неліктен шалдыққанын біле тұра, соған жол берген, жүйені солай құрған басшы бұқараның санасын қалай, қай бағытта жаңғыртпақ? Мен соны түсінбеймін. Әлде бұлардың бәрі қазіргі билік тұсындағы «назарбаевтық сананың» жаңғыруы болып табылатын жаңалық шығар. «Сіздің арқаңызда осындай жетістікке жеттік» дейтін сөзді таласа-тармаса, тақпақтай тақылдап айтқыштар мұндайда жақ ашпайды.

Назарбаевтың зияткерлік мектебі, университеті жұмыс істейді. Бұрын лениндік идеялар мектептен бастап, барлық ЖОО-ларда, саяси сабақтарда оқытылатын. Бүгінде «назарбаевтық идеяларды» солай жалпыға міндеттеп, оқытатындай материалдық база, жағынғыш ғалымсымақтар жетерлік. Оның кітаптары, ол туралы неше түрлі фильмдер, мадақ мақалалар үсті-үстіне шығып жатыр. Бірақ қолдан заңдастырылған «ұлт көшбасшысы» бар да, татырлық идея жоқ. Өзінің төл идеясы. Мына еңбегінде фашизм, коммунизм, тіпті либерализм идеологияларының мансұқталғанын айтыпты да қойыпты. Өзінің «мәңгілік ел» идеясы жарамсыз болып шыққан ба, әлде кәртеңдіктен оның бар екенін ұмытып кетті ме – бұл жолы сүйікті тақырыбын аттап өтіпті. Ұлттың коды туралы сөз қозғалған жерде мұны ескермеуі көңілге күдік ұялатады. Бәлкім, санасы жаңғырмаған бұқарадан «мәңгілік ел» жасаудың мүмкін еместігін түсінген болар.

Бәсекелік қабілет бағасы, сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы үшін қажет дейді мақала авторы. Бесенеден жұрт білетін ақиқат. Ал сол бәсекелікті дамытуға не кедергі бар, одан қалай арыламыз дегенді түсіндірсе, сөзінің салмағы артар еді. Бас жағына барыспапты. Бұрындары шетелге кетіп, түрмеде өлген күйеу баласы кәсіпкер, бизнесмен атаулыны зар қақсатқан: дамып келе жатқан кәсіпорнын, саудасын тартып алып. Алматы қаласы мен облысындағы көзге көрінер жақсыны «інісінің адамдары тартып алуға әуес» дейтін әңгімелер естіліп жатады. Билігі барлардың ашкөздігі, әлімжеттігі кез келген жерде көрініп қалады. Мұндайда қайдағы бәсекелестік?!

Біліміне, іскерлік қабілетіне қарай мемлекеттік қызметке алса, өсірсе, онда бір сәрі. Жершілдік, рушылдық, парақорлық гүлденген бүгінгі қоғамда қайдағы бәсекелестік?! Ал бұлардың бәрінің түп-тамырын жұлатын саяси жаңғыру, шынайы демократияны орнықтыру туралы сөз етілмеген мақаланың құны тесік тиынмен тең.

Тұтас қоғамның және әр азаматтың санасын жаңғыртудың кезекті бір бағыты ретінде прагматизмді атаған екен. «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды өзгеруіміз мүмкін емес», – дейді автор. Білетіндігі талас тудырмайды.

Ол қандай дағдылар мен қасаң қағидалар? Айтпапты. Алдымен ойға оралатыны – жеке басқа табынушылық дағдысы мен «патшаға қарсы шығуға болмайды» қағидасы. Бұлар шынымен де қанға сіңген кеселдер. Бұрыннан болған, қазіргі заманда қайтадан қоздай бастаған оны президенттің өзі күнде көре тұра, жария етпейді. Шамасы, өз саясатына, қалауына қолайлы санайды. Өйтпесе, осылардан арылайық, бұлар ұлтты ұшпаққа шығармайды, құртып тынады демей ме?

Тағы бір дағды ол – құлдық сана. Отарлықтан қалған, одақ дәуірінен бері ілескен алпауыт көршіге жалтақтық, тәуелділік. Қазақстан билігіндегілердің бойына біткен бұл дағды берік ұлт болып қалыптасуымызға орасан залалын тигізіп келеді. Бұқараның санасын жаңғырту үшін, алдымен оны басқарушының өзінің санасы жаңғыруы, өзгеруі шарт. Жеке бастық – тақта өлгенше отыру мақсатын көздемейтін, Ұлттың мүддесіне қызмет етуді адалынан ойлайтын тұлға солай істейді.

«Прагматизм… байлығыңды нақты білу, үнемді пайдалану, болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз»… «Шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді»…

Мұны жазып отырған мемлекет басшысының өмірдегі, ел басқарудағы ісін салыстырып көріңіз. Қабыспайды. Сондықтан да ғой – жұрттың мұндай пәлсапаларға пысқырып та қарамайтыны. Соны ашық білдіру үшін осындай қарсы мақала жазуымызға тура келеді.

Әттең-ай, шіркін, қазақ ұлтының коды өн бойында, саналарында сақталған, сүйектеріне сіңген, қанында тулаған – мінезі мен жаратылысы, түсінігі мен түйсігі, ойы мен мақсаты, дәстүрі мен дағдысы, өнері мен мәдениеті, күллі рухы сақталған Алаш арыстары – Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған ұлы шоғырдың ісін лайықты жалғастырушылар шығар ма еді қазіргі таңда! Жетпей тұрғаны сол ғой!

Сауалнаманы дайындаған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн