БАҒА ҚАЙДА БАРАДЫ, базар бойын жағалап?

  • Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, оның ішінде ауыл шаруашылық өнімдері күн сайын қымбаттап барады. Бір литр күнбағыс майы 800, он жұмыртқа 600 теңгенің төңірегіне жетті. Басқа да азық-түліктік тағамдар 15-20 пайыздан астам қымбаттады.

Билік бағаны ұстап тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отырғанын айтады, ал отандық өндірушілер субсидия көлемін арттыруды сұрап отыр, деп хабарлайды «Азаттық». ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өткен бір жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,6 пайыз өскенін үкімет отырысында айтты. Министр жоғары шенді шенеуніктердің әдетімен сандық деректерді салыстырмалы түрде көрсетті. Нәтижесінде, керісінше, 2019 жылмен салыстырғанда баға 0,6 пайызға «арзандаған» екен.

Ал базар бойын жағалап, бағаның қайда бара жатқанын анықтайтын болсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне кіретін 19 тауардың 8 түрі 30 пайызға дейін қымбаттаған. Бағасы қатты өскен тауарлардың қатарында импортқа тәуелді қант пен қарақұмық бар, дейді «Азаттық».

«Бұған валюта бағамы мен әлемдік бағалардың өсуі әсер еткен. Мысалы, негізінен Ресейден импортталатын қант пен қарақұмық бағасы сәйкесінше 33,6 және 34,6 пайыз өскен. Өсімдік майы (53,8 пайыз), картоп (46,1 пайыз) сияқты экспортқа шығарылатын жекелеген тауарлар да қымбаттаған», – деді министр.

Биыл ақпанның басында үкімет отырысында сөйлеген Сұлтанов «былтыр бағаның 11 пайыз өсуіне импортқа тәуелді және экспортқа бағытталған бес тауар әсер еткен» деп мәлімдеді. Ал тәуелсіз сарапшылар бағаның қымбаттауын ел экономикасын меңдеген ішкі дағдарыспен байланыстырады.

«Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған несие мөлшерлемесі – 16-56 пайыз. Бұл кез келген тауар мен қызметтің өз бағасының 30 пайызын «жеп қояды». Салыстыру үшін, Қытай, АҚШ пен Еуропада несие мөлшерлемесі 40 пайыздан аспайды», – дейді тәуелсіз қаржыгер-экономист Айман Тұрсынқан.

Сарапшының пікіріне қарағанда, бағаға әсер ететін тағы бір фактор – салық. «Саудагер немесе өндіруші осы жүктеменің бәрін тұтынушының мойнына артуға мәжбүр. Әр жолы бөлке нан сатып алған кезде оған төлеген ақшаның 12 пайызын салық ретінде мемлекетке аударасыз. Мемлекет тұтыну салығының дифференциалды мөлшерін бекіту арқылы салықты реттей алады», – дейді Айман Тұрсынқан.

Экономистің сөзінше, 2020 жылы пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде бұл бағытта «аздаған» талпыныс жасалған. Наурыздың ортасынан қазанның соңына дейін әлеуметтік маңызы бар 19 тауарға салынатын қосымша құн салығы 12 пайыздан 8 пайызға дейін кеміген.

«Қазақстанда нарық экономикасы жоқ. Экономиканың 65 пайызы әртүрлі ұлттық компаниялар және олармен байланысы бар құрылымдар арқылы квазимемлекеттік сектордың үлесінде. Бәсекені қорғап, нарықтағы монополияға қарсы күресу керек», – дейді экономист. Ол нарықтағы қазіргі жағдай бір ғана өндірушінің тауарын сататын жалғыз дүкені бар ауылға ұқсайтынын айтады.

Сарапшының пікірінше, мұндай жағдайда өндіруші де, сатушы да бағаны «өз қалауынша» қояды, ал тұтынушының бағаға ықпал етуге мүмкіндігі болмағандықтан, еріксіз көніп, тауарды сол бағада сатып алудан басқа амалы қалмайды, дейді Айман Тұрсынқанның пікіріне сілтеме жасаған «Азаттық».

Расында да, мұнайдың әлемдік бағасы біраз өсті, доллардың Қазақстандағы бағамы соңғы екі айдың ішінде 430-дан 416 теңгеге дейін түсті. Бірақ елдегі азық-түлік тауарларының бағасы өсу тенденциясын тоқтатқан жоқ.

Бұл нені білдіреді? Бұл – Қазақстан экономикасының айықпас дерті – ішкі экономикалық дағдарыстың салдары. «Алдымен – экономика, саясат – одан кейін» деген принциптің теріс екеніне әлдеқашан көз жетті. Саясат, саясат болғанда да, саяси реформа алғы планға шықпайынша, елдегі барлық жағдай осылайша, күннен-күнге құжыраға құлдырай берері хақ.

ДАТ-ақпарат

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн