Айсұлтан Ұлыбританиядан САЯСИ БАСПАНА СҰРАДЫ…

Жуықта «Фейсбук» желісінде Айсұлтан Рахаттың (Назарбаев) кезекті жазбасы жария болды. Біз оны қазақ тіліне аударып, «нашақорлыққа салынды» деген жас жігіттің не айтпақ болғанын оқырманның талғам-таразысына қалдырдық.

Егер халық бүгінгі билікке қарсы біріксе, мемлекетті төңкеріп тастай алатынына сенімдімін. Төңкерістен кейін бәрін жаңадан бастауға болады. Биліктің құлағын ұстап отырғандарға олардың құдай емес екендіктерін дәлелдеп бере аламыз. Әрине, олар бізді қудалап, өлтіріп, бостандығымыздан айырып, басымызға қиындықтар тудыра алады. Бірақ маған сеніңіздер, Құдай біз жақта. Сондықтан біз жеңеміз!

Қазір менің отбасым маған жан-жақтан қысым жасағандықтан, мен түбегейлі амалдарға баруға мәжбүр болдым. Мен Ұлыбританиядан саяси баспана сұраудамын. Менің өмірімнің соңғы бес жылы қиын-қыстауға толы. Жағдайдың қалай болғанын адамдар білуі тиіс деп ойлаймын.

Мәселе – менің Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы жемқорлыққа қатысты дүниелерден хабардар болуымда. Менің айтып отырғаным – Қазақстан халқынан ұрланған миллиардтаған АҚШ долларлары жөнінде.

Мен, шешем Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың тойымсыз, ашкөз отбасының ішінде қалдым. 2015 жылы Рахат Әлиев өлтірілген соң, оның рухына тағзым етіп, футбол федерациясын басқарғым келді. Ондағы мақсатым – отандық футболды жемқорлықтан тазартып, оны дамыту болды. Рахат Әлиев осыған дейін ешкімнің қолынан келмеген іс атқарды. Қазақстан футболы Азия федерациясынан УЕФА-ға өткені бәріне белгілі.

Маған көпшілікке танымал тұлға болуға тура келді. 2015 жылдың көктемінен Қайрат Шәріпбаев пен шешем менің бұрынғы қайын атам Қайрат Боранбаевқа қарсы астыртын соғыс бастады. Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағылар оны менің қайын атама қарсы айдап салды. Оның себебі – қазақстандық газдың ресейлік «Газпромға» арзанға кетіп жатқан келісімшартқа қатысты болды. Ол жерде жылдық табысы 1,5 млрд АҚШ доллары болатын делдал компания бар. Қыруар қаражат Сингапурде жинақталып, Ресей басшыларының арасында бөліске түседі. Олардың ішінде Владимир Путиннің «әмияны» «Газпром» жетекшісі Алексей Миллер де бар.

Қазақстанға қатысты айтар болсам, жылына 700 млн доллар Тимур Кулибаев пен менің бұрынғы қайын атам Қайрат Боранбаев арасында бөліске түседі.

Менің шешем мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаев осы келісім-шарттыТимур Кулибаев пен Қайрат Боранбаевтан тартып алғысы келді. Мен сол таластың ортасында қалдым. Олардың қолдарында бар дүниелері аздық еткен екен. Мен қайын атамның жағына шығып, өзімді соққыға тостым. Неге олай істедім? Өйткені ол – менің әйелімнің әкесі. Бұған қоса, менің өзімнің жеке ұстанымдарым бар.

Мен талай сұрадым: «Неге президентке барып сөйлеспейді?». Мен отбасымсыз, жалғыз қалғанымды білдім. Тек әйелім мен оның ата-анасы…

Біраз уақытқа дейін шешемді түсіне алмай жүрдім. Оның аналық сезімі қайда кетті? Жүрегінің астында 9 ай бойы көтерген баласына неге қиянат жасайды? Ақша үшін бе?.. «Немесе менің алдымда тізерлеп тұрасыңдар, немесе біттіңдер!» – деген принципі ме? Оның үстіне бұл – 2015 жылдың қаңтарында Мұхтар Әлиев пен 2015 жылдың ақпанында Рахат Әлиевтің өлімдерінің қалдырған жаралары жазылмаған кез еді… Осы екі соққыға шыдауға күш-жігерім жеткенімен, шешемнің жасаған соққысынан кейін өмір сүргім келмей кетті… Жаным қатты қиналды. Тек ашу мен қоршаған ортаға менің көңілімнің қалғаны күш беріп, алға жетеледі!

Президенттің айналасындағылар маған талай кедергі жасады. Кейін мен оларды жемқорлыққа қатыстылығы жөнінде айыптадым. Осы астыртын күрес-жанжал жарты жылға созылды. 2015 жылдың күзінде Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияға жасаған сапары кезінде мені өзінің пәтеріне шақыртты. Сол кезде оны маған қаншалықты қарсы қойғандарын көрдім. Біздің әңгімеміз айқай-шуға жалғасқаны соншама, тіпті президент күзетінің шашы тік тұрды.

Мен оған отбасы мен айналасы бір-бірінен бизнестерін тартып алуға мүмкіндік беретін өзі құрған жүйеде бәрінен айырылып қалу қаупі бар екенін түсіндіргім келді. Тойымсыздық пен ашкөздік бәріңнің түбіңе жетеді дедім!

Мен оған деген адалдығымнан кейін, одан көңілім қала бастады. Дегенмен, оны әлі де жақсы көремін. Ол өз өмірінде көп қателік жасағанмен, жақсы істері де аз емес!

Келесі күні мен оның қабылдауына Қайрат Боранбаевты кіргізген соң, қайын атам өзінің мәселесін шешіп шықты. Осы әңгімеден кейін Нұрсұлтан Назарбаев шешемді вице-премьерліктен – сенатқа жіберді. Ал Қайрат Шәріпбаев «ҚазТрансГаздың» президенті лауазымынан – компанияның бақылау кеңесіне кетті.

Олар осыны маған әлі күнге дейін кешіре алмай отыр. Бұл олардың менмендігі мен тәкаппарлықтарына қатты тиіп кетті. Осыдан кейін олар жан-жақтан мені әшкерелейтін компроматтар іздей бастады. Алайда менің жемқорлыққа ешқандай қатысым жоқ еді.

Менің жалғыз ғана әлсіз тұсым – есірткі болды. Мынау қиын өмірде одан жаныма тыныштық іздедім. Ашкөздік пен тойымсыздықтың бір бөлшегі болғым келмеді.

Шешем мен оның қазіргі күйеуі Лондондағы детективтік компанияларды жалдап, мені әшкере еткілері келді. Бірақ менде есірткіден басқа ешнәрсе жоқ еді.

2017 жылы мен Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұрадым. Есірткіге тәуелділіктен құтылуға қол ұшын беруін өтіндім. Бірінші рет 3 айлық емді Мәскеуде қабылдадым. Қазақстанға келісімен, шешем есірткіге тәуелділігімді бетіме басып, бопсалағысы келді. «Фейсбуктағы» парақшамда жоғарғы билік туралы ешнәрсе жазбауымды талап етті. Менің тілалғыш бала болуымды қалады.

Алайда мен табиғатымнан бостандыққа құмармын және оны ешнәрсеге айырбастамаймын. Осыдан соң «Фейсбукқа» өзімнің жазбаларымды қалдырдым. Бұл қадамға өзім де дайындалып жүрген едім.

Менің жазбаларымнан соң шешем Нұрсұлтан Назарбаевты маған қарсы қойды. Менің істегенім оның беделіне нұқсан келтірді деп нандырды. Осыдан кейін оның өзі маған телефон шалып, айғай-шу болды. Төлқұжатымды тартып алып, менің келісімімсіз тегім «Әлиев» деп жазылған құжат беріп, тағы да Мәскеуге жөнелтті. Мені есірткіге қайта салынады деп күтті. Мен де қайта салындым… Бұл жолы олар маған психотроптық дәрілерді күштеп салып, мені емделіп жатыр деген желеумен он төрт ай түрмеде шірітті…

Осылайша менің адам құқықтарым аяққа тапталып, есесін қайтара алмай жүрген шешемнің қолына Нұрсұлтан Назарбаев мені салып берді. Мәскеу түбіндегі Орел қаласындағы түрмеде 12 ай жатқаннан кейін, шешем келді. Кездескенімізде менің бойымнан бағыныштылықты байқамай тұрғанын айтты… Сөйтіп, шешем кетті де, мен толықтай оған бағынышты болмайынша, түрмеде қалатын болдым.

Он төрт ай бойғы ашу мен кек маған төзімділік берді. Әлнұр Мұсаевтың арқасында ресейлік арнайы қызмет мені ол жерден алып шықты. Менің отбасым қатты қорқып кетті.

Менен тіпті өзім көмектескен қайын атам да бас тартты. Алматыға келген соң, Нұрсұлтан Назарбаев пен менің арама шешем тағы да от салды. Жаңа жыл кешінде мен онымен сөйлеспекші едім, мынандай жауап алдым: «Өзіңе жаңа отбасын тауып алғансың ба?». Назарбаевтың ондағы айтқаны – Әлнұр Мұсаев еді. Кейіннен әйелім де менен ажырасқысы келетінін мәлімдеді.

Олар менің құжаттарымды қайтармай, «Халық банкіндегі» есепшоттарды бұғаулап тастады. Олар бәрін өздеріндей көреді, өйткені ақша мен билікке табынып кеткен! Ал мені басқа нәрселер жетелейді.

Артынша шешем келіп, менің заңды Назарбаев деген тегімді Әлиев деп өзгертуге мәжбүрледі. Мен оған: «Тегімді ауыстырсам, тек Рахат деп ауыстырам», – дедім. Өйткені мені тәрбиелеген сол ғой.

Осыдан соң мен елден кеттім. Отбасымның бейберекет жағдайында өмір сүргім келмеді. Отбасында тәртіп орната алмаған адамдар мемлекетті қалай басқарады деген сұрақты өзіме жиі қойдым.

Уақыт өте келе Рахат Әлиевтің кітабында жарияланбаған архивы қолыма тиді. Сол жерден өзімнің шыққан тегім туралы білдім.

Шешем мені әлемнің түпкір-түпкірінен іздей бастады. Ақырында жан күйзелісімді есірткімен сөндіріп жүрген жерімнен – Лондоннан тауып алды. Мені Қазақстанға еркіме қарсы алып шығып, кейін тағы да Ресейге тыққысы келді. Бірақ мен олардан қашып құтылдым. Осылайша мені біреудің пәтеріне баса көктеп кірген жерімнен британдық полиция тұтқынға алып, Wandsworth түрмесіне жапты. Сол түрмеге түскеніме шексіз қуандым. Шешемнің Лондондағы жүргізушісі Behzad Naghibi үнемі маған келіп, сотта осы жағдайға қалай тап болғаным туралы айтпауымды сұрады. Артынан шешем келіп: «Жеткен жерің осы болды ма?» – деді.

Мен елден тысқарыда тыныш қана өмір сүрем, ал олар маған соқтықпауы тиіс деп шешеммен келістік. Бірақ олар тіс жарып қояды деп, менен қатты қорықты.

Кейінгі кезде басымнан талай нәрсе өтті. Ол жөнінде «Times»-қа берген сұхбатымнан оқисыздар. Егер тірі болсам!

Қазіргі уақытта шешемнің жүргізушісі Behzad Naghibi менің келісімімсіз қонақүйден төлқұжатымды алып кетті. Бұл Ұлыбритания заңдарына қайшы әрекет. Полиция менің құжатымды қайтарып береді деп үміттенем!

Әкем өлгеннен кейін, менің көзімді осылайша ашып оятқан Құдайға ризамын! Құдай мені солар сияқты болып кетпесін деп құтқарды! Құдай менен бір нәрсе қалайтынын сеземін… Нақты не қалап отырғанын алдағы уақытта білермін!

Маған тағы бір түсініксіз нәрсе – АҚШ бүкіл әлемде демократия орнатуға ынталы болып, Ресей басшылығына қарсы санкциялар қабылдап жатқан кезде Қазақстан үкіметі неге олардың назарынан тыс қалып отырғаны.

  • Aisultan Rahat

Бет қатталып жатқанда

Дариға Айсұлтанмен КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

Әлеуметтік желідегі «Бәсе» телеарнасының таратқан ақпараты бойынша, өткен сенбі мен жексенбі – 15-16 ақпан күндері сенат спикері Дариға Назарбаева Лондонның іргесіндегі ауруханада емделіп жатқан Айсұлтанмен кездесті. Дариғамен бірге оның үлкен ұлы Нұрәли Әлиев те барған екен. Екі күннің ішінде екі тарап та ортақ бір мәмілеге келген сияқты. Айсұлтан сәуір-мамыр айына дейін емделіп, сонан соң Қазақстанға оралады. Айсұлтанның ауруханадағы емінің ақысын, қажетіне жұмсайтын қаражатын Лондонда тұратын Нұрәли Әлиев төлейтін болыпты.

Ал Айсұлтанға қойылған талапқа келер болсақ, біріншіден, ол ешкімге ешқандай ақпарат бермейді. Саяси мәселелерге қатысты тақырыпта сөз қозғамайды, Назарбаевтар отбасы мүшелерін сынамайды.

Осы кездесуде Айсұлтанның Ұлыбритания үкіметінен ресми түрде саяси баспана сұрамағаны да белгілі болды. Өзі емделіп жатқан аурухананың тәртібі бойынша жүріп-тұруына еркіндік берілген, байланыстың барлық түрлерін, оның ішінде әлеуметтік желіні қолдануға рұқсат етілген. Ендігі жерде Айсұлтан үндемейтін болды, өйткені шешесімен, ағасымен жасалған келісімнің шарты солай. Шаруасын бітірген Дариға Назарбаева жеке меншік ұшақпен Қазақстанға ұшып келді. Нұрәли Әлиев пен Айсұлтан Рахат-Назарбаев Лондонда қалды.

«БӘСЕ»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн