Алтынбекті КІМ АТТЫ?

(Соңы. Басы газеттің 13.02.2020 ж. нөмірінде)

  • Қылмыс жасауға себеп жағдайды – мотивті негізге ала отырып, тергеу, прокуратура, сот айыпкердің кінәлі, кінәсіздігін анықтау үшін дәлел-дәйектерге, айғақтарға, куәлардың көрсетулеріне, сарапшылардың тұжырымдарына, т.б. сүйенеді. Мұның бәрі ҚР заңдарында көрсетілген. Соған сәйкес, біз күдікті деп санаған төмендегі адамдардың қылмысқа баруы мүмкін екендігін дәлелдейтін негіздерді, соның ішінде мотивтерді ішкі істер министрінің, бас прокурордың, жоғарғы сот төрағасының назарына ұсынамыз.

1. Күйеу баласына қатысты мотивтер

  • Р.Әлиевтің 2001 жылғы оқиғаға байланысты А.Сәрсенбаевқа деген өштестігі бар. Оның сол кезде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған қылмысын А.Сәрсенбайұлы жетекшілік еткен комиссия толық анықтап, дәлелдеді. Бірақ президент Н.Назарбаев қылмыстық іс қозғауға жол бермеді, күйеу баласын құтқарып қалды.
  • Р.Әлиевтің ең жоғарғы билікті заңсыз иемденуіне қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Сәрсенбайұлы тосқауыл қойды.

Бұл екі тұжырымға және төмендегі пікірлерге Алтынбектің «Жұма-таймс» (ДАТ) газетіне 2005 жылғы 17 қарашадағы мына сұхбаты дәлел: «ҚДТ қозғалысынан бұрын, Р.Әлиевтің ісі орын алғанын білесіздер. Мен соны тексеруге қатысқандардың бірімін. Назарбаев жексенбі күні Рахат Әлиев пен оның әкесін қабылдады, ал сосын оған көмектесуге және оны белгілі жағдайда қорғауға тырысқан адамдардың барлығын өзі ұстап берді, өйткені ол мемлекеттің басшысы ғой. Ал біз тек оны (Назарбаевты) емес, конституциялық жүйені қорғадық. Біз іс жүзінде президентке елде саяси бассыздықпен айналысуға болмайтынын дәлелдеп бердік. Назарбаев Әлиевтің іс-қимылы туралы толықтай хабардар болды. Мен оған жеке өзім баяндадым және барлық құжаттар мен материалдарды көрсеттім.

Мынаны қараңыз: Назарбаев Әлиевтерді қабылдады да, өз ұстанымдарын өзгерте салды. Ал Р.Әлиев президентпен бірге телевидение эфиріне шығып, жемқорлықпен күрескенін және «мұндай кеселмен күресе беретінін» айтты. Мен президенттің дәл қазір жағдайды ушықтыруға болмайтынына, саясат тұғырнамасын дұрыс таңдауына көзін жеткізуіне тырыстым. Бірақ президент басқа жолды таңдады. Ол енді қарсыластарын қай тұрғыдан да мойындағысы келмеді. Жарияланбаған соғыс басталды…».

  • ҰҚК төрағасы болуға мүдделі әрі дәмелі, оған сенімді Р. Әлиев құдіретті мекемедегі орынбасарлық лауазымнан да айырылды, президенттің күзетіне уақытша ауыстырылды, кейін одан да сырғытылып, шетелге елшілікке кетті. Мұның бәріне қылмысын ашқан, мемлекет қауіпсіздігін қорғаған А.Сәрсенбайұлын кінәлі санады.
  • Саясаткер А.Сәрсенбайұлы отбасы билігін түбегейлі орнықтыруды ойлаған Н.Назарбаевтың, Р.Әлиевтің халыққа керексіздігін ашық түрде мәлім етті.

Мәселен, ол «Үштаған» немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман» деген мақаласында 2005 жылы қараша айында былай деп жазды:

«Сайлау қарсаңында үлкен күйеу баласы Р.Әлиевті елге қайтарды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары етіп қойды. Құдды ұлттық қазынамыз секілді арнайы жарлығымен оралтты. Бизнесмендер сағынып қалды деді ме екен? Әлде оның талай тепкісінен өткен оппозиционерлер мен журналистер ұзақ күтіп қалды деп ойлады ма екен? Осы тағайындау арқылы отбасының режимнің саяси қаңқасының маңызды құрамдас бөлігі екендігін бадырайта көрсетті. Бұған қанағаттанған Дариға Назарбаева өз әкесінің елді 35 жыл бойы басқаруы қажет екендігін дүйім жұртқа жария етті. Сіз қалай ойлайсыз: отбасының билігі біздің халқымызға қажет пе? Осындай отбасына біздің халық өз еркімен дауыс бере ме?». Мұндай мысқыл, ащы пікір өздерін құдірет санап жүрген Рахат пен Дариғаға ауыр соққы болып тигені анық. Лайықты жауап қайтара алмаған соң, саяси өрістері тар, құрту мен жойғанға әуестер қарсыласынан басқаша жолмен кек қайтаруды немесе үндерін өшіруді ойлайды. Әлиев те солай.

  • Баспасөз министрі кезінде А.Сәрсенбайұлы Рахат пен Дариға екеуінің медиа-бизнесіне Қаржы министрлігі арқылы бюджеттен бөлгізген миллиардтаған қаржыны заңсыз деп тоқтатқызды, «Хабарды» жекешелендірулеріне қарсы тұрды.
  • Оппозициялық күштердің басын біріктірген, құрған партиясы халық тарапынан қолдау тапқан А.Сәрсенбайұлы тұрғанда отбасының және өзінің биліктен кетірілетінін Р.Әлиев сезді, сол үрей оны қастық жасауға итермеледі.

2. Қызына қатысты мотивтер

  • Телеарналарға, газеттерге ие болған Д.Назарбаева өз ақпарат құралдарын мемлекет есебінен қаржыландырып, пайда табуға ұмтылды. Оған министр ретінде А.Сәрсенбайұлы келіспеді. Бәрін өзі қалағандай шешкізіп әдеттенген президенттің қызы мұндай қарсылыққа қатты қапаланды. Әкесіне талай рет шағымданды, ызаланды, жеккөрушілік сезімін жасырмады.

Оған дәлел: 2004 жылғы маусымда жарияланған сұхбатында Алтындек былай деді: «…Біздің арамызды өте қиын-қыстау жылдар бөліп жатыр. Ол өз арнасының /«Хабар»/ ұлттық-мемлекеттік «Қазақстан 1» арнасынан көбірек қаржы алуына ұмтылып бақты. Ол «Еуразия-ОРТ»-ны мемлекеттің есебінен ұстау үшін басымдық жасауды көздеді. Сосын ол аяқ астынан Бірінші ұлттық мемлекеттік арнаны басқаруға алуға шешім қабылдады, бірақ мен ондай мүмкіндік бермедім, бұлай, жеме- жемге келгенде, мемлекеттік арнаны жеке меншікпен шатастырып алуға да болады ғой».

Бұдан әрі Алтынбек былай дейді: «Президент мұнда тұрған не жамандық бар, егер Дариға қолына алып, ол арнаны көтеріп жатса деп сұрады. Сонда мен оған электрондық БАҚ-қа Дариға түбегейлі монополия орнатады деп түсіндірдім. Бәрін бір адамның қолына өткізіп беруге болмайды. Мені Қауіпсіздік кеңесіне ауыстыра салысымен, жаңа министр Мұхтар Құлмұхамед оның тегеурініне шыдамай, ұлттық арна соның басқаруына көшті».

  • «Қазтелерадио», «Кателко», «Алма-Медиа» сияқты компаниялар мен Д.Назарбаеваның байланысы, заңсыздықтары, ірі холдингтің акцияларын иеленген, бірақ сонда көлік айдаған, кейіннен Қазақстанның Австриядағы елшілігінің жүргізуші болып, күмәнді жағдайда қазаға ұшыраған адам туралы зерттеу жүргізу қажеттігін Алтынбек мәселе етіп көтерді. Бұл да Рахат пен Дариғаның ашу-ызасын туғызды.
  • Министр А.Сәрсенбайұлы «Хабарды» иеленген Д.Назарбаеваның қаржыландыру заңдылықтары мен бюджет саясатын бұзып, үстемдігін жүргізуіне жол бермеді.

Алтынбек былай деді: «Мен Әділет министрлігіне сұрау салып, жеке арнаны бюджеттен қаржыландыру бойынша ешқандай заңдық құжаттардың жоқ екенін анықтадым. Мысалы, «Хабарға» келесі жылы 1 миллиард 200 миллион теңге бөлу жоспарланған. Менің қарсылығымнан кейін, бюджеттік комиссияда шығындардың аталған пункті алып тасталды. Бұдан бұрын «Хабарға» мемлекет тарапынан 470 миллион теңге бөлінген болатын. Бюджеттік қаражаттарды тікелей тонау болмағанда, бұл не?».

  • «Хабар» арқылы А.Сәрсенбайұлын сотқа бергізіп, басында 1 миллиард теңгеге айыптағысы келді. Сот мұның тым көп және ақылға сыйымсыз сома екенін ескертсе керек, моральдық айыппұл мөлшерін 50 миллион теңгеге түсірді. Қуыршақ сот «Хабар» компаниясының ар-намысы мен іскерлік беделіне келген нұқсан үшін 1 миллион теңге өтемақы төлетті. Не үшін?

А.Сәрсенбайұлының «Республика. Деловое обозрение» газетіндегі мына сөзі үшін: «Меніңше, қазір жұртшылық қай ақпарат құралының кімге тиесілі екендігін жақсы біледі. Өз басым ең бірінші кезекте Дариға Назарбаева мен оның отбасына тиесілі медиахолдингті монополиясыздандыру қажет деп есептеймін. Бұл медиахолдингке «Хабар», «Ел Арна», «КТК», «НТК», «Еуразия -Бірінші арна» телеарналары, «Каспионет» спутниктік арнасы, «Алма ТВ» кабельді жүйесі, «ХитФМ», «Еуропа плюс Казахстан» радиосы, «Русское радио Қазақстан», «Радио Ретро» және бұдан басқа да бірнеше жалпыұлтық хабар тарататын ұйымдар кіреді. Сонымен бірге бірсыпыра республикалық басылым да осы холдингке қарайды».

  • Ақпараттық рынокты монополияландырып алды деп, «Хабар» агенттігін емес, Дариғаның өзін, отбасын атаса да, айқасқа «жәбірленушінің» өзі шықпай, басқалардың қолымен от көседі. Осындай адам өш алу, қарсыласын тұқырту, жойып жіберу үшін қастандық жасауға тапсырыс бермейді деуге қалай иланамыз?!

3. Әкелеріне қатысты мотивтер

Қазақстан азаматы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа – бұрынғы президентке қатысты Алтынбек Сәрсенбайұлы жазған, айтқан, тікелей оның өзін сынаған өте көп пікірлердің бірнешеуін ғана ұсынамын.

  • «Бір-бірінен мүлде бөлек, тұрақсыз үш жолдау. Мұндайды бүгінде қойыртпақ дейді. Қайсысына сенеміз? Егер жолдаулары осындай әрқилы болса, онда президентке қалай сенесің? Ел үшін түйінді мәселе бойынша басы әңкі-тәңкі болған адамға елдің тағдырын табыстап, біз орынсыз тәуекелшілдік жасап отырған жоқпыз ба?».
  • «Назарбаев сөз бостандығы туралы айтады. Шындығына сайғанда, ол заңның шеңберінде, яғни қысқа қарғыбауда болуы тиіс деп бірден атап көрсетеді. Іс жүзінде қалай? Журналистерді енді қорқытпайды, оларды өлтіре бастайды. Газетті жай ғана жауып тастамайды, оларды жоюға тырысады. Прокуратура оппозициялық ұйымдардың ғимараттары мен үйлерін заңсыз тінтеді және демократиялық басылымдарды заңсыз тартып алады. Президенттің саяси өзгерістің қажеттігі туралы әрбір сөзінен кейін дүние тарылып сала береді. Еліміз үшін қорқынышты…».
  • «Оның /Назарбаевтың/ бүгін өз халқына бергенінен гөрі, алғаны әлдеқайда көбейіп кетті. Президенттің кемшілігі мен қателігі оның жетістіктерін басып озды. Шын жетістіктерін де, қолдан жасалған «жетістіктерін» де. Масқаралыққа ұшырап, абыройдан біржолата айырылып қалмасы үшін, мұндай жағдайда өзін-өзі сыйлайтын саясаткерлер сахнадан кетеді».
  • «Президент не деп еді? Президентке сенсек, бізде шекара да болмаған. Территория да жоқ. Мемлекеттілігіміз де болмапты. Сонда біз сығандармен туыс болып шықтық қой… 1991 жылы ғайыптан тайып, «бағымызға» Құдай бір билеушіні бере салыпты. Мемлекетті де сол жасапты! Шекараны да сол анықтапты. Және біз үшін жерді де іздеп тауыпты. Жер болғанда қандай! Мұнайы да, көгілдір отыны да, хромы да, мырышы да, темірі де, алтыны да бар жер! .. Орманы қандай, көлі қандай!.. Осы дұрыс па, осы шындық па?».
  • «Назарбаев неліктен әділ сайлау өткізе алмайды? Тым болмаса, бір рет. Барлық тәуелсіздік жылдары ішінде, өзі басқарған 15 жылда неге ондай қадамға бара алмады? Неліктен ол бұл жолы да лас, тайғақ соқпаққа түсті? Үйреншікті болғанымен, қауіпті емес пе?».
  • «Назарбаев қазақ менсіз күн көре алмайды, ал мен оларсыз күн көрем деген астам пиғылға бой алдырған жоқ па? Ия, ол да мүмкін. Кейбір сөздеріне қарасаң, солай да сияқты. Алайда бұған да сенгің келмейді. Неліктен? Өйткені ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Ақылсыз да емес. Айтарлықтай сұңғыла. Тарихты жақсы біледі. Тарихта қалғысы келеді. Ататүріктен кем болғысы жоқ… Тарихқа жетік адам болғандықтан, ол басқа авторитарлық билеушілердің тағдырынан хабардар. Ол Саддам Хусейннің сайлауларда осындай жолмен «жеңгенін» біледі. Ол Маркостың да осындай жолмен «жеңгенін» біледі. Милошович та осылайша «жеңген». Ақаев та осылайша «жеңген». Осылай «жеңу» қажет пе? Өйткені мұндай жалған «жеңістер» – бұл күйреудің бастамасы!».

Ішкі істер министрлігі, прокуратура және соттың басында отырған басшылар! Мен Алтынбектің бұрынғы президент Н.Назарбаевқа, оның қызметіне қатысты өзге де сын пікірін, көзқарасын, берген бағасын тізіп шығуыма болар еді. Бірақ осы да жеткілікті болар деп тоқтадым. Мақтаудан басқаны естігісі келмейтін, атақ-даңққа құмар адамның шымбайына бататын жоғарыдағы шындық әрі ащы мысқыл, әжуамен, бірақ мемлекет пен қоғамға жанашырлықпен айтылған ақиқат сөздер Н.Назарбаевтың қанын қарайтып, ашу-ызасын келтіргенін өздеріңіз де білесіздер. Назарбаев кешегі қол астында істеген министрден, жасы кіші адамнан мұншалықты сөз естуі оны «жындандырған» да шығар. Мұндай жағдайды өздеріңіз бұқпантайлап жүріп, байқаған боларсыздар.

Енді заңгер ретінде айтыңыздар: Назарбаев өзіне халық алдында жоғарыдағыдай өткір сын айтқан, масқарасын шығарған, «тірідей сойып салған» адамнан кек алмай тоқтаушы ма еді? Өзін ұлттың көшбасшысы, елбасы санатып жүрген адамға оның құрған жүйесінің айықпас ауыруы туралы қойған қатаң, бұлтартпас диагнозы, өтіріктерін әшкере етуі өте жайсыз тигені даусыз. Назарбаев мұндай сынға төзбейтін, қорланатын, қаһарын төгіп, шалт қимылға баратын пенденің бірі. Сондықтан мен келтірген мысалдар оның қылмыс жасауына себепке, итермелеуші факторға, мотив болуға жарап қалар. Өтембаевтың /намысыма тиді деген/ мотивімен салыстырғанда, бұл әлдеқайда нақтылы және сенімді аргумент. Өз өлшемдеріңізге салсақ, Ержанның орнына ең алдымен Нұрсұлтан, одан кейін Рахат пен Дариға және басқалары жауапқа тартылуы, тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, тым құрығанда қылмысқа итермелеуші баптары бойынша жазалануы керек қой!

Батыр, қайтпас қайсар тұлға Заманбек Нұрқаділовке жасалған қастандықты халық президент болған Н.Назарбаевтан көрді. Мен де солай есептеймін.

Өйткені бұл екі азаматты қазаға ұшыратқан террорлық әрекеттің жеке басараздықтан туындайтын қылмыстан бөлек, саяси астары бар. Ең бастысы және негізгісі де сонда – үлкен саясатта! З. Нұрқаділов пен А.Сәрсенбайұлы – белгілі саясаткерлер, режимге қарсы шыққан күрескерлер. Кері қайтпайтын, сатылмайтын табанды тұлғалар. Олардың шыншыл, дәлелді сөздерінен, саяси айқын көзқарастарынан кейін қоғамдық пікір күрт өзгере бастады. Мұндай адамдар Қазақстанда отбасылық, олигархиялық, авторитарлық билік жүйесін түбегейлі орнықтырып, мәңгі үстемдік етуді көздегендер үшін үлкен кедергі болды. Әрі айтарлықтай қауіпті еді. Билік демократия жолында күреске шыққандарды алғашында тек сотпен қуғындады. Мәселен, Ғалымжан Жақияновты, Мұхтар Әбілязовты жаламен соттатты. Оппозициядағы белсенділер Болат Әбіловты, Айдос Садықовты, Ермек Нарынбаевты және басқаларын тергеумен, сотпен қажытты. Ұрып-соғу, арандату сияқты сорақылықтар қатар жүрді. Саяси қарсыласты жойып жіберудің тәсілі ретінде ашық түрде террорлық әрекеттерге де баратын болды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне қастандық жасау, «Арыстан» секілді қауіпсіздік комитетіне қарайтын күштік құрылымды, мемлекеттік органдардың қызметкерлерін адам ұрлауға пайдалану, қатыгездікпен адам өмірін жою, сол арқылы қоғамда қорқыныш туғызу, саясаткерлердің жақтастарын жасқандыру – бұл нағыз саяси террор. Айналасы үш айда жасалған екі бірдей мемлекеттік террорлық әрекеттің түпкі көздеген мақсаты – Қазақстандағы саяси оппоненттерді, тұтастай оппозицияны талқандау, тарауға мәжбүрлеу, азаматтарды олардан аулақтату еді. Олар дегеніне жетті. Оны бәріңіз білесіздер.

Бірақ халықтың наразылығы мен қарсылығы соңғы жылдары үдей бастады. Елден сыртқа кетіп, шетелде жүріп, саяси күресті жандандырған азаматтар мен жаңадан қалыптаса бастаған қоғам белсенділері қудалауға, қорқытуларға қарамастан, назарбаевтық жүйені өзгерту үшін ашық алаңға шықты.

4. Қорытынды. Менің қоятын талабым

Мен, Рысбек Сәрсенбайұлы, саяси террорлардың салдарынан қазаға ұшыраған Заманбек Нұрқаділовтың жерлесімін, Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасымын. Заң бойынша – жәбірленушімін. Қазақстан азаматымын. Сондықтан аттары аталған қоғам және мемлекет қайраткерлеріне, Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевке оқ атқызғандарды, оқ атқандарды анықтауды, қылмыстық жазаға тартқызуды талап етуге құқылымын. Бұрынғы президент Н.Назарбаевты 2005 жылғы 13 қарашадағы, 2006 жылғы 11 ақпандағы қылмыстық істерге қатысы бар деп есептеймін! Қазіргі сенат төрағасы Дариға Назарбаеваны Р.Әлиев пен Ә.Мусаевқа қатысты қозғалған №14001901100001 қылмыстық іске күдікті ретінде қосып, тергеуге алуды талап етемін! Сол екі қанды оқиғаның қоғамдағы қаупін ескеріп, терроризм бабы бойынша жаңадан іс жүргізуді талап етемін!

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және оның отбасының мүшелері неліктен қылмыстық әрекеттердің күдігіне ілінгенін мен жоғарыда айттым. Сот материалдарына, болған оқиғаларға, ақпараттарға жасалған талдау негізінде жеке өз болжамымды нақтылы баяндадым. Ал олардың шынымен де қылмыс жасауы мүмкін бе деген сұраққа «иә!» деп сенімді түрде жауап беремін. Өйткені біздің елімізді билеп-төстеген отбасының мүшелері қандай қылмыс жасаса да, жауапкершілікке тартылмайды. «ҚР тұңғыш президенті – елбасы туралы» арнайы заң қабылданған. Ол заң бойынша, назарбаевтарды тергеп, тексеруге болмайды. Ешкімді тиістірмеу жөнінде баптары бар. Бұлар қылмысқа баратындарын алдын ала ойластырмаса, немесе орын алған қылмыстық әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылмауды көздемесе, онда ешбір мемлекетте жоқ заңды не үшін жасатты?!

Конституцияға қайшы келетін мұндай заңсымақты жарамсыз ету, күшін жойып, қоқысқа тастайтын уақыт жетті! Президент Қ.Тоқаев, парламент мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулин қоғамның бұл талабын жеделдетіп орындасын! Міне, сонда ғана барлық азаматтардың құқығы теңеледі. Мемлекеттік билікті жекешелендіріп алып, аса ауыр қылмыс жасаушылардың жолы кесіледі. Заң алдында барлық адамдардың бірдей жауаптылығы жөніндегі талап сонда ғана іске асады. Ал ол өз кезегінде әр деңгейдегі «назарбаевтардың» астамшылығы мен заңбұзарлығын тоқтатуға септеседі.

Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

11 ақпан 2020 ж.

Алматы қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн