«Алғыс айту күнінде» АЙТЫЛАР СӨЗ

Осы кітапты жазып отырған кезде ( 2018 ж. ), теледидарды қосып қалсам, 1-наурыз – “Алғыс айту күні” деген, күнтізбеге енгізілген, атаулы күн екен. Бүкіл республика бойынша “Қайырымды көршіге рахмет” деген акция өтіп жатқанын білдік.

Ойланып қалдым. Әрине, бұл атаулы күн Қазақстанның барлық тұрғындарына, соның ішінде, әсіресе, ерікті-еріксіз түрде біздің елімізге қоныс аударушыларға бағышталған. Арғы түбінде жер иесі қайырымды қазақтарға рахмет айтуды ұмытпаңдар деген ой жатқандай. Дұрыс-ақ! Осылай естеріне салып тұрар мәні де бар, мағынасы да бар айтулы күн екен.

ХVIII–XIX  ғасырлардан бастап, Қазақстанның үсті де, асты да бай, ұлан-ғайыр даласына үздіксіз тоғытылған қоныс аударушылардың мақсаты – отарлық езгідегі бұл елдің жергілікті халқын шеттетіп немесе біржола ығыстырып, жеріне ие боп қалу болатын. Олар патшалық Ресей мен Кеңес өкіметінің агрессиялық саясатын жүзеге асыратын күш болып саналды. Сол ғасырларда қазақ жеріне қоныс аударғандар негізінен кендірден тоқылынған шекпен, қонышын буған көн етік киетіндіктен, оларды қарашекпенділер деп атады. Олар біртіндеп, қатарларын молайта берді.

1897 жылы бүкілресейлік халық санағының мәліметі бойынша, Қазақстан аумағындағы халықтың 80 пайызын қазақтар, 12 пайызын славян тектес халықтар, ал қалғанын түркі тектес халықтар құраған. Патшалық Ресей, тіпті өздері басқа жұртпен жағаласып, соғысып жатса да, Қазақстанға қоныс аудару саясатын еш ұмытпаған, қайта бұрынғыдан да үдетіп жүргізе берген. 10-15 бес жылдың ішінде-ақ біздің жерімізге көшіп келгендердің – орыс, украин, беларус, ұйғыр, дүнгендердің т. б. – саны 1 миллион 264 мыңға жеткен.

Әрине, олар жерлерімізге босағадан жәутеңдеп сығалап, табалдырықтан имене аттап келген жоқ, өктем де, өркөкіректікпен кірді. Ең шұрайлы да құнарлы жерлерімізге баса көктеп кіріп, зорлық-зомбылықпен қоныс тепті. Бас көтеріп, қарсылық білдіргендерді сол заматта бекіністерде тұрған қарулы әскерлері атты, асты, жер аударды, абақтыға қамады. Қазақ халқын езді, басып-жаншыды, ел қатары түгіл, адам қатарына санамады. Мұндай шектен тыс қорлыққа шыдай алмаған ел атқа қонып, көтеріліске де шықты. Ол көтерілістердің бәрі немен аяқталғанын біз тарихтан жақсы білеміз.

Ең сұмдығы – Ресей саясатының өктем болмысы қарапайым халықтың да бойына сіңіп кеткендігі. Олардың ең бейшарасына дейін қазақтың ірісі мен сойына шәуілдеп-шәңкілдеп болсын, сөз айтатын болды. Тіпті өз беттерімен аш-жалаңаш қаңғып келгендер де, әл жинап алғаннан кейін қазаққа күш көрсететінді шығарды. Олар да кешегісін ұмытып, өздерін қай қазақтан да зор санап, кеуделерін керіп, асып-тасып жүрді.

Менің есіме, дәл осы жерде, Маңғыстауда естіген бір әңгіме түсіп отыр.

Бұл оқиға Қазан төңкерісінен де бұрын болса керек. Теңіз үстінде таудай-таудай толқындарын аспанға көтерген, бет қаратпайтын 3-4 күнге созылған сұрапыл дауыл соғады. Әрине, ондай дауылға тап болған қайық мінген теңіз үстіндегілер не суға жұтылып кетеді, не жанталасып жүріп, ығып басқа жағалаудан шығады.

Дауыл басылған соң, нешеме күн қамалып қалған жұрт шаруа ісімен сыртқа шықпай ма? Жағалауда отырған халықтың алдымен көз тастайтын жері – теңіз беті мен теңіз жағасы. Теңіз жағасында қарауытқан бірдеңені көрген жұрт тезірек соларға жетпей ме? Барса, ығып келіп, сыртқа шығып қап, қалжырап құлап жатқан екі орыс жігіті. Әбден азып-тозған. Сақал-мұрт қауғадай. Жүру түгіл, тұруға шама жоқ, бұралып жатқан екі міскін. Мүлде әлсіреп қалған оларды үйлеріне көтеріп әкеліп, жуындырып-шайындырып, шай-суын беріп, демалдырып естерін жиғызады. Ол ауыл – теңізден де, даладан да несібесін айырып отырған дәулетті ауыл болса керек. Терілері сүйектеріне ілініп келген екі сұлбаны бағып-қағып, лезде-ақ қатарға қосады ғой. Үш-төрт айдан кейін-ақ ол екі жігіт, табиғатында екі иықтарына екі кісі мінгендей, балуан денелі зор жігіттер екен.

Олар алғашқы жылдары жап-жақсы боп жүреді. Теңізге ау салады, далада мал бағады, оларды күтеді, суғарады, шөп шабады. Қыста отын дайындайды. Не керек, сол ауылдың отымен кіріп, күлімен шығады. Жұрт дән риза болысады. Олардың еңбегі, алапат күші жақын-жуық елдердің бәріне белгелі болады. Тірескенді тірсегінен қағып мұрттай ұшырып, белдескенді алып ұратындарды кім білмесін?! Әлденіп алғаннан кейін елімізге қайтамыз деген сөздерін өздері ұмыта бастайды. Бір сөзбен айтқанда, елге сіңіп кетеді ғой.

Бірер жылдан кейін енді олар өнер шығара бастайды. Форт-Александровск (қазіргі Форт Шевченко) қол созым жерде. Соған барып, қыдырыстайтынды, арақ ішетінді шығарады. Ішкен адам қай оңсын. Әртүрлі жағымсыз қылықтар көрсетеді. Бойда тасып- төгіліп тұрған күш. Енді олар адамды адастырып, алжастыратын, бірде ұятсыздыққа, бірде қиянатқа бастайтын озбыр қарекеттерге бара бастайды.

Ауыл ақсақалдары оларды тезге салмақ боп, алдарына шақырып ап әлденеше ескертеді. Алғашқы кездерде мойындары салбырап, айыптарын білгендей, енді қайталамайтындай, кешірім сұрағандай болып жүреді де, көп ұзамай тағы да сол баяғы құрып кеткір қанына тартады. Ішеді, ұрыс-керіс шығарады.

Ақсақалдар ақылдаса кеп, қой бұлардың аяғына тұсау, басына ноқта салайық деп, оларды әр қайсысына үй тігіп, үйлендіреді. Үйлі-баранды, балалы-шағалы болады. Бірақ біраз уақыт тынышталып, қайтадан ескі жындарына басады. Тіпті шектен шыға бастайды. Біреулердің алақанына салып әлпештеп отырған қыздарына тисуді шығарады… Шыдамның да шегі бар. Міне осы сөз шыққан бойда, олардың құтырған қылықтарынан әбден ығыр болған ауыл тарс жарылады.

Ауылдың ес жиярлары ақылдаса кеп, енді бұлардан құтылмасақ, ел-жұрттың бетіне қарай алмайтын, сүйекке таңба боп басылып қалатын масқараға ұшыраймыз деп шешеді. Екеуіне арнап көп арақ алдырып, бір жазыққа үйлер тіктіріп, былқытып бағлан марқа сойдырып, арақты үстемелеп құйдырып, әбден мас қылып сұлатып салады да екеуінің бұттарын арқанға байлап, екі түйеге екі жаққа қарай тартқызып, айра-жайрасын шығарып, екі айырып тастайды…

Ал олардан қалған ұрпақтар әлі бар. Көбісінің көзі көкпеңбек. Бір-екеуімен жақсы таныс болдым. Нағыз адай жігіттері. Оларды адайлар да жатсынып жатқан жоқ…

Біздің ауылда да түбірі осыған ұқсас оқиға болып еді. Бала кезімізде Түркістаннан онша алыс болмағаннан кейін бе, ел кезіп қайыр сұрайтын диуаналар жиі келіп тұратын. Олардың көбісі тәжіктер еді. Қазақша шала-шарпы сөйлейтін олар, жап-жас қалпымен қайыр сұрап, ел кезетін себептері, шаңырақ көтеру үшін, қалың мал төлеуі керек. Соған қаржылары жоқ. Сондықтан осылай ел кезіп, қайыр сұраймыз дейтін еді. Олар ауылға бір түнейтін де, келесі ауылға кететін. Бір күні әбден арып-ашыған, азып-тозған қара мылқау пайда болды. Ол байғұсты, өзі мылқау болған соң, одан сайын аяп, ауылдағы үйлердің бәрі барын алдына тосатын. Ақыры біздің ауылда тұрып қалды. Шөп шапты, отын жарды, арық қазды. Өзі алапат күшті еді. Бір өгізді қос қолымен мүйізден ұстап, мойнын бұрап құлататын. Әбден қоңданды. Бара-бара тіпті еркінсіп алды. Шектен шықты. Қайнап тұрған қазандағы етті етегіне салып алу, өредегі құрт, қақтарды, ірімшікті қалтасына, қойны-қоншына тыға салу, оған бұйым болмайтын болды. Тиым салмақ болған ірі жігіттердің бір-екеуін майып ете жаздады. Содан оны бір топ жігіттер жабылып жүріп ұстап, аяқ-қолын мықтап байлап, машинаға салып Ташкент жаққа апарып тастады. Ол туралы мен “Қара мылқау” деген өлең жазғам…

Ия, өмірдің өзі, қайта-қайта алдыңы тосып, көзіңе шұқып тұрып көрсетіп отырғандай, жақсылығыңның бәрі жақсылық болып қайтпайды. Қайта біреулерді тым есіртіп, ақыры жүгенсіз әрекеттерге дейін барғызытынын жоғарыдағы мысалдардан байқап отырған шығарсыздар. Шектен тыс қолпаштап, барыңды аузыңнан жырып бергендей қадірлеп, аяныш білдіргеніңнің бәрі желге ұшып, сенің арың мен намысыңа тиетінін кеш біліп қаласың. Жоғарыдағы мысал бірер адамға ғана айрықша ықылас танытқанымыздың нәтижесі. Ал эшелон-эшелон болып келгендердің жасаған бүліктері мен озбырлықтарын айтсаң, сен өзің шектен шыққан ұлтшыл, халықтар достығына қатер төндірген барып тұрған оңбаған болып шыға келесің.

1930 жылдан кейін Қазақстанның алып аумағына күн құрғатпай көшіп келушілер толассыз ағылып жатты. Олар да баса көктеп әдеттегідей өркөкірек өктемдікпен келді. Бұл жер, бұл ел басқа бір жұрттың қанын төгіп, жанын беріп қорғаған жері-ау, ол елді сыйлау керек шығар, не болғанда да бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүру, бізге парыз деген жоқ. Қайта таптады, жаншыды. Бас көтертпеді.

Енді қазақ жеріне күні кеше ғана ашаршылықтың тауқыметін бір тартып, енді қуғын-сүргін деген сұмдықтың қаһарына мініп, қазақтың сүт қаймақтарын сыпырып жалап жатқан, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыстың жалынына шарпылып, өңешіне жұтылып әбден қалжырап діңкелеген қазақ жеріне, яғни 1937 жыл мен 1944 аралығында тұтас халықтарды ата жұртынан айырып, Қазақстанның кең қолтық жеріне күштеп көшіру науқаны жүргізілді.

Әрине, ол жұрттардың тағдырын адамның басына бермесін. Аяйсың. Ата-жұрттан айыру, сөз жоқ адам айтқысыз қасірет. Оларды тек күштеп көшіріп қана қойған жоқ, оның арғы жағында Кеңес өкіметінің арам да озбыр саясаты жатты. Қазақстанға кіргізілген сырттан келгендердің де, іште өз мекендерінде отырған қазақтардың да ортақ тілі – орыс тілі. Яғни байырғыдан ойластырылған саясаттың іске асырылуына зорлықпен келгендер де ықпал етеді деп ойлады. Міне, соғыс жүріп жатқан кезде де Кеңес өкіметі бір елі де өзінің жымысқы саясатынан кері шегінбей, оны іске асырумен болды.

Сонау жер түбінде жатқан Қиыр Шығыстан – корейлерді, Армения, Әзербайжан, Грузиядан – курдтерді, Украина мен Беларуссиядан – поляктарды қазақ жеріне бірінен соң бірін тоғытқан үстіне тоғыта берді. Осымен Кеңес өкіметінің тойымсыз темір өңеші тоят тауып, толастапты деп отырсыз ба? Жоқ. Араны одан сайын ашыла түсті. Ашқарақ құлқын боп шықты. Соғыс аяқталар кезде, яғни 1944 – 1945 жылдары Украинадағы, Белорусьтегі, Балтық жағалауындағы немістер де қазақтың мейірімді құшағына күмп ете түсті. Сондай-ақ көп ұзамай, сол бір тұста шешендер, ингуштар, қарашайлықтардың қалың көші қаптап кіріп жатты. Солтүстік Қап тауының басқа тұрғындары да қалыс қалған жоқ. Бұл бір жойқын күштен қырым татарлары, болгарлар мен гректер де тыс қалмады. Күштеп көшіру жалғаса берді. Енді месхет түріктері мен курдтар келді.

Осындай қалың ормандай қаптаған көштің астында қалған қазақ даласы қыстан әрең шыққан көтеремдей болды. Арса-арсасы шығып, есеңгіреп қалды. Кеңес өкіметінің көзіне шыққан сүйелдей болып көрінген әлгі қаптаған жұрттардан қазақ елі есін жия алмай қалды. Сонда да сол көшіп келгендерге қолдан келгеннің бәрін жасады. Баспанасы жоқтарды өз баспаналарына кіргізді. Өздерінің аш өзектері талып жүріп, бір үзім нанын солармен бөлісті. Жаурағанын жылытты. Жылағанын жұбатты.

Қазақстан сол жылдары, несін айтасың, бірінің тілін бірі түсінбейтін, бірінің дәстүрін бірі қабылдамайтын қойыртпақ елге айналды.

Көп ұзамай, қазақ жерінің есін жиғызбай, тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды да кетті. Алып науқан. Ілгерірек бұл науқанға тоқталып өткенбіз. Ол сөзімізде олардың өктемдігі мен озбырлыған айта кеп, жүздеген мектептердің жабылып, рухани қасіретке ұшырағанымызды, тарихи жер аттары түгеліне жуық жойылып кеткенін айтқан болатынбыз. Жай қарапайым халықты жамандап, оларды жау көруге болмайды дейміз ғой. Дұрыс-ақ! Олардың қолында не тұр? Саясатты жасайтын олар емес. Тағы да дұрыс-ақ. Бірақ олар біліп немесе білмей Кеңес өкіметінің озбыр һәм зұлым саясатының қолшоқпарларына айналып, қар көшкіні немесе сел жүргендей сұрапыл күшке айналады.

Ең өкініштісі, олар аяқ астына тапталып, аяусыз жаншылып жатқан қазақтарға аяушылық жасаған жоқ. Бәлкім, ішінара болған да шығар. Бірақ бір елдің құрып бара жатқанын көре тұрып, жанашырлық танытты дей алмаймын. Қайта «сендердің көздеріңді аштық, ел қатарына қостық» деп, бізге үлкен қамқорлық жасағандай, енді соның өтемін бізге жалбаңдап, қызметтеріңді көрсетіп қайтарасыңдар деген пиғылда болды. Көбісі, әлі де сол пиғылда. Бұл сөздер, әрине орекеңдерге қатысты.

Ал басқа жұрттар толық түсінді, қазақтардың еңбегін, олардың иманды қасиеттерін, кісілік келбеттерін бәрі бірдей толық мойындады дейсіз бе? Айта алмаймын. Әрине, біздерге дән риза болған, шын жүректерімен ризашылығын білдіргендер бар. Олар аз да емес.

Бірақ аш-жалаңаш қаңғып келгендердің ішінде біздің жағамызға жармасып, алқымымыздан да алып тұратындары кездесіп қалатынын, тағы да жиі кездесетінін айтпай кету күнә болар еді.

Мына іргедегі Алматы облысының бір ауылында шешендер қазақ жігіттерін атып тастапты, Шығыс Қазақстан облысында тағы да солар бүлік салыпты, ал Оңтүстік Қазақстанда бір келімсектердің ұрпағы кәмелетке толмаған жас қызды зорлапты, ана жақта олар былай істепті, мына жақта олай істепті дейтін сөздерден қабырғаң сөгіледі. Тағы да солардың бәріне қарсылық көрсеткен қазақтар кінәлі болып шығады. Бұл сонда не? Қазақтарға жүрген заң оларға жұрмей ме?

Мен өз басым шектен шығып, асып-тасыған бейбастықтың ақыры немен аяқталғанын 1986-жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде көргенмін.

Бізде «сырттан келгендерге» деген қамқорлық пен қолпаш айрықша. Солар үшін Қазақстан халық Ассамблеясын құрды. Ол Ассамблея не істеп жатыр? Жаңағыдай өрескел, жүгенсіз кеткен істеріне араласып, оларды жұрт алдында әшкерелейтін әрекетке барды ма? Білмеймін. Осындай дәрменсіз, елге ешқандай ықпал әсері жоқ үлкен органның өмір сүріп жатқанына таңқалам.

Оған шексіз қамқорлық жасалып отыр демегенде, не дейін, егер Ассамблея мүшлерінен пәленбай адам, ешқандай сайлауға қатыспай, парламентке депутат болып жатса. Бұл дүние жүзінде жоқ үрдіс қой. Яғни қазақтардан басқа ұлттардың құқы әлдеқайда жоғары деген сөз. Апыр-ай, жағаңды ұстап, намыс-ызадан өзіңді өзің буындырып бара жатқаныңды байқамай қаласың! Мен аз ұлт өкілдеріне қамқорлық көрсетуге титімдей де қарсылығым жоқ. Бірақ олар да бізге қамқорлық жасасын! Отымызды жағып, күлімізді шығармай-ақ қойсын. Құдайға шүкір, өз қолымыз өз аузымызға жетеді. Олар, бар жоғы тілімізді үйреніп, дәстүрімізді сыйласа болды ғой. Ең болмаса осыны жасамай отырған орган ғой ол, яғни ол орган – қазаққа қырын қарап отырған орган. Сондықтан ол Ассамблеяның қазақтар үшін құны көк тиын.

Осындай ешқандай қалыпқа сыймайтын өрескел жақсылықтарымыздан түптің-түбінде, өзіміз опық жейміз бе деп қорқамын. Маңдайымызға қаншама таяқ боп тиіп, табанымызға қаншама шөңге боп қадалса да, сол «интернационализм» деген бәледен құтылмай-ақ қойдық.

Тағы да қайталап айтам, менің басқұа ұлтқа деген құрметім, сыйластығым сарқылып та, тартылып та тұрған жоқ. Олар тек бізбен қатар тең құқықта қатар өмір сүрсін. Үй ішінен үй тігіп, оларға ерек, айрықша құрмет көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені басқа ұлт өкілдерін алақанға сап көтеріп, жер иесі мен ел иесін төмендетудің соңы жақсылыққа апармайды.

Олар ұлттар достығына да ешқандай ықпал етіп отырған жоқ. Мен бұл Ассамблеяға тіптен де қарсы болмас едім, егер ол қазақ тілінде сөйлеп, әр ұлт өкілдері өз қандастарын да сол жолға түсуге әсер етіп отырса. Бірақ шындық олай емес қой. Жақсылықты да абайлап жасаған дұрыс.

Ертеректе Маңғыстауда болған бір оқиғаны келтіре кетейін. Бәлкім, біреулерге сабақ болар. Қыстың көктемге ауысатын аласапыран тұсы болса керек. Аяқ астынан қатты борасын болады. Жылқылар өкпек желден ықтап жөнки жөнеледі. Жылқышылар қапталдасып, қалмай жүріп, иесіз қалып қойған көне бір қораның қалқасына жөңкіген жылқыларды әупірімдеп жүріп әрең иіреді. Сонан кейін қорадағы көңді қопарып жіберіп, от жағып жылынуға кіріседі. Қойны-қоныштарындағы нандарын жеп, малталарын сорып әл жинайды. Біраздан кейін, бір жылқышы жанындағы көңнің арасынан, сабынан үзілген қамшыдай боп, созылып жатқан жыланды суырып алады. «Мә, мынау жыланды қараңдар!» – дейді ол, ұйқыда жатқан жыланды қолына алып. Әлгінде көң аударыстырып жүргенде сыртқа шығып қалған жылан суықтан мұп-мұздай боп қата бастаған екен. Әлгі жылқышы жыланның сауабын алғысы кеп, оны отқа жақындатып жылыта бастайды. Шамалыдан кейін оттың қызуынан жыланға жан кіреді… Енді тағы бір шамалы уақыт өткенде жылан тіпті әлденіп кетеді. Оны ұстап отырған әлігі жылқышы жыланның бұлғақтап, шиыршық ата бастағанын қызықтап, жолдастарына көрсетпек боп, оны тағы көтере бергенде, жылан… жылқышының қолын шағып алады. Жыланның тіліндегі қыс бойы пісіп, әбден құтырып тұрған у жігітті сеспей қатырады…

Мен осы оқиғаны есіме алған сайын, өз халқымды ойыма алам. Ол да тоңғанды, жаурағанды жылытам деп, құшағына алып, бауырына басып, пана болып, ақырында сонысынан өзі опық жеп, уланып қаншама рет өлім аузынан қалған жоқ па?!

Әсілі, жыланға мейірім жүрмейді-ау!

Біз осы ащы сабақтан тағылым алар ма екенбіз?! “Алғыс айту күні” мені осындай ойға қалдырды. 

Республиканский еженедельник онлайн