АРЫСЫМ – НАМЫСЫМ

Өлді Азамат!

Өлді қазақ!

Өлді арыс!

Өр намыспен алмастырды шерді арыс.

Мәңгүрттікті ажалымен көмді арыс,

Жендеттерді өлімімен жеңді арыс.

Тамды Алаштың жанарынан қанды жас,

Кек боп, өрт боп, ұлт жанынан тамды жас.

Тұра алмайды енді билік басында,

Өзге ұлттан келген өңкей қаңғыбас.

Арыс өлді ар-намысты оятып,

Кек, қайратты қаныменен боятып.

Анау төрдің төбесінен түйрейді,

Әр қазақтың кеудесінен жай атып.

Ер қазасы – жаңа өмірдің ақ таңы,

Еркін елдің басқа «нұрды» жаққаны.

Ел құлпырар езгісінен құтылып,

Құлдырайды құрдымынан тақтағы.

Софы СМАТАЙ

Сен өлесің ел үшін болып құрбан,

Селт етпейді бірі де көріп тұрған. 

Күні бойы мемлекет өсек соқты,

Тірі адамын отыз жыл өлік қылған!

Сен өлесің… өлмейді өтірік тек!

Кекіріп боп сөйлейді кекілік көп.

Жырқ-жырқ етіп желіде жұртым отыр,

Осындайда жылайтын өкіріп кеп. 

Сен өлесің қор болып қорқауларға,

Қорқаулардан қорғайтын қорғау бар ма?!

Қайтеміз, қам-қаперсіз қазақ осы –

Жан салмайтын алдына сор таңдауда?!

Дәурен БЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

ДУЛАТТЫ КІМ ӨЛТІРДІ?

  • Астананың іргесінде тұратын қоғам белсендісі Дулат Ағаділ 25 ақпан күні таңертең 43 жасында тергеу изоляторында белгісіз жағдайда қайтыс болды. Ресми ақпаратта оның «жүрегі тоқтап қалғаны» айтылады. Бірақ белсендіні танитындар және оның жақтастары мен серіктері бұл мәлімдемеге сенбейді де, «оның өліміне билік жауапты» деп есептейді.

Қараңғы түнде қарақшылардың қолына түскен азамат таң атысымен тас түрмеде қайтыс болды. Өз аяғымен үйінен аман-есен шығып, қас пен көздің арасында түрмеге түскен азаматты кім өлтірді деген сұрақтың жауабы біреу – назарбаевтық жүйенің жендеттері өлтірді!

Редакцияға келіп түскен ақпаратты саралап, бұл қазаның хронологиясын жасадық. Ақпанның 24-інде түн жамылған бірнеше полицай Дулатты үйінде ұйықтап жатқан жерінен қолына кісен кигізіп алып шыққан.

Олар полицайлық форма-киімсіз, алдарына медициналық «жедел жәрдем» көлігін салып алып, өздері жеке мәшинемен келген. «Жедел жәрдемді» Дулаттың денсаулығына жаны ашығаннан емес, «бала ауырып қалып еді…» деп, үйдің есігін алдап ашу үшін алып келген. Дулаттың ұлы Жанболаттың: «Біз “жедел жәрдем” шақырған жоқпыз, көрші үй болуы мүмкін», – деп есікті жауып алғанына қарамастан, полицайлар есікті жұлып ашқан. Беттерін жауып алып, формасыз жүргендері былай тұрсын, қызмет куәлігін де көрсетпеген. Олар – астанадағы Целиноград аудандық Ішкі істер бөлімінің тергеушісі Сағадиев және жедел уәкілдер Аббасов пен Ғаппаров екенін кейінгі ақпараттардан біліп отырмыз.

Демалып жатқан Дулатқа күш қолданып, іш киімімен жалаңаш күйінде есікке сүйреп алып шығады. «Киім кигізбейсіңдер ме?» – деген айқай-шудан соң ғана киімін кигізуге мәжбүр болады…

Астанадағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдына жиналған жұртқа түсінік берген ішкі істер вице-министрі, полиция полковнигі Арыстанғани Запаров «Азаттық» радиосы тілшісінің: «Полиция неге формасыз барған?» деген сұрағына: «Жедел уәкілдер формасыз жүре беруіне болады. Бірақ қызмет куәлігін көрсетуі керек және қызмет көлігімен баруы тиіс», – деп жауап берді. Ендеше осы үш полицейге қатысты тексеру-тергеу амалдары жүргізіліп, ақ-қарасын анықтау құзырлы мекемелердің құзыретінде. Дулаттың өліміне ашынған жұрт шындықтың түбіне жететініне күмәніміз жоқ.

Дулатты жылы төсегінен сүйреп алып шығып, ертеңгі күнге қалдырмайтын қандай қылмыс десеңіз, «судьяны балағаттады, ар-намысына тиді» деген желеумен қылмыстық іс қозғалған екен. Білетін заңгерлердің айтуынша, бұл іс әкімшілік іске жататын көрінеді. Оған себеп – кезекті бір әділетсіз сот отырысында Дулат судьяға қарата: «Жемқор жүйеге қызмет еткенше, екі сиыр алып, сауыншы болмайсың ба?» деген сөзі себеп болса керек-мыс (желіде таралып жатқан сөз)… Демек, белсенді осы сөзі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма? Анықтау қажет. Тіпті осы сөзі тура мағынада айтылған күннің өзінде неге әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған?

ҚР ӘҚБтК 653-бапта «Сотты құрметтемеушілік» деген арнайы әкімшілік жауапкершілік бар екен. Бірден азаматтық белсендіні Қылмыстық кодекспен жазалайтындай кімнің кек алғысы келгенін білгіңіз келсе – назарбаевтық жүйенің жанталасқан әрекеті деп бағалаған жөн шығар.

Ресми биліктің таратқан мәліметінде: «Тергеу изоляторының камерасында одан өзге төрт адам болды, олар Дулат Ағаділге күш қолданылмағаны жайлы куәлік берді. Медициналық куәлік оның қамауға алынған сәтте алкогольді ішімдік ішкенін, мас екенін көрсетті. «Жедел жәрдем» бригадасы келді. Қайтыс болуына «жүрек талмасы себеп болған». Денесінде қандай да бір жарақаттар жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», – делінген астана қалалық полиция департаментінің хабарламасында.

Дулат Ағаділ – билікті көптен бері сынап, митингілерге қатысып, былтыр бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылғаны биліктің «көздеріне тікенек» болған сияқты. Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Биыл тамыз айынан бері бірнеше әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған. Бірер ай бұрын Зайсанда қамауда отырған қандастары Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлын қолдау үшін, олардың сотына да барып қатысқан.

Ағаділдің қазасынан соң астанада, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, «Ағаділ жүрек талмасынан қаза болды» дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, «Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның, Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасын», «Ағаділовтің өлімі әділ тексерілсін» деген талаптар қойды.

Ағаділдің өліміне қатысты ашық ақпаратты талап еткен астаналық бір топ белсенді 25 ақпан күні Ішкі істер министрлігіне барған. Белсенділерге министрліктен ешкім шықпаған соң, жолды жабуға тырысқан. Сол кезде арнайы жасақ келіп, наразыларды күштеп ұстады (суретте). Белсенділер полиция бөлімшесіне жеткізіліп, кейін ұсталғандардың ішінде әйелдердің босатылғаны хабарланды. Астанадағы Полиция департаменті ІІМ алдында 10 ер, 13 әйел ұсталғанын, кейін 13 әйелдің босатылғанын хабарлады. Қалған он адамға қатысты ештеңе айтпады.

Алматыдағы «Целинный» кинотеатрының маңына жиналған 50–60 шақты белсенді президент Қасым-Жомарт Тоқаев, қала прокуроры Бауыржан Жүрекбаев пен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына арыз жазып өткізді. Талап арыз жазушылар жауапты ведомствоның БАҚ арқылы ресми түрде жауап беруін сұрайды. Алматы қалалық полиция департаментінің маңына жиналғандар «тергеудің әділ әрі таза жүргізілуін» талап етіп, азаматтық пікіріне бола «қуғындамауды» сұрады. Сондай-ақ «азаматтық белсенділерді заңсыз қудалауды доғарып, саяси тұтқындар мен биылғы митингте қамалғандар дереу босатылуы керек» деп санайды. Белсенділер «Бостандық!», «Оян, қазақ, көтер басты!» деп ұрандатты. Сонымен қатар олар іс барысын алдағы уақытта тұрақты әрі табанды түрде бақылайтынын, Дулат Ағаділовті еске алу жиынын ұйымдастыратынын айтып тарқасты.

 Дулат Ағаділдің өлімінен кейін 25 ақпанда астанада полиция департаментінде Ішкі істер министрлігінің өкілдері мен Қазақстан бойынша адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова арнайы жиын өткізді. Азимова белсенді Ағаділ қаза болған тергеу изоляторындағы барлық видеокамера жазбалары қаралатынын, зорлық-зомбылық жасалған я жасалмағаны тексерілетінін мәлімдеді.

Оның сөзінше, Адам құқығы жөніндегі уәкілдіктің маманы қазір тергеу изоляторындағы барлық видеотүсіріліммен танысып жатыр. «Адам (изолятор) қақпасынан аттаған соң, оның әрбір қадамын камера түсіреді. Ағаділ отырған камерадағы жазба сегіз сағаттық. Оны тексеру уақыт алады. Ағаділ азаматтық белсенді болғандықтан, қоғам тарапынан күдік бар. Бұл жағдайды тексеруге барлық тарапты, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдері де жіберілуі керек», – деді Азимова. Азимова белсендінің өліміне қатысты тәуелсіз сот сараптамасы да тағайындалатынын жеткізді.

Жиын кезінде ІІМ орынбасары Арыстанғани Заппаров белсендінің қазасына байланысты алдын ала дерек айтты. Оның сөзінше, «Ағаділ таңғы алтыда тұрып, тамақтанған соң, сағат 7-де дәретханаға барған. Одан кейін камераға келгеннен кейін тізерлеп отырып, есінен танып қалған. Алдын ала дерек бойынша, ол жүрек талмасынан қаза болған».

Адам құқығы жөніндегі уәкіл Азимова «жиырма минуттан кейін келген «жедел жәрдем» Ағаділдің жүрегі тоқтағанын тіркеген». ІІМ орынбасары Заппаров жиын кезінде «изоляторға келгенде Ағаділ денсаулығына шағымданбағанын, бірақ видеокамерадан оның түнде ұйықтай алмай, мазасызданып жүргенін» айтты.

Жиналғандар алдына бастапқыда астанадағы қалалық полиция департаментінің бастығы Арман Саданов шығып, Дулат Ағаділдің қазасы жайлы қысқаша ақпарат берген. Ол осыған дейін таралған ресми ақпаратты растады. Шамамен бір сағаттан кейін полиция келіп, жиынды күшпен таратуға кірісті.

 «Азаттық» радиосы оқиға орнынан тікелей эфир арқылы таратылған ақпаратта астанада Тәуелсіздік даңғылындағы Ішкі істер министрлігінің алдына жиналған елуге жуық белсендіні жасақ сақшылары күштеп, төрт бірдей автобусқа тиеп әкетті. Олар Дулат Ағаділдің қазасы жайлы толық ақпарат беруді талап еткен болатын. «Белсенділер «бейжай, немқұрайлылықтың кесірінен» болған оқиғаның басты себепкері Ерлан Тұрғымбаев деп санайтынын және бас полицейдің отставкасын талап етті. Жиналғандар алдына бастапқыда астаналық полиция департаментінің бастығы Арман Саданов шығып, Дулат Ағаділдің қазасы жайлы қысқаша ақпарат берген. Ол осыған дейін таралған ресми ақпаратты растап, «тергеу изоляторында Дулат Ағаділдің жанында төрт адам отырғанын, олардың Дулат Ағаділге күш көрсетілмегеніне куәлік бергенін, жүрек талмасынан қайтыс болғанын» айтқан. Түстен кейін полиция келіп, жиынды күшпен таратуға кірісті. Бақытжан Малыбаев бастаған сақшылар ереуілшілерді төрт автобусқа жаппай зорлықпен салып алып кетті. Арасында төрт полицей жүкті әйелді де күштегенін байқауға болады. Астаналық белсенділер тергеу изоляторында қайтыс болған Дулат Ағаділдің өлімін тексеру бойынша штаб құрды.

Штабқа мүше болып Жанат Нұрқышев, Қайрат Сейтқалиев, Назым Серікбаева, Марат Мұсаев кірді. Сейсенбі күні штаб мүшелерінің барлығын полиция ұстап әкеткен. Босап шыққан соң, жұмыстарын жалғастыратындарын мәлімдеді.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

  • Дулат Ағаділдің соңында алты баласы қалды. Еріктілер оның отбасына көмектесу мақсатында әлеуметтік желіге жүктеген Дулаттың ұлы Жанболат Ағаділдің есепшоттары төмендегідей:

Жанболат Агадил. Карточка нөмірі: 5169 4971 6621 4951. ИИН 021206551221

«Каспи» картасындағы телефон нөмері: 87085150554.

Бет қатталып жатқанда

АҒАДІЛДІҢ ҚАЗАСЫ

  • әділ тергелуін талап еткен алматылықтар қалалық прокуратура алдына жиналды

Кеше – 26 ақпанда Алматыда бір топ қоғамдық белсенді қалалық прокуратура ғимаратының алдына жиналып, Дулат Ағаділдің жұмбақ қазасына қатысты деректерді ашық әрі әділ тергеуді талап етті. Әдеттегідей, оларды арнайы жасақтың жандайшаптары қоршауға алды, бірақ газет қатталып жатқанда, наразылық танытушыларды ұстау, қамауға алу әрекеті болған жоқ.

Ағаділдің суреттерін көтеріп шыққан наразылардың негізгі талаптары – тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған Дулат Ағаділдің өлімін қоамның қатысуымен әділ тергеу, «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыпталып, абақтыға қамалған белсенділерді босату. «Азаттық» радиосы хабарлағандай, қазір Алматыдағы бір ғана абақтыда 18 адам қамауда отыр. Ал астана мен аймақ қалаларында тағы да бірнеше белсенді қамауға алынған. Бейресми деректерге қарағанда, 22 ақпан күнгі екі митинг кезінде жалпы жиыны 300-ге жуық адам ұсталған, ал олардың қаншасына әкімшілік жаза қолданылғаны жөнінде нақты ақпарат жоқ.

Наразы топ Дулат Ағаділдің өлімін әділ тергеу үшін арнайы комиссия құру, оған қоғам белсенділерін тарту жөнінде де талап қойды.

Белгілі саясаткер Балташ Тұрсымбаев бастаған белсенділердің бір бөлігі прокуратура ғимаратына кіріп, қала прокурорының шығуын талап етіп, петиция тапсырды. Бірақ баспасөз қызметінің өкілі Бағбан Кенесары тапсырылған арыз тіркелгенін, ондағы талаптар қаралып жатқанын хабарлады.

Газет қатталып жатқанда, қала прокурорының ғимараттан шығып, алдарына келуін талап еткен топ әлі тарқамаған еді. Бұл оқиғаның жай-жапсарын газеттің келесі нөмірінде хабарлайтын боламыз.

«ДАТ-ақпарат»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн