«АТА ЖОЛЫ» КАРТАСЫ

Этникалық қазақтарға Қазақстанға кіру үшін «Ата жолы» арнайы картасы берілетін болады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.

«2023 жылдың шілдесінен бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар «Ата жолы» картасын алып, Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін пайдалана алады», – делінген хабарда.

Ведомство атап өткендей, «Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты – тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін, біздің елімізге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып берілетін болады. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.

«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтың кандастардан айырмашылығы – ол басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және кандастарымен тең құқыққа ие.

«Ата жолы» картасының иегері құқылы:

  • медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер жасауға және медициналық көмек алуға;
  • ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР заңына сәйкес ҚР аумағында жұмысқа орналасуға;
  • Қазақстан аумағында Кәсіпкерлік кодекске және ҚР өзге де құқықтық актілеріне сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға;
  • ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта арнаулы және/немесе жоғары білім алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алуға;
  • «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға;
  • Қазақстан Республикасының азаматтығы саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын пайдалана алады.

«Ата жолы» картасы бар адамдардың ҚР мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ және мемлекеттік қызметке кіре алмайды.

Сондай-ақ егер «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алған болса, онда оның картасы жарамсыз деп танылады.

Қазақстан үкіметінің бұл шешімі – шетелде тұратын миллиондаған қазақ этносын өз отанына, Ата жұртына тарту, сол арқылы мемлекеттің экономикасын жандандыру үшін инвестиция құюға оларға жол ашу.

Елге көшіп келген қандастар туралы айтатын болсақ, осы жылдың 1 маусымындағы ақпарат бойынша, Қазақстанға жарты жылда 8 034 этникалық қазақ көшіп келіп, «қандас» статусын алған. Ал 1991 жылдан бері есептейтін болсақ – 1 миллион 115,1 мың этникалық қазақ Ата жұртына оралып, Қазақстан азаматтығын алған.

Аяужан ТОҚАНОВА, тәлімгер-студент

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн