«Ү Ш С О Қ Ы Р»

немесе Саяси байыптар

  • Сайлау өтті, салқыны қандай?

Енді аса ірі саяси оқиғаға баға беру қалды. Ел ауқымында өткізілген әр саяси шараға объективті баға берілмесе, пайдалы қорытынды жасалмаса, келесі шаралар да қоймалжың батпақ деңгейінде өтеді, алға жылжу болмайды.

Айтарымды үш соқыр туралы үнді аңызынан бастайын. Олардың біреуі пілдің қабырғасын сипалап тұрып, «піл деген қабырғаға ілінген кілем сияқты» деген екен. Екіншісі жануардың аяғын құшақтап тұрып, «піл жерге қағылған діңгек» сияқты депті, үшінші соқыр хоботын ұстап тұрып, «піл жуан жылан» екен деген сипаттама берген екен.

Біздің сайлауға берген сипаттамамыз осы сияқты. Біреулер заңдылық толық сақталған учаскедегі сайлау үдерісін көріп, «сайлау заңға сәйкес, өте әділ өтті» деп жатыр. Екінші біреулер түрлі құбылтулардың орын алғанына куә болғандықтан, «сайлау үдерісінде кемшіліктер болды» деген баға беруде. Үшінші біреулер шара заңдылығы өрескел бұзылған учаскелердегі көргенін айтып, «бұл сайлау емес, бұрынғыша, басынған формада өткен спектакль, ешқандай әділдік болған жоқ» дегенді айтып, өзеуреп жүр.

Кімдікі дұрыс? Бұл сұраққа екі жауап бар: 

Біріншісі: бәрінікі дұрыс; 

Екінші жауап: ешкімдікі де дұрыс емес. 

Сонда қалай? 

Сонда былай?

Бәрінікі дұрыс болатыны – сайлау шынайылығында да солай өтті. Учаскелердің белгілі бір бөлігінде сайлауды жоғарыдан түскен талаптарға сай, толық заңдылықта, ереже бұзбай өткізді. Бірінші топтағы «соқырлар» осыны аймандай ашып, көрсетіп отыр. 

Екінші топтағы «соқырлар» да көргенін айтып отыр. Кейбір учаскелерде құбылтулардың болғаны рас.

Үшінші топтағы «зағиптардың» да көргені айна қатесіз. Көптеген учаскелерде өрескел заң бұзушылықтардың, дөрекі әрекеттердің орын алғаны да рас. 

Екінші тұрпаттағы жауапқа қатысты бәрінікі қате екенін де дәлелдеу қиын емес. Әркім өзі болған учаскелердегіні, өз көзімен көргендерін бүкіл елдегі саяси үдерістерге таңып, бәрі солай болды дегендері дұрыс болмады. Бұқараға әр бақылаушының өз көргенінен ғана сипаттама беруі тұтастай объективті баға бола алмайды.

Енді бөгде пікірді тыңдаңыз. Сайлау Президент Қ.-Ж.Тоқаев күткендей, ойдағыдай өтті. Президент сайлауды заңдылыққа сай, әділ өткізуге нұсқау берді. Тоқаевтың командасын бұлжытпай орындайтын құрылымдар өздері болған учаскелерде осылай өткізді. Бұл – бірінші топтағы «соқырлардың» көргені.

Ал екінші және үшінші топтағы «соқырлардың» көргені – ол учаскелерде Тоқаевтың жағына толық шықпаған, «елбасынан» алған «ризығын» ұмытпаған, ескі Қазақстаннан «жаңа Қазақстанға» толық өтіп болмаған, диффузиялық алаптағылар өткізген гибрид сайлау болды. 

Үшінші топтағы бақылаушылардың сипаттаулары да рас, олар «елбасының» сүмелектері ұйымдастырған «маскарадтың масқарасын» да көргендерін айтып жүр.

Бұдан шығар қорытынды: саяси реформалар басталды. Заңды негіз жасалды. Жаңа Қазақстанның билігі қамаудың қақпасын ашты. Ал осыдан кейін қоғамның прогресс жолымен, май жаққан тақтайдағыдай, жылдам сырғып кетпейтіні және белгілі. Неге? 

Оның сырлары әлеуметтік психология теорияларымен түсіндіріледі. Аталған ғылым саласында тәжірибесі бар зерттеуші ретінде сайлау үдерісіндегі құбылтулардың орын алуына мынадай түсіндіру ұсынамын.

Қ.-Ж.Тоқаев билікке келді деген күннің ертеңінде қауым жаппай оның нұсқауларын орындауға дайын болған жоқ. Шынайылығына келгенде, ол үш жыл президенттік қызметін толық атқара алмады. Енді біреулер «қаңтардан» кейін Қ.-Ж. Тоқаев толыққанды, заңды күшіне енді дегенді айтып жүр. Бұл да толық ақиқатты бола алмайды. 

Ал енді бір референдум, бірнеше сайлау өткізіп, командасын маңызды мөлшерде жаңартып алғаннан кейін, Президенттің мінберіне мығым отыруына толық қолы жеткен шығар? Енді ұйқымыз тыныш болатын шығар?

Асықпаңыз!

Үш жүз жылғы отарлық тәуелділіктің іздері тәуелсіздік ала салып, жоғалып кеткен жоқ. Соңғы 30 жылда ұлттың қанын ұйықтатпай сорған, «елбасының» сұғанақтарының бұқаралық санада қалдырған психологиялық зардабының өзін ұмытуға тағы 40 жыл керек. Әлеуметтік психологияның қағидалары бойынша, сенситивтік жасында пайда болған әдеттерінен адам өмір бойы арыла алмайды. Бұған қосымша, Отбасының мүшелері мен одан қомақты нәпақа алғандардың үйреншікті әрекеттері жалғаса беретінін тағы ұмытуға болмайды. 

Қазақстанда 98 мың шенеунік бар. Олардың 8000-ы Тоқаев жағына толық өтті дегеннің өзінде әлі 90 000 «елбасышылар» орнынан тапжылған жоқ. Олардың бәрін бірер жылда ауыстырып тастау мүмкін емес. Ауыстырып тастағанның өзінде олардың менталитеті өзгеріп кетпейді. Жаңа Қазақстаннан нантабар алып отырып, ескі Қазақстандағы әдетін жымысқы амалдармен жалғастыра береді.

Дегенмен, бәрі тұманды емес, әрине. Тоқаев қалған 6 жыл ішінде мемлекеттегі ең басты, кілттік лауазымдарға аса салауатты, адал да іскер, жоғары мәдениетті, ұлттың ұлы бола алатын адамдарды орналыстырып кетсе, 2069 жылға дейін елді өркениеттің алдыңғы легінен көрінетіндей деңгейге жеткізуге әбден болады.

  • Адамды емес, мәселені талқылайық

Серік Зиятов («Фейсбук» қолданушы – Ред.)! «Тоқаев кезінде Назарбаевтың орнын басарда, НӘН-нің саясатын жалғастырамын деп ашып айтқан» депсіз. Қарсы сөзім жоқ, ол рас. Бірақ бұл сөздің конъюнктураның қыспағы жағдайындағы адамның сол мезеттік ахуалдан шығу үшін айтылғанын неге ескермегенсіз? Бұл – Тоқаевтың шын ниетті, өмірлік бағдарламасы емес қой.

Саясатта номенклатура шеңберінде жүрген адамдардың ойындағысын үнемі жайып сала алмайтыны, кейін жағдай өзгергенде басқаша сөйлеп, әрекет етуі мүмкін екендігі – жиі ұшырасатын құбылыс. Осындай болатынының нақты мысалын өзіңіз «Фейсбуктағы» постыңызда Хрущевтің сөзімен келтіріп отырсыз. 

«Екінші постыңызда 10 100 учаскенің барлығында заң бұзылуы мүмкін еді» дейсіз. Бұл пайымыңызды да толығымен қостаймын. Назарбаевтың тұсында дәл солай болатын. Қазір жаппай заңбұзушылыққа жол бермей, бәрінде болмаса да, учаскелердің басым көпшілігінде «сайлау дұрыс өтсе,.. сол учаскелерде тәуелсіз бақылаушылар мен өзін-өзі ұсынған кандидаттардың сенімді өкілдері болғандығынан» екенін де дөп басып айтып отырсыз. 

Секе, Сіздің көп нәрсені дұрыс аңғаратыныңызға тәнті болып отырмын. Сайлау дұрыс өткен «учаскелерде тәуелсіз бақылаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдері» болғандықтан, бәрі дұрыс болғанын мен де қуаттаймын. Бұл жерде де ақиқаттан алшық кеткен жоқсыз. 

Енді мынаған жауап беріңізші: тәуелсіз бақылаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдеріне сайлау үдерісін қадағалауға, оның дұрыс өтуіне себепші болуға МҮМКІНДІК БЕРГЕН КІМ? Назарбаевтың сайлауларында бақылаушылар мен сенімді өкілдерге сайлау үдерісін қадағалауға, оның дұрыс өтуіне ықпал ете алатын МҮМКІНДІК БЕРІЛУШІ МЕ ЕДІ? Сайлауды ұйымдастырудың осы буынындағы өзгешелікке тереңірек назар салып қараңызшы. 

Қайрат Әлімхан деген азамат сын пікірінде автордың жеке басына шүйлігіп бағыпты. «Сыни көзқарас дегенді білмейді», «Ескі, баяғыда шіріп біткен өтірік әңгіме», «Оқырмандарын тура мына үкімет сықылды махау деп жүр», «ғалым адам деп жүрсем, қателескен екенмін» дей келіп, өкініштен кеудесінен зар шығарыпты. Бұған қоса, сайлауға қатысты «Президент «заңбұзушылықтарды тыюға талпыныс та жасамайды», «заң бұзушылықты көрмей жүр», «бірде-бір қылмыстық іс қозғалмады», «соған да президенттің күші жетпей ме» деген уәждерін айтыпты. 

Мұхтар Шахановтың Отырардың күйреуі туралы балладасында Қайыр ханды тұтқындап, Шыңғыстың алдына алып келгенде, «әттең, сендей бес қолбасшым болса ғой…» дейтіні бар. Тарихта билеуші атаулының бәрі Шыңғыс хан сияқты сенімді нөкерге зәру болған. Тоқаев та сондай – компетентті көмекшілері аз билеуші. 

Танымал саясаткерлердің бірі Президенттің қызметі туралы айта келіп, «Тоқаевты айналасындағы генералдар адастырып жүр» деген еді. Жақында өзге бір қайраткер «ДАТ»-қа жазған мақаласын «Тоқаеву все врут» деп атапты. Мен бірде-бір компетентті қызметкері жоқ тұтас салалар бар екенін білемін.

Міне, Тоқаевтың төңірегі туралы жазғандарыма қосарым осы. Ақорданың дәліздерінде кімдердің – кімдермен, қалай, не үшін жағаласып жүргенінен нақты мағлұмат білмеген адам «президент неге сөйтпейді», «неге бүйтпейді» деген кінәларды таға береді. 

Жалпы, Президенттің қызметіне құптарлық баға беріп жүрген танымал қайраткерлер аз емес. Олардың арасында оппозицияның белгілі өкілдерінің көбі жүр.

Маған қарсы пікір білдірушілерге айтарым: иә, көзқарастарыңды ортаға салыңдар. Плюрализм деген құптарлық құбылыс. Тек өздеріңді ҚҰДАЙДАН МАНДАТ АЛЫП, ТЕК ДҰРЫСЫН АЙТУ ҮШІН ЖЕРГЕ ЖІБЕРІЛГЕН, ОНЫҢ СЕНІМДІ ӨКІЛІНДЕЙ сезінбеңдер! «Мен солай ойлаймын,..», «менің пікірім өзгешелеу,..», «меніңше солай сияқты»… деп сөйлеңдер. «Осыны да білмейтін, неткен ақымақсыңнан» өздеріңді аулағырақ ұстаңдар. 

Тек МӘНГЕ ҚАТЫСТЫ, КОНСТРУКТИВТІ ПІКІР АЛЫСАЙЫҚ. Адамды емес, мәселені талқылайық.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ

«САТҚЫН» ІЗДЕГЕН БАЛАЛАР

үстел жағалап жүргенде…

  • Margulan Boranbay түрмеде жатып, халыққа жолдау арнапты (қараңыз – «ДАТ», 23.03.23). Айтқандарымен толықтай келісемін. 

Көрісу, анау-мынау деп жүрсек, депутат болып тіркелгендерді қаралау, сатқынға теңеу, т.б. басталып кетіпті. Ішінде орындысы да, орынсызы да бар. Бірақ Ермұрат Бапиды сатқынға теңеу дегеніміз енді… шектен шыққандық! 

Біз әлі Назарбаевтың тәтті сөзіне алданып, бірақ кейбір қылықтарын түсінбей жүргенде, бұл жігіт оппозициялық газет ашып, халық арасына Назарбаев деген кім, шын ниеті қандай деген түсінік жұмыстарын бастап кеткен болатын. Шыны керек, екі мыңыншы жылдары осы газетті оқи бастағасын-ақ, НӘН-нің кейбір түсініксіз қимылдары мен саяси жүрістерін біртіндеп түсіне бастадық. Сол қарсаңда шыққан «Республика», «Свобода слова» газетімен бірге әртүрлі атпен шыққан (біресе «Солдат», біресе «Дат», біресе «Тасжарған», т.с.с.) Бапидың газеттері жалғыз оппозициялық бағыттағы шамшырақ болып, жарқырап тұрды. Әсіресе ауыл тұрғындарының нешетүрлі той-садақаларда осы газеттегі мақалаларды дымын қоймай талқылап жатқандығының талай куәсі болдық. Газет сәбеттік қасаң ойлау жүйесін тас-талқан етіп жарып, басқаша да пікір барын үйретуде, тәрбиелеуде атқарған рөлі өлшеусіз. Осындай азаматты «үкімет тек өздеріне керекті адамдарды ғана сайлауға мүмкіндік берді, сөйтіп, олар сатқындық жасады» деуге қалай ғана дәттері барды десеңізші? Сын айтушылар бұл кезде өздері не бітірді екен?

Мүмкін, билік әкімшілік ресурсты пайдаланып, өздеріне керекті, айтқандарынан шықпайтындарды таңдап алғаны рас болуы керек, бірақ оның Ермұрат Бапиға қатысы жоқ.

Жалпы, әкімдердің сайлауға белсене араласқаны шындық. Өз басым бұл сайлауды мойындамаймын, қайта өткізу керек деп есептеймін, ол жөнінде петицияға да қол қойдым, бірнеше посттар жаздым. Сайлау түгелдей бұрмаланған, айқын басымдыққа ие болған Рысбек Сәрсенбай, Арман Шораев, Мұхтар Тайжан сияқты кейбір үміт еткен кандидаттарымыздың өтпей қалғаны – соның салдары. Абзал Құспанды Лұқпан Ахмедияров сотқа бергелі жатыр. Көрейік, соттың не айтатынын. Кім жеңсе де, ұтылысымыз жоқ, Абзал да, Лұқпан да ел үшін жүрген азаматтар деп ойлаймын. 

Айтқым келгені – барлық кандидат бірдей емес, сондықтан сатқын, анау-мынау деген сөздерді абайлап қолданған жөн. Егер Арман Шораев Иртышбаевты «сатқын» десе, оның жөні бөлек, ол расымен де сатқын. Ал басқаларға олай ауызға келгенді сөйлей беруге болмайды, ертең өзіңнен де сұралады демекпін.

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

БІР ВАГОН…

ҚЫЗҒАНЫШ

Ұлы ұстазды «ұры ұстаз» атандырып, біреуді үміттендіріп, біреуді күдіктендіріп, сайлау да өтті. Алайда сайлаудан кейінгі дүрбелең әлі басылмай тұр… Жеңілгеннің бәрі – әділетсіздік құрбаны, жеңгеннің бәрі «ұры» атанып тұрған уақыт…

Сайлау – көптің ісі. Ендеше көпшілік жабылып атқарған жұмыста кем-кетік болмай қалмайды. Мен барлық сайлау комиссияларының жұмысына араша түсіп, баға беруден аулақпын. Тек басым көпшілік қуанғанымен, бірлі-жарым жеңілгендер «биліктің жобасы» деп, көре алмай жатқан белгілі журналист, саясаткер, қоғам қайраткері Ермұрат Бапиға байланысты өз ойымды ортаға тағы бір сала кеткім келіп отыр.

Халықтың қолдауымен басым дауыс алған Ермұрат Бапиды билік те қолдаса – жаңаруға бет алғанымыздың, жақсылыққа жақындағанымыздың, биліктің беті халыққа бұрылғанының белгісі деп қабылдап, қуануымыз керек. Мәжілісте қарапайым халықтың сөзін сөйлейтін, жағдайын айтатын адамның болатынына қуануымыз керек.

Кеудешесіне күйеуі Жанболат Мамайдың суретін жапсырып алып, «депутат болсам, көсегелеріңді көгертемін!» деп аптыққан әйелдің сөзіне сенесіздер ме, әлде 30 жыл бойы елдің сөзін айтып, от пен суға түскен азаматқа сенесіздер ме?

Көреалмаушылықты тоқтату керек!!!

Бұл туралы сөз болғанда, мына бір оқиға есіме жиі оралады.1980 жылы одақтың мәртебелі сыйлығын алуға І. Есенберлин мен Н. Думбадзе шығармалары финалдық тартысқа түскенде, Башқұрт әдебиетінің классигі Мұстай Кәрім: «Ай, қазақ бауырлар-ай! Думбадзенің соңынан бір вагон шарап пен жүзім келді, Есенберлиннің соңынан бір вагон арыз-шағым келді», – деген екен. 

Нәтижесінде Нодар Думбадзе «Закон вечности» романына сол кездегі ең жоғарғы Лениндік сыйлықты алып, грузиндер қуанып, тойлап жатқанда, қазақ әдебиетінің ғажайып туындысы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы өтпей қалып, даңқты қаламгеріміздің сағын өзіміздің көреалмаушылық сындырған болатын. 

Депутат бола алмадым деп байбалам салған Инга Иманбай ең бірінші өзі үшін ғана емес, қоғам үшін не істедім және не істей аламын деген сауал төңірегінде ойлануы керек.

Риза МОЛДАШЕВА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн