Ұлттық терістеу мен…

ҰЛТТЫҚ ЛАҒНЕТ

Әлімхан НҰРЕКЕЕВ, тарихшы

Негізгі сөзді бастамас бұрын, мысал ретінде айтсақ, белгілі айтыскер болған, қазір ән лирикасы арқылы махаббат мұңы мен азабын жырлауға көшкен ақын ұлттың көзі ашық, көкірегі ояу болуы тиіс бөлігінің кейбір өкілдеріне тән (сол қазақи, «билік те жақсы, біз де жақсымыз, сондықтан бәрі жақсы болады» деген ұстаным) саяси романтизм құрсауынан шыға алмай, мынау Назарбаев–Тоқаев билігінің бітпес былығының бітпес «боғын» тазалауға «Аманат» партиясы тізімімен депутат болып кіріспек екен.

Қазақи саяси романтизм ауруына келсек, бірінші, «елдің сөзін сөйлететін (?!) мүмкіндіктің үлкені – «Аманат» «оңды өзгеріс (?!) жасағысы» келеді екен. Онда сол шын мәнінде «оңды өзгерістің» ең маңызды, шешуші алғышарты – оффшорлардағы, ел ішіндегі қазақ халқынан ұрланған қаражатты, барлық қылмыстық астарлары бар келісімшарттармен түрлі алаяқтардың меншігіне өтіп кеткен тау-кен, қара, түсті металлургия, мұнай-газ өндірісінің барлық объектілерін, Назарбаев бола ма, басқа «халық жауы» ма, беттеріне қарамай, заң негізінде елге қайтарудан бастасын. Меніңше, «Аманат» партиясы, Назарбаевтың саяси жобасы бойынша, мемлекеттік басқарудың барлық тетіктерін ұстап тұрғанда, ондай «оңды өзгеріс» болуы мүмкін емес.

Екінші. «Аманат» партиясы 75%-ға жаңарыпты. Сонда қалай, барлық заңнаманы өз пайдаларына бұратын, орталық пен жергілікті шенділер, «майлы лауазым» иелері, әкімдер, сот, прокуратура, күштік құрылымдардың «сыйлылары өздері, үрім-бұтағы, атқа қонған қырқыншы буынына дейін – «Аманаттан» еш кетуге мүдделі емес мүшелері партиядан жаппай шығып, «Аманатқа» тізім үшін күштеп кіргізілген білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлері, зейнеткерлер және т.т. қалды ма?! Әрине, жоқ. Шешуші құрамы бойынша, «Аманат» – сол «жартас». Идеологтарына келсек, оларға Тоқаевтың төңірегіндегі «ақылшыларды» қосайық, сөздері салмақты сияқты болғанымен, ойлары жүйесіз. Себебі сол ой мен мәселенің негізіне үңілсе, өздері саясатының игілігін көрген «қасиетті бас» сопаң етіп шыға келеді. Ол «басқа» осы ақынның айтқан ең қатты сөзі: «Үш қызы «басқа» халықтан қымбатырақ» екен. Біраз қазақ – «қатырды!» дер. Ал іс жүзінде сол қазақи жүйесіз, өткір сияқты ойдың бір көрінісі.

Үшінші. Мәжіліс басшысы «жаңаша іске», «жаңаша саяси мәдениетке дайын» екен. Тағы да сол саяз ой мен «қуанып алдану». Себебі жаңаша істің, жаңаша саяси мәдениеттің бастауы «жақсы басшы» емес, жаңа, Еуропа стандарттарына сай, халықтың ішінен – ақылды, білімді, жігері жоғары, ойы мен ниеті адал, таза патриоттарға мәжіліс пен маслихаттарға жол ашатын заң.

Негізінде «кемеңгер» Назарбаевтан бастап, еуропаша жан-жақты білім алған Тоқаевқа дейін, олардың «ақылшыларын» қоса, бір халықаралық саяси тәжірибеге негізделген заңдылықты ұқпай-ақ қойды. Мысалы, француз, ағылшын, неміс, әр ұлт өз феодалдарының табанында, езгіде болды. Содан көтеріліп, өз жетекшілері, ғалымдарымен қажетті заңдарды қабылдады. Қазір қалай десек те, олар ең мәдениетті, күнделікті өмірінде заңға, тәртіпке мойынсұнған ұлттар. 300–200 жыл өтсе де, сол бүкіл адамзатқа ортақ заңдылық.

Қазіргі феодал бастықтарына ешнәрсе дей алмайтын қазақ та өз-өзін сыйлайтын, кімге болмасын көзіне тік қарап, ешкімнің жағасына жармаспай, ұстамды, сабырлы үнмен өз құқықтарын талап ете алатын азаматқа айналуы керек. Ондай қоғамдық жағдайға апарар жол тек дұрыс заң мен қазақтарды саяси-құқықтық сауаттандыру.

Егер сол «жаңа іс» пен «жаңаша саяси мәдениетке» оралсақ, бірінші кезекте еш қазақстандық «ерекшеліктерге» бұрмаланбаған, Еуропа демократиясы стандарттары бойынша заң қабылдап, ал қазақ өз өмір салтына байланысты заңды икемдейді, жетілдіреді және сол заңды орындау барысында қажетті саяси мәдениетке қолы жетеді.

Осыдан он жылдай бұрын айтып едім: адамдар (қазақтар) дұрыс бағытта өзгерсін десеңдер, олардың өмірінің, әрекеттерінің саяси-құқықтық негіздерін өзгертіңдер, ал тәртіпті, мәдениетті жақсы өмірді адамдар еш көсемнің жолдауынсыз, өздері құрып алады және сол құрылым барысында жақсы болып өзгереді. Осылайша дұрыс заңның кері әсері жүзеге асады.

Осы тұрғыда бір қынжылтатын жәй: меніңше, Назарбаев пен Тоқаевқа ортақ, көрініп тұрған қасиет сол – қазаққа сенбеу, одан қауіптену, мүмкін, жасырын менсінбеу, төмен санау.

Төртінші. Егер мына Назарбаев–Тоқаевтық саяси-құқықтық жүйе еуропаша демократияға өзгермесе, қанша жерден өткір сөз, отты пікір айтылса да, олар сол адамның тек өзімшіл жан-дүниесіне жұбаныш, халқына тағы бір жеті жылда септігі тиер-тимес ұшқын ғана болады.

Ақын жігіттің соңғы пассажын оқысақ: «Әділ сайлау болса, әділ қоғам қалыптасатыны анық!» екенін біледі екен. Ал биліктің халық алдына мажоритарлық «сүйекті» тастап қойып, өзінің қисық заңы бойынша сайлау үрдісінің басқа тетіктерін жауып қойғанына не дейді?

Екінші жағынан, егер ақын мына сайлау науқанына сеніп, рухтанса, неге жарысқа мажоритарлық жолмен түспейді? Қалай десек те, өзінің белгілі атын төмендетіп, «Аманатты» таңдағаны, бар қызыл, демек, жалған сөздерді ысырып қойсақ, депутат болуға «гарантия» болғандықтан шығар? Сонда ақынның таңдауы да, «Аманат» туралы «жүрекжарды» сөздері де ұсақ пендешіл есеп болғаны ғой?

Ал билік «диірменіне» келсек, оның қай жағына түсуіне байланысты «сенімді» Қошанов «сенімсіз» Қосановқа, халық ақыны сияқты Зайытов «аманатшыл», тоқаевшыл кәсіпкер Байтовқа айнала салуы оп-оңай. Сондықтан ақын жігітке халқына керек болар ақындығына, тиіп-қашпа, жүйесіз болса да, жастарды оятар сыншылдығына қайтуын тілейік. Мына билік пен «Аманат» ешкімді оңдырмайды.

Сонымен, аталған ақын ба, басқа жазушы, ғалым ба, мына саяси-құқықтық билікке тік қарап, оның екіжүзді, арсыз, тойымсыз, адамгершілікті әу бастан таптап, беті жылтыр жауызға айналғанын еш қазақилыққа алаңдамай ұғынса, сол жүйелі терең ұғыну негізінде мына Назарбаев–Тоқаев билігін тек бәріміз бірігіп, саналы бейбіт саяси-құқықтық қозғалыс арқылы кетіріп, «елбасышыл» кезеңді шын мәнінде аяқтауға болатынын мойындаса, билік мейлінше төмендеткен қазағы ақылды, мәдениетті еркіндігімен өзіне лайық өмір құра алатынына сенсе, сонда ғана ой жүйеленеді, сөз өткірленеді, ұлт өміріне нағыз ғылым мен өнер келеді…

Қазіргі кезде шешуші буындары, ішкі маңызды қатынастары сол өзгермеген күйі қалған Назарбаев–Тоқаевтық саяси-құқықтық, идеологиялық жүйе Қаңтарда бой көрсеткен қазақтардың реніш-ызасынан тайсақтап, жақсы ниет көрсетіп, оңды қадамдарға барғандай. Бірақ биліктің нақты саясатының қоғамға қажетті, терең, жүйелік өзгерістерге бастауы ғылыми, сын көзбен қарасақ, мүмкін емес. Ал әдемі, ұлтжанды сияқты сөздердің тасасында өз туған халқына өшіккендей күштеу, жазалау құрылымдарының озбырлығы, жауапкершіліксіз жауыздығы бәсеңдемей, керісінше, күшейіп келе жатқаны байқалады.

Өткенде қазақ мемлекетінің сыртқы жағдайын бекітуде президент Тоқаев халықаралық деңгейде дәл сол, мен он жылдай бұрын қоғамдық қажеттігі туралы жазған еуропаша ойлау әдісі мен ұстанымның биігінен орыс шовинизмының «үңгірінде» масайрағандай Путинге, оның Украинадағы зорлық саясатын қолдамайтынын ашық айтып, састырғандай болды. Алайда қазіргі Тоқаев бұрынғы Назарбаев құрған патриархалды-феодалдық («ағайшыл», «елбасышыл», рушыл, жүзшіл, кланшыл) қатынастарға негізделген, жоғарыдан төменіне дейін мафияға ұқсас «ұйымдасумен» жемқорлық, ұрлықпен бекіген билік жүйесінің лауазым сатыларынан «тексеріліп» өткендіктен, қазір «сүйікті» бола бастаған билігіне халық тарапынан келетін қауіптің алдын ала бастағандай.

Бірінші, лажсыз берілген саяси «жеңілдіктерді» биліктің түрлі «мүмкіндіктерімен» (ағасы Назарбаевтың «сара жолымен») тек сыртқы «қаңқасын» қалдырып, ішкі нәтижелерін мейлінше өздеріне ыңғайлау. 30 жыл Назарбаев, енді Тоқаев «жағада тұрып, суда малтуға үйрену мүмкін емес» екенін түсінбеді. Меніңше, өтетін сайлау – халықтың еңсесі көтерілгендей болған мажоритарлық мүмкіндіктер. Алматы мен Астанадан басқа жерлерде іс жүзінде тек Тоқаев билігін күшейтеді. Олигархия, монополия, кландарға қарсы мемлекеттік, ақылды, заңды, шын тегеурінге қолы байлаулы Тоқаев билігі дәрменсіз. Сондықтан 7 жылдан қалған уақытта халықпен «ойнауды» жалғастырады, әлі жететіні – сол қазағы болады. Ең ауыры – өмір тауқыметінен шаршаған халықты басып-жаншып, ешқандай саяси қарсылыққа қабілетсіз тобырға айналдырады.

Екіншіден, қазақтардың ұлттық санасын, әсіресе саяси мәдениетін төмен санайтындықтан, адамның ажырамас құқықтарынан туындайтын еуропалық «еркіндіктерді – митинг, шеру, сөз бостандығы, ашық, әділ, еш жасанды шектеусіз сайлау», т.т.-ларды залым заңгерлері (халқының жаулары) «бардан жоқ жасайды». Міне, Тоқаев билігінің бар «парасаты» осылай жүзеге асырылады.

Сондықтан болашаққа үміт – өз мемлекетінің негізін құрап отырған, бар ұрланған байлығын өзіне қайтаруға ұмтылған қазақ халқы ғана. Оның ақылы – біліміне сай, прогресшіл бөлігі аз болса да, биліктің бар қитұрқы «ойынын» әшкерелеуге негіз болатын өз еуропаша ойлау мен ұстанымын мейлінше кең, оның ішінде әсіресе қазақ жастары арасына таратуға құлшынуы керек. Тек осындай, барлық дамыған елдер мойындаған ойлау әдісі мен ұстаным қазақ мемлекеті мен қоғамы шын жаңаруының интеллектуалды-рухани кілті болады. Сол еуропаша ойлау әдісі мен ұстанымы негізінде алға шығатын ұлтты бастаушылар қазақтарды демократиялық қозғалыстар мен партияларға ұйымдастырып, бірінші кезекте 7 жыл біткенше халықты жақсы ниет, әдемі сөзбен алдаусыратуға, ал іс жүзінде олигархтар мен кландардың мызғымас үстемдігіне қызмет етуге мәжбүр болатын Тоқаев мырзаны орнынан кетіру, солай ұлтымыздың бар күш-жігерін, ақыл-қабілетін құм қылған, байлықтың үстінде отырған қазақты төңірегі күлетін, кедей, бейшараға айналдырған Назарбаев кезеңін шынымен аяқтау. Онсыз сол арсыз, ақылсыз өтірік, ұрланғанды жер-жерге тықпалау, Алла сақтасын, Қаңтар сияқты сын сағаты келсе, халқымызға опасыздық, мемлекетімізге сатқындық – келесі 7 жыл, ұлт оянбаса, келесі – «жақсы Тоқаев» шығып, Отанымыз құрдымға кеткенше тағы 7 жыл жалғасады.

«Ойбай, геосаяси жағдайды, орыс «аюын» не істейміз, Тоқаев беделді сияқты ғой?!» дейтіндерге: біріншіден, Ресей қанша қоқаңдаса да, елімізде көп миллиардтаған экономикалық-сауда мүдделері бар Қытай мен АҚШ оны тырп еткізбейді. Қазіргі «асқақтап» тұрған ресей-қытай «достығының» орыстарға «ызғарлы» жағы да бар. Осы «байқаңдар» бағытында – АҚШ мемлекеттік хатшысының Орталық Азияға келіп, Тоқаевпен кездесуі. Екіншіден, өнеркәсібі бізден әлдеқайда күшті болғанымен, Украинаның халықаралық «қорғанышы» АҚШ, Канада, Батыс Еуропа ғана. Ал Қазақстанның артында бүкіл түркі, мұсылман әлемі, оның ішінде Ресей Федерациясы құрамындағылар, Орталық және бүкіл Азия тұр. Орыс шовинистері осы «салмақты» жақсы біледі, сондықтан сасық сандырағымен ғана бізге соқтығысады.

Сондықтан еліміздің қазіргі геосаяси жағдайы Тоқаевтың ерекше беделіне емес, өңірде ірі «ойыншылар» мүдделерінің қиылысуы мен тепе-теңдігінің нәтижесіне байланысты. Ал біз сияқты әскери-экономикалық күші әлсіз елге сол ірі «ойыншылардың» мүдделерінің қиылысу тепе-теңдігін ескеріп, ортаңғы бағытты ұстану керек. Бұл – дипломаттардың кәсіби ісі.

Еуропаша ойлау мен ұстанымның негізгі шарттарына келсек, біріншіден, оның объективті, яғни адам еркінен тыс, өзінің ішкі заңдылықтарына бағынышты, адам әрекеттерін дұрыс-бұрыстығына байланысты өзіне қосатын не терістейтін, тоқтаусыз өзгерісте – не дамып, не кері кетіп отыратын қоғамның жүйелі жағдайын жоғары ақиқат ретінде мойындау, оны барлық ой-өрісінің негізіне алу. Мысалы, қазіргі Тоқаев па, оның «керемет» үкіметі ме, стратегиялық зерттеу институттары ма – халық жағдайын дұрыстауға арналған «зертеулері», ниеттері, сөздері іс жүзінде өтірік, алдау.

Себебі халық жағдайының жылдан-жылға нашарлай беруінің экономикалық-қаржылық негізін, жүйелі заңдылықтарын Назарбаев 90-жылдардың ортасында мемлекеттік, яғни халықтық мүлікті, байлықты талан-таражға салып, нарықтық экономика ережелерін үстірт түсінгендіктен, оларды әкімшілік-күштеу әдістерімен енгізіп, ауыры – экономиканы, қаржы саласын басқаруға тек өзіне пайдалы, тойымсыз жемқорларды қойып, олар кейін ел мойнына монополия бұғауын салды, экономикалық қатынастарды теріс бағыттап берген болатын. Енді жүйелік өзгерстерсіз, яғни ұлттық байлықты (ұрланған қаржы мен өндіріс орындарын) халыққа қайтарып, қазақтың адал, ұлтжанды ұл-қыздарын ақыл мен қабілеттің ашық, еркін, әділ бәсекелестігіне негізделген нағыз нарықтық экономиканы құруға, қаржылық жүйені жаңаша дамытуға құлшындырмай, қоғамның кері кету үрдісі тоқтамайды. Енді кім айтпасын, билік идеологтары, жарамсақ ғалымсымақтар, интеллигенция жандайшаптары «білмей қалыпты, қателесіпті, жақсы бастап еді…» деу –бояма, жалған сөз, ұлт мүддесіне сатқындық,

Еуропоша ойлау мен ұстанымның екінші сипаты – сыншылдық, яғни еш субъективті пікірге, ұстанымға бас имеу. Саясатқа келсек, көбіне белгілі бір топтың, күштің есептеріне негізделген, ұлт мүддесін жылтырақ, алдамшы жамылғы ретінде ғана пайдаланған жасанды құндылықтарын сынап, олардың екі жүзді, арамза мәнін ашып көрсету. Мысалы – мына Назарбаев–Тоқаев билігі жауыр қылған «ел бірлігі» ұраны. Соңғы кезде елді Ресей экспансиясымен қорқытып, осы ұранды жеріміздің тұтастығы, мемлекетіміздің тәуелсіздігімен байланыстыра айтып жүр.

Осы ұранға байланысты билік идеологтары және билік ұрандарымен рухтанып жүретін кейбір қазақ зиялыларына қарапайым сұрақтар бар.

Біріншіден, Назарбаевтың күйеу балалары, қыздары, бүкіл үрім-бұтағы, оның «шапағатымен» ұлт байлығы есебінен талтаңдаған олигархтар, орталықтан – жер- жерлерге дейін қызмет бабымен, басқа «мүмкіншіліктермен» байығандар, оларға бітпейтін «мейрам» ұйымдастырып, халықты өнерсымақпен алдап, қазақтың ең нашар ұлттық қасиеттерін – ойсыздық, ақымақтық, төмен талғамын ушықтарып бара жатқан эстрада, сықақ театрларының «майталмандары» (жоғары ұлтжандылық тұрғысынан – қазақтың жасырын «жаулары») мен халықтың 10%-ын құрайтын – тақыр кедей, 70%-ын құрайтын – Қытайдың арзан киімімен «артын жабатындар» арасында қандай бірлік болуы мүмкін?! Аталған «майталмандар» Қантардағы ұлттық трагедияға байланысты еш дыбыс (ауыздарынан басқа жерін айтпағанда) шығармады. Арсыз, тойымсыз, түрлі дәрежеде ұры, алаяқ, сатқындар мен кеудесін қанша реніш, күйіну кернесе де, теледидар болмаса, сол «майталмандардың» олар үшін тым қымбат бір концертіне бармаған, адамгершіліктен әлі де айнымаған қалың қазақ арасында қандай бірлік болуы мүмкін?!

Осы тұрғыда бірінші айтылған объективті қоғамдық жағдайдың ақиқатына жүгінсек, аталған түрлі дәрежедегі байлар мен қазақтың 80%-ы арасында ешуақытта бірлік болмайды. Себебі екі жақтың әлеуметтік-өмірлік жағдайларының айырмашылығы көк пен жердей және мына Назарбаев–Тоқаев билігі тұрғанда, ары қарай алшақтай береді.

Екіншіден, екі жақтың өмірлік мүдделері екі түрлі: «көкте» еркін шарықтап жүрген байлар мына билік осылай мәңгі болса дейді (Назарбаевтың «Мәңгілік елі» солар мәңгі масайрай беретін ел; осыдан ол кімнің «елбасысы» «пайғамбары» екені түсінікті). Ал қазақтың 80%-ы мына жемқор, екіжүзді, Қаңтардағы қазақ мемлекетін қорғаған «ерлігін» айтсақ, масқара, сатқын биліктің орнына адал, кәсіби, ақылды, білімді, ержүрек ұл-қыздарынан тұратын билік келсе деп тілейді. Сондықтан Назарбаев–Тоқаевтың «ел бірлігі» ұраны – ұлттың наразы бөлігін арбау, бас көтертпеу ұраны.

Үшіншіден, екі жақтың арасында демократиялық елдерде сияқты тек қоғамдық келісім болуы мүмкін. Байлар өз ақыл-қабілетімен келген байлықты растап, заңдастырады, ал жемқорлық, ұрлық, алаяқтық, сатқындықпен келген байлықты өз еріктерімен мемлекетке қайтарады; ары қарай мемлекеттік қызметті, лауазымды түрлі бизнеспен ұштастыру арнайы заң бойынша тоқтатылып, қылмыс деп саналады. Әрбір бай мемлекет қызметкері, лауазым иесі саяси-құқықтық қатынастарға, оның ішінде әсіресе сайлау үрдісіне тек қатардағы азамат ретінде қатысады; өз мүмкіндіктерін өз мүддесіне пайдалану заңсыз деп, саналы қылмыс ретінде жазаланады. Мемлекет, билік елдің барлық азаматтарына тең, бірыңғай қызмет ететін саяси-құқықтық жүйеге айналуы тиіс.

Міне, осындай қоғамдық келісім болса, оның талаптары бұлжымай орындалса, сонда ғана бүкіл қазақ өз мемлекеті мүдделеріне азаматтар ретінде бірігеді.

Еуропаша ойлау мен ұстанымның үшінші сипаты – әркез қоғам, мемлекет өзінің өзгеруін, дамуын сын көзбен бағалап, талдауда диалектикалық терістеуді ұстану, яғни ескірген, келесі жоғары сатыға көтерілуге кедергі қатынастарды, құбылыстарды еш алаңсыз терістеу, олардың дамуға жарамды жағын ғана пайдалану.

Саналуан қатынастар, бірігулер мен қақтығысулардан тұратын қоғамдық өмірде көбіне ұлттың аз ғана еуропаша білімді, ойлау әдісі мен ұстанымы біліміне сай бөлігі ғана ұстамды, жемісті диалектикалық терістеуге қабілетті.

Ұлттың басым бөлігі білімінің саяз, жүйесіздігінен, биліктің теріс қасиеттерінен ашынғандықтан ыза-реніш ырқымен, өмір қиыншылықтарының жетегінде нигилистік, яғни өз өмір ортасын құрайтын ғимарат-заттарды қиратып, жоюға, билікке зығырданын қанағаттандырарлықтай өшпенді, көбіне заңсыз қимылға барады. Өткен Қаңтар трагедиясының мазмұны, меніңше, еш елде болмаған сияқты: билік иелері – басқару, тәртіп сақтау құрылымдары, бұған дейін билеуші партиямыз деп, кеуделерін керетін «Нұр Отан» (бұның алдыңғы орыс тіліндегі мақаламда қазақтың қасиетті сөзі «аманаттың» артына тығылған «аман қалғандар партиясы» деп едім) қазақ мемлекетін тағдыр тәлкегіне тастап, қуыс- қуысқа тығылып, сатқындық жасады. (Меніңше, Тоқаев мырзадан бастап, оның әкімшілігі, үкімет, қорғаныс пен мемлекет қауіпсіздігіне жауаптарылар, «Аманат» партиясының саяси-идеологиялық басшылығы, қазақтың бүкіл саясат сатысының жоғарысында жүргендер қандай ұлттық масқараны басымыздан кешкенімізді әлі де қажетті дәрежеде түсінбеген, сезінбеген сияқты. Сонда 600 жыл бұрын Ұлы Даланың ең ержүрек тайпаларының қазіргі ұрпағына, бастысы – оның билігіне сырттан ба, іштен бе «көлеңке түсірсе» болды ма?!).

Қазақ қауымының диалектикалық саяси-құқықтық терістеуге қабілетті сияқты бөлігі, меніңше, қазақ жастарының кеуделерін билікке, күнкөріс өміріне деген ыза-реніш кернегендері өз туған мемлекетіне осындай нигилистік терістеуге барады деп күтпеді.

Қантар трагедиясы қазақтың білімді, ақылды, ұлтжанды бөлігіне қазіргі қоғам өмірінің терең, жүйелі ойлануды қажет ететін мәселелерін ашқандай.

Бірінші, болашақта қалай да болатын түбегейлі саяси- құқықтық өзгерістердің шешуші факторы – қазақ жастарының Назарбаевтың 30 жылдық «қамқор» саясатының арқасында көбіне шала білімді, кейбірі шала сауатты, өздеріне тиесілі табиғи құқықтарын білмейтін, білсе, ұйымдасып қорғауға – не санасы, не саяси мәдениеті жетпейтін қазіргі қоғамда тек ұйымдасқан заңды, табанды, бейбіт әрекеті ғана жеңіске жеткізетінінен хабары жоқ, жайшылықта – мінезсіз, ал Қантардағы сияқты арандату болса, көзсіз, ойсыз қиянатқа баратын тобырға айналғаны.

Сондықтан қазіргі барлық демократиялық партиялардың алдындағы ортақ мәселе – бірінші, қоғам өмірінің барлық салаларында, әсіресе өндірістің барлық түрлерінде, қызмет көрсету, сауда, құрылыс, көлік, тағысын тағы салаларда тәуелсіз кәсіподақтар құрып, солар арқылы қазақ жастарын ұйымдастырып, өз еңбек, әлеуметтік құқықтарын заңды түрде табанды қорғау арқылы еуропашыл демократиялық саяси мәдениетке баулу. Екіншіден. БАҚ-тың барлық тетіктерін пайдаланып, қазақ жастарының саяси-идеялық білімін арттыру.

Міне, сонда ғана қазақ жастары қоғам мен мемлекетті жаңғыртуда жемісті диалектикалық терістеуді білімді, ақылды үлкен буынмен қосылып жасауға қабілетті болады.

Қантар трагедиясының тағы бір рухани-моральдық сабағы.

Қазақтың зиялыларынан бастап, қарапайымына дейін мұсылманшылықтың ар-ұждандық, моральдық-этикалық шеңберінде өмір кешіп жатқаны – ұлттық болмыстың бір қыры. Сол мұсылманшылықтың адами ықпалымен қазақтың басым бөлігі қанағат пен кешірімділікті өмірлік ұстанымы ретінде қабылдаған сияқты. Алайда 18 бен 40 жас арасындағы қазақтар, Қаңтар көрсеткендей, Назарбаевтан Тоқаевқа дейінгі өмір тауқыметінен ашынып, кеудесі реніш пен ызаға толы, мемлекетіне кенеттен туған қауіпті қозғалысқа ұластырып жіберуі мүмкін екен.

Сол – негізі момын, мұсылманшыл халықты сондай қозғалысқа итермелеген көңілінің түбінде Назарбаев пен үрім-бұтағына, оның «шапағатымен» қазақты кедейлікке байлаған ұры-алаяқтарға, орталық пен жер-жерлерге дейін бір-бірін мафия сияқты қолдайтын шенділер мен байларға, барлығына жиналған лағнет жатуы күмәнсіз. Осы психологиялық күйдің, лағнеттің, не десек те, қазақ мемлекетін осындай халге жеткізген біздің бәрімізге ұлттың білімді, ақылды, жауапкершілікті бөлігіне де қатысты екенін ойлаймыз ба? Кезінде Кентауда, жақында Алматыда балаларын көпқабатты үйден лақтырып, кейін өздері секіріп өлген қазақ әйелдерінің соңғы шыңғырған лағнеті бәрімізге тиесілі емес пе?

Бұған дейін белгілі публицист «халық жауы» деп атаған Назарбаевтың ескерткіші мен Талдықорғанда болған оқиға сол лағнеттің ұшқыны емес пе? Белгілі жазушы айтқандай, тоналып жатқан байлықтың үстінде отырып, қазағымыздың едәуір бөлігі тыржалаңаш екенін, оның ішінде Шу қаласындағы сияқты оқушы балаларының үй тапсырмасын не панасы, не ең болмаса киізі жоқ, жалаң картон қағазға отырғызып орындататын жанұялар бар екенін ойлаймыз ба? (Мұны көрген мұғалима шыдай алмай, жылап шығып кеткен).

Ұлтымыздың сондай кедей бөлігінде табиғаттың сирек берер дарыны – өмір тауқыметінен болашақ Абай мен Шоқан тұншығып, еш уақытта жарыққа шыға алмауын ойлаймыз ба? Ауылдағы қазақ арасында кейде өте ақылды, дарынды адамды кездестіргенде, сондай алтыннан кенде қалған ұлтымызды ойлаймыз ба?

Меніңше, әр ақылды, білімді қазақ келісер: қазіргі болмысымызды құрайтын қоғамдық қатынастарға, күнделікті, жайлы өмірімізге ұлттық лағнет араласуда. Бұл объективті шыңдық. Мәселен, өз ісіне берілген әрбір нағыз ғалым осы объективті ақиқатты дәл сезініп, оны зерттеп, мемлекеттімізге қауіп төндірер түрлі әлеуметтік топтардың, әсіресе қазақ жастарының (ауылдық, қала төңірегіне көшкен, қалалық, білімі – орта, арнайы орта, жоғары, кәсібі – өндіріс, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, сауда) нақты өмірлік жағдайларын, ұмтылыстарын, мүдделерін тоқтаусыз анықтап, ашық жариялап отыруы керек. Мысалы, ондай социологиялық өлшемдер мен зерттеулер жасауға дамыған елдер үлкен қаржы жұмсайды. Меніңше, біздегі билік те, саяси партиялар да өздері сүйенетін әлеуметтік топтардың, оның ішінде қазақ жастарының көңіл-күйін көбіне сырттай топшылайды.

Әрбір ұлттың құрамында оның ақыл-ой потенциалын, рухани парасатын сақтайтын интеллигенция екені белгілі. Елімізге келсек, не десек те, халықтың екі тілді оппозициясына саяси-идеялық демеу бере алатын – ғалым, жазушы, ақын, өнер өкілдерінен құралған қазақ интеллигенциясы.

Тарихтан белгілі, халқын өз дегеніне көндіріп, өзінің шексіз билігін орнатуды мақсат еткен диктаторлар бірінші кезекте ұлт интеллигенциясының не көзін жойып, не түрлі арамза әдістермен ішінен ыдыратып, атаққұмар, жағымпаз бөлігін «жарылқап», жандайшаптарға айналдырып, түптеп келгенде, халықтың интеллектуалды-рухани өмірінің деңгейін ғалымсымақ, өнерсымақ, күнкөрістік «қолөнершілікке» (ремесленничество) дейін мейлінше төмендетеді. Назарбаев-көсем де ұлттың ақыл-парасаты мен рухын көтеруге қабілетті бір-екі тұлғаның «сәтті өлімінен» басқа, сол екінші жолмен – жандайшаптардың көмегімен дегеніне жетті.

Ұлтымыздың қазірі мен болашағына Назарбаевтың қалдырған саяси-құқықтық, интеллектуалды, рухани-психологиялық зардабынан біз әлі ұзақ жылдар бойы айығуға мәжбүр болармыз.

(Жалғасы бар)

  • Ескерту: Қаз-қалпында жарияланған мақаланың ұстанымы мен мәтінде аталған жекелеген кейіпкерлерге қатысты автордың пікірі редакциялық саясатпен бірегейлікті білдірмейді.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн