АХМЕТОВТЫҢ алдарқатуына КЕЛІСПЕЙМІЗ!

Шекаралық аудандар проблемасына қатысты «ДАТ» газетінің 5 желтоқсан 2019 жылғы (№45-505) санында «Даниал не дейді, халық не дейді?» деген тақырыппен жарияланған мақалаға орай үн қосуды жөн санадым.

Қытаймен шекаралық аймақтарда орналасқан аудандар халқының мұңын жоқтаған мақалада ШҚО әкімі Даниал Ахметов мырзаның Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «бірде-бір жаңа аудан ашпаймыз», «айттым – бітті, кестім – үзілді» деген шолақ-шолжаң сөзі себепкер болған екен. ШҚО-дағы шекаралық Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарының мәселесін елдік дәрежедегі диалогқа шығарған «ДАТ»-қа рахмет айтамыз.

Ал Ахметов мырзаның «кесіміне» байланысты, біріншіден, айтайын: елдегі халықтың тағдырын дүрегей даниалдар емес, «Қазақстан» деген атауы бар мемлекеттің билігі шешеді. Екіншіден, елдегі қоғамдық-саяси жағдай халықтың ығына қарай жығылған сыңай бар: ахметовтарды аттан аударып тастайтын нөпірдің қыжылы қатты екенін ұмытпау керек.

Марқакөл ауданын қайтадан ашуды сөз етіп, облыс әкіміне марқакөлдік 45 ақсақал барған екен. Ахметовтың айтуы бойынша, сол 45 адамның біреуі ғана Марқакөлде тұрып, қалғандары облыс орталығы – Өскеменге қоныстанған ардагерлер екен. Яғни, Даниалдың деуіне қарағанда, «44 шалдың» Марқакөлге қатысы жоқ.

Тіпті солай-ақ болсын, «44 шал» ерігіп жүріп, ШҚО әкіміне кіре салған екен дейік. Бірақ әкімнің сөзіне көніп, Марқакөл ауданын ашудың қажеттігі жоқтығына мойынсұнған 44 ақсақалдың басқа ауданға – біз тұратын бұрынғы Тарбағатай ауданы мен оның орталығы Ақжарға қандай қатысы бар?

Біз – тарбағатайлықтар ол «44 шал» сияқты, әкімнің алдарқатуына көнбейміз: бізге жабылған ауданымыздың қайтадан ашылғаны ауадай қажет мұқтаждық. Бізге Ақсуатқа қарап қалған Ақжарымыз бен бұрынғы Тарбағатай ауданының ауылдарын дамытудың «ахметовтік бағдарламасы» емес, ауданымыздың ашылғаны қажет. Егер орталығы Ақжар кенті болып, Тарбағатай ауданымыз қайтадан ашылып жатар болса, біз өз өлкемізді өзіміз көркейтеміз!

Екіншіден, ешкім де Ахметов әкімнен су жаңа аудан ашып бер деп сұрап отырған жоқ. Қазақтың бас сардары Қабанбай атамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, ақ алмастың жүзімен қорғаған, Қубас тұлпарының тұяғының ізі қалған тарихи маңызы бар, қасиетті де киелі бұрынғы шекаралық аймақ – Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіруді сұрап отырмыз. Жаңа аудан ашу мен 22 мыңнан астам халық өмір сүріп жатқан бұрынғы дайын ауданды қайтадан қалпына келтірудің арасы жер мен көктей.

Сондықтан біз – Тарбағатай ауданы, Ақжар өңірінің халқы Д.Ахметов мырзаның «бірде-бір жаңа аудан ашпаймыз, аудан ашқанда, тек қана жаңа жұмыскерлердің баспана мәселесін шешу үшін 9 млрд теңге кетеді» деген уәжімен түбегейлі келіспейміз. Себебі біз де есеп білеміз. Осы бертіңгі жылдары Тарбағатай ауданының Жантікей мен Көкжыра ауылдарын су басып, тасқын шайып кеткен кезде, мемлекет екі ауылға жаңадан заманауи ғимараттар, мектеп, аурухана, әкімшілік үйі, байланыс торабы, 400-ге жуық тұрғын үй салып бергенде, бар-жоғы 7 млрд теңге ақша жұмсалды. Бөлінген мемлекет қаражатының мөлшермен 1 миллиардын жемқорлар қолды қылды дегеннің өзінде 2 ауылға 3-тен 6 млрд қаржы жұмсалған шығар.

Сонда қарапайым түрде саусақпен санап есептегенде, Ахметов меңзеп отырған 9 млрд теңгеге бір моноқала тұрғызуға болатын шығар. Облыс әкімінің өзі айтып отырғандай, жаңа шенеуніктерге тұрғын үйді «алтынмен аптап, күміспен күптеп» салып берсе де, 9 млрд теңге өте көптік етеді. Себебі – біздің Ақжар ауылындағы салынған қоршаусыз, ас үйсіз, гаражсыз, қора-қопсысыз, әжетханасыз үйдің қу басы ғана 5-6 млн деп бағаланатынын білеміз. Ендеше ауданды басқаруға келетін 30 жаңа шенеунікке баспана салып бергеннің немесе үй алып бергеннің өзінде асыра сілтеп, жоғарғы жақтыкі жөн деп, әр үйді 10 млн теңгеден бағаласақ, бар-жоғы 300 млн теңге жұмсалады екен.

«Ал қалған миллиардтарды қайда жібереміз?» деген заңды сұрақ бұл жерде өзінен-өзі туындайды ғой. Біз 100 пайыз сенімдіміз, егер Тарбағатай ауданы қайта қалпына келтірілетін болса, ешкім де Ақжар ауылынан 30 жаңа шенеунікке баспана алып бермейді. 

Қол боларлық елің бар,

Қол бастарлық ерің бар,                                                           

Атадан қалған жолың бар,                                                                 

Тек отырып, құл болсаң,                                                 

Атадан туды деп кім айтар? – деп, өз кезіндегі елінің қамқоршысы болған Төле би атамыз айтқандай, «аудан боларлық еліміз бар, жеткілікті жеріміз бар, ел басқарар еріміз бар»! Елдегі дағдарыс жағдайды назарға алып айтар болсақ, бізге басқа жақтан келген чиновниктер қажет емес! Жергілікті халықтан суырылып шыққан азаматтар өз ауданы үшін, өзінің халқы үшін, өздерінің туған жері үшін адал қызмет қыла алады! Олар алақан жайып, баспана сұрамайды. Сырттан басшы әкелсек, үй-күй сұрайды, олардың жағдайларын жасап, күйлерін күйттеп, күтімге алуға тура келеді. Ел басқаратын өзіміздің қолтума жергілікті азаматтарымыз да жетіп артылады!

Бізге тек Даниал Ахметов мырзаның ақжарлықтарға адыраймай, оң көзімен қарап, біздің талабымызды Ақордаға, ел үкіметіне жеткізсе және сол ұсыныстың қолдау табуына қамқоршы болса – жеткілікті. Біз одан аспандағы айды алып бер демейміз. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сияқты, өзінің жергілікті халқын қолдауы ғана керек.

Негізінде, біздің Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында аудан құруға қажет басты мекемелер – сот, прокуратура, полиция, әкімшілік, мектеп, аурухана өз орындарында, жөндеуді аса қажет етпейтін заманауи ғимараттарда өз міндеттерін қолдарынан келгенше, шамалары жеткенше атқарып отыр. Олар үшін жаңа ғимараттар салудың ешқандай қажеттігі жоқ. Жуықта жаңадан бой көтерген мектебіміз пайдалануға берілетін болса, тағы да көптеген ғимараттар көшіріліп, олардың орны босайтын болады. Ақжардағы үш қабатты пошта ғимаратының 80 пайызы бос тұр; кезінде жеке қолға тегін беріліп кеткен жап-жақсы 2 қабатты балабақша да бос тұр.

Бір сөзбен айтқанда, аудан ашуға қажет қандай мекеме болсын, ғимаратқа зәру емес. Оның үстіне бұрындары жол берілген қателіктер қайталанбас үшін және шекаралық аймақ – Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіруді ел президентінен сұрап отырған ақсақалдар мен жергілікті зиялылар аудан әкімі С.Сәдуақасов мырзаға басты және қажетті ғимараттарды жеке меншіктерге қалай болса, солай үлестіріп бермеу туралы талап қойған болатын.

ШҚО әкімі Даниал Кенжетайұлы біздің дауысымызды, мұң-зарымызды естімейтін сияқты, бір-бірімізді түсінгіміз де, ұққымыз да келмейтін секілді. Бірақ біз – Тарбағатай ауданы, Ақжар өңірінің халқы қандай жағдай да болсын, өңір басшысы Д.Ахметов мырза халқына бір табан жақындап, өз пікірін өзгертіп, қызметтік міндетінен тыс адамгершілік, азаматтық танытып, біздің талап-тілегімізді ел басшылығына жеткізеді деген ойдамыз. Шекаралық аймақ – бұрынғы Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру мәселесін шешу үшін, облыс әкімі өзінің оң ұсынысын президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдап, ауданды қалпына келтіруге ат салысады деп үміттенеміз.

Маған ультиматум қойды демесін, егер біздің талабымызды қарастырып, республика басшылығымен бірге ауданды қалпына келтіру мәселесіне атүсті қарайтын болса, онда біз – жергілікті белсенді азаматтар наразылық акциясын бастауға мәжбүр боламыз. Бұл біздің ең соңғы үмітіміз болады. Бізде басқа амал жоқ.

Сержан ШӨКЕЕВ,

Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының тұрғыны

Қапер қылу үшін

БАТАЛОВТЫҢ БАТАСЫ Даниалға дәріс бола ма?                                                 

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Нарынқол ауылы тұрғындары алдында сөйлеген сөзінен (20 желтоқсан, 2019 жыл):

Құрметті, Райымбек ауданының тұрғындары! Қадірменді қауым! Бүгін Райымбек ауданында жаңа ғимараттар салынып, пайдалануға беріліп отыр. Осы қуанышпен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! 

Өткен жылы ел президентінің Жарлығымен әкімшілік орталығы Нарынқол болып, Райымбек ауданы қайта құрылған еді. Содан бері шекаралық ауданды қайта түлетуге барынша қолдау көрсетілуде. Оған облыстың барлық аудан, қалалары үлес қосып келеді. Ауданды қалпына келтіріп, дамыту үшін 2018 жылы облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді. Ал биылғы жылы қаржыландыру 3,9 есеге артып, 7 млрд теңгеге жетті. 

Аудан құрылғалы бері Нарынқол ауылында 20 жалгерлік үй, тұрғын үймен біріктірілген 8 учаскелік полиция пункті салынды. Ауылдың ішкі жолдары жөнделді, Мұқағали Мақатаев атындағы мұражай мен аудандық Мәдениет үйіне жөндеу жасалды. Картопты өндірістік масштабта өсіру қолға алынды. Біз картоп өндірісін дамыту үшін, арнайы сервистік дайындау орталықтарын құрып, техникалар алуға облыс бюджетінен 500 млн теңге бөлдік. Картоп тұқымының элиталық сортын сатып алдық. Осындай мемлекеттік қолдаулардың арқасында аудан еңбеккерлері биылғы жылы жақсы көрсеткішке қол жеткізді. 

Ең бастысы – тұрғындар Нарынқолға қайта орала бастады. Мәселен, бүгінге дейін 2 мыңдай тұрғын туған ауданына қайтып келді. Оның ішінде жас мамандар да көп. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады. 

Бүгін аудан әкімдігі мен республикалық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер орналасқан ғимараттарды, сол сияқты Сервистік әкімшілікті ашқалы отырмыз.

Осы мекемелердің халыққа сапалы қызмет көрсетіп, жұмыс істеуіне мұнда барлық қолайлы жағдайлар жасалған. 

Жаңа ғимараттардың ашылуы құтты болсын!

Түпнұсқа://7-su.kz/news/cat-19/6289/

Желідегі жазбалар

ШЕКАРАДАҒЫ

ШЕТІН МӘСЕЛЕ

«Ай даладағы ақ отаудай» иен қалған елді мекендердің халқы Марқакөл ауданын қайта құру мәселесін облыс басшысына, ел президентіне өткір қойған болатын. Мемлекеттік шекараның жалаңаштануы – ең бірінші Тәуелсіздігіміз үшін қауіпті!

Жалпы шекара бойында орналасқан елді мекендерден ел үдере көшкелі 23 жыл болыпты. Көш әлі тоқтаған жоқ. Егер кезінде экономикалық жағдайларға байланысты ірілендірілген, шекара бойындағы аудандар қайтадан қалпына келтірілмесе, бұл көш тоқтайтын емес.

Бұл тұрғыда кеше ғана бөлініп шыққан Алматы облысындағы Нарынқол ауданын мысалға келтіруге болады. Бүгін Нарынқол ауданының «қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ», жағдайы тамаша. Кеткен ел қайтадан туған жерлеріне келіп, қоныстанып жатыр. Қуаныштарында шек жоқ.

Неге Алматы облысында шекара бойындағы аудан бөлініп, жеке аудан болып шығады, ал шығыстың 1000 шақырымға жуық шекара бойына орналасқан аудандар жеке аудан болып бөлінбейді? Не кедергі? Шекарадан шекараның қандай айырмашылығы бар? Себебі түсініксіз.

Үкімет халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін шешуге міндетті. Ал үкіметтің алдына аймақтағы туындап отырған жағдайды бүркемелемей жеткізу – облыс әкімінің құзырындағы мәселе. Шекара аймағының тұрғындары зарлағалы 23 жыл болды, бұл мәселе қаншама рет қаралса да, шешімін таппай келеді.

Сондықтан да осы жолғы комиссиядан күтеріміз өте көп! Әйтеуір тек сиырқұйымшақтанып кетпесе деймін. Тарбағатай, Мақаншы, Катонқарағай, Марқакөл аудандарын бұрынғы қалпына келтіру арқылы шекарамызды бекемдейміз, тозған ауылдарға жан бітіреміз. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» дейтін бір кездегі ұран осы жолы шекара аудандарындағы ауылдарға жұғысты болсын деп тілейік, ағайын!

Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ

Әрине, шекаралық шеттегі, желдің өтіндегі ауыл халқының жанайқайын өздерінен басқа кім түсінсін?! Алайда осы өңірді басқарғанына алты жылдай болған Даниал Ахметов сол Марқакөлге қанша рет барды екен?! 

Дегенмен, мың түрлі бағдарлама қабылдап, миллиард, тіпті триллион теңге бөлінсе де, ол қаржы аудандарға жетпейді. Бұған дейін де саны бар, сапасы жоқ талай бағдарлама болды. Ауылды қолдаудың үш жылына бөлінген қаржы қайда кетті?! «Ақбұлақ», «Таза су»… құдай-ау, бағдарламалардың атынан жаңыласың! Осының бәрі ауылға арналған еді ғой. Шекарадағы ауылдар осы бағдарламалар арқылы неге шалқып кетпеді?

Сондықтан елдің ұлттық қауіпсіздігі мен шекараның шебін шегендеусіз қалдырмайық десек, аудандарды қайта ашу қажет. Жергілікті атқарушы биліктегілер (анығы – облыс, аудан әкімдері) елді мекендерде қалған адам саны аз деген сылтау айтады. Бұл – мәселені жылы жабудың ең қолайлы жолы.

Адам саны аз екен… Оның азаюына сол билік кінәлі! Екі жыл бұрын Алматы облысындағы тура біздің Марқакөл сияқты шығыстағы Қытаймен көрші Нарынқол ауданын Баталов мырза батылдық танытып, құрды ғой. Осы жерде «Елдің Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» деген келеңсіз мәтел еске түседі.

Бос жатқан жер жау шақырады. Бос қалмас үшін, оңтүстік өңірлердегі тұрғындарды көшіріп әкеліп, адаммен толтырсын. Шығыста кәсіпкерлік және нәтижелі жұмыспен қамту деген жап-жақсы бағдарлама бар емес пе? Сонда ғана осы бағдарламаның нәтижесін көре аламыз. Әйтпесе жылы кабинетте, сықырлаған қайыс креслода шалқайып отырып, шырт түкіріп, «джип» мінген, сарықарын, босбелбеу бастықсымақтар ауылдағы ағайынның жағдайын түсінеді деу – утопия!

Олжас КЕРЕЙХАН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн