АҒАНЫҢ шапағаты

Мәскеу. 1989 жыл. ВГИК-тің суретшілер факультетінің I-курс студентімін. Мен ол кезде үйленгенмін, бір ұлым бар. Және поштада істеймін, таңертең ерте тұрам. Поштаның жұмысы өте ауыр. Газет өте көп, таратуы, газетті нөмірлеуі ұзақ уақыт алады. Пошта таратып болып, сағат 9-да сабаққа үлгеруім керек. Поштадан алатынымыз 20 рубль – бір айға, менің стипендиям 40 рубль. 60 рубль тамақтануға, киінуге, өсіп келе жатқан балаға, өзімізге өмір сүруімізге жетпейді. Әлі есімде, сары майды тек ұлымызға ғана нанға жағып беретінбіз. Сондай жағдай болды.

Мәскеудің бір ГПТУ-ының жатақханасында мен суретші болып, үшеуіміз бір бөлмесінде тұрдық. ГПТУ-дың директоры Николай Оборин деген бір құдай тілеуін бергір алтын адам еді. Сол кісіге бардым – келіншегіме жұмыс сұрап. Ол кісі: «Заведующий камера хранения» деген штат бос тұр, соған алайын, бірақ сенің келіншегіңнің Мәскеуде тіркеуі жоқ, не істейміз… сондай заң бар?» деді. Отырып қалдым, бұған не амал бар?

Біраздан кейін Оборин маған: «Сен былай істе, Қазақ ССР-інің елшілігіне бар, жағдайды айтып, солар бізге жұмысқа алыңыз деген өтініш қағаз жазып берсін, болды, мен жұмысқа алам, айлығы 70 рубль…» – деді.

Содан қуанғанымнан сол күні Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігіне бардым. Ол кезде елшілік солай аталатын еді. Барсам, Бәленбай (атын айтқым келмейді) деген қызметкер отыр. Мен жағдайды айттым, көмектесуін сұрадым, бір қағаз жазып беруін өтіндім. Мені тыңдап алып, әлгі Бәленбай: «Болмайт, Мәскеуде кім-көрінгеннің жұмыс істеуіне қақысы жоқ, болмайт, солай емес пе?» – деп, ыржиып, қасында бірге отырған Түгенбай деген орысқа қарады. Ол да бір «қарағым» екен, «болмайт олай, бұл – Москва!» деді ол да Москвада жұмыс істеп отырғанына мәз болып… Қиын болды, әлгі екеуі маған қағаз жазып бермек түгілі, Москвада жұмыс істеймін деген дәмесін қара деп, мазақ қылғандай болды. 

Содан не істеймін деп, басым қатып, не болса да бастығына кірмек болдым. Оның қабылдау бөлмесі екінші қабатта екен. Хатшы қыздан сұрасам, бастық өзінде, кіріңіз деді. Есікте «Қазақ ССР-нің Мәскеудегі тұрақты өкілдігінің басшысы Серікболсын Әбділдин» деген жазуды оқып үлгердім. Кірдім, бөлмесі өте үлкен екен. Амандастым. Серікболсын аға үлкен үстелдің төріндегі креслосынан тұрып, есік жақтағы тұрған менің жаныма өзі келіп, жылы жүзбен амандасты. Өмірімде мені танымайтын бастықтың өзі орнынан тұрып келіп, қолымды алып амандасып, жылы сөйлеп, хал-жағдайымды сұрағанын бірінші рет және соңғы рет осы Серікболсын Әбділдин ағамыздан көрдім. 

Серікболсын ағамыз менің келген шаруамды сұрап білгеннен кейін: «Астыңғы қабатқа бар, Бәленбай деген қызметкер отыр, сол жазып береді» – деді күлімсіреп. Мен астында болғанымды, олар ондай қағаз берілмейтінін айтты дедім. Қайран Серікболсын ағамыз-ай, қабағын шытып, хатшы қызға Бәленбайды шақырып келуін сұрады. Бәленбай жүгіріп келді десем болады. 

– Мына балаға сұраған қағазын неге жазып бермейсің? 

Бәленбай Москва пропискасы туралы бірдеңе айтып міңгірледі. Серікболсын ағамыз дауысы қатқылданып: «Қазір бар да, сұраған қағазын жазып бер!..» – деді әлгіге. Содан кейін маған бұрылып, жылы қоштасты. 

Мен елшілік жазып берген қағазды алып, Оборинге жүгірдім. Ол сол жерде бұйрық шығарып, менің келіншегімді 70 сомдық айлықпен жұмысқа алды. Ой, қуанғанымыз-ай!.. Сол жетпіс сомдық айлық менің кішкентай отбасыма тамақ болып, киім болып, жеміс-жидек болып келді. Жағдайымыз түзелді, сабағым жақсарды. Менің кішкентай шаңырағыма береке кірді. 

Мен Мәскеуден Қазақстанға жақсы маман болып оралдым. Кейін Алматыда бір асығыс жағдайда Серікболсын Әбділдин ағаны көріп, амандастым. Мәскеудегі ол кісінің маған жасаған жақсылығын айттым. Күлімсіреді де қойды. Қандай ұстамдылық пен бекзаттық бұл адамға біткен, ой Алла!.. Серікболсын аға: «Қарағым, болмайды екен» деп, әлгі Бәленбайдың сөзіне иек артып, шығарып салса да болар еді. 

Менің баяндағаным Серікболсын Әбділдиннің жарқын өмірінің бір сәті ғана деп ойлаймын. 

Советтік Конституцияда әр адамның еңбек етуге қақысы бар деп көрсетілген. Бірақ советтік бюрократия Конституцияны аттап, Москвада тек мәскеулік пропискасы бар адам ғана еңбек ете алады деп ереже енгізген. Конституциядан ведомстволық ереже күшейген заман! Не істейсің?.. 

Міне, мен өмірімде осы ұлы адамның жақсылығын көрдім, өмір жолымыз екі рет қиылысты, екеуінде де Серікболсын аға маған ұмытпайтын әсер қалдырды. Мұны жазған себебім – қазақтың қандай жақсы ағалары дүниеден өтіп жатқанына өкініш және басқа да әкім-бастықтарға Серікболсын аға үлгі болсын деген ойым ғой…

Топырағыңыз торқа болсын, Серікболсын аға!..

Қабдырахман ОТАРБАЙ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн